ОЙЛАР... ОЙЛАР...

ОЙЛАР... ОЙЛАР...

ОЙЛАР... ОЙЛАР...
ашық дереккөзі
348

Ұялшақ жұлдыздар

Таң арайланып атқанда, жұлдыздар біртіндеп жасырынып тығылады.

Күнге әрі саналы әрі жүйелі түрде бағы­нып мойынсұнатынға ұқсайды. «Жарығы мен жылуын ғаламға мейірлене шашқан Күннің қасында біз сияқты бір жанып бір сөнетін жұлдыздарға орын жоқ» дегендей, кішіпейілдік танытатын көрінеді. Құрметпен қарайды.

Күндіз жұлдыздар көзге көрінгісі кел­мейді. Олар тіршіліктің тынышталған түнгі уақытында шыға келіп, әлгі Күннің нұрына шомылған аппақ Аймен армансыз сырласады. Жер қазығына арқандап байланған мұңлы Ай не айтады екен оларға? Айтса, адам туралы айтар. Адамның сонау жаратылысынан бастап жасаған жақсылығы мен жамандығын тілге тиек етер. Абыл мен Қабылдың қақтығысынан бастап сыр қайырар…

Әй, дегенмен осы ақ пейіл жұлдыздар Жерді дүр сілкіндіріп жатқан адамның зорлық-зомбылығы мен зұлымдығына қарамастан, еш уақытта жарық шашпай сөнген емес-ау. Сөндірілген де емес. Жарықтық, жұлдыздар да бізге әманда амандық тілеп, үнемі үмітпен қарайтын сияқты.

Ал атқа қонғандай мына қарт қара Жерге мініп алып, құдіретті Күннің нұрына шомылып, кейде толған Айға мұңын шағып, кейде жылтылдаған Жұлдыздармен сырласып жататын адам баласы қиянатын қашан қояр екен?

Жұлдыздар бәріне куә!Таң атқанда, жұлдыздар қайтадан тығы­лады. Жо-жоқ, олар ұйықтамайды. Олар түні бойы басын сәждеден көтермей, үмбетінің екі дүниедегі бақыты үшін көз жасын көлдей ғып төгіп, азаптана амандықты тілеген пайғамбарша Жер бетіндегі бей­біт өмірді тілейді. Қас қарайған сәтте өз­дерін тебіреніспен тамашалайтын Жер тұрғындарына қауышқаны үшін қуанышқа кенеледі, жалт-жұлт етіп қарайды.

Расында…

Жұлдыздар – ұялшақ.

Жұлдыздар – кішіпейіл.

Жұлдыздар – сырлы әлемнің құлағына ілінген сырғалары іспетті…

Ал жер бетіндегі «жұлдыздар» ше?

Ғалам арқалаған адам

Білгіштің бірі Қожа Насырдан сұрапты:

– О, Қожеке! Мына ғаламды қалай тауып жүрсің?

Қожекең іркілмей, байыппен:

– Сұрай-сұрай таптым, – депті.

Адам баласы көз ашқан күннен бастап, ұшы-қиыры жоқ «ғаламды» көз жұмғанша зерттейді. Сұрай-сұрай «білгіш» болады. Сөйтіп өзінің түсінігінде бір «ғалам» орныға түседі.

Кейде «он сегіз мың ғалам» деп жатамыз. Бұл тіркестің көптікті білдіретіні күмәнсіз. Аспанда неше ғалам бар. Жерде неше ғалам бар. Адамның өзі бір ғалам емес пе?

Адамды таныған – ғаламды таниды.

Кейде «адамзат бүгінгі түсінік бойынша өмір сүру керек пе, әлде мүлдем басқа бір ұғымға сай ғұмыр кешу керек пе еді?» деп еріксіз ойланасың. Артынан жауап іздейсің…

Әлбетте, әрбір заттың өз иесі бар. Ауылды әкім басқарады, картинаны суретші салады дегендей. Он сегіз мың ғаламың да иесіз емес қой. Бір сәтке болсын қожайынсыз қалған емес. Адам да өз иесінің қалауымен тіршілік етеді. Осылайша тұтас тіршілік «ғаламат ықтиярдың» арқасында өмір сүреді.

