ЕКI МЫҢ ЖЫЛДЫҚ ШЫМҚАЛА

ЕКI МЫҢ ЖЫЛДЫҚ ШЫМҚАЛА

ЕКI МЫҢ ЖЫЛДЫҚ ШЫМҚАЛА
ашық дереккөзі
333

Ресми тарих бойынша Шымкент қаласы ХIV ғасырда пайда болған. Дәлiрегi ол тарихи жазба деректерде осы кезден бастап атала бастайды. 1366 жылы Әмiр Темiрдiң жорықтарын жазып отырған Шараф-ад-Дин Йезди өзiнiң «Зафар-нама» атты тарихи шығармасында Моғолстанға жорыққа аттанып бара жатқан Әмiр Темiр әскерiнiң «Испиджабқа жақын орналасқан Чемегень» деген қонысқа кез болғанын жазыпты. Бұл Шымкент туралы табылған ең көне жазба дерек болып саналады.

Алайда археологтар мұнымен келiспейдi. «Шымкент кем дегенде бұдан 2200 жыл бұрын пайда болған» деген елең еткiзерлiк болжамды алғаш рет 2003 жылы жергiлiктi археолог-ғалым Бауыржан Байтанаев жасаған едi. Облыс орталығының көне орнында қазба жұмыстарын жүргiзген ол бұған нақты дәлел таптық деген. Сол жылдары қала әкiмдiгi «Шымкент қалашығының» орнын консервациялап, ашық аспан астындағы мұражайға айналдыруға да уәде еткен. Алайда одан кейiн басшылары ауысып, бұл жұмыстар аяқсыз қалды.

Жуырда Шымкент қаласы әкiмiнiң орынбасары Бахадыр Нарымбетов, Ұлттық ғылым академиясының академигi, тарих ғылымдарының докторы, профессор Карл Байпақов, Ә.Марғұлан атындағы археология институтының ғылыми қызметкерi А.Грищенко, қалалық мәслихаттың депутаттары Ғани Ташқараев, Нұрғазы Бұқарбаев баспасөз мәслихатын өткiзiп, Шымкенттiң жасын анықтауға қатысты қазба жұмыстарының жалғасатынын мәлiмдедi. Қала басшылары осы жұмыстарға 2012 жылдың бюджетiнен 15 миллион теңге қаралғанын жария еттi. Баспасөз мәслихатында Карл Байпақов Шымкенттiң жасының нақты қаншада екенiн айғақтайтын қазба жұмыстарына жергiлiктi ғалымдармен бiрге Англиядан, Франциядан, көршiлес Өзбекстаннан да мамандар шақырылатынын баса айтты.

Ғалымдар «Шымкент» сөзi соғды («чиминь-чемень» – жасыл, «кент» – қала) тiлiнен аударғанда «жасыл қала» деген мағынаны бередi дейдi. Аты айтып тұрғандай, жасыл желектi, сулы, нулы, сылдырлап аққан Қошқар ата сияқты мөлдiр бұлағы бар Шымкент ежелден-ақ тiршiлiк үшiн қолайлы мекен болған. Оның үстiне Шымкент Ұлы жiбек жолы сауда керуенiнiң бойында жатты. Мұндай жерде қалалық мәдениеттiң, сауда-саттықтың дамуы заңды едi. Көптеген сарапшылар Шымкент Қазақ­станда өзiнiң тарихи орнын сақтап қалған бiрден-бiр қала дегендi айтады. Бүгiнгi Тәуелсiздiк саябағымен жапсарлас жатқан көне қаланың орнындағы мәдени қабаттардың қалыңдығы 14 метрдi құрайды. 2003 жылғы архелогиялық жұмыстар кезiнде ол жерден бiздiң жыл санауымызға дейiнгi 2 ғасырға жататын керамикалық бұйымдар табылған. Шымкенттiң жасы 2200 жыл деген болжамға осы жәдiгерлер себеп болған едi. Табылған қыш бұйымдарды зерттеген ғалымдар олардың қазiргi Самарқан қаласынан табылған жәдiгерлермен ұқсастығын анықтаған. Яғни бұл Шымкенттiң сол дәуiрдегi Орта Азиядағы мәдениетi дамыған қалалармен тығыз байланыста болғанын аңғартады.

