МҰНАР IШIНДЕГI МҰНАРАЛАР

МҰНАР IШIНДЕГI МҰНАРАЛАР

МҰНАР IШIНДЕГI МҰНАРАЛАР
ашық дереккөзі

Маңғыстау – майлы қиян

Ел аузында Маңғыстау бойында ертеде 360 әулие тақуалық өмiр сүрiп, өздерi тiрлiк кешкен ортасында адам айтса сенгiсiз түрлi кереметтер жасап, ел-жұртына қалтқысыз қызмет еткендiгi ежелден шынайы сенiммен айтылады. Кiм бiлсiн, солай да болған шығар, әйткенмен, қазақта майлы түбек – Маңғыстауды шын жүрегiмен сүйген, қалтқысыз жырлаған бiр ақын болса, ол – Төлеген Айбергенов болғандығына ешкiм шәк келтiре қоймасы хақ. Төлеген ақын мәңгi өлмес өлең-жырларымен әрбiр оқырман, әр қазақтың жүрегiнде киелi Маңғыстауға деген мәңгiлiк сағыныштың нәрiн құйды, шамын жақты. Әр қазақ Маңғыстауды Төлегенше сүюдi мақсат тұтты. Сондықтан да қазақтың көрнектi ақындарының бiрi Қуандық Шаңғытбаев ағамыз: «Менiңше, Төлегеннiң нағыз ақындық дарынын танытқан кезi «Маңғыстау саздары» деп аталатын жырларын жазған тұсы тәрiздi. «Сырласу», «Шевченко – мұнай ордасы», «Мұнаралар», «Төстегi жаңғырықтар», «Күйлер», «Ей, менiң ақын бауырым» деген романтикалық пафосқа толы өлеңдердiң әрқайсысы қазiргi қазақ поэзиясының ең таңдаулы нұсқалары десек, асырып айтқан болмас едi», – деп ақ жүрегiмен ақтарыла жазған болатын. Ал мәңгiлiк жас ақын Төлеген Айбергенов Маңғыстауға ынтызарлығын:

Көрсең ғой, шiркiн, бәрiн де көзбен көрсең ғой,

Жатыр-ау менiң жазира далам өлшенбей.

Осынша сазбен ынтызар қылған аймаққа

Бiр әсем дария керек-ақ екен дәл сендей…

Өр ағыс керек теңiздi тентек тербеген,

Құс Жолы керек омырауы толған зерменен.

Бәрiн де тастап осылай қарай ағар едiм-ау, әттең-ай,

Дария болып жаралған болсам Жерге мен», – деп елден ерек ойлы жыр жолдарымен жеткiзген болатын.

Апыр-ау, ақынды соншалық ынтызар еткен Маңғыстаудың қандай қасиетi? Сырт қарағанда сұрықсыз, қатал көрiнетiн маң дала, сұрқай өңiрге жаны нәзiк ақын неге соншалықты құмар болды?

«Сарыарқа» – қазақ рухының салтанаты

Ақтау қаласындағы халық көп шоғырланатын «Ынтымақ» орталық алаңы нағыз ұлын, елiн, жерiн сүйетiн өрендердiң мекенiне айналмақ. Дәл осы алаңда Құрманғазы Сағырбайұлына ескерткiш орнатылып, барша жұртқа қуаныш сыйлады. Ат мiнген айбозым күйшiнiң мүсiнi таза қоладан жасалған. Ал тiреуiмен қоса есептегенде, ескерткiштiң жалпы биiктiгi – 11,7 метрдi құрайды. Ескерткiштiң авторы – танымал мүсiншi Көшер Байғазиев. Оған шамамен 146 млн. теңгеден астам қаражат жұмсалған. Шын мәнiнде, Маңғыстау өңiрiнде күй атасы – Құрманғазыға ескерткiш қою нағыз қазақылықтың көрiнiсi. Себебi, Құрманғазының күйлерi қазақ елi өмiрiнiң әлеуметтiк жыр-сыры, азаткерлiк рух ұраншысы iспеттi. Оның «Ақбай», «Ақсақ киiк», «Түрмеден қашқан», «Адай» күйлерiнде халықтың бостандықты көксеген арманы, әдiлетсiздiкке қарсылығы, қоғамдық мүдделердiң өзара қақтығысы тұнып жатыр. Қазақтың қара домбырасының күй пернелерiн қалқытып, қазақ даласын әуездi жырға бөлеген Құрманғазы Сағырбайұлына ескерткiш ашып, атын асқақтату – келер ұрпақтың алдындағы абыройлы мiндет екенi белгiлi. Мiне, осы үдеден шығып жүрген Маңғыстау облысы әкiмдiгi қашан да рухани, мәдени мұрамызды түгендеп, үлгi болып жүр.