Ешкім өз қалауымен жаралған жоқ. Ендеше, адамның «кіші серігі» мен әлгі ғалам иесінің «ғаламат ықтияры» ұштасып, сабақтасып жатса, шынайы тура жол табылар ма екен, сірә?..

Сор

Жазып отырған қаламым – қытайдікі. Қағазым – немістікі. «Қытайша» сөйлеп тұрған қаламды «қазақша» қалай көсілте аласың? Немістің қағазына қалай қазақшалап сыр шертесің?

Қолға түскен кез келген зат «шет тіліне» жүйрік. Болашақ ұрпақ ойнап жүрген қуыршақтың өзі қытай мәнерімен қазақ әнін қалқытады.

Бұл «тәуелсіз» құлдық рухтың белгісі ме, әлде ұлттық рухтың әлсірегені ме?

Тақпақ

Мектепте оқитын бірінші сынып оқушысы күнде үйге талып-шаршап келеді де, тақпағын жаттауға кіріседі. Ертесіне тақтаға шығып, тақылдап тұру керек екен. Жаттап барған тақпақты бала түсінсе игі ғой.

Баяғыда ағылшындар Үндістанды отар­лағанда, математика пәні бойынша үнділерге логарифм кестесін ғана жат­татқызған. Бар үйреткен есебі сол болатын.

Әсілі, тақылдап тұрған жүйенің нақ өзі сықылды. «Сасқан үйрек артымен сүңгиді» деуші еді. Енді жас «қыранша» саңқылдап, жас «ұланша» ұрандататын болды ғой. Бұл да әлемде жоқ жаңалық.

Аман қалған адам

Өмірі тіс жармайтын бір үнді данышпаны: «Әлем жақсы сөзден жалықты», – депті. Бәріміз ізгілікті мақсат еткен, ғұмырға ғұмыр қосатын нақты істерге зәруміз.

Адам баласы, дәлірек айтқанда, бүгінгі адам – өткен өмірден аман қалған жан. Айтпақшы, біздер қалай аман қалған екенбіз?..

Табиғат

Шоқтай түрлі-түсті реңмен боялған гүл жасыл тартқан сабағында тұрса ғана әдемі-дүр. Жапырақ тал-шыбығынан ажырап құламаса, қандай ғажап!

Әр нәрсе өз табиғи қалпын сақтап қалса ғана тартымды болмақ.

Аңсатқан жұмақ

Күнәға әбден былғанып ластанған ішкі дүниеме, сан-алуан ойлардан сыңсыған санама үңіліп қарасам…

Дүн-дүниенің додаға түсіп, түрлі мүдде­лердің жетегінде жүрген мына дәуірде «жұмағын» жоғалтқан жұмыр басты пенде сықылдымын. Адамдық құндылықты арқау еткен Хазіреті Қожа Ахмет Иассауи іспетті бабамыз, Хәкім Абай сынды данамыз жоқ арамызда.

«Кемелділік» қайда-а а?!

Бұрын «кемелділік» деген күрделі ұғым Тәңіртаудың ту төбесіндей көрінетін. Бұл ұғымның мәні өзгерген, қалыбы ауысқан сияқты; Абай атамыздың «толық адамы» мен кәдуілгі «семіз адамды» ажырату оңай болмай қалды-ау бұ заманда…

Рухани өзегімнен алыстап, қасиетті жәннаттан қайтадан шығарылғандай хал кешемін. Өзгеден бұрын өзімді алдап, өз еркіммен «жәннатта» тіршілік еткендеймін. Алданған күйіме қарамастан, өзімді алдап жұбатамын.

Көңілі орнына түссін деп, қаз-қатар отырғызып қойып көзінше мақтаймын. Ал «көзінше айтылған мақтау мойынды сындырады-ау!» – деп қынжылған жан жоқ.

Қайдан келгенімді, қайда барарымды біле жүрсем де, білмегендей сыңай танытатыным тағы бар. Бейуақтағы ұйқыдан ояна алмай жатқандаймын.

Жәннатқа бейім жаралған жан-жүйем қабығы қалың жаңғақтың ішіне тығылып, күндей жарық ақиқаттың көзін көруге шамасы жетпегендей зұлмат қараңғылықтың тұтқынына айналған тәрізді.

Жұмағымды ұрлатып, жұмақтағы сұлу­лықтан ажырап қалған шығармын, кім біледі. Інжілдік сарынмен жазған Джон Мильтонның «Жоғалған жұмағын» айтып отырғаным жоқ, әлбетте. Бабаларымыз бен даналарымыздың жүректе ұялатып, әлімсақтан аңсатқан жәннатты, жұмақты аңсатқан рухты айтамын.

Екі метр жер

Шерхан атамыз «Жазушы Ғабит Мүсі­репов айтқандай, «біз жиылсақ – көппіз, жайылсақ – жоқпыз,» деп жазады. Құдайға шүкір, тағдыр елімізді шашыратпай, төрт құбыламыз түгел болып отырмыз.

Бірақ аз ғана қазақтың әлі де шалқар далаға сыймай, ұлтарақтай жерге жете алмай жүргені таңғалдырады. Сол аз қазақты жылатпай, алақанға салуға болмас па?! Сай-сайды сағалап, жыра-жылғаны жағалап қанша қазақтың баласы баспанасыз жүр.

Жеріміз – кең, жігеріміз – кем.

Терезесі тең қазақтың керегесі кең еді ғой?

Әлде «түбі екі метр жер бұйырады ғой» дей ме екен?!

Толық адамның тобықтай сөзі

Бұрын кемел адам: «От қай жерге түспесін, мені де күйдіреді» деуші еді.

Енді ол: «От әуелі мені, содан кейін түскен жерді күйдіреді» дейді.

Екі өмір

Дүниенің өмірі адамның өмірімен салыс­тырғанда әлдеқайда шексіз.

Сондықтан шығар, жеке өмірін дүниемен барынша байланыстырған адам мына пәни тіршілікте еш уақытта өлмейтіндей ғұмыр кешеді.

Өмірге қарай өлім

Өмір бар жерде өлім де бар.

Өмір – «үміт», өлім – «үрей». Үміт пен үрейдің арасында ғұмыр кешкен адам арамдық пен адалдыққа мән береді. Ал жан-жүйесінің есебін жасамаған адамға бәрібір.

***

Өлім өмірге қастандық жасамайды. Қайта өмірдің ары қарай жалғасуына септігін тигізеді. Қателікке белшесінен батып жүрген адамның одан ары жамандыққа баруының жолын кеседі. Ізгіліктің ізімен жүрген кісіні мәңгілік ғұмырдың рахатына жалғайды.

Өмір жалғаса берсе, о дүниелік болған ата-бабаңа, туған-туысыңа қалай қауышасың? Оның үстіне жалғанның жалғыздық азабын тартып жүрген пенденің өмір-бақи жалғыз қалғысы келмейтіндігі бесенеден белгілі. Ғұмыр аяқталмаса, әуресі көп, азабы азаймайтын мына пәни тіршіліктен қалай құтыласың? «Бейнеттің түбінде зейнет» бар екенін қазақ айтқан. «Зейнеттің түбінде де бейнет» бар екенін естен шығармаған жөн шығар.

Иә, қазақта өлген жанды «өлді» демей, «қайтыс болды» дейді. Яғни әу бастан келген жеріне қайтып кетеді дегені ғой. Қайдан келсе, сонда барады.

Өмір әрқалай болса, өлім де әрқилы.

Әрқилы өмір мен өлімнің мәңгі ғұмырға тигізер әсері де әрқалай болатын шығар, кім біледі…

Майда балық

Батыстың бір газетінде: «Балық көп, бірақ ұстатпайды!» деп шекесіне жазып қойыпты. Ұстатпай жүргендердің бәрі майда шабақ, ставрида тектес балықтар.

«Әншейінде теңіздің бетінде жүзетін майда балықтар неге ұстатпайды екен? Балықшылардың шамасы жетпеген бе? Әлде табиғаттың заңы өзгерген бе?» деп еріксіз ойға батасың.

Сөйтсе, күннің ыстығынан балықтар теңіздің түбінде жүзеді екен ғой. Бірақ онда да үлкен балықтарға жем болады.

Қайда жүзбесін, бәрібір – жем.

Майданың аты майда ғой…

Ақ сәлде

Ыстамбұлдағы байырғы заманның Топқа­пы сарай-мұражайында Хазіреті Жүсіп нәбидің ақ сәлдесі кіршіксіз таза күйінде сақталған.

