ЖАЙ ШҮБЕРЕК БОЛҒАНЫМЕН...
ЖАЙ ШҮБЕРЕК БОЛҒАНЫМЕН...
Қазақстан нарығын Қытай тауарлары жайлағалы қашан. Ең арзан әрi сапасыз заттар, брендтердiң ортанқол көшiрмелерi – бәрi-бәрi Қытайдыкi едi. Алайда, соңғы 5-6 жылда жағдай мүлде өзгердi. Ендi одан да арзан, одан да сапасыз «Қырғызстанда жасалған» деген жапсырмасы бар тауарлар пайда болды
Сонда бiздiң өндiрушiлер мүлдем қауқарсыз ба? Қашан бiздiң нарығымыз өз өнiмдерiмiзбен толығады?
Қырғызстанға тәуелдiлiк – қалыптасқан салтБiлуiмiзше, Қырғызстан Дүниежүзiлiк сауда ұйымына 90-жылдары-ақ ойланбай өтiп кеткен. Бұл оған тауарын шет мемлекеттерге айналымға шығаруға үлкен жеңiлдiктер берiп отыр. Көкөнiсiмiз бен көптеген азық-түлiк түрлерi онсыз да Қырғызстаннан жеткiзiледi. Ара қашықтық тым жақын, тiптi Бiшкектiң басқа мемлекетте орналасқаны бiлiнбейдi де. Сондықтан болар, бiздегi азық-түлiк бағасы Қырғызстандағы ауа райына байланысты үнемi өзгерiп отырады. Мәселен, Қырғызстан мен Ресейде қуаңшылық болса, бiзде көкөнiс бағасы мiндеттi түрде қымбаттайды. Былтыр бiраз уақыт шекара жабылып қалып едi, картоп-пияз таба алмай қиналдық. Бұған, әрине, әбден етiмiз үйренген. Бiрақ, олардың киiм-кешегiне деген қажеттiлiктiң өте жоғары екендiгiн естiгенде, таңданбасқа шара жоқ. Мәселен, шекара тағы жабылып қалса, киiм бағасы да басқа тауарлармен бiрге шарықтап өсуi мүмкiн – оған таңданудың қажетi жоқ.
Жуырда Қытаймен арадағы шекарада қолайсыздық туындап, қазақстандық саудагерлер Қытайдан тауар тасымалдау мүмкiндiгiнен уақытша айырылды. Осыған байланысты қытай тауарларының бағасы жоғарылады ма екен деген оймен орталық көк базарды бiр сүзiп қайттық. Бұл сауалымызға саудагерлер: «Бiзге оның тiптi қатысы жоқ, бiз қытайлық бұйымдарды Бiшкектен әкелемiз ғой, бәрiбiр», – дедi ағынан жарыла. Яғни, Қырғызстан – өз тауарын ғана өткiзбейдi, онымен қоса ортадағы делдал мiндетiн де атқарып отыр. Әрине, әрбiр өнiмнiң үстiнен үстеме ақы көрiп отырғаны айтпаса да түсiнiктi.
Қырғыздың бiр ғана «Техноткань» фабрикасы бүкiл базарымызды толтырып тұр. Олар көтерме бағамен тауардың бiрнеше мың данасын бiр-ақ шығарады. Сондықтан, оның өзiндiк құны өте арзанға түседi. «Өтпей қалуы мүмкiн» деген қорқыныш атымен жоқ, өйткенi оның өнiмдерi бiзден басқа елдерге де сатылымға шығарылып жатыр. Және бiр ерекшелiгi – әлемдiк айтулы сауда белгiлерiнiң жаңа сәндегi киiмдерiн көшiредi. Оны заңды түрде жасай ма, әлде бренд иесiнiң рұқсатынсыз тiге бере ме – ол жағы бiзге беймәлiм. Дей тұрғанмен, көшiрмесiн түпнұсқадан айнытпай жасайды. Киiмнiң жағасындағы «Made in Kyrgyzstan» деген жазу мен түпнұсқадан бiрнеше есе арзан келетiн баға ғана оның көшiрме екендiгiн бiлдiредi. Әйтпесе, «оригиналға» балап, алданып қалуыңыз да мүмкiн. Жасыратыны жоқ, олардың бiрiншiден, материалы нашар, екiншiден, тiгiстерiнiң тез сөгiлетiнiн көп тұтынушыдан естiп-бiлiп жүрмiз. Және сол көп тұтынушының бiрi ретiнде өзiмiз де оны байқадық.
БОС ҚИЯЛ МА, ӘЛДЕ…
Жуырда облысымызға арнайы iссапармен келген Еңбек және әлеуметтiк қорғау министрi Гүлшара Әбдiқалықова Қырғызстанда болғанын, ондағы әйелдердiң көпшiлiгi тiгiн фабрикасында еңбек етiп, нәпақасын айырып отырғанын әңгiмеледi. «Кiмдi сөзге тартсаң да, өзiнiң тiгiнмен айналысатынын мақтанышпен айтады, соған орай тiгiншiлер даярлайтын курстар, оқу орындары өте көп» деген едi ол. Министрдiң сөз райынан «бiзде де тiгiн кластерiн жолға қою қажет-ау» деген iзгi ойды байқап қалдық.
