АЛАЛЫ АЛТЫН САҚА АТЫСҚАН ЖЕР

АЛАЛЫ АЛТЫН САҚА АТЫСҚАН ЖЕР

АЛАЛЫ АЛТЫН САҚА АТЫСҚАН ЖЕР
ашық дереккөзі
381

Оңтүстiк Сiбiрге барып орыс ағайын­дардан Алтай туралы сұрасам, олар Белухамен ғана межелеп сөз саптайды. Моңғолияға барып сыр тартсам, Мұзтаумен ғана (Моңғолдар «Бес боғда» деп атайды) шектеле бередi. Шығыс Түркiстанға барып сұрасам, Буыршын, Көктоғай, Бурылтоғай, Шiңгiлдi алға тартады. Ал өзiмiздiң бауырлар Өскеменнен ары аса алмайды. Қысқасы, жер-жердегi түсiнiк әр түрлi. Әрқайсысы өзiнiң шекарасымен ғана шектелiп тұйықталды. Алтай бiреу болған. Қазiр де бiр ғана Алтай. Өзiмшiл, өктем саясаттың салдарынан бүгiнгi күнi Алтай төрт мемлекет меншiгiнде. Кезiнде Мағжан ақын:

Алалы алтын сақа атыспап па ек,

Тебiсiп бiр төсекте жатыспап па ек?

Алтайдай Анамыздың ақ сүтiнен

Бiрге емiп, бiрге дәмiн татыспап па ек –, деп жырлаған. Қазiр ол дәуiр өткен.

Жалпы, Алтайдың тұрпаты Көк Тәңiрiсi жерге тастай салған алып жолбарыс iспеттi.

Жолбарыстың басы немесе Алтайдың батыс басы N 84є-92є бойлық пен Е 46є-52є ендiкке әзер сиып тұр. Жолбарыстың ұлы денесi құйрығымен Ν 94є –106є бойлықта, Е 52є-43є ендiкте жатыр. Кiндiк Азияның құрлығында батыстан шығысқа қарай шоқтығы күдiрейiп, көлдей көсiлiп, 2 800 км ұзындықта алып аймақтың беломыртқасы болып орналасқан.

Алтайдан бастау алған су көздерi әлемнiң атақты бастау қайнарларының бiрi әрi бiрегейi. Оңтүстiк қапталынан Қанас, Буыршын, Қыран, Қара Ертiс, Ертiс бас алып, Ұлы Ертiске тоғысып, Объ арқылы Солтүстiк Мұзды мұхитқа құяды. Солтүстiк қапталынан шығысқа қарай Сағсай, Қобда, Бұлғын өзендерi басталады. Қобда дариясы Сағсайды қосып алып, Ащы көлмен қолтықтасып Батыс Моңғолиядағы Қарасу көлiне құйса, Бұлғынның үш саласы тоқайласып, оңтүстiктегi Жоңғар ойпатына бет түзеп, Үрiңгү дариясын құрап, Үлiңгiр көлiне құяды. Қазақ Алтайынан құлап аққан Аққаба, Қарақаба, Бұқтырма өзендерi Ертiстiң қазанын толтырып, Объ арқылы тағы да Солтүстiк Мұзды мұхитқа жол тартады. Қазақ Алтайынан бастау алған тағы бiр күретамыр – Қатын өзенi. Ол Таулы Алтайдың Шүй, Алей, Шарын дарияларымен қолтықтасып, Би дариясын қосып алып, тағы да Солтүстiк Мұзды мұхитқа жол тартады. Мiне, көрiп отырсыз, орыс, қазақ, қытай, моңғол елдерiнiң сусынын қандырып отырған негiзгi су көзi бiр ғана Алтайдан бас­талып отыр. Су бар жерде өмiр бар, су бар жерде ну бар. Теңiз деңгейiнен 1 000–3 500 м биiктiкте көк аспанның етегiнде көлкiп, мелмендеп тұрған Марқакөл, Далакөл, Қозыкөл, Дайынкөл, Тоғызкөл iспеттi 50 ден астам көлдерi бiр ғажайып ертегi iспеттi.

