АР-НАМЫСЫН АРДАҚТАҒАН ЖАН ЕДI
АР-НАМЫСЫН АРДАҚТАҒАН ЖАН ЕДI
Өмiрден тағы бiр жан өттi. Ол бұрынғы Шымкент обкомының Ғылым және оқу бөлiмiнiң меңгерушiсi, тарих ғылымдарының кандидаты – Тұрмысбек Ахметов. Республикаға бiрiншi басшы болып келген Г.Колбин Желтоқсан көтерiлiсiн ұйымдастырған «қонаевшиналар» мен «асқаровшиналар» деп кек алу үшiн солардың кезiнде басшылық қызметте жүргендердi қудалап, түрмелерде жазықсыз жазалай бастады. Солардың бiрi Ахметов болды. СССР Бас прокуратурасының аса маңызды қылмыстық iстер жөнiндегi бөлiм тергеушiсi генерал В.Калиниченко оны әуелi «Желтоқсан көтерiлiсiн ұйымдастырушы» деген айыппен тұтқындап, Шымкент пен Мәскеудiң «Бутырка» мен «Матросская тишина» түрмелерiнде тергеудiң неше түрлi қитұрқы, ауыр азаптарын көрсеттi. Ұлттық намысын қорлады. Ақыры айыптарын дәлелдей алмаған соң, қылмыстық iстi қоғам қаржысын iшiп-жеп қойды деген жала айыппен өзгерте салды. Оны да төрт жыл бойына қанша азаптаса да сағын сындырып, мойындата алмады. Бiрде Калиниченко оған: «Сен бiлесiң бе, мен қырық төрт жасымда генерал атағын алған адаммын»,– деп масаттанған. Сонда Ахметов: «Сенiң сол атаққа қалай қол жеткiзгенiңдi мен жақсы бiлемiн»,– дейдi. Ол: «Бiлсең айт, қане»,– дейдi. Ахметов: «Бiз секiлдi адал жандардың көз жасымен алғансың»,– дейдi. Сол сөзi үшiн де Ахметов қаншама азаптаудан өттi десеңiзшi. Қиын кезеңдерде қосақ жары Жамал жанына демеу болды.
Бiшкекте жылға созылған сот iс қарауында да оларды мойындата алмады. Олар адамдық абырой-арын жоғары қойып, ұлттық намыстарын қорғап, айыптаулардың бәрiн нақты дәлелдермен жоққа шығарды. Сонда да Мәскеуге тәуелдi сот аққа қара жағып, жаланы мойындарына қиып салды. Көп ұзамай тәуелсiз Қазақстан соты iстi қайта қарап, оларды толық ақтады. Ахметов бостандыққа шыққан соң Шымкент педагогика университетiнде ұстаздық қызмет атқарып, шәкiрттер тәрбиеледi. Бiрақ бастан кешкен қорлық, зорлығы денсаулығына, жүйкесiне қатты нұқсан келтiрген. Ахметов сол қуғын-сүргiн зобалаңының жер басып жүрген бiрден-бiр куәгерi едi. Оның «Бутырка» мен «Матросская тишина» түрмелерiндегi сол бiр бастан кешкен тергеу азаптары, шындық үшiн күрестерi жөнiндегi жүрекке салмақ, өзгелерге ой салатын естелiгi кезiнде «Түркiстан» газетiнде жарияланған болатын. Ендi мiне, жетпiстен асқан шағында ол да бақилыққа аттанды. Жатқан жерiң жайлы, топырағың торқа болсын, Тұрмысбек аға!Көлбай Адырбекұлы