АЛАТАУДЫҢ БАУЫРЫНДАҒЫ САЙЛАУ
АЛАТАУДЫҢ БАУЫРЫНДАҒЫ САЙЛАУ
30 қазанда Қырғызстанда өткен президенттік сайлауда Алмазбек Атамбаев халықтың көпшілік бөлігінің сеніміне ие болып, бәсекелестерін айқын басымдылықпен жеңіп шықты. Қырғыз Республикасының сайлауларды және референдумдарды өткізу бойынша Орталық сайлау комиссиясының алдын ала шығарған мәліметіне қарағанда, сайлауға 1 миллион 858 мың 595 адам (сайлаушылардың 61%-ы) қатысып, олардың 1 миллион 175 мың 344-і (63,24%) Алмазбек Атамбаевқа дауыс берген.
Екінші орынға 274 мың 434 дауыс (14,77%) алып «Бүтін Қырғызстан» партиясының лидері Адахан Мадумаров, үшінші орынға 266 мың 434 дауыспен (14,32%) «Ата Жұрт» партиясының лидері Қамшыбек Ташиев шықты. Бұдан кейінгі 13 үміткердің ешқайсысы елдің тіпті 1 пайыздық сеніміне де ие бола алмады.
Мадумаров та, Ташиев те басты үміткерге оңай қарсылас болған жоқ. Мысалы, Адахан Мадумаров Баткен облысында 48,73% дауыс жинаса, Алмазбек Атамбаев 28,69% дауыс, ал енді Қамшыбек Ташиев Жалалабад облысында 42,4% дауысқа, Алмазбек Атамбаев 25,8% дауысқа ие болды.Сайлау өтіп, Алмазбек Атамбаевтың жеңіске жеткені айқындала бастағаннан-ақ Адахан Мадумаров пен Қамшыбек Ташиев сайлауды таза өтті деп есептемейтінін білдірді. Адахан Мадумаров дауыс беру парақшалары қайта тексерілсін деп, Қамшыбек Ташиев сайлау қайта өтсін деп талап қойып отыр. Екеуі де сайлауда әкімшілік ресурс қолданылды деп Алмазбек Атамбаевқа айып тағуда. Сайлауда жолы болмаған екеуі өздері көбірек дауыс алған өлкенің оңтүстік аймақтарындағы елді мекендерде республиканың күре тамыры болып саналатын «Бішек – Ош» жолына жақтастарын шығарып, жолды жауып, автокөліктердің ары-бері өтуіне мүмкіндік бермей қарсылықтарын көрсетті. Құқық қорғау органдарының өкілдері бірнеше сағат ереуілшілердің арасында түсіндіру жұмысын жүргізіп, оларды таратты. Сондай-ақ, оңтүстіктегі облыс, аудандардың мемлекеттік әкімшілігі алдында оларды қолдаған шағын топтардың наразылық акциялары да болып өтті.
Алмазбек Атамбаевқа Бішкек қаласы мен Шу облысының тұрғындары жақсы қолдау көрсетті. Бішкекте дауыс берушілердің 79,64 %-ы Атамбаевты, 5,66%-ы Мадумаровты, 4 ,66%-ы Ташиевті жақтырған. Облыс бойынша бұл көрсеткіш тиісінше 86,9%, 3,61 % және 2,6 % болды. Атамбаевтың республика астанасында көп дауысқа ие болуының себебін елдің негізгі ұйытқысы – зиялы қауым өкілдері шешімінің осындай болғандығымен, ал Шу облысында жерлестік сезімнің де едеуір роль ойнағандығымен түсіндіруге болады. Сондай-ақ, Бішкек пен Шу өреніне көбірек орналасқан орыс және славян және басқа да халықтар өкілдерінің басымы Алмазбек Атамбаевқа дауыс бергені сөзсіз.
Шынтуайтында, президенттікке аттанғандардың ішінен ұстанымы ең айқыны да осы Алмазбек Атамбаев болатын. Халық өздері таңдаған жаңа лидерді республикадағы тыныштықтың және тұрақтылықтың кепілі бола алады деп, оған сенім артып отыр.
Халықаралық кеңістікте қырғызстандықтарды сайлаудың игілікті өтуімен бірінші болып Қазақстан құттықтады. 31 қазан күні Премьер-министр Кәрім Мәсімов Қырғызстанның премьер-министрінің міндетін атқарушы Өмірбек Бабановпен телефон арқылы сөйлесіп, сайлаудың демократиялық үрдіске сай өткендігін айтты. Қырғызстанның президенті Роза Отынбаева АҚШ президенті Барак Обама және мемлекеттік хатшы Хилари Клинтоннан сайлаудың тыныш және сәтті өткендігіне жақсы тілегін білдірген хаттарын алды. Түркияның президенті Абдуллах Гүл сайлаудың ресми жиынтығын күтпей-ақ, Алмазбек Атамбаевты жеңіске жетуімен құттықтап үлгерді.
