ЖӘНIБЕКОВ ЖАҢҒЫРТҚАН МҰРАЛАР
ЖӘНIБЕКОВ ЖАҢҒЫРТҚАН МҰРАЛАР
Қазақстанда қазақтың төл тарихын қайта жаңғыртып, байырғы қалпына келтiруге тырысып жүрген ерекше орталық бар. Ол «Қазқайтажаңарту» шаруашылық жүргiзу құқығындағы республикалық мемлекеттiк кәсiпорны деп аталатын мекеменi Қанат Тұяқбаев сынды бiлiктi азамат басқарады. Қанат аға жиырма жылдай Өзбекәлi ағаның жанында жүрiп, ол кiсiнiң тәлiм-тәрбиесiн көп көрген екен. 1979 жылы орталыққа шақырып алған сәттен бастап, Өзбекәлiдей ағасымен қоян-қолтық араласып, бiрге жүредi. Ағамен өткен әрбiр күнiн, әрбiр сәтiн жадынан шығарған емес. Аға жүрiп өткен жолмен жүру – шәкiрттiң ұстазға деген адалдығы да шығар. «Өзекең туралы әңгiме айту маған оңай емес. Ол кiсiнi көп бiлетiндiктен, тым көп бiлетiндiктен, жеткiзе әңгiме айта да алмай қалам», – дейдi Қанат аға рухани ағасы жайлы толғанғанда.
– Ұзақ жылдар бойы Өзбекәлi Жәнiбековпен бiрге жүрдiңiз. Өзбекәлi аға сiзге ұстаз болған адам. Өзбекәлi ағаңыздың адами қасиеттерiн, азаматтық тұлғасын қалай еске аласыз?
– Өзекең жастайынан көп қиыншылық көрiп өстi. Шәуiлдiрде дүниеге келдi, сол жерде өстi, мектеп бiтiрдi. Бiрақ әке-шешеден ерте айрылып, жетiмдiктiң бiраз тауқыметiн кештi. Мектептi үздiк бiтiрiп, жоғары оқу орнына түстi. Институтты бiтiрген соң, Абай ауылында еңбек жолын бастады. Мұғалiм болып қызмет атқарып жүрген өрiмтал жас комсомол қызметiне тартылып, кәсiби еңбек жолын бастады. Ауылда басталған қызмет аудандық комитеттегi қызметке ауысты. Өрлеуден өрлеу, осылай ақырында республикалық деңгейге дейiн жеткiздi. Қазақстанның комсомол комитетiнiң хатшылығына дейiн көтерiлген Өзекең осы қызметте жүрiп, талай-талай игiлiктi шараларды атқарды. Қазақ жастарының бойына ұлттық нәр құйып, қазақтың төл тәрбиесiнен алыстап кетпеуiне, бiлiм алып, ел үшiн еңбек атқаруына да септiгiн тигiздi. Өзi бiрге жүрген азаматтар туралы, өзi құрметтеген жандар туралы да жылы естелiктерiн айтатын. Өзекеңнiң мұражай iсiне де көп көңiл бөлгенiн жақсы бiлесiздер. Сол мұражайларды аралап жүрген кезiнде, ел-елден, жер-жерлерден бiлiмдi қазақ жастарын тауып, оларды орталыққа тартып, олардың бiлiм алуына септiгiн тигiзiп, жақсы азамат болуына да үлкен еңбек сiңiрдi. Көптеген жалынды жастардың алғысына бөлендi. Олардың бiрi – ерлi-зайыпты бишiлер Iзiмовтер болатын 1980-шi жылдары бұрынғы офицерлер үйiн қайта алып, оның орнына халық аспаптар мұражайын ашуға да көп еңбек сiңiрдi. Сол ғимаратты қайта қалпына келтiру iсiн бiзге тапсырған едi. Толық жөнделiп бiткеннен кейiн iшiне қазақтың әуездi, музыкалық аспаптарын жинай отырып, сол жерден үлкен мұражай аштырды. Сол мұражайдың iшiнде үлкен ансамбль де құрды. Сол ансамбльдiң бишiлерi етiп, ауылдық жерден Iзiмовтердi шақырады. Кейiн олар Қазақстанның еңбек сiңiрген қайраткерлерi атағына дейiн көтерiлдi. Өздерiнiң Алматыға қалай келгендiктерi туралы атақты бишiлер өздерi жиi еске алып отырады. Менi де алғаш осында алып келген Өзекең.
– Сiз Өзбекәлi ағамен бiр ауылда тұрдыңыз ба?