Ескерткiштiң ашылу рәсiмiне Маңғыстау облысының әкiмi Қ.Көшербаев, Қазақстанның Халық жазушысы Ә.Кекiлбаев, Ақтау қаласының әкiмi О.Қазақбаев қатысты. Салтанатты шарада сөйлеген облыс әкiмi Қ.Көшербаев әр ұлттың ерекшелiгi оның тiлi мен дiнiнде, салт-дәстүрi мен саз өнерiнде екенiн айта келiп, Құрманғазының тарихтағы орнына қысқаша тоқталып өттi.

– Мынау ашылғалы тұрған ескерткiш – ұрпағының Құрманғазыға деген құрметi, – деген облыс әкiмi жиналған жұртты үлкен қуанышымен құттықтады. Одан соң сөз алған Халық жазушысы Әбiш Кекiлбаев: «Құрманғазы – бүгiнгi бар сахнаның ажары, бар салтанаттың базары. Қазақ тойларының оның күйiнсiз мәнi жоқ», – дей келiп, әйгiлi күй атасының қазақ өнерiндегi орнын жоғары баға бердi.

Расында да, қазақ мәдениетiн Құрманғазысыз елестету әсте мүмкiн емес. Қазақ бар да, Құрманғазының қара домбырасынан туған өлмес күйлерi ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келедi. Тiптi, аттың үстiнде қасиеттi домбырасын ұстап тұрған күй атасы қазақ даласын ерекше бiр рухқа бөлеп тұрғандай. Ақтау қаласының қақ ортасындағы гүлзарға оранып, халыққа қызмет етiп тұрған облыстық Бекет ата мешiтiнiң құрылысы басталғанда, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев оны өзiнiң назарында ұстап, мешiт пайдалануға берiлгеннен кейiн арнайы келiп, дұға оқып, қасиеттi Құран кiтабын сыйға тартқаны жұрт есiнде.

Мұнайлы өлкенiң тасы өрге домалауда

Маңғыстау – елiмiздiң өндiрiске толы киелi өңiрi. Елбасының Үкiмет пен облыстар алдына қойған экономиканың жыл сайынғы жетi пайыздық өсiмiн қамтамасыз ету жөнiндегi тапсырмасын орындау Маңғыстау облысында да басты мiндет болып табылады. Облыстың әлеуметтiк-экономикалық дамуының негiзгi бағытын айқындайтын – «Индустриалды-инновация», «Инвестор. Өнiмдiлiк», «Жұмыспен қамту», «Бизнестiң жол картасы», «Тұрғын үй-коммунальдық шаруашылығын жаңғырту», «Ақбұлақ» ауыз-су бағдарламалары жүзеге асуда. Бұл бағдарламалар өңiрдегi экономиканың жалпы тұрақтылығын, дағдарыстан кейiнгi өсу деңгейiнiң көрсеткiштерiн айғақтайды. Оның айқын дәлелi – 2010 жылғы республикалық рейтинг қорытындысымен Маңғыстау облысы елiмiздегi 16 өңiрдiң iшiнде әлеуметтiк-экономикалық даму қарқыны бойынша бiрiншi орынға шықты. Қазiргi таңда облыс өнеркәсiпшiлерi бұл межеден түсiп қалмау үшiн тер төгуде. 2011 жылдың 8 айында-ақ осы секторда өнiм көлемi өткен жылмен салыстырғанда артып отыр.

Бүгiнде аймақта iрiлi-ұсақты мұнай-газ кен орындарымен қатар көмiрдiң, барит рудасының, битум құмдағының, фосфориттiң, минералды тұздың, құрылыстық тастың тағы да басқа пайдалы қазбаның қомақты қорлары көп. Биыл Маңғыстау мұнайына 50 жыл толып отыр. Маңғыстаулықтардың көптен күткен қуанышы жергiлiктi билiктiң ұйымдастыруымен үлкен мерекеге ұласқан.

