2020 ЖЫЛЫ ҚАЗАҚСТАНДА МҰНАЙ ҚОРЫ
2020 ЖЫЛЫ ҚАЗАҚСТАНДА МҰНАЙ ҚОРЫ
Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ
«ҚазМұнайГаз» Барлау Өндiру» АҚ компаниясы бүгiнде үлкен жетiстiктерге қол жеткiзiп отыр. Биыл компанияның IPO нарығына шыққанына – 5 жыл. Осыған байланысты ұйымдастырылған роуд-шоу аясында белдi компания әлеуеттi инвесторлар және акционерлермен кездесiп, алдағы жоспарларымен бөлiстi.
«ҚазМұнайГаз» Барлау Өндiру» АҚ компаниясы өсу мен даму сатысына өрлеп келе жатса да, аз уақыттың iшiнде инвесторлардың құнды қағазын салғысы келетiн бiрден-бiр қайнар көзiне айналуда. Бүгiнде аяғынан тiк тұрған компания әлемнiң бiрнеше елдерiнен инвестиция тартып, ауқымды түрдегi жобаларын бастап кеттi. Компания басшылары роуд-шоудың нәтижесiнде құнды қағаздарға да айтарлықтай әсер етуге болатындығын айтуда.
Компания IPO нарығына шыққан бес жылда қандай жетiстiктердi бағындырды? Алдағы уақытта нендей жобаларды қолға алмақшы? Мiне, «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндiру» АҚ басшылары өздерiнiң сенiмдi серiктесiне айналған инвесторлары мен сарапшылары алдында болашаққа бағытталған жоспарларының бiр парасымен таныстырып өттi. «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндiру» АҚ компаниясы бас директоры Асқар Балжановтың айтуынша, компанияның тынысы IPO нарығына шыққалы берi едәуiр кеңейе түсiптi. «Бiздiң компанияның IPO-сы Қазақстан үшiн мұнай-газ саласындағы мемлекет пен миноритарлы инвесторлардың бiрлескен жобасы. Айта кету керек, елiмiзде күнi бүгiнге дейiн миноритарлы акционерлердiң мүддесi ескерiле бермейтiн-дi. Қазiр бiзде миноритарлы акционерлердiң мүддесiн қорғайтын корпоративтi басқару жүйесi жұмыс iстеп келедi», – дедi компания басшысы журналистерге арналған брифингте.
Осыдан бес жыл бұрын компания құрамына кiретiн «Өзенмұнайгаз» және «Ембiмұнайгаздың» өндiру көлемi 9 млн. тонна мен 3 геологиялық барлау блогына ие болған. Бүгiнде компания осы екi филиалдан басқа үш бiрлескен кәсiпорынға иелiк етуде. Компанияның жинақталған өнiм өндiру көлемi шамамен 13 млн. тоннадан асады. Одан бөлек IPO нарығына шыққанда сатылған акция құны 2 млрд. АҚШ долларына бағаланғаны есте. Ал бес жыл iшiнде сол қарызға алған 2 млрд. АҚШ долларының дивидендi төленiп, шамамен 1 млрд. АҚШ доллары миноритарлық акционерлерге берiлдi. Компанияның 4 млрд. доллар шамасындағы бос қаражаты бар десек, оның 2 млрд. доллары алдағы уақытта өнiм өндiрiп, кен орындарының жұмысын тұрақты түрде ұстап тұруға, 1 млрд. қаржы Қашаған мен Қарашығанақтан басқа өзге де жобаларға, ал 2-2,5 млрд. доллар жаңа жобалар бойынша өнiм алуға жұмсалмақшы.
«ҚазМұнайГаз» Барлау Өндiру» АҚ бас директоры Асқар Балжанов әңгiме барысында «Өзенмұнайгаз» кен орнының компания тарихында айрықша орын алатындығын жеткiздi. «Өзенмұнайгаз» – компаниямыздың маржаны. Бiздiң бар арқа сүйейтiнiмiз де сол. Өйткенi компанияның жинақ өндiрiсiнiң 50 пайызын, қордың 50 пайызын «Өзенмұнайгаз» толтырып отыр», – деген ол соңғы жылдары ауық-ауық орын алған ереуiлдердiң мән-жайына да тоқтала кеттi. – Бiрiншiден, «Өзенмұнайгазда» соңғы екi-үш жылда еңбек тәртiбi кәдiмгiдей бұзылып, ереуiлшiлердiң бас көтергенi ешкiмге құпия емес. Ал биыл жазда басталған ереуiл үш айға созылды. Бiз жұмыс берушi ретiнде алғаш рет ереуiлшiлердiң талап-тiлегiмен келiспедiк. Себебi, компания соңғы жылдары мұнайшылардың жалақысын ең жоғары деңгейге көтерiп, әлеуметтiк шығындарын айтарлықтай молайтқан болатын. Демек, бiз жұмыс берушi ретiнде жұмысшылардың алдындағы барлық мiндеттемелерiмiздi орындадық. Екiншiден, сот орын алған наразылық акцияның заңсыз өткендiгiн айтты. Компания «Еңбек кодексi» бойынша жұмыс орнында болмаған қызметкердi жұмыстан шығарып жiберуге құқысы болса да, үш айға дейiн шыдамдылық танытып келдi. Алайда, жұмысқа шықпаған 2,5 мың еңбеккердiң 1 жарым мыңы үш айдан кейiн қайтадан жұмысына кiрiссе, өкiнiшке қарай, жұмысқа бiржола бармаған 990 адам жұмыстан босатылды. Олар ереуiлге шыққаны үшiн емес, жұмысқа шықпағаны үшiн кәсiбiнен айрылды. Әрине мұнда қазiр моральды-психологиялық жағдай мәз емес. Оны тез арада қалпына келтiру де оңай шаруа дей алмаймын. Өзiм әр апта сайын Өзенге барып, мұнайшылармен кездесiп тұрамын. Жұмыс берушi мен жұмысшының бiр-бiрiне деген сенiмiн қайта жандандыру керек. Қазiр бiз бұл мәселенi екi жақ болып қолға алып, шешу үшiн барлық күш-жiгерiмiздi жұмсаудамыз. Уақыт өте келе бәрi де өз орнына келедi», – дедi «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндiру» АҚ-ның бас директоры Асқар Балжанов мырза.
Компания басшылығы бiрнеше айға созылған ереуiлдiң салдары өнiм өндiру көлемiне айтарлықтай салқынын тигiзгенiн де жасырмады. Мәселен, екi-үш айдың iшiнде өндiрiс көлемi тәулiгiне 16 мың тоннадан 10 мыңға дейiн күрт түсiп кеткен. Алайда компания тамыз айының басында өнiм өндiру көлемiн тұрақтандыруға арналған жедел шараларды қабылдаудың нәтижесiнде, жарты айдың iшiнде өнiм көлемiн 10 мың тоннадан 14 мың 300 тоннаға дейiн көтерген. Мұны компания басшылығы үлкен жетiстiктiң бастауы деп отыр.
Сондай-ақ, компанияның бас директоры Асқар Балжанов: «Өзенмұнайгаз» бойынша 2011 жылы шамамен 5 млн.150 мың тонна, келер жылы 5 млн.800 мың тонна, ал 2013 жылдан әрi қарай 6 млн. тоннадан жоғары өнiм алуды көздеп отырмыз. Бiз қанша өнiм өндiрсек, ел қазынасы мен Ұлттық қорға да соншалықты ақша құямыз», – дегендi тiлге тиек еттi. Ал бiздiң тарапымыздан қойылған «Компания Каспий теңiзi шельфiне қашан шығады?» деген сұраққа Асқар Балжанов мырза: «Бiз қазiр бұл жөнiнде «ҚазМұнайГаз» АҚ компаниясымен келiстiк. Келесi жылдың бiрiншi жартысына дейiн Каспий жағасындағы бес-алты нысандарды көрiп, ұнайтынына ұсыныс жасаймыз. Ал негiзгi келiсiм-шартқа мамыр айында қол қойдық. Бұл жөнiнде келесi жылдың екiншi тоқсанында нақтырақ айта аламыз», – деп жауап бердi.
«ҚазМұнайГаз» Барлау Өндiру» компаниясының қазiргi бағаланып отырған қоры 260 млн. тонна болса, 2020 жылға қарай мұнай қорының өсiмiн 850 млн. тоннаға жеткiзу жоспарда тұр. Компанияның бас геологi Базар Есқожаның пiкiрiнше, болашақта сатып алатын жобаларды есепке алмағанның өзiнде «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндiру» компаниясының нақты қоры 2016-2018 жылдары он жаңа нысан бойынша 3 млрд. 50 млн. баррельге (406 млн. тонна) жетедi деп болжануда. Бұл жаңа жұмыс орындары көбейедi деген сөз.