ЗОРЛЫҚ пен ҚОРЛЫҚ

ЗОРЛЫҚ пен ҚОРЛЫҚ

ЗОРЛЫҚ пен ҚОРЛЫҚ
ашық дереккөзі
349

Бiздiң билiк неге жалтақ? Ұлт мүддесiне келгенде табанының бүрi жоқ. Әйтпесе ана тiлiнiң тағдырын бiржақты етiп, мәртебесiн әлдеқашан өсiретiн кез келдi емес пе? Қазiр екi шоқып, бiр қарайтын кез емес. Қазақ тiлi қашанға дейiн есiктен өлеусiреп, телмiре қарай бередi?

Әйтпесе айтылудан кенде болып жатқан жоқ. Бiздiң батыс-терiскей қоңсымыз, бәр-бәрiнен қорытынды шығарудың орнына, әлi сол жуан жұдырықты аңсап, бұрынғы сайқал саясатын әртүрлi жымысқы жолдармен жалғастырып жатқандай. Сол баяғы астамшылдық, көзге ұрып тұрған шамшылдық пен нәсiлшiлдiктiң қитұрқы тәсiлдерi мен әдiстерi анда-санда ерсi болса да қайта-қайта айылын жимай, белең берiп қалады. Былтырғы Ұлы жеңiстiң 65 жылдық мерекесi қарсаңында "Беймәлiм соғыс" (желiсi Б.Окуджава мен Е.Евтушенко) фильмдер топтамасын көргенде тек қана немiстер мен орыс қана соғысқан ба деген күпiр ойда қаласың. Егер ақиқатқа жүгiнсек, Екiншi жаһандық соғысқа сексенге тарта ел араласып, қарсы екi жақтан қаншама халық, ұлттар мен ұлыстар өкiлдерi жанқиярлық пен қаһармандық көрсетпедi?! Бүйтiп ақиқаттың алажiбiн аттауға бола ма? Неге осы күнге дейiн Балтық бойы елдерi зар жылайды? Қап тауындағылар ше? Тек күштiнiң арты диiрмен тарта берген соң ба, әлде тарихи шындықтың бетiне шiркеу түсiп, зәрәзап болған соң ба? Ай-күн аман, ел тыныш, тапа-тал түсте тәуелсiздiктi тұншықтырып, тарих тегершiгiн керi айналдырғысы келiп, кешегiнi көксейтiндер әлсiн-әлсiн жұрт тыныштығын алатайдай бүлдiрiп, бөрлiктiре шулатып қоятын тақырбастар қозғалысы мен олардың қолтығына дым бүркiп, жел берiп қоятындар не көздейдi? Басқа басқа, түбi туыс болып келетiн славян мемлекеттерi – Украина мен Белоруссияға әртүрлi сылтаумен тiзе батырып, көрiнбейтiн солқылдақ шыбықпен көзге көк шыбын үймелетуден дәмесi бар әлi. Бауырлас Беларусьтың кеше ғана кеден одағынан табан астында ұзақ кергiп, кетiп қала жаздағанының себебi не? Бұның астарында жалғыз газ мәселелерi жатқан жоқ екенi бесенеден белгiлi жайт. Көз жетедi. Ал бiздiң билiк болса, жылан арбаған бозторғайдай жайған торға жөпелдемете топ етiп қайта түстi. Бұл арыдан ойлайтын қулықтың нәтижесi емес пе? Түбiнде келмеске кетiп, қарасы батқан отаршылдықтың бет пердесi сыпырылып, безбүйрек бейнесi көрiнiп тұрса да бәрiбiр. Ұлттар мен ұлттарды, ұлыстар мен ұлыстарды бiр-бiрiне айдап салып, кiм қырқыстырып отыр?! Бодандыққа бойұсынбай, бостандыққа ұмтылған тұтас бiр тау халқын қырып-жою жалғасса, патшалық және қазiргi Ресейдiң айырмашылығы қандай? Бұл да 1856 жылы бұрқ етiп, қолға түскенше ширек ғасырдан астам уақыт арыстанша арпалысып, жолбарысша жағаласып, жан аямай күрескен Шәмiл имамның ұлт-азаттық қозғалысының жалғасы емес пе? Кешегi Кенесары – Наурызбай бастаған көтерiлiс сабағы неге ұмытылады? Алақандай Абхазияны арандатып, бiртұтас осетин халқын Солтүстiк және Оңтүстiк Осетия деп зорлықпен бөлiп отырғанға қалайша мән берiлмей келедi? Бұрынғы Гүржiстанға әлем жұртшылығының көзiн бақырайтып қойып, алапат соғыс өртiн тұтатып, басып кiру не көрсеттi? Кiм, қалай ақтала алады? Түрлi-түрлi лаңкестiктi сылтау етiп, үнсiз қалу ешкiмге опа берген емес. Таулы Қарабақ пен Днестр бойындағы iшкi жанжалдар өзiнен-өзi пайда болды ма? Кiм кiмнiң қолымен от көсеп отыр? Осындай запыраны көп, зәр төккен заманда жан-жақтан қазылып жатқан "Қорқыт көрiне" итерiп жiберуге дайын қарау қара күштер жоқ деп ешкiм үзiлдi-кесiлдi кесiп-пiшiп айта алмайды.

