«ҚОС АҚЫНДЫ ТАБЫСТЫРҒАН – ҚАРА ДОМБЫРА»

«ҚОС АҚЫНДЫ ТАБЫСТЫРҒАН – ҚАРА ДОМБЫРА»

«ҚОС АҚЫНДЫ ТАБЫСТЫРҒАН – ҚАРА ДОМБЫРА»
ашық дереккөзі
217

– деп еске алады Бәдеш апай дауылпаз ақын Қасым жайлы

Бүгiнгi ақпараттық даму мен бiлiмдар қоғамда, бiр әншiнi бiр әншi, бiр ақынды екiншi бiр ақын мойындай бермейтiн заманда осынау аға ұрпақ арасындағы мейiрiм-бауырмалдық, тiптi шығармашылық байланыстарын былай қойғанда әкелi-балалы, ағалы-iнiлi болып сыйласып өмiр сүргендерiне қызығасың, әрi таңдай қағасың.

Мiне, бүгiнде 100 жылдық мерейтойын атап өткелi отырған дауылпаз ақын Қасым Аманжолов пен қазақтың тағы бiр қарапайым ақыны Ғафу Қайырбековтың арасындағы сыйластық жайлы әрiптестерiнен көп естiп едiк. Осындай қазақи тәрбиенiң үрдiсiн бiлгiмiз келiп, қазақ сахнасында алпыс жыл бойы "Әлемнiң жарығын сыйлап" келе жатқан ақиық ақын Ғафаңның сүйген жары Бәдеш апаймен сыр-сұхбат жүргiзгендi жөн санадық.

– Бәдеш апай, өзiмiз жақсы көретiн, жырларын сүйiп оқитын, тербелiп әндерiн шырқайтын қазақтың ақиық ақыны Ғафу Қайырбеков өзiнен бұрынғыларды қатты қадiрлеген екен. Ол кiсiнiң ақын Қасыммен танысуы қызық басталған деседi. Әңгiменi осыдан бастасақ…

– Ғафу алдындағы аға-ұстаздарына, кейiнгi iнiлерiне зор құрметпен қарайтын қарапайым ақын болды. Жалпы, ақындығы ғана емес, азаматтығы биiк адал отағасы болғанын қайталап айтудан ешқашан жалыққан емеспiн. Қазақ әдебиетiнде Абайдан бастап, өзiнен кейiнгiлердiң шығармаларына да аса құрметпен қараған, шын жанашырлық көзқараспен талдаған осы бiздiң Ғафаң десем, артық айтпаған болар едiм. Өйткенi қырық жыл қызметте жүрiп қаламын қолынан тастамаған ақын, менiң Ғафуым шығар деп ойлаймын.

Әңгiменi неге Ғафаңнан бастап отырғанымды iшiң сезiп отырған болар. Өйткенi қазақ әдебиетi мен мәдениетiнiң алып көшiнде жүрген азаматтар дәл менiң Қасым ақынның шығармашылығына бармас бұрын, әңгiменi өзiмнiң балапандарымның әкесi, отағасы Ғафаңнан бастамауға хақым жоқ екенiн жанымен түсiнерi хақ.

Ғафаң десе кез-келген әдебиет көшiнде жүргендер қазақтың алып ақыны Қасымды көз алдарына елестететiнiн жасыра алмайтын болар.

Ғафу жетiм өскен, кешегi соғыстан кейiнгi ұрпақтың өкiлi. Әкесi 37-нiң құрбанына айналған бозбала жалғыз бауыры да әскерден оралмаған соң, анасының қас-қабағына қарап, еңбекке ерте араласқан "жетiмектердiң" бiрi. Жалғыз анасының қас-қабағына қарап, жетi сыныптан кейiн ауылда жүрiп қызмет жасайды. Дегенмен ананың сүтiмен берiлген қасиет – әдебиетке жақындығын, өлең-жырға жақындығын сезген бiлiктi аудан басшысы "Осы бала түбi жақсы азамат болуға тиiс, ол үшiн оқуы керек", – деп қоярда-қоймай оқуға аттандырады.

Ғафу көзi тiрi кезiнде сол бiр асыл азаматтың қамқорлығын үнемi айтып отыратын-ды. Жақсылықты ұмытпаған дұрыс-ау, мүмкiн қанша жерден талантты, қабiлеттi болса да сол бiр мейiрiмдi азамат бағыт-бағдар бермесе, Ғафаң осындай ел таныр азамат болар ма едi, болмас па?!

