ТАР ЖОЛДАРДЫҢ ТАҒДЫРЫ ШЕШIЛМЕКШI
ТАР ЖОЛДАРДЫҢ ТАҒДЫРЫ ШЕШIЛМЕКШI
Республикада Астана мен Алматыдан кейiнгi үшiншi қала мәртебесiн иемденген Шымкентте тұратын халықтың саны кем дегенде 1 миллионға жетуi керек. Бұл тапсырманы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев оңтүстiкке жасаған сапары кезiнде айтқан болатын. Ал таяу арада миллионер қалалардың тiзiмiне кiретiн Шымкентте тұрғын үйлер көбейiп, инженерлiк-коммуникациялық құрылыстар жүргiзiлуi тиiс. Бүгiнде 6,5 миллиард теңгенi құрайтын осындай 11 нысанның жобасы жасалып қойылған. Ал оны жүзеге асыруға жергiлiктi қазынаның шамасы көтере бермейдi. Не iстеу керек?
Жуырда Оңтүстiк Қазақстан облысының әкiмi Асқар Мырзахметов премьер-министр Кәрiм Мәсiмов өткiзген кеңесте облыстағы осындай үкiметтiк деңгейде шешiлуi тиiс өзектi мәселелердi қозғады.
Оңтүстiк Қазақстан облысында аса маңызды мәселенiң бiрi – көлiк инфрақұрылымы болып отыр. Республикалық маңызы бар кейбiр жолдар күрделi жөндеудi қажет етедi. Солардың бiрi – Жетiсай-Сарыағаш тас жолы. Бұл – 700 мыңнан астам халық тұратын – Мақтаарал, Шардара және Сарыағаш аудандарын облыс орталығымен жалғайтын бiрден-бiр күре жол. Онымен тәулiгiне 25 мыңдай көлiк өтедi. Алайда үшiншi дәрежелi жол болып есептелетiн оның енi небәрi 6-7 метрден аспайды. Тар жолда көлiк қозғалысына қиындық көп, жол апаттары да жиi орын алады. Ресми ақпарат бойынша соңғы бес жылда мұнда 616 жол-көлiк оқиғасы орын алып, 218 адамның ғұмыры қиылса, 931 адам жарақат алған.
Бiрiншi дәрежелi жол саналатын Ташкент-Шымкент тас жолының да 46 шақырымы күрделi жөндеуден өтуi тиiс. Қазiргi уақытта құны 6,5 миллиард теңге құрайтын жұмыстың жобасы жасалып қойылған.
– Оны қысқа мерзiмде жүзеге асыру жөнiнде Көлiк және коммуникация министрлiгiмен келiсiм бар. Бiрақ ол үшiн келесi жылы республикалық бюджеттен 5,5 миллиард теңге бөлiнуi керек,– дедi Асқар Исабекұлы.
Соңғы екi жылда оңтүстiкте бiлiм ұялары көптеп салынып жатыр. Оқушысы өзге өңiрлермен салыстырғанда әлдеқайда көп облыс үшiн бұл заңды да. Жыл сайын облыста 1-сыныпқа баратындар саны 20 мыңнан кем болмай отыр. 2015 жылға қарай мектеп табалдырығын аттайтындар 33 пайызға көбейiп, жалпы оқушылар саны 662 мыңға жетедi деген болжам бар. Рас, мектеп құрылысына келгенде облыс Астанаға қол жайып отырған жоқ. Облыс бюджетi есебiнен 43 нысанның құрылысы қолға алынуда. Сондай-ақ 2012 жылы 13 мектепке қайта жөндеу жұмыстары жүргiзiлетiн болады. Әйткенмен, бiлiм ұяларының сұранысын қамтамасыз ету үшiн облыста жыл сайын кемiнде 40 мектеп салынуы керек. Мырзахметов осыған орай Үкiметтен қосымша қаржы бөлудi сұрады.
2008 жылы облыста 4 денсаулық сақтау нысанының құрылысы басталды. Оған республикалық бюджеттен 257,3 миллион теңге бөлiндi. Бiрақ қаржылардың қысқартылуына байланысты бұл нысандардың құрылысы тоқтап қалды. Оны аяқтау үшiн 4 миллиард теңге қажет.
А.Мырзахметов Шымкенттегi Қорғасын зауыты аумағындағы экологиялық қолайсыздықты жоюға байланысты да Үкiметтiң алдына мәселе қойды. Қаланың iшiнде қалып қойған кәсiпорыннан бөлiнетiн зиянды түтiннiң салдарынан топырақтың ластануы тиiстi нормативтiк деңгейден жүз есе артып кеткен. Зауыт айналасында тұратындар арасында ауру-сырқаулар көп. Сондықтан оны қаланың сыртына көшiрудi және оның салдарынан туындайтын тұрмыстық-әлеуметтiк проблемаларды шешу қажет.
Бұл аумақта "Южполиметалл" АҚ мен "А-Меgia Trading" ЖШС жұмыс iстейдi. Асқар Исабекұлы проблеманы шешудiң екi жолын ұсынды. Бiрiншiсi – Шымкенттiң бас жоспарына байланысты мемлекеттiк мұқтаждық үшiн зауыттың жер учаскелерiн қайтарып алу. Мұндай жағдайда мемлекет зауыттың бұрынғы қарыздарын өтеу жөнiнде мiндеттеме қабылдауы тиiс. Екiншiсi – жер пайдалану заңдылықтары бұзылғаны үшiн жер учаскелерiн қайтарып алып, қоршаған ортаға тигiзген зиянына орай бұрынғы берiлген рұқсаттың күшiн жою.
Аталмыш жиында премьер-министр К.Мәсiмов облыс әкiмi А.Мырзахметовтiң ең ауқымды мәселелердi көтерiп отырғанын атап өтiп, оның барлық ұсыныстарын қолдайтынын бiлдiрдi. Премьер республикалық бюджет комиссиясына облысқа келесi жылға қажеттi қаржыны қарастыруды тапсырды. Ал Қорғасын зауытындағы жағдайға қатысты мәселенi жете зерттеу үшiн Индустрия және жаңа технология министрлiгiнiң жауапты хатшысы А.Рау бастаған арнайы комиссия құрылмақ.