Төтесiн айтсақ, ол «қиялымды» жүзеге асыруға облыста мүмкiндiк бар сияқты. Бiздiң «Пош-Тараз» ЖШС-iндегi жiптердiң шетелге тиынға сатылып, елiмiзге бес есе бағасымен киiм болып оралып жатқаны жанға батады. Дегенмен, жақында осы мекеме италияндық инвесторлармен келiсiп, иiрiлген жiп шығаратын болыпты. Әлi келiсiмшартқа қол қойылмағанмен, жоба дайын. Ол үшiн бұрынғыдай тек қана биязы жүнi емес, барлық қойдың жүнi қабылдана бередi. Сол арқылы болашақта осы кәсiпорынның негiзiнде тiгiн фабрикасын ашуға әбден болар едi. Өйткенi, шикiзат өздерiнде дайындалады. Сонда киiмнiң өзiндiк құны да арзанға түседi. Әйтпесе, өзiндiк құны қырғыздыкiнен асып кетсе, оны кiм сатып алады?
БIЗДЕГI АХУАЛ ҚАНДАЙ?
Бiзде алып тiгiн фабрикалары болмаса да, ательелер шүкiр, бар. Бiрақ, олар тек қана тапсырыспен киiм тiгедi. Мектеп формаларын, көрпе-жастық, төсек-орын жаймаларын тiгумен шектелiп жүр. Көп данамен киiм тiгiп, базарға шығару – үлкен тәуекел мен мол қаржыны талап етедi. Және өзiндiк құны да қырғыздыкiнен әлдеқайда қымбат болады. Ательелер өздерi шағын ғана болғандықтан, бұл туралы әңгiме қозғаудың өз күлкiлi.
Мамандардың айтуынша, ондай фабрика ашқан күннiң өзiнде, ең алдымен, инфрақұрылым, заманауи техника, бiлiктi мамандар (киiм дизайнерлерi мен тiгiншiлер) керек. Осының барлығын есептей келгенде, бiр ғана киiмнiң өзiндiк құны өте қымбатқа түседi екен. Тiптi, жұмысын бастай қалған күннiң өзiнде ол кәсiпорын кәсiбiн дөңгелентiп алып кеткенше… Айтудың өзi қиын. Бiздiң бренд шетел киiмiн бiртiн-бiртiн ығыстырып шығарса жақсы ғой, бiрақ сол «бiртiн-бiртiнге» өте көп уақыт кететiн көрiнедi. Оған дейiн кәсiпорын банкротқа ұшырап, қайта жабылып қалуы да әбден мүмкiн. Сондықтан, шекараны бiраз уақытқа жауып тастауға тура келедi (маман пiкiрi). Бiрақ, ол мүмкiн емес. Тағы да «тупик». Сол үшiн де мемлекеттiң қолдауынсыз iс бiтпейдi. Тағы бiр айта кетерлiгi – бұл келелi шаруа iскерлiк әлемiнде бұрыннан танымал, өзiндiк қолтаңбасын қалыптастырған кәнiгi бизнесменнiң ғана қолымен жасалуы мүмкiн.
Қаламыздағы «S`MALL» гипермаркетiнде алматылық «Бөпеш» сауда белгiсiнiң балаларға арналған киiмдерi мен қарағандылық шұлықтар сатылып жатады. Қарағандыныкi арзан болғанмен сапасыз, ал «Бөпештiкi» – керiсiнше, қымбат әрi сапалы. Сондықтан, түрiктiң немесе тайландтың осындай сападағы, бiрақ әлдеқайда арзан болып келетiн балалар киiмдерi бiздiкiнен өтiмдiрек. Сонымен, барлығы тағы да қаржыға және қыруар еңбекке келiп тiрелетiн түрi бар. Осы iстi тәуекелге бел байлап, бастап алып кететiн бiреу болса, қанекей. Бiрақ, күдiгi мен күмәнi көп, табысты боларына ешкiмнiң көзi жетпейтiн шаруаға араласу «көздi жұмып қойып, суға қойып кетумен» тең… Сондықтан бұл ойымызды тағы да құр қиялға балап, шетке ысырып қоятын секiлдiмiз. Ал, базарда сауда қызып тұр. Қазiр Қытай тауарының өзi бiркиер сапалы дүние саналатын болды, «Пекинский, фабричный» деп, оны қадiрлеймiз. Материалы нашар, түсi оңған бiр затқа кез болсақ, баяғыдай «атың өшкiр, қытай-ай» демеймiз, «мына қырғыздыкiнен қашан құтыламыз?» деп байбалам саламыз. Қазақтың кең даласында өскен мақтасы мен қойының жүнiнен тiгiлген, ұлттың иiсi аңқыған шүберегiн үстiмiзге iлер күн туар ма екен…