***

Алтай төсiн мекендеген адамзаттың iзi қалған тарихи-рухани құндылықтарды сөз етсек, күндi түнге, түндi күнге жалғауға болар. Алтай қойнауында, қойнында осы бүгiнгi күннен артқа қарай санасақ, 800 000–140 000 жыл бұрын өмiр сүрген адамдардың өз қолымен жасап кеткен құрал-саймандары жатыр. Оны ғылым тiлiнде төменгi тас дәуiрi дейдi. Сол дәуiрде жасалған шелль, ашель құралдары Алтай жерiнен мыңдап табылды. Бұлар – Моңғол Алтайдың Баянлиг, Босғо, Барлағын-ғөл деген жерлерiнен, Орта тас дәуiрiнде немесе 140 000–60 000 жыл бұрын жасалған құралдар Қанай ауылы, Ертiстiң сол жағалауынан, 60 000–20 000 жылғы құралдары (соңғы тас дәуiрi) Алтай, Бұқтырма, Ертiс, Қанай аулы төңiрегiнен табылған. Усть-Нарын, Железника ауылы, Ертiс, Көкрайда ежелгi адамдардың тұрағы, қонысы, құралдары, қола, темiр дәуiрiнiң мыңдаған тарихи-мәдени мұралары жатыр. Берел, Шiлiктi, Көксу, Пазырықтан табылған мұралар алтынмен апталып, күмiспен күптелген әлемдiк бiрегей құндылықтар. Сақ (скиф) дәуiрiнде пайда болған аң бейнелi бейнелеу өнерi бiздiң ата-бабаларымыздың тарапынан әлем өркениетiне қосқан үлесi болмақ. Өрел, Берелден шығысқа қарай 45 км жылжысаңыз Алтайдың солтүстiк бетiнде Ақсай, Жаманты деген екi сай көсiле мұнартады. Осы екi сайда 20–30 км созылған тас бетiнiң суреттерi сақталған. Тек қана бiр Ақсайдың өзiнде 100 000 нан астам сурет көне тарихтан сыр шертедi. Бұл дегенiңiз, Алтайдың жотасына бабаларымыздың б. ж.б. II мыңыншы жылдан б. з. I мыңжылдықта салып кеткен сурет галереясы. Бiр жерге табиғи Галерея ретiнде осыншама мол сурет сызылған құндылықтар күнi бүгiнге дейiн табылып көрмеген.

Оның әр суретi аң бейнелi өнердiң классикалық туындылары.

Бұны азсынсаңыз тағы да айтайын!

Берелден солтүстiк шығысқа аяқ бассаңыз Алтайдың солтүстiк жағында Зеңгiртау үңгiрi деген үңгiр бар. Бұл үңгiрдегi алғашқы тас дәуiрiнiң суретi әлем археологтары мен тарихшыларын таңқалдырумен келедi. Осы үңгiрдегi 13 топ суреттiң жасын Кеңес Одағының атақты археологы А. П. Окладников 1966 жылы нақты белгiлегенге дейiн әлемдiк көркемсурет өнерiнiң шығу тегiне байланысты түсiнiк мүлдем басқаша едi.

Батыс Еуропаның Франция, Испания жерiндегi Ляско, Кастильо, Ағайынды үштiк үңгiрi (Пещера Трех Братьев), Альтамир, Фон-де Гом үңгiрлерiнен табылған суреттердi қолға алып, батыс зерттеушiлерi «Көркем-сурет өнерiнiң атасы – Еуропа» деп кеуде қағып айғайлады.Үңгiр суреттерiн зерттеумен аты шыққан еуропалық өнертанушы Анри Брейля: «Батыс – Ұлы өнердiң Отаны!» деп кеуде қақса, еуропалық атақты өнертанушы Л. Цотц: «Мәңгiлiк Еуропа – Өнердiң Атасы» деп жар салды.

Ал Алтайдағы үңгiрлердегi суреттер б. ж.б. 30–40 мың жыл бұрын салынған-тын. Айғайласа айғайлайтындай, айтса айтатындай едi. Мол дайындық, қуатты топпен экспедициясын жасақтаған Социалистiк Еңбек Ерi, Мемлекеттiк сыйлықтың иегерi, академик А. П. Окладников Зеңгiртау үңгiрiндегi суреттердi ғылыми дәлдiкпен көшiрiп, фо­тоға түсiрiп, аса ыждағаттылықпен зерттеу жұмысын жүргiздi. Үңгiрдегi суреттердiң бiтiм болмысы, ондағы суреттердiң құрылымы, сызу технологиясы, бейнелеу ерекшелiгiн ежелгi палеолиттiң жоғарыдағы аталған суреттерiмен салыстыра талдау жасай отырып, б. ж.б. 30–40 мың жыл бұрын салынғандығын дәлелдеп шықты. Мiне, осыдан кейiн «Әлем сурет өнерiнiң атасы – Еуропа» деген айғайдың аузына құм құйылды. Оның сыртында ежелгi және соңғы тас дәуiрiнiң хронологиясын белгiлеген теорияға да өзгерiс енгiзуге тура келдi. Осылайша қарт Алтай – әлемнiң көркем-сурет өнерiнiң бiр Атасы атанып отыр.

