ТЕМЗА ЖАҒАЛАУЫНДАҒЫ КЕЛЕЛI ЖИЫН
ТЕМЗА ЖАҒАЛАУЫНДАҒЫ КЕЛЕЛI ЖИЫН
Кәрi құрлықтың қақ жүрегiнде, яғни британдықтардың астанасы – Лондонда қазақ билiгi Қазақстанды танытуға, насихаттауға, инвестициялық ахуалының шетелдiк қалталылар үшiн тиiмдi екендiгiн түсiндiруге күш салды. Қазақстан Үкiметiнiң мүшелерi дiттеген мақсаттарына қол жеткiздi. Өйткенi «Қазақстандық бизнес форум 2011» жиынына қатысқан халықаралық сарапшылар Қазақ билiгiне экономикалық тұрғыда пайдалы кеңестер берумен қатар Қазақстанды әлемге насихаттауда айтарлықтай үлес қосты.
Қазақ билiгi ел экономикасын әлемдiк экономикаға интеграциялауға, отандық экономикаға, әсiресе, шикiзаттық емес салаларға тiкелей инвестиция тартуға, өндiрiс қарқынын арттыруға тiкелей ықпал етуге мүмкiндiк беретiн жаңа техника мен технологияларды елге әкелуге мүдделi. Ұлыбртания астанасы Лондонда арнайы өткiзiлген «Қазақстандық бизнес форум 2011» шеңберiнде екi күн бойы жан-жақты талқыға салынған мәселелер осы мақсатқа қол жеткiзудегi ең оңтайлы әрi тиiмдi әдiс болып табылады.
Лондонға Қазақстан мен әлемнiң түкпiр-түкпiрiнен жиылған шенеунiктер мен халықаралық деңгейдегi қаржыгерлер, экономистер, әлеуметтанушылар, заңгерлер, инвесторлар мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкiлдерi Қазақстан экономикасын дамытудағы басты мiндеттер мен мақсаттарды анықтауға, шетелдiк инвесторлардың отандық экономикаға қаржы құюға деген қызығушылығын арттыруға үлес қосты. Мәселен, Қазақстанның инвестициялық әлеуетi сарапталған пiкiрсайыста модератордың: «Мырзалар, Қазақстанның қарым-қабiлетiн толық ашуына не кедергi?» деген сауалына Қайрат Келiмбетов: «Тәулiгiне 1,4 млн. баррель мұнай өндiретiн Қазақстан ең iрi мұнай өндiрушi елдердiң қатарында. Өндiру қарқынын бiз екi есеге оңай көбейтiп, алғашқы ондыққа енуге мүмкiндiгiмiз бар. Бiр жағынан алғанда, бұл әрине, жақсы. Бiрақ басқа қиындық бар. Табиғи ресурстар жеткiлiктi деңгейде жұмыс орнын қалыптастырмайды. Елiмiзде 16 млн. халық бар және Қазақстандағы күн тәртiбiне шыққан мәселе – экономиканы дербестендiру. Яғни, экономиканың мұнай өндiру саласын дамыту ең алдымен мұнай химиясы, тау-кен және уран өндiрiсi, атом индустриясы, ауыл шаруашылығы саласын ең жоғарғы деңгейде дамыту болып табылады. Бiз ел экономикасына тiкелей инвестиция тартуда елеулi жетiстiктерге ие болдық. Күнi бүгiнге дейiн 130 млрд. АҚШ доллары тартылды. Оның 70 пайызы мұнай-газ бен тау-кен саласына бағытталған. Алайда қазiр халықаралық нарықтағы қаржы көздерiне қолжетiмдiлiк, борыш құнын қандай деген мәселелерде жаһандық дағдару орын алған сәт туды. Ендi бiзге әлемдiк экономика жағдайында не iстеу керектiгiн анықтап алу маңызды» дедi. Бұл орайда ҚР Экономикалық интеграция министрi Жанар Айтжанова инвестицияны негiзiнен шикiзаттық емес салаларға тартуға баса назар аударылатынын және Қазақстан әлеуетiн барынша толық пайдалануына нарықтың шектеулiлiгi кедергi