АУЫЛ ХИКАЯЛАРЫНАН
АУЫЛ ХИКАЯЛАРЫНАН
Алматы облысындағы Тоғызбұлақ колхозының орталығы Жалағаш тау бөктерiне орналасқан. Әлдихан қария тәнтi болған сынықшы Бәтiмхан апа осы ауылда тұрады. Бұл ауылда бұрын да журналистiк iс-сапармен бiрнеше рет болған едiм. Колхоз мал және егiн шаруашылығымен айналысады. Көрсеткiштерi де жаман емес. Басқа шаруашылықтардың алды болмаса да бел ортасынан орын алған.Қайта құру саясатының өрiс ала бастаған кезi. Жариялықтың әсерiмен жұрт қордаланған жайларды, түйiндi әлеуметтiк мәселелердi тартынбай айтып жатқанына да бiраз болған. Қоғамдық пiкiрдiң ықпалымен дiнге және талай жылдардан берi қудалау көрiп келген ел iшiндегi емшiлерге оң көзқарастар орын алған шақ. Бұл жолы әдеттегiдей колхоз кеңсесiне соқпай, бейтаныс жандардың жол сiлтеуiмен ауылдың орта тұсындағы Бәтiмхан Бейсенбаева апаның үйiне қарай тарттым. Сынықшы үйiнде болмай шықты. Ауладан қарсы алған егде кiсi: «Бәтiмханды осыдан сәл бұрын бiреулер жеңiл көлiкпен Кегенге алып кеттi. Сонда сынықтан зардап шегiп жатқан жанға қол ұшын бермекшi», – дедi. Кездесудiң сәтi түспесе де, ол кiсiнiң көмегiн алғандармен жолығуды жөн көрдiм.– Осы ауылда сол кісінің көмегін алған адамдар бар ма?Ондай жандар бар. Сізге солардың қайсысын айтсам екен. – Бір сәт қолымен жиырылған шекесін ұстап, үнтүнсіз тұрды да. – Осында Сәлімбек деген жекеше кооперативтің төрағасы бар. Жол апатына ұшырап, сынған сүйектерін осы кісіге салдырған. Соған жолыңыз. Жұмыс орны колхоздың құрылыс заттары тұратын қойманың бір бөлігінде.Түс әлетінде сонда бардым. Сәлімбек ұзын бойлы, ат жақты, еңгезердей кісі екен. Шаруамды айтып едім, миығынан мырс етті.– Неге күлдіңіз? Әлде сұрағым орынсыз болды ма?– Жоқ, шырағым, сұрағыңның жөні бар. «Адамның күні адаммен» деген нақылды білсем де, сол Бәтімханға күнім түседі деп ойламап едім. Қайта сыртынан талай рет былапыт сөз айтқаным бар. Соларым есіме түсіп кеткені ғой, – деп әңгімесін бастады. – Алдыңғы жылы Алматыдағы жұмыстарымды бітіріп, қайтып келе жатқанмын. Астымда су жаңа «Жигули». Шілденің күні ысып тұр. Тақтайдай тегіс жол. Ұйқы қысып, қайтақайта есіней бердім. Ойым алдағы өзенге жетіп, мұздай сумен жуыныпшайынып, сергіп алу. «Алексеевкадан» өткенімді білемін. Сол кезде көзім ілініп кеткен екен. Көзімді ашсам төңкерілген көлігімнің ішінде жатырмын. Сыртында бірнеше адам дабырлай сөйлеп, көлікті төрт доңғалағынан қойды. Тұла бойым қол тигізер емес. Сәл қозғалсам зар қақсап, қозғалтар түрі жоқ. Ыңырсыған үнімді естіген жуан дауысты бірі: «Тірі екен. Тездетіп шығарып алайық. Ал сен: «Жедел жәрдемді» шақырта бер, – деді жанында тұрған жігітке. Кабина жапырылып қалған. Олар есігін аша алмай біраз әлекке түсті. Білектей темірді әр жерінен сұққылай тартып, аштыау әйтеуір. Қос қолтығымнан демеп, көтере