Облыста «Жер-Теңiз-Аспан» мегажобасы қолға алынып, аймақтың оңтайландырылған жоғары технологиялық экономикасын және әлемдiк қатынастарға негiзделген үйлесiмдi интеграциясын қамтамасыз етедi. Бұл жоба экономиканың барлық негiзгi бағыттарын жедел өркендетудi қамтамасыз етедi. Сондай-ақ Каспий теңiзiндегi теңiз-мұнай операцияларының жағалау инфрақұрылымдарын жабдықтауды қолға алуда. Осы орайда облыстық әкiмдiктiң мұрындық болуымен Мұнай және газ министрлiгiнде жағалау инфрақұрылымын дамытудың кешендi жоспарын жаңартуда басымдық танытатын нысандар құрылысын жүргiзудi анықтайтын арнайы жұмысшы тобы құрылған.

Өңiрдегi екiншi арнайы экономикалық аймақ – «Каспий» арнайы экономикалық аймағын құру бойынша да жұмыстарға жан бiттi. «Өзен – Түркiменстан» темiржол желiсiнiң «Болашақ» стансасы, ондағы Шекара маңайлық ынтымақтастық орталығы, сондай-ақ «Кендiрлi» курорттық демалыс орны да аталмыш экономикалық аймақтың құрамдас бөлiктерi болмақ.

Индустрияландыру жобасының ошағы

Елiмiзде соңғы кезде қолға алынған Индустрияландыру картасына өңiрден 21 жоба енгiзiлген. Олар кезең-кезеңiмен жүзеге асуда. Айталық, 2010 жылы оның тоғызы пайдалануға берiлдi. Ағымдағы жылы Елбасы жобаларының тұсаукесерiнде Түпқараған ауданында «Қазахстан Каспиан Оффшор Индастриз» ЖШС «Теңiз металл» құрылғыларын шығаратын өнеркәсiп кешенi құрылысы» жобасының бiрiншi кезеңi iске қосылды. Ал ағымдағы жылдың соңына таман жалпы сметалық құны 75 млрд. теңге болатын, ең бастысы, 2 мың адамдық жұмыс орнын қамтитын тағы да 9 өндiрiстiң тамырына қан жүрмекшi. Өңiрде бес жылдың iшiнде бiрнеше зауыт iске қосылды.

Бүгiнде аймақ экономикасына 178 млрд. теңге инвестиция тартылыпты. Бұл Каспий теңiзiнiң әлеуетiнiң артқандығын айғақтайды. Каспий қайраңын барлап, одан мұнай-газ өндiру жөнiндегi ауқымды жоба басталып кеттi. Маңғыстау облысының акваториалдық бөлiгiнiң геологиялық ресурсы iздестiру барлау, оның iшiнде сейсмикалық жүргiзiлген жұмыстардың бағалау қорытындылары бойынша: Бозашы аймағы мезозой кешенiнiң теңiз бөлiгiнде 3 тен 5 млрд. тоннаға дейiн; Оңтүстiк Маңғыстау аймағы мезозой кешенiнiң теңiз бөлiгiнде 1–2 млрд. тоннаға дейiн көмiрсутек қоры бар. Сондай-ақ облыста энергетикалық қауiпсiздiгiн қамтамасыз ететiн минералды шикiзатын кешендi дамытудың тұжырымдамасы да жасалды. Соған байланысты энергияға деген қажеттiлiктi қамтамасыз ету мәселесi «МАЭК-Казатомпром» ЖШС базасында қуаты 200–250 мВТ болып, 2012 жылы пайдалануға берiлетiн булы газ қондырғысы құрылысын салу арқылы шешiлмек. Облыста газдың пайдалануға болатын жалпы ресурсы 210 млрд. текше метрдi құрайды. Жыл сайын 3–3,5 млрд. текше метр газ пайдаланғанның өзiнде бұл қор 60 жылдан астам мезгiлге жетедi екен.

Мұнайшылар елi болып табылатын Маңғыстау өңiрi соңғы кездерi адам танымастай болып өзгердi. Өрлеу мен өркендеу жоында қарыштап дамып жатқан Ақтау қаласы Каспий теңiзiнiң жағалауындағы аса көрiктi қаланың бiрiне айналды. Қазiргi таңда облыстағы халықтың саны да өсiп келедi. Осыдан бес жыл бұрын облыста 375 мың адам тұрса, бүгiн оның саны 521 мыңға жеттi. Бұл өндiрiстi өңiр халқының жылдан-жылға өсiп, өркендеп жатқандығын дәлелдейдi.

Жәнiбек Әшiм13.10.2011