Оңтүстiк Қазақстан: ТАЛТАҢДАҒАН МАИ, ТАЙРАҢДАҒАН ЖҮРГIЗУШI
Оңтүстiк Қазақстан: ТАЛТАҢДАҒАН МАИ, ТАЙРАҢДАҒАН ЖҮРГIЗУШI
Оңтүстiк Қазақстан облыстық iшкi iстер департаментiне қарасты жол полициясы басқармасында бастық ауысты. Бұл лауазымды өткен жылдың желтоқсанынан берi атқарып келе жатқан Аманқұл Қасымбеков қызметiнен кеттi.
Жалпы жол полициясы басқармасының бастығы болып келген азаматтардың орнында тұрақтай алмауы, қызметiнен дау-дамаймен босатылуы кейiнгi жылдары әдетке айнала бастаған сияқты. Соңғы 5–6 жылдың көлемiнде аталған басқармада алты рет басшы ауысыпты. Ішкi iстер органдарындағы ең жайлы орын саналатын жол полициясының бастығы болу екiнiң бiрiне бұйыра бермейтiн бақ қой. Сұңғат Тiленшин мен Сырым Абдуллаевқа мұндай бақ екi-үш ай ғана бұйырды. Бұдан кейiн көше сақшыларына жетекшiлiк жасаған Мейрамбек Шәкеновтың үстiнен қылмыстық iс қозғалып, қызметiнен кеттi. Жаңа бастық Мұхтар Қожабаев та көп тұрақтай алмады. Оның орнынан босауына аттастациядан өте алмағаны себеп болды деген әңгiме бар. Ал Нұрлан Қарабаев қызметiнде екi-үш жыл отырғанымен үстiнен арыз шағым жазылып, оның соңы у шуға ұласты. Ақыры ол былтыр Шымкент қалалық патрульдық полиция полкiнiң басшылығына ауысқан. Ендi мiне, келгенiне жыл толмай жатып Аманқұл Қасымбеков те жылы орнын суытты. Оның қызметтiк дәуiрiнiң тәмамдалуына прокуратураның тексеруi себеп болды. Тарқатып айтайық.
Жуырда облыстық прокуратура жол полициясының биылдың алты айындағы жұмысына тексеру жүргiзiп, бiрқатар заңбұзушылдықтарды анықтаған. Бар гәп айыппұлдан шығып отыр.
Биылдың алты айында облыста жүргiзушiлерге салынған айыппұлдың көлемi 175,3 миллион теңгенi құрап, оның бар-жоғы 52,7 миллионы ғана өндiрiлген. Яғни өндiрiлгенi өндiрiлмегеннiң үштен бiрiне де жетпейдi. Былтырдың өзiнде 327 миллион теңге, биылдың алты айында 123 миллион теңге айыппұл қазынаға түспеген. Прокурорлардың айтуынша, жол полициясы тарапынан бұған жеткiлiктi деңгейде шара көрсетiлмеген. Бұдан кейiн көлiк иелерi тайраңдап кетпегенде қайтсiн?!
Шымкенттiң көшелерiнде орнатылған фотрадарлар биылдың жарты жылында 10 және одан да көп жол ережесiн бұзған 300 автокөлiктi анықтап берiптi. Тiптi жол ережесiн әлденеше жүз рет бұзып, «ГАИ»-дың кезiнде қазынадан қыруар қаржы бөлдiрiп алдырған қондырғыларын мазақ еткендер де табылып отыр. Мәселен А080 LSO нөмiрлi көк түстi «Дэу Нексия» көлiгi 252 рет ереже бұзып, бас-аяғы 5 миллион теңгеге жуық айыппұл жинаған. Мұндай «рекордсмен» нөмiр тексеру кезiнде Алматы қаласындағы «Ауди 80» көлiгiне тиесiлi болып шығыпты… Адамнан қулық артылған ба?!
Жалған нөмiр тағып алып, «алатаяқтылардың» өзiн сан соқтырғандардың iшiнде құрыққа түскендер де бар. Облыстық прокуратураның араласуынан кейiн «фотоаппараттың» назарына 30 рет iлiнiп, 748 440 теңге берешегi бар А150 FCM нөмiрлi «Тойта Камри» көлiгi ұсталып, автотұраққа жiберiлген. Кейiннен анықталғандай бұл көлiктiң де нөмiрi жалған болып шыққан.