– Мен Түркiстан қаласынанмын. Түркiстандағы Қожа Ахмет Иассауи мұражайында жұмыс iстеп жүрген кезiмде Өзекеңмен бiр-екi рет кездескенбiз. Кейiн орталыққа өзi арнайы шақырып алды. Кешкiсiн жұмыстан шыққаннан кейiн, ағамен бiрге үйiне дейiн жаяу баратын едiк. Үйге жеткенше, әңгiме айтатын. Әңгiмелерiнiң көбi Iлияс Омаровқа арналатын. Жастар ұйымын басқарып жүрген кезiнде де, Iлияс Омаровтың идеяларын жастарға үлгi етiп отыратын. Өз естелiктерiнде Нұртас Оңдасынов жайында да көп жазған болатын. Оңдасыновтың бiр институт атқаратын шаруаларды жалғыз өзi атқарып қалдырғанын да тiлге тиек ететiн едi. Социалистiк Еңбек Ерi Жазылбек Қуанышбаев атамыз туралы бiр қызық әңгiменi айтып бергенi бар. 1962 жылы Бүкiлодақтық жастар конференциясы өтедi. Сол конференцияға Қазақстанның атынан арнайы делегация жiберу керек болады. Содан Кеңестер Одағының батыры Талғат Бигелдинов пен Социалистiк Еңбек Ерi Жазылбек Қуанышбаевты Ленинградқа жiбермекшi болады. Қуанышбаев конференцияға бармаймын деп әлек шығарады. Өзiнiң қан қысымы көтерiлiп жүргенiн, денсаулығының нашарлығын айтып, бас тартады. Облыстық партия комитетiнен хабарласып, Өзекеңе: «Жазекеңдi пойызға отырғызып жiбердiк. Басқасын өздерiң реттерсiңдер», – деп айтады. Содан Өзекең Еңбек ерiнен сұрайды ғой. «Неге бармаймын деп жатырсыз? Сiз делегат ретiнде Қазақстан атынан баруыңыз керек», – десе, Жазылбек Қуанышбаев: «Ауруым мазалап жүр, қан қысымым жоғары», – деп бас тартады. Өзекең де қоймай: «Сiзге қатыспауға болмайды. Тiзiмге енгiзiлiп қойғансыз», – дейдi. Жазекең болса: «Онда менiң қасыма өзiмнiң дәрiгерiмдi қосып бер», – деп талап қояды. Содан бұл кiсiлер Мәскеуге хабарласып, мәселенiң бәрiн ашық айтады. Сонда мәскеулiктер: «Негiзiнде үлкен кiсiлер, патшалар, корольдер ғана қасына дәрiгерiн ертiп жүретiн едi, Қазақстан шопанының қасына дәрiгерiн ертiп жiбергенi несi?» деп таң қалады. Сондай жақсы жұмыстардың басы-қасында жүрiп, қазаққа, Қазақстанға, қазақ жастарына осылай көмегiн бердi. Кейiннен ол кiсi Орталық партия комитетiнiң бөлiм басшысы болды. Одан кейiн жаңадан құрылып жатқан Торғай облысына идеология жағынан хатшы болып барады. Ондағы атқарған жұмыстары ұшан-теңiз. Артта қалған, жай аудандық көлемдегi елдi мекенде жаңадан облыс орталығын құру оңай шаруа емес. Ешқандай мәдениет үйi болмаған жерде, сол кездегi облыс басшысы Құсайыновпен бiрге театр ашқандығын айтатын. Мәскеудегi Щепкин училищесiн бiтiрген жиырмадан астам жастарды алдырып, театрдың негiзiн қалағанын да жиi сөз ететiн. Қазақтың алдыңғы қатарлы азаматтарының көбiнiң ұлтжанды болып өскендiгi – Өзекеңнiң арқасы. Мен ол кiсiнiң қасында 20 жылдай жүрiппiн. Ол кiсiнiң еңбекқорлығы менi тәнтi ететiн едi. Бiр қарағанда қаталдау болып