Италиядағы Милан-Бергамо халықаралық әуежайы ұшу-қону жолағында болған қайғылы оқиғаға байланысты уақытша жабылды, деп хабарлады turkystan.kz.
Corriere della Sera газетінің хабарлауынша, белгісіз бір ер адам Airbus A319 ұшағының қозғалтқышына түсіп кетіп, оқиға орнында мерт болған.
Алдын ала мәліметтерге сәйкес, ер адам жүк беру аймағындағы бір есікті бұзып кіріп, ұшу-қону жолағына жүгіріп шыққан. Сол сәтте ұшуға дайындалып тұрған ұшақтың қозғалтқышына кіріп кетіп, жоғары жылдамдықпен айналып тұрған қалақтарға түскен. Ер адам сол жерде көз жұмған.
Оның не себепті ұшу жолағына жүгіріп шыққаны әзірге белгісіз. Оқиғадан кейін әуе кемесі басқаруын жоғалтқанымен, ұшқыш дер кезінде әрекет етіп, ұшақты тоқтатуға үлгерген. Борттағы жолаушылардың ешқайсысы зардап шеккен жоқ.
Оқиғадан кейін әуежай біраз уақытқа рейстерді қабылдап, ұшыруды тоқтатты.