болатындықтан, анағұрлым кең нарыққа мұқтаждық барлығын жеткiздi. Ал ҚР Мұнай және газ министрлiгiнiң жауапты хатшысы Қанатбек Сафинов қазiр елiмiздiң 80 млн. тонна «қара алтын» өндiрiп жатқанын, 2020 жылға қарай бұл көрсеткiштi 132 млн. тоннаға жеткiзетiнiн айта келе, мұнайдан түсетiн пайданы көбейту үшiн мемлекетiмiзге жаңа технологиялар мен жаңа қадамдар қажеттiлiгiне тоқталды: «Тағы бiр мәселе, бұрын бiз кез келген инвестицияны кез келген көлемде тарту мақсатында ерекше қарқынмен жұмыс iстесек, қазiр инвестицияның сапасы маңызды. Яғни, инвестиция мемлекетке, халыққа және инвесторларға кiрiс әкелуi тиiс. Қазақстандық-Британдық сауда және өнеркәсiптiк кеңестiң төрағасы, Лондон қаласының бұрынғы әкiмi Джон Статтард нарықтың экономикаға табыспен көше бiлген Қазақстан ойын ережесiн үнемi өзгертiп отыруға мәжбүр болатынын, егемендiк алған 20 жылда ойын ережесi өзгергенiн көлденең тарта келе, елiмiздiң әсiресе, бiлiм саласында үлкен жетiстiкке қол жеткiзгенiн баса айтты. Экс-мэр форумға қатысушы халықаралық сарапшылар назарын Қазақстан тарихындағы жариялылық, ашықтық, заң жүйесiнiң жетiлдiруi, жүйелiлiк пен тұрақтылыққа аударып, қазақ билiгiн британдық және шетелдiк инвесторларды толғандырған мәселелерден ой түюге шақырды: «Сонымен қатар корпоративтiк басқаруды жетiлдiру қажет. Бiрақ «жабайы» саудагерлер Батыста да кездесетiнi белгiлi. Мысалы, бiр ғана трейдер UBC-тi тиесiлi 1 млрд. доллардан қаққаны белгiлi. Жүргiзiлген зерттеулер нәтижесiнде компаниялардың үштен бiр бөлiгi тәуекелдер мен қауiп-қатерлердi дұрыс сараламайтынына, компанияны дұрыс басқармайтынына көз жеткiздiк. Бiрақ мен Қазақстан экономикасы мұндай кемшiлiктерден ада деген ойдамын. Менiңше, басқару тәуекелiне көңiл аударған жөн».Бүгiнде әлемдiк экономиканы тығырыққа тiреген қаржылық және экономикалық дағдарыс кәрi құрлықты алқымнан алған. Греция экономикасы рецессиямен күресiп әлек, ал Италия, Испания, Португалия көп ұзамай гректердiң кебiн киюi әбден мүмкiн. Еуроаймақтағы ортақ валюта – еуроның құны күн өткен сайын төмендеп барады. Батыстық дамыған елдер дағдарысқа қарсы күрестi жүргiзуде және дағдарыстан кейiнгi келеңсiздiктердi жоюда жұмылған жұдырық бола алмай отыр. Бұл орайда кәрi құрлықтағы бiрқатар ел Қазақстан секiлдi дамушы елдерден, әсiресе банк жүйесiндегi жаңалықтарынан үлгi алса, игi. Осы орайда, ҚР Премьер-министрiнiң кеңесшiсi Марсия Фавале-Тартер: «Қазақстанның артықшылығы сол, экономикалық-қаржылық дағдарысты бастан кешiре отырып, оны табыспен жеңе бiлдi. Батыстағы үкiметтер қарызға белшеден батса, мұнда бiз борыштарды қайта құрылымдадық. Қазiр Қазақстанның қаржы жүйесi Еуропадағыға қарағанда, әлдеқайда сау. Егер сiздер ЖIӨ бойынша қарыздар қатынасына көз жүгiртсеңiздер, Қазақстанның әлдеқайда жақсы жағдайда екендiгiн көресiздер. Үкiмет iске асырып жатқан Жекешелендiру бағдарламасының көмегi де көп болады деп ойлаймын» дедi. Ал Қазақстан