ЖОЛАҚЫ ҚЫМБАТ! АЛ ҚЫЗМЕТ САПАСЫ?..
ЖОЛАҚЫ ҚЫМБАТ! АЛ ҚЫЗМЕТ САПАСЫ?..
Шiлдеде Тараз қаласындағы қоғамдық көлiктiң бағасы қымбаттағаны белгiлi. Бағаның жоғарылауы қанша жерден ел наразылығын туғызғанымен, тiптi бiрден 15 теңге (бұрын болмаған цифр) қосылып отырса да, мұны уақыт талабы деп қабылдадық. Оның үстiне, көлiк тасымалын жүзеге асыратын кәсiпорындардың «автобустарды жаңартуға тиiспiз» деген уәжi бар. Қаламыздың көркiн бұзған қираған троллейбус, қиқы-жиқы автобустарға етiмiз өлiп, соның кесiрiнен тиiстi жерге уақытында жете алмай, әбден зәрезап болып бiтiп ек. Бұл сөзге шынымен қуанып қалдық.
«Қазақпарат» мәлiметiне көз жүгiртсек, биыл Таразда бiрде-бiр көлiк сатып алынбаған. Ендi тасымалдаушылардың шiлдеден бергi берген уәделерiне қаншалықты берiк екендiгiн байқайық. Бүгiнгi күнi тек «Саят» ЖШС-i ғана екi автобус сатып алып үлгерiптi. Бұдан бөлек,«ӘулиеатаТрансПасс» ЖШС (бұл кәсiпорын биыл ғана «Бизнестiң жол картасы 2020» бағдарламасы арқылы қомақты субсидияға ие болған) 33, «Керуен» ЖШС 15, «Экспресс 05» ЖШС 5 және «ТаразТрансМоторс» ЖШС 15, барлығы 68 автобус жыл соңына дейiн сатып алынуы тиiс. Және бұл үрдiс биылғы жылмен шектелiп қалмауы керек. Өйткенi, 68 автобус ештеңенi шешпейдi. Сонымен қатар, қалада осы бесеуi ғана емес, бақандай 13 кәсiпорын қызмет көрсететiнiн ескерсек, бұл әзiрге төмендеу көрсеткiш екенiн де мойындағанымыз жөн секiлдi. «Басқалары не бiтiрiп жатыр?» деген заңды сауал кез-келген жанның көкейiнде туындауы мүмкiн. Баға барлығына бiрдей өстi емес пе?
Қалалық тұрғын жай-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлiгi және автомобиль жолдары бөлiмi аталған кәсiпорындардың қызметiн бақылайды. Мамандар бекiтiлген кесте бойынша әртүрлi аялдамаларда тексеру жүргiзiп, көлiктердiң техникалық, санитарлық-эстетикалық жағдайына, аялдамаларға дұрыс тоқтауына, белгiленген жүру кестесiн қатаң сақтауына мән бередi. «Жолақы қымбаттағалы берi бұл жұмыс күшейтiлдi, қандай да бiр кемшiлiктер анықталса, оны жою үшiн нақты мерзiмдер белгiленiп, тасымалдаушыларға ескертулер берiлуде. Егер жүргiзушiлер мен жолсерiктерге қатысты арыз-шағымдар түсiп, ол шағым орынды болса, жұмыстан босату немесе 5–10 күнге шеттету секiлдi қатаң шара қолданамыз», – дейдi бөлiм бастығы Б. Жақсылықов. Алайда, нақты фактiлер, мысалдар келтiрiп, қай кәсiпорын жемiстi жұмыс iстейтiнiн, ал, қайсысында жұмыс жүйелi жүрмей, жолаушылардың ренiшiн тудырып жатқаны жайлы мәлiмет ала алмағанымыз өкiнiштi. Өйткенi, бiздiң оқырмандарға олардың қызмет сапасы, қай кәсiпорынның, жалпы қай бағыттағы автобус тасымалдаушыларының көш басында тұрғаны қызықты болар едi. Күнделiктi өмiрде автобус жүргiзушiлерi және кондукторлармен жиi келiспей қалып жатамыз. Автобус жүргiзушiлерi бiр-бiрiмен жарысқанымен қоймай, жолаушыларды балағаттайды. Мұнда қызмет көрсету мәдениетi, жоғары сервис туралы бiрдеңе деудiң өзi орынсыз. Бiрақ, жәбiр көргендердiң барлығы бiрдей шағымдана бермейдi. Соған қарап қадағалаушы мекеме тасымалдау қызметiнiң сапасында кiнарат жоқ деп ойлауы мүмкiн. Дегенмен, сол үшiн ыңғайлы мүмкiндiк жасалса, бөлiм арыздың астында қалар едi-ау дейдi екiншi бiр ойымыз. Соңғы уақытта 27 бағыттағы автобустардың Қант поселкесiндегi оқушы балаларға тоқтамай, жандарынан зыр етiп өте шығатынын оқта-текте көрiп қалам. Әрине, өйткенi олардың оқушыларға арналған жүру билетi бар ғой, ақша төлемейдi. Бұған да тұрғын жай-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлiгi және автомобиль жолдары бөлiмi бей-жай қарамаса керектi.