Сайлаудың барысын бақылаған халықаралық байқаушылар, негізінен, президент сайлау науқаны демократия талаптарына сай өткендігін белгіледі. Қазақстанның орталық сайлау комиссиясының төрағасы Қуандық Тұрғанқұлов сайлау таза, заңға лайық өткендігін және оның жиынтығы легитимді деп табылатындығына сенетіндігін айтты. Жалпы Қазақстаннан 77 байқаушы Қырғызстандағы сайлаудың куәсі болды.
Байқаушылардың да, халықтың да бұл сайлаудан байқаған зор кемшілігі –бұрын сайлауға қатысып келген кейбір азаматтардың сайлаушылардың тізіміне ілінбей қалғаны болды. Тіпті, Қырғызстанның Президенті Роза Отынбаеваның ұлы Атай да тізімде болмай шыққан. Әлбетте, тізімде болмауына сайлаушылардың өздері де кінәлі. Ереже бойынша олар өздерінің тізімде бар-жоғын алдын ала тексеріп алулары тиіс еді. Мұны интернеттегі сайлау комиссиясының сайтынан да тексеруге мүмкіндік берілген. Сайлауда бір адамның бірнеше адамға бюллетень тастаған фактілері мен басқа да заңсыздықтар орын алды. Осындай жағдайға байланысты Бішкектегі бір сайлау участогында дауыс беруді Орталық сайлау комиссиясы заңсыз деп есептен шығарды.
Президенттікке үміткерлердің ішінен жалғыз адам – төртінші орынды иелеген Темірбек Асанбеков сайлауды әкімшілік ресурстарды қолданумен өтті деп есептесе де, Алмазбек Атамбаевтың айқын басымдылықпен жеңіп шыққанын мойындады. Бұл мәселеге байланысты 1 қарашада Жоғарғы Кеңештің төрағасы Ахматбек Келдібеков егер біз өлкемізде тұрақтылық болғанын қаласақ, барлық жарандар, әсіресе президенттікке үміткерлер сайлаудың легитимділігін мойындауы керек деп отыр. Осы мақсатта төраға барлық үміткерлерді шақырып, өзара әңгіме жүргізуде. Кездесуге келген Адахан Мадумаров та, телефон арқылы ғана сөйлескен Қамшыбек Ташиев те райларынан қайта қойған жоқ.Алмазбек Атамбаев журналистермен баспасөз мәслихатын өткізіп, ол өзінен кейінгі орындарды иелеген екі үміткермен де қарым-қатынасының дұрыс екендігін мәлімдеді. А.Атамбаев премьер-министрлік қызметін атқарып тұрған кезінде оппозицияда жүрген Адахан Мадумаровқа Баткен облысының губернаторы (әкімі) лауазымын ұсынған екен, ол жауап қайтармапты. Мәслихатта ең өзекті мәселе Қырғызстандағы АҚШ-тың әуе базасына байланысты болды. «Мен премьер-министрлікке сайланғанда-ақ АҚШ-тың мемлекеттік департаментінің өкілдерімен 2014 жылы келісім уақыты аяқталған соң, АҚШ әскер базасын алып кетуі керек, өйткені бұл жер азаматтық әуежай деп айтқанмын. Әлі де сол пікірдемін. «Манастағы» әуежай қауіпсіздікті қамсыз етеді деп ойламаймын. Біз Құрама Штаттардың әртүрлі әскерлік жанжалдарға жиі-жиі араласып отыратынын жақсы білеміз, Иракта солай болған, Ауғанстанда солай, қазір Иранмен ортадағы жағдайы шиеленісуде.Осы өлкелердің бірі бізде орналасқан әскерлік базаға жауап ретінде соққы жасағанын қаламаймын. Азаматтық әуежай деген азаматтық болуы керек. Мұнда ешқандай стратегия жоқ. Сонда қауіпсіздеу боламыз», — деп айтты болашақ президент.
Алмазбек Атамбаев өзінің премьер-министрлік қызметін 2012 жылдың 1 қаңтарына дейін атқара бастайды. Қырғызстан Конституциясына сәйкес, сайлау өткен соң жиырма күннің ішінде сайлаудың ресми қорытындысы шығуға тиіс. Сосын болашақ президент қазіргі президентпен кеңесіп, Жаңа жылға дейінгі мезгілде өтуге тиіс жаңа президенттің инаугурация күнін белгілейді.
Президенттік сайлаудың өтуімен билік сатысында бірқатар өзгерістер болады. Жаңа президент Үкіметті толық отставка жіберіп, министрлер міндеттерін уақытша атқара бастайды. Президент Парламенттегі бес фракцияның басшысының біреуіне көпшіліктің коалициясын құрып үкіметті жасақтауға тапсырма береді. Қырғыз парламентінде коалиция құру мәселесі де оңай шаруа емес. Өйткені парламенттегі бес партияның ұстанымдары әртүрлі. Көпшілік фракциясына қайсы партиялар кірсе, Жоғарғы Кеңештің төрағасы да осы партиялардың бірінен сайланады. Демек, Қырғызстанның қазіргі жоғарғы билігі толық өзгеріске ұшырауы мүмкін.
«Түркiстанның» Қырғызстандағы меншiктi тiлшiсi