МОЛШЫЛЫҚТЫҢ ШҮКІРІ

МОЛШЫЛЫҚТЫҢ ШҮКІРІ

МОЛШЫЛЫҚТЫҢ ШҮКІРІ
ашық дереккөзі
164

Қасиеттi кiтабымыз Құранда Адам атаның (а.с.) екi ұлы Абыл мен Қабылдың құрбан шалып, Абылдiкiнiң қабыл болғаны баяндалады. Осыдан бастау алған құрбандық шалу бабамыз Ибраһимге (а.с.) жеткенде ғибратты оқиға ұласып, ақырғы елшi Мұхаммедке (с.а.с.) келгенде ғибадат болып қалыптасты.

Ибраһим (а.с.) пайғамбардың уағында құрбан шалу қажылық шартына кiрсе, Мұхаммед (с.а.с.) пайғамбар заманында, дәлiрегi Мәдинаға қоныс аударған соң, һижраның екiншi жылы қажылықтан тыс, жалпы мұсылманның да мiндетiне айналды. Осы кезде айт намазын оқу, құрбан шалу уәжiп ретiнде бекiдi.

Шамасы жеткендердің Құрбан айтта құрбандыққа мал шалуы Ханафи мәзхабында уәжіпке кіреді. Оған аяттан да, хадистен де дәлел бар. Құран Кәрімде: «Намаз оқы және құрбан шал» («Кәусар», 108/3), – десе, хадисте: «Кімде-кім мүмкіндігі болып құрбан шалмаса, біздің намаз оқитын жерімізге жақындамасын», – деп бұйырды. Сонымен қатар пайғамбарымыздың (с.а.с.): «Құрбан шалыңдар! Өйткені ол Ибраһим (а.с.) бабаларыңның сүннеті», – дегені тағы бар.

Құрбан – Жаратқанға жақындау. Құрбандық шалу – құлшылық ниетімен, шариғат шартымен орындалуы керек. Құрбан айттың алғашқы үш күнінде шалынатын мал «удхия» деп аталады.Мұсылман;

ақыл тоқтатып, балиғатқа толған;

Құрбан айт уақытында жолаушы болмаған;

негізгі қажеттерден тыс нисап мөлшеріндегі (85 грамм алтын, я сиыр құнындай) қаржысы бар адамға құрбандыққа мал шалу – уәжіп. Құрбан шалғанда міндетті түрде ниет ету қажет. Біз атаған нисап мөлшерінде дүние, ақшасы жоқ адамдарға, жағдайы келсе, құрбандық шалуына рұқсат.

Олай болса, молшылық пен жақсылықтың шүкірі, қылкөпірдің көлігі саналатын құрбандыққа мал шалуды бәрімізге нәсіп қылсын! Аллаһ ризалығы үшін риясыз сойылған құрбандық малы ақыреттің қылкөпірінде иесіне көмектеседі.

Аллаһ Тағаланың бұйрығын бұлжытпай орындаушының ақыретте жүзі жарқын, сауабы мол болады. Пайғамбарымызға жүгінейік: «Адам баласы Құрбан айт күні (құрбан шалып) қан ағызудан абзал басқа іспен Аллаһ Тағалаға жақындаған емес. Қаны ағызылған мал қиямет күні мүйіздері, тұяқтары және жүндерімен келеді. Ағызылған қан жерге тамбай жатып, Аллаһ Тағаланың құзырында үлкен сыйға жетеді. Құрбандықтарыңды көңіл ризашылығымен шалыңдар». Мінеки, көрген қызыққа – шүкір, батқан күнәға – тәубе етудің оңтайлы сәті туды.

Құрбандық шалудың мүмкіндігі бар адамға уәжіп екенін жоғарыда айттық. Сондай-ақ меншіктік байлығы нисап мөлшерінен асса, әйел адамның да құрбандық шалуы уәжіп.

Құрбандыққа шалынатын малдар: қой, ешкі, сиыр, түйе. Бұлардың еркегі де, ұрғашысы да құрбандыққа жарамды. Қой мен ешкі кемінде бір жасар болуы керек. 6 айлық қозы бір жасар қойдай болса, құрбандыққа жарайды. Ешкі міндетті түрде жасқа толуы қажет. Сиыр 2 жасқа, түйе 5 жасқа толғанда құрбандыққа шалуға болады. Құрбан малы сау, етті, дене мүшелері кемшіксіз әрі түгел болмағы ләзім.

Құрбандық малы ғибадат ниетімен бауыздалуы шарт. Ниеттің маңыздылығын Құран Кәрім былай көрсетеді: «Ұмытпаңдар, олардың еті де, қаны да ешқашан Аллаһқа жетпейді. Оған жететін жалғыз нәрсе – жүректеріңізге ұялаған «тақуалық (Аллаһқа деген құрмет)» («Хаж» сүресі, 37).