Даму Банкiнiң Басқарма төрағасы дамушы елдерге дамыған елдер тарапынан келетiн инвестиция көлемi уақыт өткен сайын арта түскенiн және Қазақстанға инвестиция тартуда қиындықтар туындамайтынын жеткiздi. Бүгiнгi таңда елiмiздегi инвестициялық ахуалдың шетелдiк қалталылар үшiн тиiмдi екенiн насихаттау да аса маңызды. Джон Статтард қазақ билiгiне қай арналардан инвестиция көп құйылатынын анықтауға, инвестициялық қызметтi iске асыруға рұхсат беретiн министрлiктер санын шектеуге кеңес бердi. Оның айтуынша, бұл ашықтық пен жариялылықты қамтамасыз етпек. Бюрократиялық кедергiлердi жоюда қазақ билiгi тарапынан атқарылып жатқан шараларға тоқталған министр Жанар Айтжанова инвестициялық құжаттарды рәсiмдеу мерзiмi 30 пайызға қысқартылғанын, үстiмiздегi жылы бiздiң елiмiздегi инвесторлардың бизнесiн бастауға және оларға лицензия беруге қажеттi уақытты тағы да 30 пайызға үнемделетiнiн көлденең тартты: «Бұл әкiмшiлiк жауапкершiлiк жүгiн жеңiлдетуге сеп болмақ». Шетелдiк инвесторлар өмiрiн жеңiлдетуге керектi талаптар туралы ой түйген корольдiк кеңесшiсi, Халықаралық адвокаттық коллегия ассоциациясы Кеңесiнiң өкiлi Лорд Дэн Брэннан қазақ халқы мен Үкiмет ұлттық мүдделер тiзiмiн түзiп, нақты мәселлерге көңiл аударуға ұсыныс жасады: «Жер шары халқының саны 7 млрд. адамға жетпек. Адамзаттың тұтынушылық сұранысын қанағаттандыру – күн тәртiбiне шыққан мәселелердiң бiрi. Кейiнгi кездерi шикiзат бағасы күрт өстi. 40 млн. гектар жерi мен 16 млн. халқы бар Қазақстан үшiн бұл таптырмас мүмкiндiк деп ойлаймын».
Форумда Қазақстан, Ресей мен Белрусьтiң Кедендiк одағындағы 170 млн. адамға арналған бiртұтас нарықтың шетелдiк инвесторларға әсерi, үш ел арасындағы ортақ валюта жайлы да жан-жақты сарапталды. Бұл орайда, Айтжанова ханым КО шеңберiнде құжаттарды рәсiмдеудi жылдамдатуға қол жеткiзiлетiнiн, бiрақ ортақ валюта қабылдау туралы сөз әзiр қозғалмағанын айтты. Ал Келiмбетов мырза 2004 жылдан берi ауқымын кеңейтiп келе жатқан ЕО-ның қадамдары батыстық ұйымның үлкеюге әзiр дайын еместiгiн дәлелдегенiн, сондықтан кеңеюге мемлекет әзiр ме, жоқ па деген сұрақ шешiмiн табуы қажеттiгiн жеткiздi. Ал КО-ға келсек, Қазақстанның басты экономикалық серiктестерi санатында ең алдымен Еуропалық Одаққа мүше мемлекеттер, сосын Ресей мен Қытай тұр. Бұлар – елiмiздiң бәсекелестiк ортасы. Қазақстан Түркия, Үндiстанмен, көршiлес жатқан басқа елдермен де ынтымақтастық орнатуға мүдделi. Лорд Дэн Бреннанның пiкiрiнше, Қазақстан Кедендiк Одақтың өзге шетелдiк инвесторларға кедергi бола алмайтынын әлемге түсiндiруi тиiс. Оны елшiлiктер мен түрлi сауда делегациялары арқылы жүзеге асыру, жоғары деңгейдегi қаржылық қатынастарды қалыптастыру, елiмiздi насихаттау қажет.