бергенде жаным мұрынымның ұшына келді. Қатты аурудан тағы да талықсып кетіппін. Есім қайта кіргенде «Жедел жәрдемнің» ішінде екенмін. Олар мені Есік қаласының ауруханасына алып келді. Оташы дәрігерлер бас сүйегі, оң жақ иығы, аяқтары сынған деп анықтама қойды. Өзара кеңесе келіп, Алматыға жіберетін болды. Ертеңіне Алматының № 4 ауруханасына әкеп жатқызды. Оташы, профессор Попов деген рентген түсірілімдерін қарап, сынған сүйектерімді қайта жалғағандай болды. Иығымды, аяқтарымды темірмен құрсаулап, төсекке таңып тастады. Әйелім қасымда. Қажеттіліктерімнің бәріне сол жүгіреді. Үш айдан кейін орнымнан тұратын халге жеттім. Сонда да сол жақ қолтығыммен балдақ, оң қолыммен таяқ сүйенбесем, өздігімнен жүре алмаймын. Әжетханаға сүйретіліп барып, сүйретіліп қайтамын. Мен үшін отырып тұру бір азап. Басым өзімдікі емес секілді. Мойынымды оң мен солға бұрсам зәңгіп кетеді. Белім де иретіле қисайып қалған. Балаларымды сағындым. Төрт айдан соң Попов: «Біз қолымыздан келгеннің бәрін жасадық», – деп шығарып салды. Аңсап көрген балаларыңның өзіңе жат көзбен қарағаны жаман екен. Үлкен ұлым бөтен біреуді көргендей, жаныма бірден жақындаған жоқ. Шошына қарап, құшағыма зорға кірді. Ал бес жасар кіші ұлым қанша әкелік мейіріммен шақырсам да үрке қарап, жаныма жоламай қойды. Шешесі де: «Балам, әкең ғой, бетіңнен сүйгіз», – деп жатыр. Ол басын шайқап: «Менің папам емес», – деп қашқақтай береді. Дүниеде өз балаңның өзіңді танымай қашқанынан өткен қорлық жоқ екен. Қорланғаным соншалық көкірегім қарс айырылып, көзімнен ащы жас парлап төгілді. Ертеңіне төргі бөлмедегі үлкен айна алдына бардым. Өз түрімнен өзім шошыдым. Айнаның арғы жағында мен емес, аузыбасы оңбай қисайған басқа бір құбыжық пішіндес біреу тұрған секілді. Басым бір жағына қарай қатты қисайып, бір көзім шарасынан шыға ақиып, бір көзім шүңет тартып, бет пішінім жан шошырлықтай мүлдем өзгеріп кеткен. Сонда балаларым түгілі өзімнен өзім қорықтым. Таяқ тастам жер жүрсем, қос өкпем қысылып, ентігіп қаламын. Бір апта солай өтті. Бұрын басымнан сөз асырмаушы едім. Менмендік мінезім де жететін. Тәубеге келуіме тура келді. Әйеліме: «Бәтімханға бар. Маған бір амалын жасасын» – дедім тілім күрмелгендей зордан сөйлеп. Ол: «Сыртынан талай рет сөз айтып едің. Енді маған бар дейсің. «Көзіме көрінбе» деп қуып жіберсе қайтемін. Жердің үстімен барып, астымен қайтпаймын ба?» – деді жүрексіне бәлденіп. Ашу қысып, жержебіріне жетіп, ұрсуыма тура келді. Ол амалсыз көнді.