1836 жылы Ресей патшалығы генералиссимус А.В.Суворовқа асау ноғайларды жуасытып, Едiл мен Жайық арасындағы қуаңшылық құшағындағы қырға қуып қоныстандыруға зорлықпен пәрмен берiп, маңдайының соры ашылмаған бейшара халықты жойқын қару күшiмен қырып-жойып, тоз-тозын шығарып, туған топырағынан бездiрiп, тентiретiп жiбергенi жүректегi шөңгедей қадалып жатыр әлi. Ащы тағдыр таяғы тиген жалғыз солар ма? Жалдамалы жалдаптардың зардаптары аз емес. Тiзе, берсең төбе шашың тiк тұрады. 1842 жылы Алтайды аралаған сапарында орыстың оқымыстылығынан гөрi тыңшылығы басым П.А.Чихачев: "Прежде чем рассказать о поездке по Казахской степи, мне хочется сообщить некоторые сведения относительно организации и нравов этой большой семьи кочевников, подчиненной Русскому государству. Казахи принадлежат ко второй категории "инородцев" и, следовательно, пользуются всеми правами, дарованными этой категории", – деп жазды ешқандай ұялып қызармай. – Подобно тюркам и вообще всем кочевым народам Центральной Азии, столь прекрасные наездники, как и плохие пешеходы. Они гнушаются ходить пешком, тем более, что ноги у них почти всегда кривые из-за постоянной верховой езды". Ол жүрген жерiнде баяғыдан мұнда мекендеген әлдеқандай қиялдағы "чудь" деген халықтың Мексика ацтектерiмен ұқсастығын айтып, ежелгi Алтай аймағында тау-кен өндiрiсi өркендегенiне күмән келтiредi (Құмық тарихшы жазбагерi Мұрат Аджи де бұл әлдебiр "чудь" халқы жалған ойдан шығарылғаны жайында атап өтедi). Ал бiздiң дәуiрiмiздiң басында өмiр сүрiп, он жетi том "Жағрапия" кiтабын тасбихтай тiзген Старобонның өзi: "…Олар садақтар, қылыштар, сауыттар және айбалталарымен қаруланған. Шайқастарда алтынмен апталады. Аттың жүгендерi алтынмен айшықталады. Оларда күмiс жоқ, темiр аз, мыс пен алтын қисапсыз", – деп бiздiң байырғы ата-бабаларымыздың алтын-күмiс пен мысқа қатысты сөз қозғап, тұрмыста жаппай қолданатынын таң қала суреттемейтiн бе едi? Өткенге салауат! П.А.Чихачев және басқалардың патшалар алқабы Берел өңiрiнде болмағанына шүкiр. Әйтпесе, қандай-қандай қиял-ғажайып тудырып, не сұмдық ойлайтынын кiм бiлiптi?