«Әлемдiк нарықтағы мұнай бағасы 47 доллардан төмендеп кетсе, қазақстандық экономикасы қандай күйде болмақ?» деген модератор сауалына Қанатбек Сафинов қазiргi жағдайдан да күрделi заманда Қазақстан шетелдiк инвесторлармен арадағы келiсiмдердi мүлтiксiз орындағанын, ел экономикасы шикiзат саласына тәуелдi болғандықтан, «қара алтын» бағасы төмендемейдi деп үмiттенетiнiн жеткiздi. Ал Қайрат Келiмбетов банк жүйесiнде қиындықтар тым ушығып кеткен 2008-2009 жылдары қазақ билiгi банктердi қайта қаржыландырғанын, бұрынғы инвесторларды азиялық инвесторларға ауыстырғанын айта келе, Ресей, Қытай Еуропа нарықтағының арасындағы тепе-теңдiктi сақтауға көңiл бөлiнетiндiгiн жеткiздi.Бүгiнде Қазақ Үкiметi IРО-ны дамытуға мүдделi. Модератордың «Егер мен Қазақстан азаматы болмасам, IРО-дағы ұлттық компаниялар акцияларын сатып алуға мүмкiндiгiм бар ма?» деген сұрағына ҚР Премьер-министрiнiң кеңесшiсi Марсия Фавале-Тартер: «Бiз отандық қаржы нарықтарын дамытуға күш саламыз. «Халықтық IРО» бағдарламасының негiзi – қолжетiмдiлiк. Қазақстандағы зейнетақы қорлары халықтың 60 пайызын қамтиды. Бiз адамдардан бағдарлама шеңберiнде зейнетақы қорларына қосымша қаржы құюды сұрамаймыз. Бағдарламаның екiншi кезеңiнде шетелдiк инвесторларды Қазақстандық қор биржасы арқылы тарту көзделген. Барлық процесс ашық әрi жария болмақ. Осылайша, бiр мезгiлде жергiлiктi банктердi дамытуға да күш салынады. Бұл экономиканы дербестендiруде және экономикалық көрсеткiштердi өсiруде халықты тiкелей жұмылдыруда өте маңызды бастама екендiгi анық. «Халықтық IРО» бағдарламасы Қазақстанды әлемдiк үдерiстерден тәуелсiз етедi» дедi. Ал Қайрат Келiмбетов болса, аталған бағдарламаның 3-5 жылға созылатынын және оны жүзеге асыру жауапкершiлiгi Үкiметтiң мойнына жүктелгенiн көлденең тартты. Мұндайда Қашағандағы жоба iске қосылғанда шетелдiк инвесторлар қызығушылығы арта тсүетiнi белгiлi.
Лондондық бизнес форумда көтерiлген маңызды мәселелердiң бiрi – ауыл шаруашылығы саласы, оның әлеуетi. Лорд Дэн Бреннанның «Қазақстанның ауыл шаруашылығы саласындағы қарым-қабiлетi қаншалықты?» деген сұрағына ҚР ауыл шаруашылығы министрi Асылжан Мамытбеков: «Дағдарыс жылдарында Қазақстанның сапа мен өсiмге қол жеткiзген ауыл шаруашылығы саласында тұрақтылық орын алды. Өз аймағындағы азық-түлiк нарығында маңызды рөл атқаратын Қазақстан соңғы 5-6 жылда Орталық Азия елдерiне, Иран, Ауғанстанға ұн экспорттауда бiрiншi орынға шықты және экспорт кеңiстiгi жыл өткен сайын кеңейiп келедi» дедi. Министр мырзаның баса назар аударған проблемаларының бiрi елiмiздiң азық-түлiк қауiпсiздiгiн қамтамасыз етуде атқарып жатқан шаралары мен қол жеткiзген жетiстiктерi болды. Бүгiнде Иран арқылы Парсы шығанағына астық тасымалдау мәселесi қол алынған. Бұл дәндi-дақылға зәру Солтүстiк Африка халқының қазақ астығын тұтынуына мүмкiндiк бермек. Сөз жоқ, екi күнге созылған Лондондық «Қазақстандық-Британдық бизнес форум 2011» Қазақстанды әлемге танытуда, ел экономикасын әлемдiк экономикаға интеграциялауда, шетелдiк инвестиция тартуға жарнама жасап, Қазақстанды бүкiл Жер шарына насихаттауда таптырмас құрал болғаны анық.