ҚАЗАҚ КИНОСЫНЫҢ «ЖАНСЕБIЛI»
ҚАЗАҚ КИНОСЫНЫҢ «ЖАНСЕБIЛI»
Ол сахнада кейiпкерiнiң тағдырымен өмiр сүргенiмен, өмiрде өзiнiң табиғатынан алыстай алмады. Оның табиғи болмысы өзi сомдаған хандай тәкаппар, қарадай қарапайым едi. Ол өз «Менiн» құрметтейтiн. Өзiн сүю арқылы айналасындағы «Мендердi» де бағалайтын. Бiрақ Ол Өнерге сатқындық жасағандарды кешiрмейтiн. Әркiм өмiрдiң мәнiн iздейдi. Бiреу өмiрдiң мәнiн атақ пен даңқпен, ендi бiреу отбасы жылылығымен байланыстырады. Өмiрдi жан-тәнiмен сүйетiн, өмiрiнiң бүкiл мәнiн Ұлы Өнермен байланыстыратын актер Қасым Жәкiбаевтың өмiрiн сексен екi жылға ұзартқан сұлулыққа деген құштарлық едi. Сiз бiлесiз бе, Ұлы актердiң танымындағы сұлулық дегенiмiз – Өнер едi! Ол бүкiл саналы ғұмырын қазақ мәдениетiн дамытуға арнады. Ол қазақ театры мен киносының негiзiн қалаған Шәкең (Шәкен Айманов пен Құрманбек Жандарбеков) мен Құрекеңдердiң жанкештiлiгiн жоғары бағалады. Ол қазақ өнерiнiң дамуын ғасырларға алға жылжытып тастаған Асанәлi Әшiмов пен Әмина Өмiрзақованың талантын мойындады.
Бiрақ ол өз есiмiнiң қазақ киносы мен театр тарихында алтын әрiппен жазылып қаларын бiлмедi. "Құрманбек Жандарбековтi сендер ұмытпауға тиiссiңдер", – деушi едi Қасым Жәкiбаев. "Құрманбек Жандарбековтей ұлы бар қазақ бақытты", – деушi едi тағы да ол кiсi. Бiрақ ол Құрманбек Жандарбековтiң "Жас актер Қасым Жәкiбаев ойнайтын спектакльдi көрермен қанша рет көрсе, оның жаңа бiр детальдарды тауып, рөлiн түрлендiре түсетiнiн байқайды. Қасым Жәкiбаев көрермендi ғана сендiрмейдi, ең бiрiншi өзiн сендiредi. Кейiпкерiнiң тағдырын өз тағдырым деп қабылдайды. Сол себептi де ол сахнада шынайы күлiп, шынайы жылайды" деген өзi туралы пiкiрiн айтпай, iркiп қалатын. Десе де, Құрманбек Жандарбековпен, Шәкен Аймановпен әрiптес болғанын мақтан тұтатын. Өз тұстастарының еңбегiн де бағалай бiлетiн. Оларға "бәсекелесiм" деп емес, әрiптесiм, қазақ өнерiн өрге сүйреп жүрген талантты әртiстер деп қарайтын. "Асанәлi Әшiмов тума талант қой. Тiптi оның Бекежанын жек көрмейсiң. Бекежан жағымсыз бейне емес, тип қой. Қайталанбас образ. Оның театр сахнасында ойнаған рөлдерi қандай?!" – дейтiн Қасекең.
Талант талантты мойындайды. Талантсыз пенде ғана дарынды адамның өнерiн жоққа шығарады. Себебi оның алдында әрқашан өзiн қор санайды. Сондықтан да оның өнерiн жоққа шығарғысы келедi. Қасым Жәкiбаев табиғатынан талантты жаратылған жан едi. Сондықтан да ол Асанәлi Әшiмовтiң ерекше дарынын жоғары бағалады. Ол көз жұмар алдында Досханды, қазақтың талантты актерi Досхан Жолжақсыновты iздедi. Ол Досхан Жолжақсыновты бекзат болмысы үшiн, ерекше дарыны үшiн жақсы көрдi. Сонау бiр басына қиын iс түскен күндерi Досхан оның қасынан табылды. Әлдекiмдер секiлдi оны табалаған жоқ. Әлдекiмдер секiлдi басын алып қашып, одан сырт айналған жоқ. Керiсiнше ол өзi актерлiк өнерiн бағалайтын ағасының қасынан табылып, оның басынан сүйедi. Ұлы актердiң жанарынан жалғыздық мұңын танып, сейiлткiсi келдi. Қазақтың асыл ұлы Досханды қазақ танымаса, танымаған шығар, оның кiм екенiн адамға жаңылыспай мiнездеме бере алатын Қасым Жәкiбаев таныды. Таныды және оны жақсы көрдi, бағалады. Мәңгiлiк мекенiне аттанар алдында Досханды iздедi. Досхан Жолжақсыновқа берген кiтабының