«ҮЛКЕН ЖИЫРМАЛЫҚТЫҢ» «ҮЛКЕН» АРМАНДАРЫ

«ҮЛКЕН ЖИЫРМАЛЫҚТЫҢ» «ҮЛКЕН» АРМАНДАРЫ

«ҮЛКЕН ЖИЫРМАЛЫҚТЫҢ» «ҮЛКЕН» АРМАНДАРЫ
ашық дереккөзі

Кәрi құрлықтағы экономикалық ахуал ушығып барады. Италия, Испания мен Португалия экономикасы Грецияның кебiн киюдiң аз-ақ алдында тұр. Ал Каннда бас қосқан «Үлкен жиырмалықтың» серкелерi нақты шара қабылдауда тағы осалдық танытты. Есесiне, «түсiнiстiк» пен «тiл табысуда» еуропалық шенеунiктер қамшы салдырмады.

Еуроаймақтағы ахуал күн өткен сайын ши­рығып, экономикалық дағдарыс мә­се­лесі ушығып барады. Кәрі құрлық әсі­ресе Еуропалық Одаққа мүше кейбір ел­дердегі жағдайға алаңдаулы. Өткен аптада Францияның Канн қаласында өткен «Үлкен жиырмалықтың» (G20) кезекті саммитінде Грецияны тығырықтан алып шығуға баса назар аударды. Еуропалық Орталық Банк, Халықаралық қаржы қоры және Еуроодақтан борыш алған Греция үкіметі берген уәдесін орындауға қауқарсыз. Грек премьері Геор­гиос Папандреуді қыспаққа алған еуропалық шенеуніктер: «Папандреудің үкіметі өз елінде ЕО-мен жасаған несиелік келісім-шартқа байланысты референдум өткізіп, оның қорытындысын тез арада жария етуі тиіс», – дейді. Мысалы Меркель: «Референдум Греция еуроаймақта қала ма, жоқ па деген мәселені шешіп берсін» десе, Саркози тым қатты кетті: «Егер референдум қорытындысы жағымсыз болса, еуропалықтар мен Халықаралық қаржы қоры Грецияға қаржылай көмек ретіндегі борыштың жетінші траншын бере алмайтынын біз грек билігіне, халыққа және оппозицияға ашық айттық».

Саммитте қаржылық қызметтерге салық салу туралы да ұсыныс айтылды. Бұл мәселені қолдаған Франция, Германия, Бразилияның пікірі бір арнаға тоғысса, АҚШ керісінше, қарсы. Өзге елдердің бірқатары әзірге дүдамал күйде отыр. Есесіне, «Үлкен жиырмалық» Халықаралық қаржы қорына тиесілі қаражат көлемін ұлғайта түсуді бірауыздан қолдады. Бірақ нақты сома туралы әңгіме айту әлі ерте. Сондай-ақ, қаржылық және экономикалық дағдарыстан шығудың қатаң талаптары да міндеттемелер арқылы бекітілмеді. Бар болғаны, қысқамерзімдік қауіп-қатердің алдын алу және экономикалық өсімді орташа мерзімде нығайтуға қатысты ортақ Жос­пар қабылданды. Ол үшін банк жүйесі мен қаржылық нарықты тұрақтандыруды қолдау қажет. Екіншіден, ақша-несиелік, банктік және бюджеттік саясатқа қатысты шараларды жүзеге асыру. Мұның әсіресе тығырықтан шыға алмай титықтаған еуроаймаққа тіке­лей қатысы бар. Бірақ Еуропалық Одақ дайындаған қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету механизмі сақталуы тиіс. Бұл басқаларға қарағанда банк жүйесі анағұрлым берік Австралия, Бразилия, Канада, Қытай, Германия, Корея мен Индонезияға қосымша мүмкіндік болмақ. Басқосуда дамушы елдердегі кедейшілік деңгейін төмендету, қосымша жұмыс орындарын ашу, әлемдік өндіріс қарқынын арттырып, оның көлемін ұлғайту, әлеуметтік жағдайын жақсартуға байланысты пікірталастар да болды.

Ескеретін жайт, саммитке Жер шарының түкпір-түкпірінен жиылған халықаралық деңгейдегі шенеуніктер мен сарапшылар қауымы «тағдырымыз – ортақ, жауапкершілік жүгі – бәрімізде, саммитте нақты шешімдер қабылданбаса да, ортақ шешімге келуде бір-бірімізге түсіністікпен қарадық» дегенді місе тұтып, тарқасты. Бюджеттік тапшылыққа төмендетуде Австралия, Канада, Франция, Германия, Италия, Корея, Испания, Ұлыбритания мен АҚШ бюджет жетіспеушілігін 2010 жылға қарағанда 2013 жылы екі есеге азайтуды көздейтін және ЖІӨ-ге шаққандағы мемлекеттік қарыз деңгейін 2016 жылға қарай тұрақтандыру не төмендетуге ықпал ететін жоспарды бекіткен. Бүгінгі таңда «Үлкен жиырмалық» сыртқы сұраныс деңгейін көтеруге Қытай қауқарлы деген ұстанымда. Бұл әлеуметтік қорғау, экономикалық өсім, қордаланып қалған халықаралық қордағы қаражатты тиімді игеру т.б. сеп болмақ.

Әлемдік саяси сахнадағы күн тәртібінен түспей келе жатқан Иранның ядролық бағдарламасына байланысты дау Канндағы саммитте де қылаң берді. «Израильдің өмір сүруіне қатер төндіретін болса», Иранды жазаға тартуда Францияның қарап қалмайтынын айтып, доқ көрсеткен Саркози «Үлкен жиырмалыққа» Тегеранды тезге салу керектігін ескертті. Әлбетте, «Израильді Жер бетінен жойып жіберуі мүмкін» деген күдікті Тегеран жоққа шығарады.

«Үлкен жиырмалық» (G20) – Австралия, Аргентина, Бразилия, Ұлыбритания, Германия, Үндістан, Индонезия, Канада, Қытай, Корея, Мексика, Ресей, Сауд Аравиясы, АҚШ, Түркия, Франция, Оңтүстік Африка, Жапония мен Еуропалық Одақ мүшелікке өткен мемлекеттік емес ұйым. Оған Халықаралық қаржы ұйымы, Еуропалық орталық банк пен Дүниежүзілік банк тұрақты қатысушы саналады. «Үлкен жиырмалықты» құру туралы шешім 1999 жылдың 25 қыркүйегінде Вашингтонда қабылданған. Оған 1997-1998 жылдардың соңы экономикалық дағдарысқа ұласқан қаржылық дағдарыс себеп болған.

10.11.2011

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