Жексенбі, 29 Қаңтар, 2023

ТӘУЕЛСIЗ ЕЛГЕ — ТӘУЕЛСIЗ ТIЛ!

Жақында баспасөз беттерiнен, ғаламтордан ҚР Мәдениет министрлiгi әзiрлеген "Қазақстан Республикасының кейбiр заңнамалық актiлерiне мемлекеттiк тiл саясаты мәселелерi бойынша өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы" Заң жобасын оқыдық. Өкiнiшке қарай, Заң жобасын қолдаушылардан гөрi мемлекеттiк тiлдi "қорлаушылар" көбейiп кеттi. Қарсы шығушылар қарасының көп болуын әлдебiр арам пиғылды топтардың заманауи технология мүмкiндiктерiн пайдалана отырып жасаған жымысқы әрекеттерi деп топшылаймыз. Сол топтар балабақшаларды қазақтiлдi ету арқылы мемлекеттiк тiлдi енгiзу керек деген идеяға да жаппай қарсы шықты. Яғни олардың (қазақ тiлiне қарсы топтың) бүгiн де, ертең де, тiптi 20-30 жылдан кейiн де қазақ жерiне қазақ тiлiн кiргiзгiсi жоқ!

Осы заң жобасына байланысты қазақ зиялылары бастаған бiр топ адам қол қойған Ашық хат Елбасы Н.Назарбаевтың атына жолданды. Ашық хатта бәрi анық, айқын көрсетiлген. Айтылған талап-тiлектi құптаймыз, толық қолдаймыз.

Конституцияның 7-бабының 2-тармағын алып тастау – уақыт талабы. Қоғамдық орындарда, мемлекеттiк органдарда мемлекеттiк тiлдiң қолданылмауына осы бап тармағы себеп болып тұр. Нелiктен қазақ жерiнде тұратын кез-келген адамға тек қана қазақша сөйлеу керектiгiн талап ете алмаймыз! Қазақ жерiнде өмiр сүре отырып, барған мекемеңе келген шаруаңды мемлекеттiк тiлде түсiндiре алмайсың! Анығында сенi ешкiм түсiнбейдi. Бетiңе бажырая қарайды да, "орысша айт, әйтпесе жөнiңе кет" деген сыңай танытады. Өзiнiң Конституциялық құқығын алға тартып, "орысша сөйлеуге, жұмыс атқаруға құқығым бар" дейтiндердi күнде көрiп жүрмiз. Ал сонда қазақтiлдiлерге өз тiлiнде қызмет көрсетiлуi Конституцияға қайшы болғаны ма?!

"Үштұғырлы тiлдi" балабақшадан бастап енгiзу – тамырымызға балта шабумен тең. Өз тiлiн табанының астына басып, өзге тiлде сайрайтын ұрпақ өсiру – мемлекеттiгiмiзден айырады. Сондықтан балабақшадағы сәбилер тек қана мемлекетттiк тiлде тәрбиеленуi қажет.

Тәуелсiздiк алғанымызға 20 жыл! Басқа ұлт түгiл, кейбiр қандастарымыздың өзi мемлекеттiк тiлдi үйренгiсi келмейдi. Оған "кiнәлi" "солқылдақ" Заң ғана емес, министрлiктердiң жалтақ қызметкерлерi, депутаттардың немқұрайлылығы. Өйткенi заңды ұсынатын – Министрлiк, қабылдайтын – Парламент. Ұлттық мәселелерге келгенде билiк тiзгiнiн ұстап отырғандардың өзгелерге (басқа ұлт өкiлдерiне) жалтақтауы ұят. Тiлi тәуелдi елдiң салт-дәстүрi, мәдениетi күңгiрт тартып, ұлттық құндылықтары құрдымға кетедi. Тiлiмiз тәуелдi бола тұра, тәуелсiзбiз деп айту мүмкiн емес. Сонда Тәуелсiздiктiң 20 жылдығын қалай тойламақпыз?!

"Екi қошқардың басы бiр қазанға сыймайды" деп бабаларымыз тегiн айтпаса керек. Елiмiзде екi тiлдiң үстемдiк құруы елдi екiге бөлумен тең, бөлiнiп те келедi. Бiздi бiрiктiретiн тек қана мемлекеттiк тiл – қазақ тiлi.

Сөзiмiздi түйiндей келе, қазақ зиялы қауымы, ұлт жанашырларының Елбасы Н.Назарбаевқа тiл мәселесiне қатысты жазған Ашық хатын толық қолдайтындығымызды, және Мәдениет министрлiгiнiң "Қазақстан Республикасының кейбiр заңнамалық актiлерiне мемлекеттiк тiл саясаты мәселелерi бойынша өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы" Заң жобасының алғашқы түпнұсқасын қалдыруын талап ететiнiмiздi жеткiземiз.

Бейсенбай тегi Р.З., "Желтоқсан ақиқаты" РҚБ Павлодар филиалы төрайымы, жеке кәсiпкер;

Сайлау Байбосын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесi, ҚР Еңбек сiңiрген мәдениет қызметкерi, Ерейментау ауданының құрметтi азаматы;

Нұрбаев Қ.Ж., Павлодар мемлекеттiк педагогикалық институты тарих факультетiнiң деканы;

Төлен Рамазан, тiл жанашыры;

Қайыржан Ахметов, Павлодар облысының Май аудандық мәслихатының депутаты;

Мейрамбек Қызырұлы, Павлодар облысының Май аудандық "Шамшырақ" газетiнiң тiлшiсi;

Құрман Тасжанов, Павлодар облысының Май аудандық тарихи-өлкетану мұражайының директоры;

Сейлғазин Кабдрахман, "Ұлт тағдыры" РҚБ Павлодар облыстық филиалының төрағасы;

Дәлелхан Әбдiхалық, "Руханият" партиясы Павлодар облыстық филиалының төрағасы;

Ағибаев Замкен, "Патриоттар партиясы" Павлодар облысы филиалы төрағасы;

Алдабергенов Қырықбай Мазанұлы, тарих ғылымдарының докторы;

Алдабергенов Еркебұлан, "Ұлан" жастар ҚБ төрағасы бiрлестiгi;

Тiлеубердi Сахаба, тәуелсiз журналист;

Гүлзат Мейрамова, облыстық ұстаздар газетiнiң тiлшiсi;

Айнұр Тоқтархан, мәдениет қызметкерi;

Ғабит Бөкенбай, тележурналист;

Мұратбек Тiлеубаев, "Нұр Отан" партиясы Май аудандық бөлiмшесi төрағасының бiрiншi орынбасары;

Ерғанат Ахметов, Май аудандық ветеринария бөлiмiнiң бастығы;

Дәулет Сәденов, жас маман, экономист;

Нұрбек Жанпейiсов, Май аудандық туберкулезге қарсы аурухана қызметкерi;

Бақытжамал Бигелдинова, Май аудандық "Шамшырақ" газетiнiң корректоры;

Бағытгүл Есентаева, Май аудандық "Шамшырақ" газетiнiң есепшiсi;

Нәзира Қанапина, мемлекеттiк қызметкер;

Серiкхан Жұлдызұлы, мұражай қызметкерi;

Әлия Кулагина, Май аудандық мәслихатының бас маманы.

Барлығы 1000 адам қол қойды.

22.09.2011

Байқау айқын
Байқау айқын

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button