Салада алға ұмтылушылық, соны серпiн байқалады. Оның жанды дәлелi ретiнде заманауи үрдiстерге бет бұруын атап өтуiмiзге болады. Таяуда «Көлiк және коммуникация ғылыми-зерттеу институты» ЖШС-мен келiсiм шарт жасалды. Оған сәйкес, бағыттарға жаңа технологиялар енгiзу, бағыттардың саны мен жүру тәртiбi, кестелерi, оларды оңтайландыру бойынша кешендi сызба жасалмақ. Оған жергiлiктi бюджеттен 10 миллион теңге бөлiнген. Аталған құжат қараша айында толық әзiр болады.
Сызбаға сәйкес, көлiк инфрақұрылымын дамыту (көше-жол желiсi, аялдама пункттерi, бұрылатын алаңдар мен көлiк мекемелерi) және жылжымалы құрамдар паркiн жетiлдiру, автобус iшiне аялдама атауларын хабарлап, бағыттағы көлiктердiң қозғалысын бақылап отыратын құрылғылар орнату, диспетчерлiк қызметтi ұйымдастыру iсi жүргiзiлмек. Сондай-ақ, бiзде қала iшiндегi бағыттар саны тым көп. Оның ауқымын шектеп, оңтайландыру жұмыстары да осы сызбаға сәйкес қолға алынады.
Бiздiң әбден ескiрiп, тоз-тозы шықса да, бағытынан жаңылмаған троллейбустарға айтылатын базына көп. Биыл осы олқылықтың орны толатын секiлдi. Қалалық бюджеттен 15 миллион теңге бөлiнiп, 12 троллейбус сатып алынғалы отыр. Және екi троллейбус бағыты қайта жүргiзiледi.
Бiздегi мемлекеттiк тiлдiң жалпы қолданысын бұзып жүргендердiң бiрi – кондукторлар. Шындығына келсек, олардың тiлiмiздi «дамытудағы» ролi мұғалiмдерден де зор. Оның дәлелi көп. Мәселен, ауылдан алғаш келген бала өзi бұрыннан бiлетiн Лермонтов, Сейфуллиндердiң не себептен «женский родта» аталып кеткенiне терең мән берiп жатпай, өзi де бiрден солай атауға көшедi. Ел қатарлы сөйлемесе ұят-тағы. Оның баяғыдан қалыптасқан ұғымы өзгередi. Өзгертетiн кiм, әрине, кондуктор. Ал атауларды қазақша атай қалса, бiртүрлi тосын әрi, мойындауымыз керек, жүрекке жылы тиедi. Сондайды құлағы естiп, көзi көргендер жүрген жерiнде қуана әңгiмелеп немесе сол жерде-ақ ақжарма ризашылығын бiлдiрiп жатқанын талай көрдiк. Өйткенi тiл мерейi – ел мерейi. Автобустың iшiнде көңiлiңде ерiксiз бiр мақтаныш сезiмi пайда болатыны өтiрiк емес…
Қазiр кей кондукторлар қос тiлде хабарлап жүр. Ол да жаман емес. Бiрақ, бақылаушы орган тарапынан да тиiстi жұмыстар жүргiзiлуi керек сияқты. Үстiмiздегi жылдың 29 шiлдесiнде қала әкiмiнiң орынбасары Күлiмхан Тоғызбаева көлiк тасымалдаушылармен арнайы жиын өткiзiптi. Онда қалалық мәдениет және тiлдердi дамыту бөлiмi әзiрлеген аялдамалардың қазақша атауларының тiзiмi таратылып берiлген. Қуанарлық жайт. Бiрақ, соны кондуктор мырзалар құлағына iлiп, көңiлге мықтап түйсе жақсы-дағы.
Бәрiне уақыт төрешi. Қызметтiң ақысы қандай болса (автобус – 45 теңге, шағын автобус – 55 теңге, студенттерге жеңiлдiк жоқ – байқасақ, елiмiздегi үлкен мегаполистердiң тарифiмен теңесiп қалыппыз), көрсетiлер қызмет сапасы да соған сай өзгередi деп алдағы күндерден үмiттенгеннен басқа шарамыз жоқ.
Жамбыл облысы
13.10.2011