Арды арқау еткен пайғамбар ақ сәлдесіне еш уақытта кір жуытпаған: «Уа Раббым! – деді (Жүсіп), мына зындан мені ша­қыр­ған әйелдердің бұл істерінен әлдеқайда жақсы.» Неліктен? Өйткені өз ар-намысын ойламағандар елдің ар-абыройын қалай ойлайды?

Ақ сәлдеге қонған қара шыбын еріксіз көзге түседі.

Сәлде – ғалымның ғазиздігі, адалдың адамгершілігі, тақуаның тазалығы.

Әсілі, сәлдеге кір жұқтыратын бастың өзі емес пе?

«Салқын Самал»

Алатау баурайындағы әсем шаһарымыздың «Самал» деген «салқын» жері бар. «Самалдың» қара ағашы да салқын сезіледі. Адамының да қарны тоқ болғанымен, қабағының жылуы жоқ.

Жалғасқан үнсіз өмір. «Баласыз үй – мазар» дегендей, аула тып-тыныш. Баяғыдай қауқылдасып жатқан қариялар көрінбейді. Бір-бірімен шүйіркелесіп тұрған көршілер көзге ілікпейді.

Кенеттен кездесіп қалатын бір-ақ жер бар – «лифт» деген. Сәлем алысып, қал-ахуал сұрасатын жер ғой. Әй қайдам, сәлем берген көршіге жалқау ерін жыбыр ете қалады да, ашылған есіктен асығыс шыға жөнеледі.

Даниэль Дефоның елсіз аралда өмір сүрген Робинзон Крузосы іспетті өз тілінде сөйлеп түсінісе алатын жанды табу оңай емес бұл жерде.

Ғаламның ең «ғажап» жері осы:

Жеті шелпек таратсаң, жексұрынға айналасың.

Жеті көршіге сәлем берсең, жетім қайыр­шыдай көрінесің.

Жеті қоян тапсаң да, қуанышыңа ортақ­тасар жан таппайсың…

Жауапкершілік

Аббасилердің бесінші халифасы Харун Рәшид иығына салмақ түсірген жауапкер­шілігінен құтылудың жолын іздейді. Би басы Әбу Юсуфтың тәлімі оны түні бойы ұйықтатпайды:

«Билігі жоқ адам өзіне ғана жауап бе­реді. Ел билеген адам әрбір адамның та­ғдырына жауап береді; о дүниеде әр адаммен есептесетін болады!»

Онсыз да «қалай жауап беремін?» деп күйзеліп жүрген патша заманының озық ойшылы Фудайл бин Иядқа барып сұраса керек:

– Мен лайықты болмасам да, осы міндетті атқаруға тура келді. «Құдайдың алдында өзіме қалай жауап беремін?» деп жүргенімде, енді халқымның тағдырына жауап беруге тиіспін. Не істесем болады? Осы жөнінде не айтасыз? Кеңесіңізді берсеңіз, әйтпесе түн ұйқымды төрт бөліп ұйықтай алмай жүрмін.

Ғұлама іркілмей:

– О, мұсылмандардың әміршісі! Жауап­кершілігіңді сезінген болсаң, атқары­латын міндетіңді жақсы біліп ал. Ол үшін басқарып отырған еліңді өз үйіңдей, халқыңды үйіңдегі мүшелеріңдей көр, қарияларды – әке-шешең, жастарды – туған балаларым деп біл! Үйіңе не қажет? Еліңе соны қажет деп біл! О дүниеде жағамнан ұстап, есеп сұрамасын де­сең, бар айтарым осы, – деп кеңесін айтыпты.

Есептің де есебі бар екенін толық ұққан әмірші ойшылдың сөзінен кейін тоқтаусыз жылайды.

Үйіне қайтып бара жатқанда Жаратушысына жалынып-жалбарынады:

«О, Жаратқан! Бұрын өзімді ғана ойлап ем, енді елім үшін де жауап беретін болдым. Елім – өз үйім, қариялар – әке-шешем, жас­тар – өзімнің балапандарым. Биліктің басында болу – отты жейде киюмен бірдей екенін қайдан білейін. Бұдан кейін қалай ұйықтайды екенмін?..»

Қамқорлық

Ибн Сина: «Білім мен өнер қамқорлық көрмеген елден безіп қашады» деген екен.