Абыз Алтай Пазрықтан табылған қобыз арқылы әлемнiң ыспа аспабының Атасы атанған едi. 2008 жылы бiз сөз еткен Зеңгiр таудың қарсы бетiндегi Жарғаланты (Бақыт) – Қайырхан тауының Үңгiртас деген үңгiрiнен б. з. V ғасырында жасалған домбыра табылды. Үңгiр iшiне 21–22 жастағы жас жiгiт жерленген. Оны сауыт-сайманымен, 21 оғы бар қорамсақ, садағымен, жалпақ қасты қазақ ерiмен қоса жерлеген. Сонан соң үңгiрдiң қабырғасына домбырасын сүйеп қойып кеткен.Домбыраның мойнына байырғы түрiк бiтiг (руника) жазуымен «Жұпар күй әуенi бiздi сүйсiндiредi» (Благовенная мелодия кюй наслаждает нас) деп ойып жазып қалдырған.

Домбыраның пiшiнi Абай домбырасы аталатын домбырадан аумайды. Айырмашылығы мынау: басы қалақбас емес, бұғының басы бейнеленген. Шанақтың бет жағында үлкен ойық жоқ. Керiсiнше шанақтың артқы жағында + деген айшық таңбамен ойып тесiк шығарған. Тиектiң алдыңғы жағында, шанақтың бетiнде иненiң көзiндей үш тесiк бар.

Бiздiң өнерiмiз аң бейнелi (звериный стиль) өнер. Олай болса, ту баста домбы­ра­мыз­дың мына жаңа табылып отырған дом­бырадай бұғының басы болғанын дәлелдейдi. Бүгiнгi бiздiң домбыраның бетiндегi ойық «Ақсақ құлан» аңызының ақиқат екенiн дәлелдейдi. Осылайша, бiздiң саз аспабымыздың тағы бiрi немесе қазақтың қара домбырасы – шертпе аспаптың да Атасы болғаны. Бұл да Алтайдың мұрасы, Алтайдың рухани қазынасы.

Б. з. V ғасырда «күй» атауының қалып­тасқанын домбырадағы тарихи мәтiн дәлелдеп бердi. Ендеше бұл атау тек V ғасырда ғана емес, сонау б. ж.б. Сақ (скиф), Хунну (Сюнну) дәуiрiнен жалғасқан саз өнерiмiздiң бiр жанры екенiн көрсетедi.

Жоғарыда сөз еткен Зеңгiртаудан шығысқа қарай 500 км жылжысаңыз, Көпкөл шұңқыры деген жерге барасыз. Осы жерде Көк Түрiк дәуiрiнiң дәулескер сазгерi Iзгiлiк-чор атамызға арнап тұрғызылған ғибадатхана қирандысы жатыр. Соның шарбақтасына «Iзгiлiк-чордың сегiз түрлi саз аспабын меңгерген шеберлiгiне бас иiп, ғибадатхана орнаттық» деп жазып қалдырған. Мiне, Ата түрiктiң абыз сазгерi Iзгiлiк-чор тағы да Алтайдың ұрпағы екен.

Iзгiлiк-чордың меңгерген 8 саз аспабы: қобыз, домбыра, даңғара, саз сырнай, тiлдi сырнай, жетiген, сыбызғы және көмей. Ертеорта ғасырда бiздiң алтайлық бабаларымыз 8 түрлi саз аспабын меңгерген екен.

Бұдан шығатын қорытынды: Алтай Көркем-сурет өнерiнiң ғана емес, саз өнерiнiң де алғашқы шыққан жерi деуге болады. Олай болса, сен – Түркi дүниесiнiң рухани Атасысың!

27.10.2011

Қаржаубай САРТҚОЖАҰЛЫ,

түркiтанушы,тарих ғылымдарының докторы, профессор

Серіктес жаңалықтары