Бәтімхан салқын қабылдапты. Жағдайымды айтып, өтініш жасаған. Бәтімхан: «Күйеуің сыртымнан ғайбаттап жүргенін жақсы білемін. Жарайды, ауыз өзінікі ғой. Жылқының майын алып, сынықтарының үстінен жеті күн жақ. Содан соң қасыңа әлеуетті күші бар жанашыр біреуді ертіп келерсің», – дейді. Айтқанын мұқият істедік. Жылқы майы теріден өтіп, сүйектің біткен сынығын қайта босатады екен. Нағашым қарулы кісі. Соны шақыртып, айтқан күні үйіне бардық. Бәтімхан қолымен басымды, тұла бойымды ұстап шықты да: «Бас сүйегің күлталқан шыққан екен. Әр сынығы өз орнына түспесе, осылай қисық болып бітеді. Иығың да қисық біткен. Аяғыңның да сүйектері орнында емес. Оң жақ қабырғаң да сынған, – дегенде мен жұлып алғандай: «Дәрігерлер ондай анықтама берген жоқ», – дедім. Ол: «Олар айтпаса, мен айтып тұрмын. Оның үстіне бел омыртқаңның бір буыны да орнынан тайған. Беліңнің қисайып, жаныңды жеп ауыратыны содан», – деді. Ал керек болса! Дәрігерлер мұны да маған ескерткен емес. Ол бетіме тіктеп қарады да. – Бір қоятын шартым бар. Соны бұлжытпай орындаймын десең, сынықтарыңның бәрін қалыбына келтіріп беремін», – деді. Мен: «Шартыңызды айтыңыз. Қолымнан келсе орындаймын», – деп едім ол: «Арақ ішкеніңді ақитақи қоясың», – деді қатқыл үнмен. Ішім қылп ете қалды. Не айтарымды білмей тосылып тұр едім, ол: «Жан керек болса, менімен келіс. Ал келіспейді екенсің, мен сынықтарымды орнына салып береді деген үмітіңді ойыңнан шығар». Айтқанына көнбеске амалым қалмады. Үш рет қайталап, уәдемді бердім. Бәтімхан қолына төрт тақта шаршы ақ орамал алып, пәткілеп бүктеді де маңдайымды орай ұстап, екінші қолыммен босаған сүйектерді орын орнына қоя бастады. Орамал ұстаған қолы жайлап қысып жатыр. Әлден соң қарсы алдымда отырған нағашым: «Сәлімбек, сен енді өзіңе өзің ұқсап келесің, – деді таңданған үнмен. Аздан соң көздерінен от шашып, қолдарын шарт еткізді. – Міне, нақ өзің болдың!». Бәтімхан сынған иығым мен қабырғаларымды да орнына салды. Талған қолдарын бүгіпжазып тұрып: «Бүгінге осы да жетер. Омыртқаңның шыққан буынын ертең саламын», – деді. Шаршап, шалдыққанын көріп тұрсам да: «Жоқ, бүгін салыңыз», – деп қасарысып, отырған орнымнан қозғала қоймадым. Сыралғы жан ғой. Салдырмай кетпейтінімді, айтқанымнан қайтпайтын қыңыр мінезімді білетін. Сүт пісірімдей уақыт дем алып алды да, іске кірісті. Арқа жағымнан келіп, қос қолын қолтығымның астынан өткізіп, көкірек тұсымнан қапсыра ұстады да бір тізесін омыртқаның тайған буынына тіреп, қатты тартып қалғанда, жан дауысым шығып, сол қолымның шынтағымен оны қалай серпіп жібергенімді білмей қалдым. Бәтімхан шалқалай құлады. Сол бойда ауру да сап тиылып, жаным жай тапты. Ол орнынан тұрып, омыртқамды ұстап көрді де: «Омыртқаң орнына түсіпті. Енді орныңнан тұруыңа болады», – деді шаршаңқы үнмен. Бейне еш жерім ауырмайтын секілді. Сенерсенбесімді білмей орнымнан тұрдым. Нағашым таңданысын жасыра алмай: «Сәлімбек, бойың да оқтай болып түзелді. Сенбесең айнаға қара!», – деп құрақ ұшты. Шынында да баяғы денібасым сау қалыбыма келіппін. Үйге кірген бойда, балаларым тұстұстан жүгіріп келіп, құшағыма еніп жатыр. Қуанғаннан жанарым жасқа толды.