Тарихшы – деректанушылар 629 жылы Орта Азия елдерi арқылы өткен қытай монахы Сыма Цяннiң жазбаларын зерттей отырып, Шымкенттiң ортағасырлардағы атауы Неджикет (араб тiлiнен аударғанда «жаңа қала» деген мағынаны бередi) болуы мүмкiн дегендi айтады. Мұны өзге де тарихи деректер қуаттай түседi. Мәселен, сол кездегi Ұлы жiбек жолының бойындағы гүлденген қалалардың бiрi Испиджаб (Сайрам) қақпаларының бiрi Неджикет деп аталған. Кейiннен ол «Шымкент қақпасы» деп аталған.

VIII ғасырдан бастап Қазақстанға ислам дiнiн тарату мақсатында араб жаулау­шыларының келгенi мәлiм. Ал бұдан кейiн бүкiл Орта Азия аумағында ислам мемлекеттерi құрылды. Исламның келуiмен бiрге сауда-саттық, ғылым дамып, Орта Азияның қалалары өзiнiң нағыз гүлденген дәуiрiн бастан өткердi. Шымкент те осы тарихи оқиғалардан шет қалмаған. Өйткенi қаланың мәдени қабаттарын қазу барысында мұнда VIII-IХ ғасырлардағы шапқыншылықтың, дәлiрегi үлкен өрттiң болғаны анықталған. Яғни, қалада сырттан келген жаулаушыларға қарсы белсендi күрес, қиян-кескi шайқастар жүрген. Бұл мәлiметтер Шымкенттiң сол кезде-ақ сырт көз қызығатындай, маңызы қалалардың бiрi болғанын айғақтайды. Бұдан кейiнгi жылдары да қаланың аумағы бұрынғыға қарағанда кеңейе түскен.

ХVI ғасырдан бастап Шымкент Қазақ хандығының құрамындағы Ташкент әмiрiне бағынған. 1735 жылы ол орыс дерекнамасына «Чимин» деген атаумен енген. 1813 жылы Ташкентке кетiп бара жатқан Сiбiр корпусының тiлмашы Филипп Назаров Бадам өзенiнiң бойында орналасқан Шымкент қаласының сулы жер екенiн, қаланың қорғаны шикi кiрпiштен қаланғанын, диiрмендердiң бар екенiн суреттеп, онда шамамен 700-ге жуық үй барын жазыпты.

ХIХ ғасырда Шымкенттi Қоқан ханды­ғының жаулап алғаны белгiлi. Алдымен Ташкенттi бағындырған Әлiм хан қалың қолымен Шымкенттi қоршауға алған. Сырттан келер көмектiң жоқтығына қарамастан қала халқы белсендi қарсылық көрсетiп, 20 күн бойы берiлмеген. Зұлым басқыншылар ақыры қорғанысты бұзып, қала халқын аяусыз қырғанға ұшыратқан.

1821 жылы Тентек төре басқарған қазақтар Қоқан хандығына қарсы көтерiлiске шығып, Шымкент пен Сайрамды азат етедi. Алайда бұл азаттық ұзаққа созылмады. Бiрақ Қоқан хандығының ауыр езгiгiне қарсы күрес толастамаған. ХIХ ғасырдың елуiншi жылдарында қазақтар Шымкенттi азат етуге қарсы жорыққа шыққанымен, мықты бекiнген қоқандықтарды жеңе алмайды. Шымкент Қоқан хандығына iрi мөлшерде салық төлейтiн қалалардың бiрi болған. Тарихи деректерде қала халқының Қоқан ханына жылына 80 мың күмiс теңге берiп отырғаны айтылады.

Шымкент орыс отаршылдары үшiн Орта Азияның қақпасы саналатын. Оны бағын­дырып, Орта Азияға ену үшiн 1864 жылдың қыркүйегiнде Шымкенттi Черняев әскерi тiкелей шабуыл арқылы алды. Осылайша жергiлiктi халық

Қоқан езгiсiнен құтылып, орыс отаршыл­дығының қамытын кидi. Шымкенттiң алынуымен Қазақстан тарихындағы ең маңызды кезең – Қазақстанның Ресейге қосылуы толығымен аяқталады.

1897 жылы қалада алғаш рет халық санағы өтiп, Шымкент тұрғандарының саны 11 мыңға жуық екенi анықталған. Ал тәуелсiздiк алғанға дейiн шымкенттiктердiң саны ресми мәлiмет бойынша 400 мыңнан асқан. 2015 жылға қарай Шымқала миллионер қалалардың санатына қосылады деген болжам бар.

27.10.2011

Бақытжан ӘБДIРАШҰЛЫ

Серіктес жаңалықтары