көрiнгенiмен, iшкi жан дүниесi таза, мейiрiмдi болатын. Күндiз-түнi ойлағаны қазақ, қазақтың келешегi едi. Кейiн де Мәдениет министрiнiң орынбасары болып жүрген кезiндегi атқарған жұмыстары бiр төбе. Шерхан Мұртаза, Әбiш Кекiлбаев ағаларымыздың естелiктерiнде бұл туралы жиi айтылады. Өзекең қайда жүрсе де, қай облысқа барса да, ұлттық мәдениетке, бiлiм беру iсiне, балабақшалар салдыруға көп көңiл бөлдi. Тарихи-мәдени мұраларды қайта қалпына келтiру, жаңғырту мәселелерi де ол кiсiнiң күн тәртiбiнен түскен емес. Қай салада, қай жерде қандай iстер атқарылып жатқанын да өзi тiкелей тексерiп, бiлiп отыратын едi. Қазiр Елбасының тiкелей тапсырмасымен «Мәдени мұра» бағдарламасы құрылып, қолға алынғаны белгiлi. Бұл бағдарлама бүгiнде халықаралық деңгейге көтерiлдi. Сол бағдарламаның бастапқы негiзiнде Өзекеңнiң де үлесi бар. «Есiк, Талғар қорғандары, обаларға ғылыми зерттеу жүргiзiлсе, сол жерлерге үлкен қорық мұражайлар ашылса» дейтiн едi үнемi. Ежелгi дәуiрдегi тарихи дүниемiздi зерттейтiн орталық ашылса дейтiн едi. Тау-тастардағы петроглифтер, көне замандағы адам суреттерi, аң суреттерiн зерттеу жұмыстары туралы жиi айтатын. Өмiрдiң бет-бейнесiнен хабар беретiн тастағы жазбаларды қайта жаңғыртып, қайта қалпына келтiрiп, сақтап, туризм орталығына айналдырсақ дейтiн. Солар арқылы туризм аймағына кiргiзу мәселелерiн де Өзекең көтерген болатын. Одан басқа, Өзекеңнiң үлкен еңбектерiнiң бiрi – Отырар өңiрi. Ол өңiр туралы өзiңiз де жақсы бiлесiз. Ол жақта Отырар қаласынан басқа да, Алтынтөбе, Қоңыртөбе, Бесiктөбе, Құйрықтөбе деген қалашықтардың орны бар. Құйрықтөбенiң бiздiң дәуiрiмiзге дейiнгi 4 ғасырда өмiр сүргендiгiн археологтарымыз анықтап отыр. Қазақ жерiнде сол кездiң өзiнде қалашықтар болғандығын, Жетiсудiң өзiнде 100-ден астам қалалар болғанын, бiз отырықшылықпен де айналысқан халық екенiмiздi дәлелдеуге тырысты. Соның бәрiн ғылыми айналымға енгiзiп, тарихи мәселердi көтерiп отырды. Зейнеткерлiкке шыққаннан кейiн де, құр қарап жатқан жоқ. Ғылыми еңбектер жазумен айналысты. Ғалымдар өздерiнiң еңбектерiн 25-30 жасында бастайды ғой, бұл кiсi жұмысбасты болып, шығармашылыққа елуден асқаннан кейiн ғана отырады. Соның өзiнде, алты жыл iшiнде 11-12 ғылыми еңбектерiн қалдырды. Қайтыс боларының алдында 2 томдық «Тағдыр тағылымы» атты кiтабын жазып шықты.
– Өзбекәлi аға қазақтың ұлттық дүниелерiне көбiрек көңiл бөлген сияқты.
–Ұлттық мәселелерге көбiрек көңiл бөлгенi рас. Қазақтың ұлттық дәстүрi мен салтының қайта жаңғыруының, қайта қалыптасуының негiзгi бастамашысы, ұйымдастырушысы болды. Соны қайта өркендетудiң, қайта жаңғыртудың басында жүрдi.
– Қазақтың төл мәдениетi кеңестiк идеологияның ықпалында жұтылып кете ме деген қауiп болды ма ол кiсiде?