қолтаңбасында Қасым Жәкiбаев былайша қолтаңба қалдырыпты: "Сенiң маған сiңiрген еңбегiң ұшан-теңiз ғой… Алланың нұры жаусын, айналайын! Жаман шалды ұмытпа!". Сонау бiр жылдары белгiлi себептермен театрдан бiраз уақыт қол үзiп қалған Қасым Жәкiбаевты Жастар театрына басшылық қызметке келген Досхан Жолжақсынов қайта шақырып едi. Шақырып қана қоймай, қайталанбас дарынды Халық әртiсi атағына ұсынып, қамшылады. Қасым Жәкiбаевтың Халық әртiсi атағын иеленуi – өзiнiң ғана емес, театрдың да мерейiн асқақтатты. Дос-iнiсi Досханды қуанышқа бөледi. Ұлы актер көз жұмар алдында тағы бiр актердi iздедi. Ол өзi адамгершiлiгiн құрметтейтiн, болашағынан үлкен үмiт күтетiн Балалар мен Жасөспiрiмдер театрының актерi Жомарт Зейнәбiл едi. Соңғы рет Жомартты көрiп, көз жұмыпты. Өнердегi Талғат Теменов бастаған адал әрiптестерi оның биiк өнерiне бас иiп қана қойған жоқ, мәңгiлiк сапарына туған баласындай жылап, бiр туған iнiсiндей қабырғасы қайысып, қимай шығарып салды. Қасым Жәкiбаев бiрнеше фильмiне түскен режиссер Талғат Теменов айтады: "Қасым Жәкiбаев бiр спектакльде драмалық кейiпкердi сомдап, көрермендi қалың ойға шомдырса, бiр спектакльде трагедиялық рөлiн шебер ойнап, көрермендi жылатады. Ендi бiр комедиялық рөлiмен көрермендi риясыз күлкiге бөлейдi. Адам өмiрi жыл мезгiлдерiне ұқсайды. Адам өмiрiнiң қысы мен жазы, күзi мен көктемi болады. Бұл сөздi айтып отырған себебiм, актер психолог болуға тиiс. Ол айналасындағы әрбiр адамды, ең бiрiншi өзiн зерттеуге тиiс. Осы тұрғыдан келгенде Қасым Жәкiбаев – психолог. Ол адамның өмiрi тек қуаныш пен мұңнан ғана тұрмайтынын түсiнгендiктен, адам жанын зерттей бiлгендiктен, оның табиғатына барлық жанр жақын. Актер менiң "Махаббат бекетi", "Қызғыш құс", "Өлiмнен кейiнгi жаза" фильмдерiме түстi. "Махаббат бекетiнде" басты кейiпкер Оралдың атасының рөлiн ойнаса, "Қызғыш құста" темiржолдағы жұмысшының, ал "Өлiмнен кейiнгi жазада" молданың рөлiн сомдады. Үш кейiпкер – үш тағдыр иесi. Бiр-бiрiне мүлдем ұқсамайтын жандар. Мақсат-мұраттары, мүдделерi, өмiр туралы түсiнiктерi бiр-бiрiне қарама-қайшы кейiпкерлер", – деп жазады "Қасым Жәкiбаев" атты кiтапта. Шынында да, Қасым Жәкiбаевтың бiр рөлi екiншiсiн қайталамайтын. Қасым Жәкiбаев дегенде, менiң есiме ең бiрiншi "Жансебiл" фильмi түседi. Неге? Себебi талантты жазушы Жүсiпбек Қорғасбектiң сценарийi желiсiнде режиссер Аяған Шәжiмбай түсiрген "Жансебiл" кинокартинасы – актер Қасым Жәкiбаевтың ғана емес, қазақ киносының жетiстiгi. Бiздiңше, бұл киноға ұлы актер бүкiл актерлiк шеберлiгiн салған. "Жансебiл" фильмiн актер биiкке көтердi. Сөз жоқ, Нұржұман Ықтымбаевша айтқанда, "Жансебiл" – қазақ тарихын көрсеткен фильм. Осы кинокартинада актер барлық актерлiк қабiлет-дарынын көрсеттi. Өзге кинодағы рөлдерiн айтпағанда, Қасым Жәкiбаев осы рөлiмен-ақ тарихта қалатын актер. Актердiң бұл фильмдегi рөлi Мемлекеттiк сыйлыққа әбден лайықты едi. Өкiнiшке қарай, аса талантты актердiң бұл рөлiне Мемлекеттiк сыйлық берiлмедi. Есесiне, "Жансебiл" фильмiне, Қасым Жәкiбаевтың актерлiк өнерiне халық сүйсiндi. Халықтың қошеметiнен асқан актерге құрмет жоқ". Қазақ киносының "жансебiлi" өзi ойнаған рөлдерге өзiнiң дарынымен, асқан актерлiк шеберлiгiмен жан бiтiрдi.