ӨТКЕНIҢДI ҰМЫТУ ӨШКЕНIҢНIҢ БЕЛГIСI
ӨТКЕНIҢДI ҰМЫТУ ӨШКЕНIҢНIҢ БЕЛГIСI
Жуырда С. Асфандияров атындағы Медицина Университетiнiң студенттерi 1990–1995 жылдар аралығында депутаттық қызмет атқарған халық қалаулыларымен және «Невада – Семей» қозғалысының бiрқатар белсендiлерiмен кездесуi барысында келелi әңгiме қозғалып, тәлiмгерлер елiмiзге елеулi азаматтарға ән мен жырдан шашу шашты. Осы кездесуде эксдепутат Нығмет Жотабаевпен аз–кем сөйлесудiң сәтi түскен едi.
– Нығмет Рахметұлы, бұрынғы Жоғарғы Кеңес пен қазіргі қос палаталы Парламенттің айырмашылығы бар ма?
– Біздің 12 шақырылған Жоғарғы Кеңес – бірінші рет демократиялық заңдылықтарға негізделген болатын. Ол 360 депутаттан тұрды. Бәрі дерлік еліміздің айтулы азаматтары еді. Жоғарғы Кеңеске 7 академик, 48 ғылым кандидаттары мен докторлары сайланды. Сайланған депутаттардың 20 пайызы – еңбек адамдары, 18 пайызы – денсаулық саласының қызметкерлері, ал қалғаны мәдениет пен ағарту саласының қызмеиткерлері болған. XII шақырылған Жоғарғы Кеңестің депутаттары тәуелсіз Қазақстанның барлық заңдарын жасақтады. Сол заңдарды қазіргі Парламент дамыту үстінде. Ең бірінші Ата Заң қабылданып, Президент туралы Заң өмірге келді. Шынында сол кездегі халық депутаттары халыққа етене жақын болды. Олар халықпен тығыз байланыс орнатты. Айтқанын бұлжытпай орындайтын. Заң шығаруда өзге елдердің тәжірибесін ақтара отырып, Ата Заңымыз бен басқа да басты заңдарды шығаруда зор еңбек етті. Тәуелсіз Қазақстанның Өкіметін құруға ат салысып, оның заңдарына даңғыл жол салу – сол уақытта жүрегі елім деп соққан азаматтардың мойнына артылған үлкен жүк болды. Брінші болу – қиынның қиыны екені айтпаса да белгілі. Өткеніңді ұмыту өшкеніңнің белгісі. Униатрлы мемлекетте бір палаталы Парламент болғаны дұрыс деп ойлаймын. Егер заң шығарушы орган бір палаталы Парламенттен тұрған болса, оған халықтан шыққан, қарапайым халықтың өмірін білетін, ел үшін еңбек ететін азаматтар келсе және олар берген уәделерін орындауға тырысса, дұрыс болар еді. Қазір «Құр сөзден қуырдақ қуырып» отыратын депутаттар көп. Оларды теледидардан газет, журнал оқып немесе ұйықтап отырғанын жиі көріп қаламыз. Халықпен жұмысы жоқ. Тек бірен–сараны ғана болмаса, қалғандарының не істеп жүргені белгісіз. Үкімет бір Заңды әкеліп берсе, бір деммен мақұлдап жібереді. Демократиялық елде Үкімет Парламентке бағынышты болуы қажет. Өйткені заң Парламентте шығарылады.
– Ресей мен Қазақстанның саяси–экономикалық байланысына қандай баға берер едіңіз?
– Ресей мен Қазақстан ұзақ уақыттан бері бірігіп еңбек етіп келеді. Бірақ Екі мемлекеттің екеуі де тәуелсіз мемлекет. Сондықтан да бірлесе тірлік жасасақ та, әр мемлекет өз мүддесін қорғауы керек. Сенікі дұрыс деп, келісе бермей, өз мүддесіне тиімді жағын көбірек ойлауымыз керек. Дербес мемлекет ретінде тілімізді, дінімізді, салт–дәстрүрімізді дамытуымыз керек. Қазақ тілі ең бай тілдер санатында. Мысалы, М. Әуезовтің «Абай жолы» романында 20 мың сөз бар болса, ағылшынның Байроны мен, француздардың Гюгосының өзінде сөздік қоры 10 мыңнан аспайтын көрінеді.
– «Тіл» деп қалдыңыз, Ата Заңның 7–бабының, 2–тармағы жөнінде не айтасыз?
– Мемлекеттік тіл қоғамның барлық саласында пайдаланылуы керек. Мемлекеттік тілді дамытуды революциялық емес, эволюциялық жолмен жасау керек. Біздің бір кемшілігіміз – көп сөйлейміз. Ал іске келгенде шорқақпыз. Орындаушылық қасиетіміз төмен. Жиырма жылдың ішінде біздің зиялы қауым ауыздарын ашқан жоқ. Біздің ақын–жазушыларымыз жазса, айтса, бас көтерсе, жағдай біршама түзелген болар ма еді? Өзге ұлттар қазақ тілін үйренуден қашпайды. Керісінше, өзіміздің қазақ бауырларымыз ана тілін менсінбейтін жайы бар. Тіл үйренуді өзімізден бастауымыз керек.
– Алда келе жатқан 2012 жылғы Парламент сайлауына қандай азаматтар сайлануы қажет деп ойлайсыз?
– Парламент сайлауына өз халқына жанашыр, ауыл өмірін көрген, халық өмірімен таныс, тіліне, дініне, ата–салтына, мәдениетіне ерекше құрметпен қарайтын азаматтар сайлануы тиіс. Елге бастаған ісін аяғына дейін жеткізетін арқа сүйер азаматтар керек. Патриот керек. Қай ауылдан шықса, сол ауылға көмектесуі керек. Қазақтың іргетасы – ауыл, сондықтан да бәріміз бір кісідей жұмылып, ауылды көркейтуге ат салысқанымыз жөн. Жаңа Парламенттің де бірінші міндеті – ауылды көркейтуге бағытталуы тиіс деп ойлаймын.
Маржан КЕҢЕСБАЙ