МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДЕГІ БАҚ БАҒАЛАНБАЙДЫ

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДЕГІ БАҚ БАҒАЛАНБАЙДЫ

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДЕГІ БАҚ БАҒАЛАНБАЙДЫ
ашық дереккөзі
243

– Әміржан аға, Қазақстан баспасөзі тәуелсіздік алған 20 жылда неге қол жеткізді, неден құр қалды?..

– Баспасөз – қоғам өмірінің айнасы, сондықтан біздің БАҚ жүйесі осы жылдары қоғамның жеткен табыстарына да, ұтылыстарына да ортақ. Көңілге қонатыны – біздің БАҚ нарықтық экономикаға біршама бейімделіп алды. Кезінде «жүз пайыздық мемлекеттік қолдаумен өмір сүріп келген БАҚ жаңаша экономикалық жағдайда құрдымға кетеді» деген де байбаламшылар болды. Салыстырмалы түрдегі пікір мен тақырып алуандығына да БАҚ шығармашылық жағынан дайын боп шықты. Реніш туғызатыны – бізде БАҚ шын мәнінде төртінші билікке айнала алмады. Мемлекетке жақын бұқаралық ақпарат құралдары шенеуніктік шеңгелдің құрсауынан әлі де шыға алмай келеді. Ал «тәуелсіз БАҚ» аталатындардың көбі белгілі бір олигархтық топтар мен кландардың сойылын соғып жүр. Яғни, өз қожайындарына шаң жұқтырмайды, ал оның бәсекелестерін жерден алып, жерге салады. Шын мәнінде халықтық, баршаға ортақ позиция ұстанып жүрген БАҚ-тың саны тым аз.

– Келер 10 жылда БАҚ алдында қандай қиындықтар тұр деп ойлайсыз?

– «Заманың түлкі болса, тазы боп шал» деген сөз бар. Жоғарғы технологиялық заман дәстүрлі бұқаралық ақпарат құралдарының алдына жаңаша талаптар мен міндеттер жүктейді. Интернет өз дегенін істетіп жатыр. Сондықтан осы соны мүмкіншіліктерді қабыл алып, мейлінше тиімді пайдалану керек. Аудитория үшін күрес одан сайын өршелене түседі. Ол үшін шын шығармашылық, идеялық бәсекеге түсіп, жүзден жүйрік болатындай қауқар қажет. Жанрлық, тақырыптық сұрыпталу да болады. Күнделікті ақпарат жанры интернетке кетсе, дәстүрлі басылымдар көбінесе сараптық-талдамалық жанрларға көшері сөзсіз.

– Медиақұрылтайда қазақ тілді БАҚ-тың сапасына, мазмұнына қатысты сын тағылды. Бұл сын қаншалықты орынды?

– Бос сөз! Қазақтілді журналистиканың мазмұндық деңгейі орыс тілдіден ешбір кем емес, кей жағдайда жоғары. Ал біздің төл болмысымызға тән жанрларда — тіпті керемет. Ал интернеттегі қазақ тілінің өріс алуы да көңілден шығады. Сондықтан мен қазақ тілді баспасөздің болашағы үшін көп алаңдамаймын. Қазақ көбейіп жатыр деген сөз – қазақ тілді оқырман мен көрермен көбейіп жатыр деген сөз! Тек талғамы биік сол аудиторияның таңдауына лайықты шығармалар дайындау керек! Бірақ та сол ана тілімізде әзірленген мақалалар мен бағдарламаларды саяси элита, билікке ерекше ықпалы бар олигархтар оқымайды да, көрмейді де! Гәп сонда! Сондықтан да, байқасаңыз, биліктің о жақ, бұ жағында көбінесе орыстілді әріптестеріңіз жүреді (күледі)…

– Қазақстанда журналистердiң жұмыс барысындағы қауiпсiздiгi қаншалықты сақталған?

– Әрине, құқықтық тұрғыдан біраз мүмкіншілік қарастырылғандай. Бірақ ол мәселенің екі жағы бар. Біріншіден, ол заңдық кепілдіктер тым жеткіліксіз. Екіншіден, сол жетімсіздеу заңдардың өзі орындалмайды! Билікке (құй ол әкім болсын, базарком болсын) жақпайтын мәлімет алуға бар кедергі жасалады. Ұрады, соғады, соңғы кезде оқ та атып жатыр. Бір қызығы – «журналиске қол жұмсады» не «БАҚ өкілінің қызметтік міндеттерін орындауға кедергі жасады» деп жауапқа тартылып жатқан ешкім жоқ! Осыны көрген басқа шенеунік пен базаркомдар құтырмағанда не істейді енді?!

– Сіздіңше, қазіргі кезде отандық журналистер арасында кәсiби ауызбiршiлiк бар ма?

– Биліктік пен оппозициялық, оның үстіне әртүрлі, кейде бір-біріне бәсекелес топтарға тиесілі боп о бастан бөлініп тасталған БАҚ-та ауызбіршілік бар деп айту қиын болар. Құрылтайшылардың мақсат-мүдделері әрқилы, сондықтан олармен біте қайнасқан бұқаралық ақпарат құралдары да сондай саясат ұстануға мәжбүр. Бірақ өз әріптестеріңді соққыға жығып жатқанда сол идеялық не басқаша айрымашылықты бір сәтке ұмытып, неге қолдау көрсетпеске? Осыдан біраз уақыт бұрын Мәскеуде бір таксисті өлтіріп кеткенде қаладағы оның барлық әріптесі жинала қалып, бас көтерген еді. Солардың талаптарын тез арада орындап, билік қылмыскерді дереу тауып, жазасын берді. Бүгін тәуелсіз журналистерге барып, қоқан-лоққы көрсеткендер ертең мемлекеттік арна, басылымдардың журналистеріне қысым көрсетіп, қастандық жасамайды деп кім кепілдік бере алады?!

03.10.2011

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары