ТУРИЗМНЕН ТЕҢГЕ ТҮСIРМЕК

ТУРИЗМНЕН ТЕҢГЕ ТҮСIРМЕК

ТУРИЗМНЕН ТЕҢГЕ ТҮСIРМЕК
ашық дереккөзі
279

Сарапшылардың пайымдауынша, туризмнен түскен табыс мұнай экспорттау, пайдалы қазбаларды сату және автокөлiк өндiрiсiнен кейiн үшiншi орынды иеленедi. Нақтырақ айтсақ, бiр саяхатшыдан түсетiн табыс көлемi 9 тон­на көмiр немесе 2 тонна сапалы бидай бағасына тең. Осыдан-ақ саланың маңыздылығына көз жеткiзуге болады. Ал әлемде сирек кездесетiн табиғат байлығына, тарихи орындарға бай Оңтүстік Қазақстан облысында туризмнiң даму деңгейi қалай?

Былтыр облысымызға шетелден 8024 сая­хатшы келiптi. Iшкi туризм көлемi 86815 адамды құрады. Келешекте бұл көрсеткiш көбеюi мүмкiн. Қазiргi таңда тарихи орындарды аралауға мүмкiндiк беретiн 7 туристiк бағыт бар. Олар Сайрамдағы Ибрагим ата мен Қарашаш ана, Отырардағы Арыстанбаб, Түркiстандағы Қ.А.Иассауи кесенесi мен «Әзiрет Cұлтан» музей-қорығы, Темiр­ландағы Қ.Мұңайтпасовтың мұражайы мен кесенесi, Бәйдiбек ауданындағы Бәйдiбек баба, Домалақ ана және Созақтағы Қарабура әулиенiң кесенелерiн қамтиды. Бұл жұртшылыққа танылып, мәлiм болған орындар. Талай сырды iшке бүгiп жатқан тарихи ескерткiштер мен көне орындар өте көп. Туризм және спорт министрлiгiнiң тапсырысымен дайындалған «Ежелгi Түркiстан» және «Көне Отырар» инвестициялық жобалары осы саланы өркендетуге серпiн бередi. Экономикасы қарыштап дамыған батыс елдерiнде тарихқа, өткенге оралуға деген қызығушылық жоғары. Әлемнiң курорттары мен демалыс аймақтарын аралап, тамашасына тойған қызыққұмар саяхатшылар ой-өрiсi мен дүниетанымын кеңейту мақсатында әлемнiң түрлi елдерiндегi аңыздарға арқау болған көне қалалары мен тарихи ескерткiштерiн аралауға қашанда дайын. Осы мүмкiндiктi тиiмдi пайдаланып қалу керек. Шетелдерде өтетiн жиындар мен кездесулерде елiмiздiң бай тарихы мен ескерткiштерiн жарнамалай бiлсек, саяхатшылардың саны артатыны анық. Сондықтан туристiк бағыттардың жұмысын одан әрi жандандыра түсiп, шетелдiктерге көрсетiлетiн сервистiк қызмет сапасын арттыруға күш салу керек.

Әр саяхатшыдан түсетiн табыстың жо­­­ғары екенi белгілі. Әзiрше ел қа­дiрлеп, қастерлейтiн қасиеттi мекендерге Қазақ­станның өзге облыстарынан келушiлер көп. Әлi де көбейте түскен жөн. Iшкi туризм дұрыс жолға қойылмай, сыртқы туризмдi дамыту мүмкiн емес. Өзiмiз қы­зы­ғып, құрметтегенде ғана өзгелердiң қызы­ғушылығы оянатынын ұғынатын кез жеттi. Ұлы Жiбек жолының бойындағы өркениет iздерiмен жүрiп, сырына қанығуға көптеген шетелдiктер мүдделi. Демек, облыста туризмді дамытудың мүмкiндiгi мол, келешегi кемел.

Облысымызда республикалық маңызға ие 3 табиғи аймақ бар. Аты әлемге әйгiлi «Ақсу-Жабағылы» Қазақстан мен Орта Азиядағы ең үлкен қорық болып табылады. Ол жерде әлемде сирек кездесетiн жануарлар мен өсiмдiктер баршылық. 2004 жылы ашылған Қаратау қорығының да табиғатына таңданушылар көп. Ал Сайрам-Өгем ұлттық саябағының орны ерекше. 149 мың гектар аумақты алып жатқан саябақ қазақ халқының баға жетпес байлығы, мақтанышы.

Қазiргi таңда облысымызда 44 ту­рис­тiк ұйым, 41 қонақүй, 30 емдiк-сауық­тыру орны және 1308 кафе мен мейрам­хана бар. Iшкi туризмнiң өрiсiн кеңейту үшiн Қазығұрт, Сайрам, Төлеби, Түлкi­бас, Отырар аудандары мен Түркiстан және Шымкент қалаларында туристiк бағыттар ашылып, жаңа нысандар салу жұмыстары жүргiзiлуде. Төлеби ауда­нын­дағы «Қасқасу» тау шаңғы базасы инвестициялық жобасы да келешекте қазынамызды молайта түсетiнi анық. Облыс әкiмi Асқар Мырзахметовтiң ағым­дағы жылдың 6 қыркүйегiндегi «Оңтүстiк Қазақстан облысында туризмдi дамыту жөнiндегi 2011-2013 жылдарға арналған iс-шаралар жоспарын бекiту туралы» қаулысы да туристiк саяхаттың құлашын кең жаюына сеп болары да күмәнсіз.

Ѕабит САПАРБЕКОВ

Серіктес жаңалықтары