Бiрақ жол полициясы осындай жалған нөмiрлердi жасайтындарды жауапкершiлiкке тартуға асықпағанға ұқсайды. Прокурорлар бұл iске бiлек сыбана кiрiскеннен кейiн ғана олар осындай нөмiрлердi жасайтын бiр азаматты анықтапты. Қазiргi уақытта оның үстiнен әкiмшiлiк iс қозғалып, тиiстi орындардың қарауына берiлген.
– Заң бойынша мемлекеттiк жалған құжаттарды жасағандарға қылмыстық жауапкершiлiк қаралған. Ал көлiктiң нөмiрi мемлекеттiк құжатқа жатпайды. Сондықтан нөмiрдi жасайтын азаматтардың үстiнен тек әкiмшiлiк iс қозғаумен шектелiп отырмыз. Бiрақ қазiргi уақытта Бас прокуратураға осындай әрекет үшiн қылмыстық жаза қолдану қажеттiгi жөнiнде ұсыныс берудемiз, – дейдi журналистерге арнап өткiзген брифингте облыстық прокуратура басқармасы бастығының орынбасары Батыр Ергешов.
Десек те торға түскендер әзiрге тек шабақтар ғана. Ал ереже бұзудан «чемпион» атанып, бiрақ әзiрге таптырмай жатқандар жетерлiк. Мәселен, Х585 CPM нөмiрлi «Ауди А6» көлiгi 227 рет ереже бұзып, 4,3 миллион теңгенi құрайтын айыппұл жинаған. Ал, А009 VYN нөмiрлi «Porshe cayene» автокөлiгi «фотоаппаратқа» 73 рет «тегiн» түсiп, 1,4 миллион теңгесiн төлемей кеткен. Қазiр фоторадардың назарына 1608 рет iлiгiп, 33 миллион теңгеден астам айыппұлдың иесi атанған 55 көлiкке iздеу жарияланыпты. Олардың әрқайсысы кемiнде 10 реттен ереже бұзған көрiнедi.Прокуратура 8 қыркүйекте жол полициясы басқармасы қызметкерлерiне 908 рет ереже бұзып, 18 миллион теңгеден астам айыппұл салынған 8 көлiктi (барлығының нөмiрлерi «крутой») анықтауды тапсырған екен. Алайда көше сақшылары оларға осы уақытқа дейiн шара қолданбаған.
«Бәлкiм жол полициясының осыншама көлiктi iздеуге шамасы жоқ шығар» дерсiз. Жоқ, жеткiлiктi екен. Жол полициясы басқармасының баталъонi мен ротасында 272 қызметкер бар. Бұдан бөлек арнайы компьютерлермен, жылжымалы ноутбуктермен, минимобильдi компьютерлермен жабдықталған. Осыдан кейiн прокуратура әрекетсiздiгi үшiн жол полициясындағы жауапты қызметкерлердiң тәртiптiк мәселесiн қарау туралы iшкi iстер департаментiне ұсыныс берген. Ал iшкi iстер департаментiнiң бастығы қызметiне жуырда ғана тағайындалған Асқар Оспанов бұл ұсынысты жерде қалдырған жоқ.
– Прокуратураның тексеруiнен кейiн iшкi iстер департаментi жедел шара қолданды. Кемшiлiктерге байланысты жол полициясы басқармасының бастығы және 7 қызметкер лауазымынан босатылды. Бұдан бөлек 1 қызметкер iшкi iстер органдарынан кеттi, – деп мәлiмдедi өткен аптада облыстық iшкi iстер департаментi баспасөз қызметiнiң жетекшiсi Салтанат Қаракөзова.
Қазiр облыстың жол сақшылары рейдтiк шаралар жүргiзiп жатыр. Айыппұлын төлемеген азаматтар анықталып, көлiктерi айыптұрақтарға қойылуда.
Бос тұрған жол полициясы басқармасының бастығы қызметiне ендi кiмнiң келетiнi, оның қанша уақыт аялдайтыны әзiрге белгiсiз.
Шымкент қаласы
13.10.2011