ШЫМКЕНТТЕ ТАҒЫ ДА ЖОЛАҚЫНЫҢ «ЖЫРЫ» БАСТАЛДЫ
ШЫМКЕНТТЕ ТАҒЫ ДА ЖОЛАҚЫНЫҢ «ЖЫРЫ» БАСТАЛДЫ
Ресми мәлiмет бойынша тұрғындарының саны 634,2 мың адамды құрайтын Шымкенттiң әлеуметтiк-экономикалық дамуында iлгерiлеушiлiк бар. Биылдың бiрiншi жартыжылдығында қаланың негiзгi капиталға бағытталған инвестициялары – 32 пайызға, белсендi кәсiпкерлiк нысандарының саны – 38,2 пайызға, iске қосылған тұрғын үй көлемi 2,2 есе өскен. Өнеркәсiп өнiм көлемi – 75,3 миллиард теңгенi, индекс көлемi 99,2 пайызды құрады. Мұндай мәлiметтердi өткен аптада қала әкiмi Арман Жетпiсбаев биылдың алты айында атқарған жұмысы бойынша берген есебiнде жария еттi.
2015 жылға дейiн қаланың индустриалдық-инновациялық даму шеңберiнде 97,9 миллиард теңгеге 32 жобаны жүзеге асыру қарастырылған. Индустриаландыру картасына құны 14,8 миллиард теңгенi құрайтын 12 жоба енгiзiлген. Оның iшiнде республикалық индустриаландыру картасына «Химфарм» АҚ-ның құны 9,6 миллиард теңгенi құрайтын инвестициялық жобасы енгiзiлдi. Жоба жүзеге асса, 420 жұмыс орны ашылады. Ал өңiрлiк индустриаландыру картасына 5,2 миллиард теңгелiк 11 жоба енгiзiлiп отыр.
Ал Шымкенттiң өнеркәсiптiк келешегiн айқындайтын «Индустриалдық аймақта» барлығы 4,2 миллиард теңгелiк 18 бизнес жоба жүзеге асуда. Кестеге сәйкес қалған 14 жобаны жылдың соңына дейiн iске қосу жоспарланған.
– Дегенмен қаладағы қоғамдық көлiк қызметiнде күрделi мәселелер орын алып отыр. Олар: көлiктердiң тозуы, сыйымдылығы аз және жалдамалы көлiктердiң көбеюi, жолақының төмендiгi, дотацияның аздығы. Қаладағы автобустардың 50 пайыздан астамы ескiрген, өз ресурсын өтеп қойған. Олардың қызмет көрсету сапасы төмен және экологиялық нормаларға сәйкес келмейдi. Көлiк компанияларының автобус парктерiн жаңартуға қаржылай мүмкiндiктерi болмай отыр. Қалада қоғамдық көлiк қызметiмен айналысатын 36 көлiк мекемесiнiң 13-iнiң өндiрiстiк базасы жоқ. Бұл мекемелер өндiрiстiк базаны жалға алу арқылы жұмыс iстейдi. Ал 1634 қоғамдық көлiктiң 80 пайызы немесе 1312-сi жалға алынған. Ең маңызды мәселенiң бiрi —жолақы. 2009 жылдың қаңтар айында автобустарға тариф – 35 теңге, шағын автобустарға – 40 теңге болып бекiтiлген. Содан берi – жанар жағармайдың бағасы 70 пайызға дейiн көтерiлген. Басқа облыс орталықтарындағы тарифтерге сараптама жасалып, олардың бiзден бiршама жоғары екенi анықталды. Атап айтсақ, жолақы Қарағандыда – 50 теңге, Атырауда – 45 теңге, Өскеменде – 50 теңге, Астанада – 60 теңге, Алматыда – 50 теңгенi құрайды. Қазiргi таңда, бұл қалаларда да жанар-жағармайдың қымбаттауына байланысты тарифтi көтеру мәселесi қаралуда. Бағыттардың тиiмдiлiгiн көтерiп, автобус парктерiн жаңарту үшiн шымкенттiк көлiк компаниялары тарифтi 35 теңгеден 50 теңгеге көтерудi ұсынып отыр, – дедi қала әкiмi.
Сонымен қатар Шымкент қаласында қоғамдық көлiктерде студенттерге ғана жеңiлдiктер берiлген. Жекелеген әлеуметтiк санаттағы азаматтарға қарастырылмаған. Басқа қалаларда жекелеген әлеуметiк санаттағы азаматтарға жеңiлдiктер беру үшiн облыстық бюджеттен 1,1 миллиард теңгеге дейiн дотация бөлiнедi екен. Ал Шымкентте бұл жағы қарастырылмаған. Осыған орай А.Жетпiсбаев жекелеген азаматтарға жолақыдан жеңiлдiк беру үшiн облыстық бюджеттiң есебiнен 425,7 миллион теңге қаржы бөлудi ұсынды. Сондай-ақ қоғамдық көлiктегi күрделi мәселелердi шешу үшiн өндiрiстiк базасы және меншiгiнде көлiктерi бар 12 компанияға қолдау көрсетiп, қалғандарымен келiсiм-шарттарды бұзған дұрыс. Бұл көлiк компанияларын iрiлендiрiп, олардың қаржылық жағдайының жақсаруына алып келедi. Iрiленген компанияларға қоғамдық көлiктiң жыл сайын 20 пайызын жаңарту арқылы бес жыл iшiнде түгел жаңалауды, жалдамалы көлiктiң санын азайту туралы талаптар қойылады.
Жалпы, Шымкентте жолақыны көтеру мәселесiн көлiк компаниялары былтыр күзден берi көтерiп келедi. Тiптi олар тариф қымбаттамаса жұмыстарын тоқтатынын да айтқан болатын. Дегенмен есеп беру жиынына төрағалық еткен облыс әкiмi Асқар Мырзахметов тарифтi көтеру үшiн алдымен қоғамдық тыңдау өткiзу қажеттiгiн айтты.
04.08.2011.