– Ол кiсi кеңестiк дәуiрде өмiр сүрдi. Кеңестiк дәуiрдiң қиыншылығын да, жақсылығын да көрдi. Бiрақ кеңестiк дәуiрдi ол кiсi өз еңбектерiнде жамандаған емес. Кеңестiк дәуiрдiң де өзiнiң жақсы жақтары болды. Қазақ жастарын қазақы тәрбиеге тәрбиелеу iсiне көп көңiл бөлгендiктен, әрi орталық комитет бұл кiсiге әрдайым қолдау көрсетiп отырғандықтан кейiн, Жәнiбековтiң тұсында қазақ жастарының бiлiмге, мәдениетке, ұлттық дүниеге ұмтылуының алға басқан тұсы болды. Солардың бiреуiн айта кетейiн. Оңтүстiк Қазақстанда қызмет етiп жүрген кезiнде, Ғани Мұратбаевтың мүсiнiн жасап, Шымкент қаласының орталық көшесiне қою үшiн мәселе көтерген болатын. Саяси ағымдарға сүйенген кейбiр басшылар сол кезде ол кiсiге кедергi келтiрдi. Бiрақ түбi өзiнiң мақсатына жетiп, Ғани Мұратбаевтың мүсiнiн қойдырды. Ыбырай Жақаев атамызға да мұражай ашу iсiн өз қолына алып, кейiнiрек мұражайын ашып бердi. Жастардың ұлттық көсемi деген дәрежеге көтерiлгенiн сол кездегi жастар қазiр айтып жүр. Оған ол кiсi лайықты да едi. Өзекеңнiң 70-75 жылдығы аталып өттi. 80 жылдығы аталып өткелi жатыр. Ол кiсiнiң еңбегi аталып жатыр, Құдайға шүкiр деп айтуға болар. Шәуiлдiр елдi мекенiнде мектепке аты берiлдi. Қарашаның 4-6 күндерi ескерткiшi ашылмақшы. Шымкентте де мектеп пен көше аты берiлiп жатыр. Алматыда Өзекеңе көше аты берiлдi. Ескерусiз қалып жатқан жоқ. Бiрақ, бұдан да жоғары деңгейде аталып өтсе деген ой бiздiкi. Бұл менiң ғана ойым емес, ол кiсi тәрбиелеп шығарған көптеген шәкiрттердiң де тiлеуi.
– Өзбекәлi Жәнiбеков жүзеге асыра алмаған, жасай алмаған арман-мақсаты қалды ма артында?– Ол кiсiнiң өлер алдында мұражай iсiн қолға алсам, Түркiстанға барып, су жағасына үй салып, Түркiстан қорық мұражайын ашып, Әзiрет Сұлтанды дүниежүзiлiк деңгейге, яғни Таж-Махалдың деңгейiне көтерсем деген арманы болды. Әдемiлiк жағынан ғана емес, оның ғылыми еңбектерiн жастарға оқыту және қазақтың дәстүрлi мәдениетiне қатысты көптеген мәселелердi айтып кеткен болатын. Дәстүрге, мәдениетке, әдет-ғұрыпқа көп көңiл бөлуге ықпал етем бе деп ойлаған едi. Бүгiнгi таңда жастарымыз ұлттық дүниелердi қолға алып, ол кiсiнiң өсиеттерiн орындап жүр. Осыған тәубә!
– Иассауи кесенесiн қайта қалпына келтiру кезiнде Өзбекәлi ағаның өзi басына барып, барлығын қадағалап жүрiптi деп естiп едiк. Бұл қаншалықты рас әңгiме?
– Отырардағы Арыстанбаб кесенесi бiр жылдары жарым-жартылай құлап қалған болатын. Өзекеңнiң тұсында 80-шi жылдары қайта жоба жасалып, екiншi бөлiгi тұрғызылды. Кейiн «Отырар өркениетi» деген сөздi ғылымға енгiздi бұл кiсi. «Отырар өркениетi» бойынша, үлкен ғылыми еңбектер жазуды, зерттеу жұмыстарын жүргiзудi Өзекең өз қолына алды. Бұл кiсiге дейiн де талай ғылыми дүниелер жазылып жүрген ғой. Өзекең бұл iстi ары қарай жалғастырып кеттi. «Отырарды Отырар қылған Жәнiбеков, Жәнiбековтi Жәнiбеков қылған Отырар» деген сөз де бар. Мұндай сөз Әуезов атамызға да қатысты айтылып жүр. «Абайды Абай еткен Әуезов, Әуезовтi Әуезов еткен Абай», – дейдi. Ол Отырармен қоса, Түркiстандағы Қожа Ахмет Иассауи мұражайын қалпына келтiруге де арнайы көңiл бөлдi. Қоғамдық методикалық кеңес бар, сол кеңестiң жиынын жылына екi рет өткiзiп, жиында үнемi осы мәселенi сөз қылып отырды. Осы мәселемен Түркiстанға жиi келетiн. Бiздiң шеберханамызға соғып, бiздiң жұмыстарымызды өзi арнайы қадағалайтын едi. Ол кiсi әрбiр iске жете зер салып, сол жұмыс ойдағыдай атқарылғанға дейiн тыным таппайтын.
– Иассауидi қайта қалпына келтiру кезiнде неге көбiрек көңiл бөлдiңiздер?
– Әзiрет Сұлтан қорық мұражайына кiретiн Иассауи кесенесi тарихы көп зерттелген болатын. 1928 жылдан бастап, кесене туралы да деректер көп жазылды. Тiптi, патша үкiметiнiң тұсында да үлкен ғылыми зерттеулер жүргiзiлiп отырған. Патша заманында орыстың бiр генералы зеңбiрекпен бiр бұрышын атып, сол бұрышы бұзылып кеткен болатын. Соның мүжiлiп кеткен бұрышын тоқтату үшiн көп жұмыстар атқарылды. Уақтысында кесененi Әмiр Темiр салдырды ғой. 1404 жылдары Әмiр Темiр Самарқандта үлкен бiр мешiт салдырамын деп, бүкiл ұсталарын, шеберлерiн сонда көшiрген. Содан Иассауи мұражайының қазандық бөлмесiнiң үстiнде үлкен күмбез бар. Сол күмбез бiр қабат болып қалып кеткен. Араб архитектурасымен салынған мұндай ғимараттардың барлығының күмбезi екi қабат болып келедi. Екi қабаттың да атқаратын өзiнiң жұмысы бар. Осы мәселелердi шешу жолында үш жылдан берi ылғалдылықтың мәнiсiн анықтау үшiн үлкен жоба жасалып жатыр. Иассауи кесенесiн бұрынғы қалпында сақталып қалуға барымызды саламыз. Ол кесене ешқандай да түрiн өзгерткен емес. 1993-2000 жылға дейiн кесененi қайта қалпына келтiру үшiн түрiк фирмасы жұмыс iстедi. Төбе жағында кеткен кемшiлiктер болды. Көп жерiнен тұз шығып, кiрпiштерi үгiтiле бастады. Соның бәрiн бүгiнде қайта қалпына келтiрудемiз.
– Өзбекәлi ағаның Торғайда да қызмет iстегенiн бiлемiз. Торғайға сiзде бiрге бардыңыз ба?
– Ол кездерi институтты жаңадан бiтiрiп, Кентау жақта жұмыс iстеп жүрген кезiм. Өзекеңмен Түркiстанда кездестiм. Ол кiсiмен 1979 жылдан бастап қана бiрге жұмыс iстей бастадық. Ол кезде Өзекең Мәдениет министрiнiң орынбасары болып, қызмет атқаратын. Бiрақ ол кiсiнiң мiндетiне, орынбасарлығына қоса, Қазақстандағы тарихи мұражайларды сақтап қалу, қайта жаңғырту мәселелерiн де көтерiп, қолға алған болатын. Сол кезден бастап, елiмiздегi тарихи, көне дүниелер тiзiмге алына бастады.
– Қазiр сiз басқарып отырған қайта қалпына келтiру орталығы да сол кiсiнiң бастамасымен құрылған ба?
– Бұл орталықтың бастапқы негiзiн қалаған Өзбекәлi Жәнiбеков ағамыз екенi рас. Бiрақ ол кiсi Торғайда жүрген кезде, 1972 жылы Иассауи атындағы кесененi сақтап қалу үшiн шағын ғана шеберхана құрылған болатын. «Түркiстан реставрация шеберханасы» деп аталатын шеберхана кейiн үлкен мекемеге айналды. «Қазреставрация» орталығына айналды. Реставрация дегенiмiз – қайта жаңғырту, қайта қалпына келтiру. 1979 жылдан бастап, 1983 жылдың аяғына дейiн облыс орталықтарында да ашыла бастады. Кеңейiп, қанатын жайып келе жатты. Бiрақ 1994 жылы барлық шеберханалар бiр себептермен, облыс орталықтарына, атқару комитеттерiне берiлiп кеттi. Жекешелендiру басталған кезде, кейбiрi жекешеленiп те кеттi. Елбасымыз 1995 жылы қайта құрылсын деген жарлық шығарды. Сөйтiп, қайта қалпына келтiру мекемесi қайта жаңғырды. Қазiр бiздiң бес облыста бес филиалымыз бар.
– Ағаның шәкiртi ретiнде, ол кiсiнiң талап-мүддесiнен шыға алдым деп ойлайсыз ба?
– Әрине, ол кiсi қойған талаптар өте үлкен. Өзiне қандай талап қойса, басқаларға да сондай талап қоятын. Ондай деңгейге жеттiм деп айта алмаспын. Бiздiң атқарып жатқан жұмыстарымызға уақтысында халық өзi баға бере жатар. Бүгiнгi Елбасымыздың, Үкiметтiң, халықтың бiзге берген бағасы – Өзбекәлi ағамызға деген сенiмi деп ойлаймын. Артында қалған, Өзекеңнiң атын өшiрмейтiн мұрасына деген құрметi – Өзекеңе деген құрметi шығар халықтың.
Гүлзина Бектасова