ӨЗАҒАМНЫҢ ЖҮЗIМI

ӨЗАҒАМНЫҢ ЖҮЗIМI

ӨЗАҒАМНЫҢ ЖҮЗIМI
ашық дереккөзі
274

Көпен ӘМIРБЕК

Жексенбi болатын. Оянғаным сол… Таңалакеуiмде телефон шырылдады. Көтердiм. Жұмсақ биязы дауыс. Үнi, сөз саптауы таныс. Бiрақ танымадым. Аман-саулықтан соң:

– Бүгiн қолың бос па?– дедi.

– Сiз үшiн уақыт табамыз ғой, көке! – дедiм оңтүстiкше орағытып.

– Онда қазiр үйге кел. Дачаға барамыз, – дедi «бейтаныс» көкем.

– Қай үйге барайын? – дедiм кiм екенiн бiлгiм келiп.

– Менде қанша үй бар едi? Бiр-ақ үй ғой, – дедi о кiсi де алдырмай. «Ойпырмай, кiм болды екен?» – деп аң-таңмын.

– Көке, үйге кiрмей-ақ қояйын. Далаға шығыңыз. Қай көше мен қай көшенiң қиылысында тұрасыз? Сол жерге барайын.

– Сен онда былай iсте. Әлгiнде Керiмге телефон соқтым. Машинаң бар ғой, соны үйiнен алып, маған кел.

Керiмдi бiлем. Пiрiмқұлов. Парламент мәжiлiсiнiң депутаты. Сол бауырыма телефон шалдым.

– Кереке, көкемiз дачаға шақырып жатыр екен, – дей берiп ем:

– Иә, иә! Қазiр ғана сөйлестiм. Өзбекәлi ағамның дачасын көрген жоқ ем. Жақсы болды! – деп қуанғандай рай танытты.

Оһо-о-о! Өзекең екен ғой. Өзбекәлi Жәнiбеков. ЦК-ның секретары. Жақында ғана зейнетке шыққан.

Сонымен «соқамызды» сүйретiп Өзағамның саяжайына бардық. Қалихан жеңгем немерелерiмен сонда екен. Қауқылдасып амандастық. Алатаудың баурайындағы айналасы алты-жетi сотық аядай жерге аршыған жұмыртқадай үй тұрғызыпты. Үй деген аты ғана. Бiр-ақ бөлмелi. Кiре-берiсте дәлiзi мен шағын асхана. Болды. Бар-жоғы сол. «Жұрттар тастан сарай салғызып жатқанда көкемнiң мұнысы несi?» – деп ойладым. Осы ойымның ағынымен:

– Көке, мына жерге бiреу театр салып жатыр ма? – дедiм көршiсiнiң көк тiреген зәулiм ғимаратын иегiммен меңзеп.

Жауап бермедi. Үн-түнсiз. Тiптi жүзiнде «Сен не деп тұрсың?» деген ишара да жоқ. Өзiм ыңғайсызданып қалдым.

Бiлдей бiр депутат, бiр сықақшы, сосын ЦК-ның секретары үшеумiз түске дейiн жер аудардық. Өзағаң шаршамайды. Күрегiне сүйенiп сәл-пәл демалады да әрi қарай кiрiседi. Баяғы бала кезден кейiн қолымызға кетпен-күрек ұстаған емеспiз, екi рет еңкейсең ентiгiп қаламыз. Осыны байқады ма қайдам, Қалихан жеңгей:

– Бiреулердi әкелсе сөз қылады дедi ме, ағайын болғасын екеуiңдi шақырды ғой, – дедi аяушылық бiлдiрiп.

– Жо-жоқ, жеңеше. Қанымыз жүрiп, адам боп қалдық! – дедi депутат қайнысы тiгiсiн жатқызып.Түсте дастарқан басына жиылдық та, бұйырған дәмнен татып, тыныстадық. Әңгiме барысында:– Ағаларың сондай, – дедi жеңгем көкемiзге өкпе-назын танытып. – Жұрт бiр үйiн екеу, екi үйiн үшеу қып үлкейтiп жатса, ағаларың қызықпайды. Тiптi ондайларға аяп қарайды. Зейнетке шыққасын өкiмет «Интернациональный» көшесiнен үш бөлмелi үй берген екен. «Кемпiрiмiз екеумiзге екi бөлме де жетедi», – деп үш бөлмеден бас тартыпты. Соны естiгесiн дәулердiң есiгiн қағып жүрiп, үш бөлмелi пәтердi әрең қайтарып алдым.