Құрбан шалудың уақыты Құрбан айттың бірінші күні айт намазынан кейін басталып, айттың үшінші күні ақшамға аз уақыт қалғанға дейін жалғасады.

Құрбан айтта шалған құрбандықтан құрбан шалушы ет жей алады. Құрбандыққа шалынған малдың етін үшке бөлу – мүстахап. Бір бөлігі – туған-туысқа, көршілерге бай болса да сыйға тартылады, екінші бөлігі – кедей және мұқтаж, пақыр, міскіндерге, үшіншісі – өзінің отбасы, бала-шағасына.

Құрбан етін кедей-кепшіктерге түгел беруге де болады. Жағдайы жоқ, мүмкіндігі келіңкіремейтін адамдардың атынан құрбан шалу – сүннет. Жабир (р.а.) арқылы жеткен хадисте Пайғамбарымыз Мұхамммедтің (с.а.с.) құрбандық шалуға жағдайы жоқ адамдардың атынан құрбандыққа мал сойғаны айтылады.

Құрбан шалуға жағдайы келмейтін кісілерге жасалған тағы бір жеңілдік – айт қарсаңында жуынып-шайынып, тазалану. Бұл тазалық құрбандық шалғандай сауап әкелетінін де Аллаһ Елшісі (с.а.с.) айтқан.

Ірі қараны бір кісіден жеті адамға дейін бірігіп немесе жеке адам құрбандыққа соя алады.

Құрбан шалуға уәжіп адам кей жағдайда басқа бір адамды байланыс құралдары арқылы өкіл ретінде құрбан шалуға Әлиф (р.а.) Пайғамбарымыздың орнына жол ретінде құрбан шалған.

Қайтыс болған кісінің атынан, ол өсиет етсе де, етпесе де құрбан шалуға болады. Құрбан шалушы етінен жемейді, толық таратады.

Біз құрбандыққа шалынатын малдың Аллаһтың берген теңдессіз несібесі екенін естен шығармауымыз керек. Қасиетті Құран Кәрімде: «Әрі барша адамды қажылыққа шақыр. Олар жаяу немесе алыс жерден арып-ашып, түйемен соған келсін. Келген соң олар мұның өздеріне тигізген пайдасын көрсін. Аллаһтан өздеріне ризық ретінде берілген құрбандық малдарды белгілі күндерде Аллаһтың атын айтып, құрбандық шалсын. Оның етінен өздерің де жеңдер, жоқ-жітікке де жегізіңдер!» («Хаж», 27-28).Аллаһ Тағала баланы да, малды да құлына сынақ қылатынын ұмытпайық. Өткенге қысқаша көз жүгіртсек, Ибраһим (а.с.) пайғамбар баласы Исмайлды (а.с.) құрбандыққа шалайын деп жатқанын түсінде көріп, терең ойланды. «Бұл белгінің тегін еместігіне көзі жетіп, Аллаһтың бұйрығын бұлжытпай орындауға белді бекем буып, оны сүйікті ұлына жеткізді. Исмайл (а.с.) еш қарсылықсыз : «Аллаһтың әміріне тәуекел қыл, әкешім!» – деді. Бұйрығына толық мойынсұнып іске кіріскен әке мен балаға Аллаһ Тағала өзі аян білдірді: «Әй, Ибраһим! Сен көрген түсіңе адал болдың, міндетіңді орындадың.

Исмайылдың орнына құрбандыққа шаларсың деп қошқар түсірдім. Біз жақсы құлдарды осылай марапаттаймыз!».

Содан соң Ибраһим (а.с.) пайғамбар құрбандыққа мал шалып, сүйікті ұлының аман қалғанына қуанып, сол күнді мерекелеген екен.

Адамзаттың асыл тәжі Мұхаммедке (а.с.) «Кәусар» берілгендігі үшін шүкір ретінде намаз оқып, құрбан шалу арқылы осы күнді атап өту керектігін аят арқылы білдірді.

Айтқандай, Құрбан айт – Аллаһ Тағала сыйлаған екі мейрамның бірі. Екіншісі – Ораза айт. Айт намазын оқудың міндет – уәжіптігі Құранда, сүннетте көрсетілді.

Шомылып (ғұсыл құйынып), әдеміленіп, таза, әсем киініп, хош иістеніп, көтеріңкі көңіл-күймен айт намазына бару – жақсы амал.

Айт намазынан соң Құрбан шалып, қазан көтеріп, «Құтты болсын!» десіп, сый-сияпат жасасып, араласып-құраласып, ренжіскендер татуласып, өкпелескендер табысып, ата-анаға, туыс-туғанға, дос-жаранға зиярат қылысып, айт күндерін мән-мағыналы өткізсе, нұр үстіне нұр.

Құрбан қабыл, айт құтты, ет тәтті болсын!

03.10.2011

Күлпара ЖҰМАҒАЛИ,

исламтанушы

Серіктес жаңалықтары