Осыдан жарты ғасырдай өткенде, 1886 жылғы желтоқсанда генерал Н.М.Пржевальский де ешкiмнен қалыспай, қымсынбай "Русский вестник" жорналында көшпелi түздiктердi сүмiрейтiп кейiптей: "Вообще позволительно не только сомневаться в невозможности для номадов перехода в цивилизованную жизнь по каким бы то ни было рецептам, но можно даже утверждать полную непригодность этих племен к такой метаморфозе. Как баран не может быть дрессирован на подобие лягавой собаки, так и кочевник умственно тупой, ленивый и апатичный не может по складу своей природы, переделаться в энергетического цивилизованного человека". Бұндай атүстi пайымда арам пиғылды мысық тiлеулес адамдардың арғы көмекейi көрiнiп тұрған жоқ па? Қырғыздар Ыстықкөл жағасындағы Н.М.Пржевальский атындағы шаһарды бұрынғы атына өзгертiп қана қойған жоқ, қанша өзара қырқысса да, құлдық санадан арылып келе жатқандай. Құдайдың еркебұлан табында жайылып жүрген керқұландарын кездейсоқ көк атты Н.М.Пржевальский жылқысы деп атай салғанымыз қалай деп марқұм Жағда Бабалықұлының қатты мазасызданып жүретiнi есiмде. Амал не, бұлардан тиiстi қорытынды жасап жатқан ешкiм жоқ. Қорлап, зорлап жатса да барлығына немқұрайлы қарап, бәрiне етi өлiп кеткендей.

Тiптi, әспеттеуге лайық па, жоқ па, оған қарамай орыс ойының ар-ұяты, ожданына айналған Чеховтiң өзi де қандастары десе қарына тартады. 1890 жылы Сахалинге дейiн барып, сол кездегi қоғамның келеңсiз көрiнiстерiн қабырғасы қайысып, жаны аши қараған Антон Павлович Чехов жасөспiрiм болса да терiс тәкаппар түсiнiк тудырыуға тырысады: "Н.М.Пржевальский хал үстiнде жатып, өзiн Ыстықкөл жағасына жерлеудi аңызға айналдыруы жайдан жай емес. Құдай тағала бақилыққа аттанған жанға тағы бiр ерлiк жасауға – бойындағы туған жерге деген сағыныш сезiмiн басып, қабiрiн түз қойнына тапсыруға тәуекел етiптi, – дейдi жас жазушы марқұмның топырағы суымай жатып, жасырын астамшылық пен шамшылдықтың отына май құя түскендей. – Ал бұл күш жеме-жемде тұқыртатын түсiнiк болудан қалып, бiр немесе ондаған тiрi адамның тұрпатын танытады, сөйтiп осылай мықты мектеп қалыптасады. Пржевальскийдi, Миклухо-Маклай мен Лингвингстонды әрбiр шәкiрт бiлетiнi жайдан жай емес, олар өткен сол жолдарды бастан өткерiп, аңызға айналдыруы жайдан-жай емес". Әлдекiмнiң ықпал-әсерiмен жазылғаны байқалады. Күмәндi жандарды пiр тұтып, терiс болса да әрбiр адымын ерлiкке балап, әспеттеу тұтастай ұлттың ар мен ұятына айнала бастаған қаламгерге жарасып тұр ма? Ешкiммен ақылдаспай, ақ-қарасын бағамдамай, айдалада жатқан Алла мұздықтары мен бостанда жайылып жүрген жылқы атауын бiреуге сыйлап бере салу қайдан шыққан ерсi үрдiс? Қайта тәуелсiздiк тұсында бұндай жауапсыз жазулар мен мiгiрсiз мәлiмдемелер неге қаперге алынбайды. Қит етсе, өзара өшпендiлiк отын тұтатып, үрлеп, басқа бұратаналарды иттiң етiнен ары жеккөргiзу бұлардың бойындағы кемсiтушiлiк сезiмi туа бiттi қанға сiңген пиғыл ма? Тағы да сол А.П.Чехов Е.М.Линтвареваға "Осындай Пржевальский сияқты адамдарды шексiз сүйемiн" деп сүйсiне хат жолдайды. Сонда ол ненi аңсап, ненi көксейдi? Бұл 1875 жылы ол гимназияда оқып жүрiп, "Қазақтар" хақында: "…редко можно встретить между киргизами (казахи – А.Н.) красавца: лица их по большей части круглые, с выдававшимися скулами, узкими глазами, почти лишенными бровей, нос крепкого сложения, что должно приписать, конечно, суровому степному воспитанию; рост их средний. Киргизы народ кочевой, они проводят всю жизнь на коне, почти не могут ходить пешком" деуi жас жазушының пайым-парасаты, көшпелiлерге көзқарасында сүйiспеншiлiгiнен гөрi жиренiшi көрiнiп тұр.