Көкемiз жеңгейге көзiнiң астымен бiр қарады да, қоя салды. Үндемедi. Не ойлады екен? Есiме Арқалықтан шыққан арқалы ақын Серiк Тұрғынбековтiң әңгiмесi түстi. Сонау жетпiсiншi жылдардың басында Торғай облысы ашылғасын, Өзекең сол өлкенiң идеология жөнiндегi хатшысы боп барады. Iстеген iсi, атқарған шаруасы қыруар. Малшы ауылды аралап жүрiп, бiр шопанның киiз үйiне кiредi де, кетер кезiнде:

– Анау есiк алдында жатқан ағаш ыдыс не ыдыс? – деп сұрайды.

– Итаяқ! – дейдi шопанның әйелi.

– Итаяқ болса… Сол итаяқты маған берiңiзшi! – деп сұрайды. Айналасындағылар «Обкомның хатшысы итаяқ сұрағаны несi?» – деп аң-таң болады. Сол «итаяқ» Өзағаңның өзi ұйымдастырған Арқалықтағы мұражайдың төрiнде тұр.

Сөйтсе сол «итаяқ» ХVIII ғасырда ағаштан ойып жасалған аса құнды астау екен. Бабалардың көзiн көрген жәдiгердi қалай таныған! Үш бөлмелi үйге қызықпай, «итаяққа» көзi түскен көкемiздiң елге атқарған еңбегi, әсiресе ұлттық дәстүрiмiздi ұлықтау жөнiндегi атқарған iсi ұшан-теңiз.

Белгiлi сықақшы, этнограф Сейiт Кенжеахметұлы қазақтың ұлттық дәстүрi мен салт-санасы туралы диiрменнiң тасындай үш кiтап жазғаны белгiлi. Ол жазған жоқ. Жинады. Жинақтады. Шөпшек тергендей тердi. Зерттедi. Зерделедi. Түйдi. Түйiндедi. Мiне, еңбек!– Менiң осы салаға ойысуыма Өзбекәлi Жәнiбеков ерекше әсер еттi. О кiсiмен қалай араластым, солай этнограф боп шыға келдiм! – деген едi Сейiт аға.

Аты-жөнiн ұмытып қалдым, Қазақстан Орталық Комсомол комитетiнде бөлiм меңгерушiсi боп iстеген бiр кiсiнiң Өзекең туралы айтқан естелiгi есiмнен кетпейдi.

– Алпысыншы жылдардың басында Өзбекәлi Жәнiбеков Қазақстан комсомолының тiзгiнiн ұстады. Бiрiншi хатшы. Сол тұста Мәскеуде өтетiн бүкiлодақтық комсомолдар съезiне Қазақстаннан 150 делегат қатысу керек. Бiз сол съезге 100 орыс және әртүрлi ұлттан, оның iшiнде қазақ, немiс, кәрiсi бар 50 адамның тiзiмiн дайындап, Өзекеңнiң алдына апардық. О кiсi тiзiмдегiлердiң ұлтын бiр бөлек санап шықты да, дәу қара қамшысымен қағазымызды турап тастады. Бiзде үрей жоқ. Сосын:

– Мәскеудегi орыстарға орыс апарып, орыстарды таң қалдыра алмайсыңдар, – дедi жай ғана жабырқау үнмен. – Жүз орыстың орнына жүз қазақ дайындаңдар. Қалғаны басқа ұлт болсын. Ол кезде солай сөйлеу ерлiкпен парапар едi. Ұлтымызды сүю сезiмi санамызға ұялай бастады. Ұясын салған әрине, бiздiң Өзбекәлi болатын.

Бұл мыңдаған естелiктен бiр пұшпағы ғана. Бiз Жәнiбеков туралы көп жазылды деймiз. Көп жазылған жөн. Көп айтылған сияқты. Әлi айтылмаған қыры мен сыры қаншама. Ендi 2031 жылы Өзекең 100 жасқа толады. Соған дейiн соның орнын толтыру бүгiнгi ұрпақ пен көзкөргендердiң еншiсiнде.

Мен ендi көзiммен көрiп, көңiлмен түйгенiмдi баяндайын. Әңгiмемiздiң басы басталды да аяқталмай қалды ғой. Өзағаңның саяжайына оралайын. Түстен кейiн жиi егiлген жүзiмдердi жегелеп, арасын сиретiп, артылған оншақты түбiн шетке қойғасын:

– Көке, — дедiм сыпайылап, — баяғыда паркке барсақ, «Мына ағашты член Политбюро ЦК КПСС Пәленше Түгеншеевич еккен» деген жазуды оқитынбыз. Сiз кiмнен кемсiз? Сiз де бiз үшiн член Политбюросыз. Осы артылған жүзiмдерiңiздi тамыры бусап тұрғанда бiздiң саяжайға апарып өз қолыңызбен ексеңiзшi. Бiр сабағына «Өзбекәлi Жәнiбеков отырғызған» деп жазып қоямыз.Ойнап айтқанымды о, шiркiн-ай, Өзағаң шындап көрдi.