Сауатсыздықпен күресіп жүріп, надан­дыққа жол ашпасақ болғаны…

Тендерге түскен тіршілік

Бала кезімізде әзіл естуші едік:

– Апа, апа! Бес теңге берші?

– Төрт теңге? Үш теңгені неғыласың? Екі теңге жетпей ме? Ал мінеки, бір теңге!

Қазір ойлап қарасам, тендерге етіміз бала кезімізден үйренген екен ғой. Тіпті санамызды жаулап алғаны да жасырын емес.

Бүгінгі театр «Тендерге түскен келіншек» драмасын сахнаға шығарып отырса, күнделікті тіршілікте тұтас руханиятымыздың трагедиясы көрсетіліп жатыр.

Тендерге түскен жолдың өзі жыл сайын қырық жамалып жатса, руханият саласы несімен рухтанады? Жұмысынан айы­рылып қалмау үшін жалақысын тендерге салған қарапайым жұмысшы берекесін несімен табады?

Әйтеуір, қалай айтсақ та, «Құдай деген құр қалмас» деп, маңдайымызға жазылған ырыс-нығметке бөленіп отырмыз-ау. Әрине, «басы ауырмағанның Құдаймен ісі жоқ». Алайда тіршіліктің өзі тендерге түсіп жатса да, «аққа Құдай жақ» екеніне кәміл сенеміз.

Қайырымсыз ұрпақ қайдан туады? Ал мәдениетсіздік ше?

Тоңғақ ақын

Әр нәрсенің ыстығына күйіп, суығына тоңу – табиғи заңдылық. Ал ыстығына тоңып, суығына күйе білу әр адамның қолынан келмейді.

Жаздың шіліңгір ыстығында ақ қалпақ киген Тәңіртау тоңады.

Кеңсайда жатқан қазақтың небір жақ­сылары мен жайсандары тоңады.

Алда шапқан жүйрік аттар тоңады…

Мәулана Жәлаледдин Руми де тоңған-ды.

Бір күні Мәуланадан сұрапты:

– Сіз Шәмс Тебризимен кездеспес бұрын кәміл мұсылман едіңіз. Шамдағы ұстазыңыз «ғылымды толық игердің» деп еді ғой сізге. Алайда Шәмс сізге не деді? Өйткені сіз «Мәснәуи» атты кітабыңызда өзендей тасып, «Диуани Кәбир» туындыңызда жанартаудай көтеріліп-басылып, лапылдай бастадыңыз. Түніменен ұйықтамайсыз. Көктегі жұлдыздар іспетті айналып жүресіз.

– Иә, мен Шәмстен бұрын тоңғанымда, ылғи да жылынатынмын. Кейін жылына алмайтын болдым. Өйткені Шәмс маған бүй деді: «Жер бетінде бір адамның өзі тоңып жатса, сен жылына алмайсың; аш жүрсе, тоқ жүре алмайсың; азап шексе, жайбарақат ұйықтап жата алмайсың.»

Дала мен бала

Баласын ойлаған даласын жөндеу керек.

Дала жөнделмесе, бала үйде тәрбие көргенімен бәрі бекер. Бөтен баланың тәрбиесі өз баламызға ықпал етпей қоймайды.

Олай болса, кімді тәрбиелеп жатырмыз?

Адасушылық

Абыл мен Қабылдың аттары аталса, жазықсыз өлген адамның тағдыры, соңы қантөгіске алып келген екі ағайын арасын­дағы тартыс еріксіз еске оралады.

Абыл мал бақса, Қабыл егін салатын.

Құдайға берген құрбандықтары екі түрлі болды. Әсілі, құрбан – тоқты болу керек еді. Бірақ Қабыл тоқтыны құрбан етуге қимады, әйтеуір құтылайын деп сапасы нашар бидай масағын әкеліпті.

Содан Қабылдың құрбаны қабыл болмады.

Сонда Ұлы Құдірет бекіткен дін мен сенімнің, құлшылық пен ғибадаттың ереже-заңына «заңсыз» араласып, өз ойын қосып, өзінің қалауынша әрекет етіп адастырған кесел сол кезден басталған екен.

Адастыратын Алла емес, адамның өзі…

Мәлiк ОТАРБАЕВ,

«Серпер» сыйлығының лауреаты

Серіктес жаңалықтары