Мен Қасым Аманжоловтың қандай ақын болғанын, оның шығармаларын талдап-талғайтындай емес, ақынды туған қайын атамдай, қайнағамдай сыйлаған қазақ ақынының жары ғанамын. Дауылпаз ақынды Ғафаң арқылы ғана бiлемiн, қабылдаймын.

Ақынның 50 жылдығынан бастап, бүкiл мерейтойларында өзi бас-көз болып, ұйымдастырушылардың бiрi болды. 60-70 жылдық мерейтойларын тойладық. Әлi күнге дейiн еш жерде жарияланбаған ақын шығармашылығы жайлы жазылған дүниелерi қолжазба күйiнде менiң сақтауымда. Жақында "Жұлдыз" журналында, содан кейiн Ғафаңның соңғы мақаласы "Ұлт ақыны" деген тақырыппен "Ана тiлi" газетiнде жарияланды.

Ғафаң Қасым ағаның 70 жылдығына барып келгенде өте қуанышты оралды. Мен бара алмай қалдым. "Әй, Бәдеш, ұлы, кемеңгер деген сөздердi жиi естимiз ғой. Ал өз елi Қасым ағаны дауылпаз ақын дейдi екен. Қандай керемет табылған, иесiн адаспай тапқан атақ бұл", – деп балаша қуанды.

Алғаш қалаға оқу iздеп келiп, өзiнiң жерлес ағасы Сырбай ақын Мәуленовке барады ғой. Өмiр бойы арманы болған ақиық ақын Қасым Аманжоловты көргiсi келетiнiн, жолықтыруын өтiнедi. Артынан ерiп келе жатқан жас ақындарға қамқорлық жасап үйренiп қалған Сырағаң екiсөзге келмей ертiп барады.

Ақын өте көңiлсiз қарсы алады. Тiптi:

– Осы Қуандық екеуiң-ақ мықты ақын деп ауылдан келгендердiң бәрiн ертiп жүруден жалықпайды екенсiңдер, – деп қабақ та шытып қалады. Дегенмен жаны жұмсақ, көңiлi көлкөсiр ақын емес пе, бiраздан соң:

– Әй, сен домбыра тарта аласың ба?– дейдi Ғафуға қарап.

Әжептәуiр даусы бар, қоңырлата ән салатын Ғафаңа да сол керек қой, домбырасын қолына алып бiр әннен кейiн бiрiн орындай бастайды. Ол кез "Дариға, сол қыздың" әлi еш жерде айтыла бермейтiн кезi екен. Ақын аға ұлттық музыка аспаптарының бәрiнде де керемет ойнайтын болғандықтан, өзi ғана айтып жүредi екен. Көңiлденген дауылпаз ақын:

– Ал ендi танысуға болады,– деп қолын ұсыныпты.

Содан не керек, " сен де жетiм, мен де жетiм, осы үйде тұра бер" деп ағасы ұсыныс жасайды да, бiздiң Ғафаң бiр қыс қыстаған соң, өмiрбақи сол отбасының мүшесiне айналады.

1952 жылы бiз үй болдық. Жағдайымыз түзелiп, ағамызды төрiмiзде күтiп, келiн болып шай ұсынсам деп жүргенде, ол кiсi науқастанып, сол жатқаннан әне-мiне деп жүргенде мүлдем төсек тартып жатып қалды. Бiр күнi Ғафаң "ағаның халi нашар, көрiп қалсаң, бақұлдасып қалсаң жарар едi", – деп ертiп келдi. Кiреберiсте Тәкен Әлiмқұлов, Сырбай Мәуленов, Тахауи аға Ахтанов, Қуандық бар, бiр топ кiсi шығып келе жатыр екен. " Бәдештi кiргiзбей-ақ қой, ағаң қысылып жатыр", – деген соң мен аялдап тұрып қалдым да, Ғафаң өзi кiрiп шықты.

Мiне, балаларымның әкесi, қазақтың өте-мөте қарапайым тiршiлiк кешкен Ғафу ақыны – елу жылға таяу шәй деспей ғұмыр кешкен Ғафу ақынның шығармашылық пiрi, қазақтың қара өлеңiн жазғанда үлгiсiне айналған, шын мәнiнде әке орнына әке бола бiлген асыл ағамыз жайлы айтарым осы, қарағым, – дедi Бәдеш апай. – Ол кiсi жайлы әлi талай жазылары, айтылары сөзсiз.

Жазып алған

Таңсұлу АЛДАБЕРГЕНҚЫЗЫ

01.09.2011 ж.

Серіктес жаңалықтары