– Дачаң қайда? Кеттiк! – дедi апыл-ғұпыл ұбап-шұбап бiздiң саяжайға бардық.

– Көке, ырым болсын, өз қолыңызбен бiр түбiн қадаңыз! – дедiм. Көршi-қолаңдарым Өзағаңды көргесiн жиылып қалған едi. Ыңғайлы жерден шұқыр қазып, жетi түп жүзiмнiң бiреуiн өз қолымен отырғызды.

– ЦК-ның секретарына жер қазғызып қойған, әй, Көпен-ай, сен де пәлесiң ғой! – дедi көршiлерiм қалжыңға басып. Сол тұста Қалихан жеңгей қызық оқиға айтты.

– Бұ кiсi, – дедi Өзағаға бұрылып, – комсомолдың бiрiншi хатшысы болғасын кейбiр жиналыстар мен мерекелерге менi ертiп жүретiн болды. Бiр күнi:

– Киiн, кеттiк! – дедi.

– Қайда?

– Қайда?

– Паркке.

– Өзiң бара бершi! – дедiм.

– Сенсiз болмайды. Москвадан бiр үлкен кiсi келген екен. Сол кiсi паркке ағаш отырғызады. Тәртiп бойынша бiздер әйелдерiмiзбен барып, төңiрегiнде тұруымыз керек, – дедi. Бардық. Аты-жөнi есiмде жоқ, бiр орыс парктiң бiр шетiне шырша отырғызды. Қол шапалақтадық. Бiттi. Қайттық. Келесi жылы шет жақтан тағы бiр дөкей келген екен. Тағы да сол паркке бардық. Былтыр еккен ағаштың орны үңiрейiп тұр. Оны жұлып тастап тап сол жерге әлгi бейтаныс дөкей жаңа шырша қондырды. Бәрiмiз қол шапалақтап қайттық. Келесi жылы тағы да сол шыршаның орнына жаңа келген бiреу жаңа шырша ектi. «Көпен, сен сықақшысың ғой, осы көзбояушылықты жазшы», – дедi.

Жаздым. «Жалғыз шырша» деген сықақ жаздым. Жеңгей берген идеядан туған сол сықақ өлеңiм мiнеки…

ЖАЛҒЫЗ ШЫРША

Дөкей түстi аспаннан

Екi аяғы салбырап.

Бiздiң жерге сiңiрген

Еңбегi жоқ ал бiрақ.

Құрақ ұштық сонда да

Құрметтi кiсi деп.

Басқан iзiн тәу етiп

Асты-үстiне түсiп ек…

Кiлем төсеп жолына

«Жаса, Гәубас!» деп қыздық.

Алаңға әкеп ерекше

Жалғыз шырша еккiздiк.

Қошаметтi дәл мұндай

Көрген жоқ-ау нағашың.

Айналасын қопсытып,

Аяладық ағашын.

Өзi кетiп қалса да,

Тер ағыздық мұнша көп.

Қада қақтық түбiне

«Гәубас еккен шырша!» деп.

Мiне, қызық жақында

Бiр пәленi бастадық.

Әлгi жалғыз шыршаны

Жұлып алып тастадық.

Себебi ме?

Себебi,

Гәубасыңды қасқа қып,

Түсiргесiн орнынан

Қаймықпадық, саспадық.

Босқа қалған шұқырды

Не етесiң деп дауласпа.

Жалғыз шырша еккiздiк

Жаңа келген Дәу басқа.

Кейiнiрек Өзағаң Мәскеуге барып, Нұртас Оңдасыновқа сәлем берiп қайтты. Сырласты. Мұңдасты. Сұхбаттасты. Не деп? Белгiсiз. Бiзге белгiлiсi Өзағаңның өз аузынан естiген әңгiмесi. Нұртас ата:

– Мен үш нәрсеме мақтанам! – дептi.

Ешқашан да ешкiмнiң қолынан ақша, пара алған емеспiн. Қолым таза.

Бiреуге жала жауып, нақақтан күйдiрiп, әсiресе 1937-38 жылдары бiр құжатқа қол қойған емеспiн. Қолым таза.

Руға, жүзге бөлiнген емеспiн. Жүзiм таза.

… Па, шiркiн! Мiне, тұлғаның таза бейнесi! Нұртас ата өзiн емес, Өзбекәлi Жәнiбековтi айтып тұрғандай.

27.10.2011

Серіктес жаңалықтары