Түркістан облысында адам өлімімен аяқталған жол-көлік оқиғасы бойынша тергеу басталды, деп turkystan.kz тілшісі Tengrinews.kz басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Алдын ала мәліметке сәйкес, апат 22 сәуір күні Арыс – Шардара тасжолында болған. Жеңіл автокөлік пен "КамАЗ" жүк көлігі соқтығысқан. Салдарынан жеңіл көлікте болған үш жолаушы оқиға орнында көз жұмды.
Дереккөздің жазуынша, көлікте Мактаарал ауданынан шыққан мектеп оқушылары болған. Олар жаттықтырушысымен бірге волейбол жарысына бара жатқан. Жаттықтырушы рөлде отырғаны белгілі болды.
Полиция мәліметінше, Chevrolet Cobalt көлігінің жүргізушісі мен тағы бір жолаушы ауруханаға жеткізілген. Ал жүк көлігінің жүргізушісі аман қалып, уақытша ұстау изоляторына қамалған.
Түркістан облысы полиция департаменті басшысының орынбасары Бауыржан Зиятаевтің айтуынша, кәмелетке толмағандарды тасымалдау туралы тиісті мемлекеттік органдарға алдын ала хабар берілмеген.
Қазіргі уақытта апаттың барлық мән-жайы анықталып жатыр. Сонымен қатар балалардың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз ету міндеттерін тиісінше орындамау фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталған.