ҮШ АРЫСТЫҢ ЖЕРЛЕНГЕН ЖЕРI ТАБЫЛДЫ

ҮШ АРЫСТЫҢ ЖЕРЛЕНГЕН ЖЕРI ТАБЫЛДЫ

ҮШ АРЫСТЫҢ ЖЕРЛЕНГЕН ЖЕРI ТАБЫЛДЫ
ашық дереккөзі
337

Қазақ халқының ардақты ұлдары Тұрар Рысқұлов пен Сұлтанбек Қожановтың ұлтқа сiңiрген еңбектерi зор. Олар 1937 жылы «халық жауы» ретiнде ұсталып, 1938 жылы 10 ақпанда Мәскеу маңында атылған едi. Күнi бүгiнге дейiн бейiттерiнiң қай жерде жатқаны белгiсiз болып келдi. Алайда iздеу шаралары жалғастырылып жатты.

Соңғы үш жылдан берi «Жас ұлан» балалар мен жасөспiрiмдер киностудиясының шығармашылық тобы да iздестiру жұмыстарына белсене атсалысқан едi. Үстiмiздегi жылы киностудияның қызметкерлерi Рамазан Құрманбаев пен Еркiн Рақышев осы көп жылғы iзденiске нүкте қойды. Осыған орай өткен сенбi күнi олар Алматыдағы «Кеш» клубында ақпарат құралдарына пресс-конференция өткiздi. Конференцияға Қазақстанның халық жазушысы Шерхан Мұртаза арнайы шақырылған.

Конференцияны режиссер Еркiн Рахышев ашып, алғашқы сөздi жазушы Шерхан Мұртазаға бердi. Ол Тұрар Рысқұловтың өмiрi мен қызметi жөнiнде 1960 жылдан бастап Әулие Ата (қазiргi Тараз) мен Шымкент мұрағаттарынан материалдар жинағанын, соның нәтижесiнде бес томдық кiтап жазып шыққанын, кезiнде сол кiтаптарына сын айтушылар да, құптаушылар да болғанын тiлге тиек еттi. Сөз арасында Рысқұлов сталиншiл болған, Алаш қайраткерлерiне еш қатысы жоқ деушiлердiң де кездескенiн, Рысқұловты зерттеп жүргендер олардың бұл уәждерiн қайраткердiң өмiрiнен нақты мысалдар келтiрiп жоққа шығарғандарын айта келiп: «Мұның ақиқатын Алла бiледi» деп сөзiн аяқтады.

Режиссер Еркiн Рахышев:

Республиканың Мәдениет министрлiгi Тұрар Рысқұловтың бейiтiн тауып, деректi фильм түсiруге тапсырма берген болатын. Бұл жұмыста маған сенiм артты. «Қазақфильм» басшысы Ермек Аманшаев: «Фильм басқаларды көшiрме болмасын. Мүмкiндiгiнше тың деректер тауып түсiрiңiздер»,– деп ескерткен едi. Фильм түсiру «Коммунарка» зертханасына бағыттады. Бұл 1999 жылға дейiн жабық зиратхана болған екен. 1936 жылы НКВД бастығы Ягода ұсталып, атылған соң өзiнiң саяжайына жерлейдi. Содан бастап бұл саяжай НКВД қызметкерлерiн жерлейтiн жерге айналады. 1938 жылдан бастап, бұл жерге «халық жауы» атанған үкiмет адамдарын да жерлей бастаған. Соған байланысты бұл қабiрстан құпия ұсталып келген. Бiзге берген деректерге қарағанда, мұнда алты жарым мың адам жерленсе керек. Солардың төрт жарым мыңы анықталып, олар жайлы «Коммунарка» арнайы орынында жерленгендер» деген атпен кiтап шыққан. Ал қалған екi жарым мың адамның аты-жөнi ешжерде жарияланбаған. Себебi олар жайында толық мағлұмат болмаған. Бiз сол екi мың адам iшiнен Тұрар Рысқұловты iздедiк. Компьютерге Тұрар Рысқұловпен бiрге Сұлтанбек Қожановтың да фамилиясы түскен екен. Екеуiне 8 ақпан күнi сот болып, үкiм 10 ақпан күнi орындалған. Тағы айта кететiн бiр жаңалық, Нәзiр Төреқұлов та сонда жерленген болып шықты. Бұрын бұл «Коммунарка» Мәскеу облысының Ленин ауданында болған көрiнедi. Қазiр Калуж тас жолының жиырма төртiншi шақырымында. «Коммунарка» жанында шiркеу бар. Шiркеудегiлер жаппай жерленгендердiң тiзiмiн алып отырған. Олар жуырда ғана барлық құжаттарды А.Сахаров атындағы мемориалдық қоғамдық қорына өткiзiптi. Бiз соларға хабарластық. Тұрар Рысқұлов туралы деректi фильмдi осы жылдың соңына дейiн толық дайындап, көрермендер назарына ұсынамыз.

К.АДЫРБЕКҰЛЫ

Серіктес жаңалықтары