Соларға қарамастан, тағдырмен тайталасып, қасқайып тұрып, басын бәйгеге тiгiп, жантүршiгерлiк жайларға төзбей, iрiп-шiрiген қоғамның қоясын ақтарып, қарсы шығатын қайсар жандар болады екен. Қап тауында отаршылдық, басқыншылық пен жаугершiлiк аса өршiп келе жатқанда турашыл генерал Н.Н.Раевский сол кездегi соғыс министрiнiң әрекетi ерте орта ғасырдағы конкистадорлардың iс-әрекетiнен де сорақы, тағылықтан да ары екенiн ашып көрсетедi. "Я здесь первый и один по сие время восстал против пагубных военных действий на Кавказе и от этого вынужден покинуть край. Наши действия на Кавказе напоминают все бедствия первоначального завоевания Америки испанцами, но я не вижу здесь ни подвигов геройства, ни успехов завоеваний Пицера и Кортеца. Дай бог, чтобы завоевание Кавказа не оставило в русской истории кровавого следа, подобного тому, который оставили эти завоеватели в истории Испании".

Қазiр шыжғырған шындықты өстiп бетке айта аламыз ба? Содан берi бiрнәрсе өзгердi ме? Талай су ағып, тас қалды. Бiрақ осылай әлiмжеттiк пен көтензорлық, қоғамдық пiкiр-пиғылға құлықсыз қарап, билiк тарапынан немкеттiлiк бiлдiрiлiп, мылқаулық таныту көбеймесе, азаймапты әлi. Қазақ қауымы да қилы-қилы таңдау мен талғауға тап болып, жолайрықта тұр. Сондай салғырттықтың салдарынан ХIХ ғасырдың тек 80-90 жылдарында 12 млн. 655428 га. шұрайлы атақоныс тартып алынып, түздiктер құладұзге шөлейт пен құнарсыз айдалаға күштеп көшiрiлдi. Сiбiр казактары – 5 миллион десятина, Орал отарлаушылары – 6 миллионнан аса десятина, Жетiсудағы жатжерлiктер 610484 десятина жердi иемденiп алды. Қазiр кiшкентай табысты қанша дабырайтқанмен, күңiренген күйiнiштi үн құлаққа келедi. Уақыт көшiнiң алды-артын орап, мазасыз алақұйын заман желi ұйытқып соғатындай: "Правительство не может, при всей своей неограниченности, добиться правды и честности, без свободы общественного мнения это и невозможно, – дейдi Еуразия ғана емес, бар адамзат өмiрiн көз алдынан өткiзiп, славянофил ағымын үйлестiрушiлердiң бiрi орыс көркемсөзшiсi, тарихшы һәм ақын К.С.Аксаков (1817-1863 жж.) сүйiнiшiнен гөрi күйiнiшiн жасырмай. – Все лгут друг другу, видят это, продолжают лгать, и неизвестно, до чего дойдут. Всеобщее развращение или ослабление нравственных начал в обществе дошло до огромных размеров". Бұған iзiнше тарлан тарихшы С.М.Соловьев те жан бiтiре түседi: "Приходилось расплатиться за тридцатилетнюю ложь, тридцатилетнее давление всего живого, духовного, подавление народных сил, предвращение русских людей в полки, за полную остановку именно того, что нужно было более всего поощрять, чего, к несчастью, так мало приготовила наша история, – именно самостоятельности и общего действия, без которого самодержец, самый гениальный и благополучный, остается беспомощным, встречает страшные затруднения в осуществлении своих намерений". Көршi елдегi Еуропа жандармы II Николай кезеңi әлдеқашан өтсе де, оның жағымсыз қорқынышты елестерi кезiп жүргендей әлi. Бiз өстiп жүрiп құлдық санадан қашан құтыламыз?! Әй, қайдам!..

Аян НЫСАНАЛИН,

Ақын

18 тамыз 2011 жыл

Серіктес жаңалықтары