ӨЗАҒА ТУРАЛЫ ҮЗIК СЫР

ӨЗАҒА ТУРАЛЫ ҮЗIК СЫР

ӨЗАҒА ТУРАЛЫ ҮЗIК СЫР
ашық дереккөзі
312

Саған да, маған да аға, өнер сүйер, жамағаттың барлығына да аға, ұлт құрметiне бөленген Өзбекәлi Жәнiбек, Өзағаң аман болғанда, үстiмiздегi жылдың тамызында 80 жасқа толар едi. Өкiнiшке қарай, Өзағаң нағыз кемелденген шағында өмiрден озды. Бiздерге медет артына қалған шығармалары, ғылыми тұжырымдары, парасатты ой толғамдары. Ұлтымыздың үлгi тұтар iстерi.

Мiне, осы Өзағаң менiң де өмiрiме оң ықпал еткен тұлға. Осындай ұстазымның болғандығын мақтан етемiн, ол кiсiнi барлық уақытта пiр тұтамын. Өзағаң жайлы ой толғап, бiрге болған өмiр жолдары жайлы еске алар болсам, өз деңгейiнде жеткiзе алар ма екенмiн деген күдiгiм де бар. Сондықтан, ұлтымыздың барша халқы мойындаған ұлы перзентiне мен баға беруден гөрi тек, өзiм куә болған жайттардың азын-аулағын айта кеткендi ғана жөн көрдiм.

«Шырқ айналар шiркiн тауық жемiң болса қолыңда, Қайдағылар сенi тауып топырлайды жолыңда»,- деп Сәкең айтқандай, Өзағаң қызметте болғанда қасында жақынсымақтар көп болды. Қызметтен кеткенде сол азаматтарды қасынан көре алмадық. Тек ат төбелiндей ғана ұлт жанды азаматтар: Иманғали, Қырымбек, Көпен, Құлбек, Қанатты ғана көретiнмiн.

Мен Өзағаңмен зейнетке шыққаннан кейiн жиi араластым. Қызметте жүргенде тек қана нақты тапсырмасын ғана орындап жүрдiм.

Зейнетке шыққаннан кейiн көп ұзамай-ақ сырқаттаныңқырап, көңiл-күйi болмады. Мен аптасына екi, кейде үш рет барып, таза ауаға серуендетiп жүрдiм. Көбiнесе түс қайтара кешкi салқынмен тау бөктерiне шығып қайтуды ұнатушы едi. Жиналмалы орындық үстiне құрақ көрпенi төсей отырып, кең тыныс алып бiр жарым, екi сағаттай отырушы едi. Осындай серуен кезiнде әр түрлi тақырыпта әңгiмелер қозғалады.

Менiң байқағаным, өзiнiң бастаған iсi аяқсыз қалып бара жатқанына және билiк жүйесiнде ұлттық идеологияның болмауына қатты қынжылыс бiлдiрушi едi. Өзағаңның сырқаттануына да осы жайттар себеп болды-ау деп күдiктенемiн. Ақиқаты да солай!

Бiр күнi мен ол кiсiге: «Өзаға, сiз бiлесiз бе? Сiздi ел арасында «Малый Марғұлан» дейдi. «Сiз тек ғылым жолын қуғаныңызда үлкен ғалым болуыңызға еш күмән жоқ» деп сауал қойдым. Аға миығынан мырс етiп күлiп жiберiп: «Сен мына мәселенi түсiн! Ғылымда iске асатын теория және iске аспай тек сөреде жататын теория бар. Өкiнiшке қарай, сөреде жататыны басым. Ал мен қай қызметте болайын сол қызметтi, сол ойымды iске асыруға тиiмдi пайдалануға тырыстым. Оған өкiнбеймiн де. Мәселен Торғай облысында ұлттық театр ашу, музей ашу, Алматы облысында ұлттық ансамбльдер ашу және өзiң бiлесiң Қазақстанда музейлердi жүйеге келтiрiп, құнды архитектуралық және археологиялық жәдiгерлерге паспортизация жасап, мемлекет қарамағына өткiзу. Алматыда өзiң қатысқан ұлт аспаптар музейi мен «Сазген» ансамблiнiң құрылуы және тағы-тағылар. Осылардың барлығы тек теория жүзiнде том-том болып қалса қалар, болмаса iс жүзiнде орындалғаны қалай. Әрине орындалғаны тиiмдi…» Мен қойған сұрағыма ыңғайсыздансам да, мына жауаптан кейiн мүлде басқаша әсерлендiм.

Тағы бiрде Өзағаңмен ақылдасайын деген мақсатпен: «Аға, менде бiр идея бар, оған қалай қарайсыз?» дегенiмде, «Айтсай кiбiржiктемей»,-деп нықтаңқырап жiбердi. «Өзiңiз бiлесiз, музей экспозициясымен айналысқаныма бiраз уақыт болды. Осы уақытқа дейiн жасалынған жақсы жоба және iске асырылған экспозицялардың сәттi шыққандарын топтап, жүйелеп, әдiстемелiк құрал ретiнде кiтап етiп шығарсам деп едiм. Бәрiмiзге аян: музей дегенде Ғылым, Тарих, Мәдениет ошағы деген ұғым қалыптасады. Менiң қосарым: Музей бұл үлкен өнер. Себебi, сол музейдiң образын ашу үшiн бүкiл бейнелеу және қолөнердiң, сәулет, дизайн өнерiнiң тәсiлiмен ғана музей болады. Сондықтан, синкреттi өнердiң жемiсi деп қарауымыз керек. Соны жүйелеп кiтапқа түсiрмекшiмiн» дедiм. Өзағаң бiрден көп ойланбай орысшалап былай дедi: «Ей, мұрт! Ты создавай, кому надо напишет. Сен жасаған жұмыстарыңды, қайта қарап, жүйелеп уақытыңды жiбересiң. Одан да жаңа жоба әрi экспозиция құрғаның тиiмдi, жазуға әлi үлгересiң», — деп арт жағын жұмсартты.

Бiр күнi көңiлдi кезiн пайдаланып: «Өзаға, айтыңызшы, сiздiң жаныңызда жүргенiме жиырма жылдан асыпты. Менiң не жазығым бар, маған атақ та, пәтер де, болмаса көлiкке де ие болуға көмек етпедiңiз»,- дедiм. Сонда Өзаға бiраз тосылып барып, «сенде жоқ па едi, түрiңе қарасам бәрi бар сияқты. Төрт құбылаң түгелдейсiң. Маған ендi не дейсiң? Менде қазiр не бар? Кезiнде осыларды неге айтпадың?», – дедi. Осы сұра­ғы­ма өзiм де қатты қынжылдым.Өзағаң таусылмайтын қазына, алыс­та­ған сайын тереңдей түседi. Мен өз көр­ген­де­рiмнiң бiр парағын ғана аштым. Ғұмыр бол­са, Өзағаңмен болған жиырма жылдың та­ғылымды сәттерi қағаз бетiне түсер деген үмiттемiн.

27.10.2011

Аманжол НАЙМАНБАЙ,

ҚР мәдениет қайраткерi, елiмiздегi этнодизайн саласының негiзiн салушы, музей экспозициясының шеберi, профессор

Серіктес жаңалықтары