ҚАРАСАЗ ФИЛОСОФЫНЫҢ ҚАБЫРҒАЛЫ ОЙЛАРЫ

ҚАРАСАЗ ФИЛОСОФЫНЫҢ ҚАБЫРҒАЛЫ ОЙЛАРЫ

ҚАРАСАЗ ФИЛОСОФЫНЫҢ ҚАБЫРҒАЛЫ ОЙЛАРЫ
ашық дереккөзі
236

Қарасаздың ғана емес, қалың қазақтың ерке ұлы болған Мұқағали Мақатаев өмiрдi қалай ұғынды? Оның поэзиясынан философиялық ойлар кездесе ме? Бүгiнгi ғалымдар мен зерттеушiлер, философтар бұл тақырыпты талқылап, бiрi «иә» десе, бiрi «жоқ» дейдi. Бiз де Мұқағалидың философ болған-болмағандығын өзiмiзше қарастырып, көпшiлiкпен ой бөлiсудi жөн көрдiк.

Мұны айтудағы себебiмiз, бүгiнде қазақтың бiршама ақын-жазу-шыларын философ ретiнде танып жүрмiз. Қорқыт атадан басталатын қазақ философиясын Асан Қайғымен жалғастырамыз. Бертiн келе Ш.Уәлиханұлын «Далада туылған мұсылмандық», Ш.Құдайбердiұлын «Үш аңыз», Ы.Алтынсариндi «Мұсылмандық тұтқасы» еңбектерi арқылы философ деп таныдық. Қара сөздерi мен «Менi мен менiкiнiң арасы екi» өлеңiнен Абай атамызды да ұшқыр ойлы философтар қатарына енгiземiз.

Ал осы тақырыбымызға негiз болып отырған ақиық ақын М.Мақатаев философ па? Әлде жоқ па? Бұл әңгiменiң жөнi бiр бөлек.

Бiр сәт Мұқаңның сырын ұғып, поэзиясына үңiлейiк. 1949 жылы Шибұтта жазған мына бiр өлеңiнде былай дейдi:

Өмiрге ерте құлаш сермегенмен,

Өзiмшiл, жас жүректi тербегенмен.

Өсиетсiз, сүйеусiз самарқау жас

Өте алмассыз өткелсiз көлденеңнен.

Басқасын былай қойғанда, өмiрдiң қиындықсыз, кедергiсiз болмайтындығын айтып ұғындырғысы келедi. Дәл осы «Өмiрге ерте құлаш сермегенмен» деген өлеңiнiң төртiншi шумағында ақын өмiр, бiлiм, сабыр туралы айта отырып, өмiрдiң жалғандығына тоқталатындай. Қарап көрелiк:

Алданба, ерке жаным, бұл тұрмысқа!

Өмiрдiң ең қызығы бiлiмдi ұста!

Сабыр ет! Сабыр, сабыр бiр азырақ!

Асқақтама, көңiлiм аспанға ұшпа!

Сондай-ақ «Адам қайдан жаралған» деген өлеңiнде жеңiл тiлмен оқырманға ой тастайды. Мысалы:

«Адам қайдан жаралған?»

Осынау бiр сұрақты

Топшылаймыз сан алуан,

Жауабы жоқ тұрақты.

Ұғынамыз ғылымнан,

Топшылаймыз дiндерден,

Тәйiрi оны кiм көрген.

Судан ба, әлде оттан ба?

Бардан ба, әлде жоқтан ба?

Маймылдан ба, пiлден бе?

Әр нәрсеге үңiлдiк.

Ақыры кеп жүгiндiк

Ғұлама шал Дарвинге.

…Мен адамнан жаралдым,

Ниетiм жоқ айнуға.

Баласымын Адамның

Ұқсағам жоқ маймылға.

(Кiсi емеспiн!

Адаммын!)

– дейдi. Дәл осы өлеңде философиялық ой жоқ деуге негiз жоқ. Ендеше Мұқаңды да философ емес деп кесiп айта алмаймыз. Бiздiң қарастырғанымыз тек екi өлеңi ғана. Талдау жасалмаған, зерттелмеген жырлары қаншама…

А.Дантенiң «Құдiреттi комедиясын», В.Шекспирдiң «Сонеттерiн», У.Уитьменнiң жырларын қазақ тiлiнде сөйлеткен Мұқағали Мақатаевтың қазақ философиясынан өз орнын табуы тиiс екенi сөзсiз. Ол туралы ақын Ә.Тәжiбаев: «Мен Қасымның «Ақын туралы аңыз» поэмасын оптимистик трагедия деп атағанмын. Мұқағалидың «Реквиемiн» де солай оптимистiк трагедия деп атаймын. Бiз өмiрдi сүюдi, оны биiк поэзияға айналдыруды осы екi ақыннан үйренуiмiз керек», – дейдi. Ал ендi Мұқаңның орнын өзiңiзше ойлап көрiңiз…

Ақбота МҰСАБЕКҚЫЗЫ, А.Иассауи атындағы

ХҚТУ-нiң журналистика бөлiмiнiң студентi

04.08.2011.

Серіктес жаңалықтары