Араға біраз күндер салып, өзімеөзім келген соң Алматыға жол тарттым. Поповпен амандасып едім, өңбасыма тесіле қарап: «Сіз кімсіз? Қандай шаруамен келдіңіз?», – деді. Мен медициналық кітапшамды алдына қойдым. Парақтап өзінің анықтамасын оқып шықты. Содан соң: «Сен сол Жеткергеновсің бе?» – деді таңдана қарап. Мен: «Иә, соның өзі боламын», – дедім. Ол тағы да тұла бойымды шолып шықты да: «Мәскеуде емделдің бе?..» – деп сөз аяғын жұтып қойды. Мен: «Жоқ, Жалағаштағы Бәтімхан деген сынықшы әйел бәрін орнына келтірді», – дедім. Ол ойланып отырып: «Ондай оташы дәрігерді естіген емеспін», – деді. Мен: «Ол кісінің арнайы медициналық білімі жоқ. Ел ішіндегі жүрген қарапайым сынықшы, – деп өзіне тікелей сауал тастадым. – Сіздер осындай ерекше қасиеті бар жандарды қудалай бермей неге пайдаланбасқа?». Ол едірейіп қарады да орнынан тұрып жүре берді.Кезінде ештеңенің байыбына бармай Бәтімханның сыртынан ғайбат айтқаныма күні бүгінге дейін қысыламын. Ал арақты ақитақи тастадым. Содан бері досжарандарым да азайып кетті.Қайтар жолда колхоз ауруханасына соқтым. Мұнда бірнеше ауру түрлері емделеді екен. Бас дәрігер оташыны шақыртты. Жасы қырықты алқымдап қалған мұртты жігіт есіктен кірді. Екеуміз оңаша отырып, Бәтімхан апа жайында пікір алыстық. Ол менің қойған сауалдарыма орай жауап берді. «Осы ауруханаға келіп, жұмыс істеп жатқаныма да жетісегіз жыл болды. Алғашқыда Бәтімхан апаға күмәнмен қарадым. Әр түрлі апатқа ұшыраған жандардың сынықтарын салғанын көрген соң ғана күмәнім сейілді. Жоғары білімі болмаса да қолы епті екен. Табиғи талант. Анаумынау сынықтарды өзім реттей беремін. Ал тым күрделі болса, сол кісіге сілтеп жіберемін, – деді ағынан жарылып. Сөзінің соңында – Бізге ол кісіні білмейтіндер, қазақы емге сенбейтіндер келеді. Ал білетіндер бірден сол апаға барады», – деді.Бір жолы қонақта таныс жігіт: «Баламның басы ауыра берген соң, дәрігерлерге алып бардым. Олар: «Бас сүйегі ішінде қысымы бар», – деп бірнеше ем түрлерін жазып берген. (Внутри черепной давление). Бірақ дәрідәрмектен баламның бас ауруы жазыла қоймады. Көршім: «Осында Бәтімхан деген сынықшы апа бар. Балаңды сол кісіге көрсетсейші», – деді. Қазақы емге онша сенбеуші едім, айтқанына құлақ асқаным жоқ. Балам басын төсектен алмай жылай берген соң, жаным шыдамай сол Бәтімхан апаға баруыма тура келді. Ол кісі баламның басын орамалмен сығып, өзгеше ем жасады. Ертеңінеақ балам мүлдем бас ауруы болмағандай шапқылап, ойнап шыға келді. Біз кейде шын емшілер мен шарлатандарды ажырата алмай қаламыз да оларға сенімсіздікпен қарайды екенбіз. Ал Қытайда халық емшілерін тиімді пайдаланады екен», – деді.Ел құрметіне бөленген сынықшы Бәтімхан Бейсенбаева туралы хикаяның бір парасы осы.
Көлбай Адырбекұлы