«Бiлмесеңдер, БIЛIМ ИЕЛЕРIНЕН СҰРАҢДАР» ("Нахл" сљресi, 43-аят)

«Бiлмесеңдер, БIЛIМ ИЕЛЕРIНЕН СҰРАҢДАР» ("Нахл" сљресi, 43-аят)

«Бiлмесеңдер,    БIЛIМ  ИЕЛЕРIНЕН  СҰРАҢДАР» ("Нахл" сљресi, 43-аят)
ашық дереккөзі
340

Тәуелсiздiк алғанымызға биыл 20 жыл болды. Ата-баба дiнi ендi ғана өз қауымына қайта оралып, елiмiз рухани еркiндiктi сезiне бастады. Кеңес кезiнде ата-әжелерiмiз жасырын ұстаған оразаның куәсi де болдық. Жаңаарқа мекенiнде коммунист бiр азаматты партия жиналысына салып, "ауыз бекiтпегенiңiздi дәлелдеңiз", – деп ел көзiнше су iшкiзген белсендiлердiң күнi өттi. Сол оразаны құпия ұстап жүрген Бекболат Тiлеуханның әкесi едi. Алланың қолдауымен, қазiргi кезде мұндай қиянат жоқ, бiрақ кеңес кезiнде қол үзiп қалған дiнiмiзбен қайта қауышу үшiн аға ұрпақ айрылып қалған сауатты насихат қажет. Дiни сауатты ағаларымыз да баршылық, бiрақ қазiргi қауымға қажет, бүгiнгi тiлмен жазылған басылымдарға әлде де зәрумiз.

Осы басылымдар қатарында "Ислам ғылымхалы" мен "Дiн мен дiл" кiтаптарын ерекше атар едiм. Дiнтанушы ғалымдар Мұхитдин Исаұлы мен Қайрат Жолдыбайдың "Ислам ғылымхалы" 4 рет қайта басылып шықты. Себебi бұл кiтапқа деген сұраныс ерекше. Дiнтанушы ғалым Қайрат Жолдыбайұлы бұдан бұрын "Алтын қалам" баспасынан бiрнеше рет жарыққа шыққан "Ақиқат шуағы", "Күдiкпен күрес" атты кiтаптары арқылы оқырманға таныс. Қайрат Жолдыбайұлының 2010 жылы жарық көрген "Дiн мен дiл. Күрделi дiни сауалдарға жауаптар" кiтабы да қазiргi көкейкестi мәселеге арналған. Дiн адамға не үшiн керек? Дiл деген түсiнiк ненi қамтиды? Неге дiн мен дiлдi қарсы қою жаман әдетке айналып барады? Дiн мен саясатты қарсы қою кiмдер үшiн қажет? Кiтап авторы Қазақстан мұсылмандары дiни басқармасының қызметкерi, бiлiктi исламтанушы болғандықтан осы сауалдарға нақты жауаптар берген. Кiтап Қазақстан мұсылмандары дiни басқармасының төрағасы, Бас муфти, Шейх Әбсаттар Дербiсәлi қажының алғысөзiмен ашылады. Осы кiтап туралы Бас муфти былай деген екен: "Дiн адамға екi дүниеде дұрыс өмiр сүрудiң, Хақтың разылығына бастайтын ереже-қағидаларды қамтыған иләһи бұйрықтар мен тыйымдар жиынтығын құраса, дiл – халықтың ғасырлар бойы қалыптасқан дүниетанымы мен салт-дәстүрiн, менталитетi мен әдет-ғұрыптарын, тұрмыс-тiршiлiгiнiң ерекшелiктерi мен өзiндiк ойлау жүйесiн, жан дүниесiн, адамдардың белгiлi бiр қоғамдастығына тән, нақтылы тарихи-мәдени ортада қалыптасқан мiнез-құлық пен iс-әрекеттердiң бiркелкi сипатын бiлдiредi. Бүгiнгi күнi дiн жанашырларының алдында тұрған мiндет – осы екеуiнiң бiрiккен тұсын таба бiлiп, халыққа дiннiң де, дәстүрдiң де ортақ тiл табысатын игiлiктерiн ашып көрсету болып отыр. Автор кiтаптың кiрiспесiнде мұсылмандарға анық құндылықтарды бүгiнше түсiндiре кетедi. Кiтаптың алдыңғы сөздерi Аллаға мадақ айтумен басталады. Алланың атымен бастап, мiнәжат айтумен тәмамдау – бұл мұсылман басылымдарына тән шарт: "Адамзаттың адаспай Ұлы Иесiн табуы үшiн ғалам атты алып кiтап жаратып, ондағы әрбiр жаратылысты Өзiнiң құдайлығын паш етер жеке-жеке мөр, құдiретi мен шеберлiгiн нақыштаған бөлек-бөлек өрнек етiп безендiрген Алла Тағалаға шексiз мадақ арнап, жан-тәнiмiзбен мақтау айтамыз. Осынау ғалам атты алып кiтапты адамзаттың қатесiз оқуы һәм ақ пен қараны ажыратып, жаратылуындағы асыл мiндетi мен мақсатын айқындауы үшiн қолына Құран атты пәрмен берiлiп, арнайы елшi етiп жiберiлген жаратылыстың гүлзәры, Хақтың сүйiктi құлы – соңғы пайғамбар, ұлы ұстаз Мұхаммедке (салалаллаһу алейһи уә сәллам) сансыз сәлем жолдап, шын жүректен салауат айтамыз. Сондай-ақ Алла елшiсiнiң (салалаллаһу алейһи уә сәллам) пәк отбасы мен ардақты сахабаларына Жаратқанның игiлiгiн тiлеймiз". Бұл сөздерде басты түсiнiктер айғақталған. Ғылым мен бiлiм соңғы ғасырда анықтағандай Құрандағы хақиқат осылай берiлген. ХХI ғасырда мойындалған тағы бiр дерек бар: "Ислам дiнi – соңғы дiн, Мұхаммед пайғамбар (с.а.у.) – ақырғы елшi. Алла Тағала Құранда өзiнiң нұрын тәмамдайтындығын уәде еткен. Мiне, сондықтан ғасырлар қойнауында Ислам дiнiнiң басынан қаншама нәубет, небiр сұрапыл замандар өтсе де, әлi күнге дейiн ол өзiнiң пәктiгi мен өзiне тән ерекшелiгiн жоғалтқан емес. Қайта уақыт өткен сайын бiр түлеп жаңарғандай адамзаттың көңiлiне көктем сыйлауда. Адамзат одан алыстаған сайын өздерiнiң қаншалықты құдайылық нұрдан қашықтағандықтарын сезiне түсуде",– дейдi автор одан әрi. Қазiр басқа дiннiң секталарында жүрген замандастарымызға Қ.Жолдыбайұлы осылай шынайы iлiмдi танытып бередi. Қазақтың сан ғасырлық асыл сөзiн қарасақ, оның бәрi Аллаға мiнәжат етумен басталып, хадистердi уағыздаумен көркемделген. Қазақтың жырауларының әр толғаулары "Отанды сүю – иманнан" деген хадис сөздерiнiң қазақша мағынасын аңғартады. Асыл сөз иелерi – Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би ата-бабаларымыздың ғибратты мұрасы – шариғаттың қазақ ортасында құқықтық жүйе ретiнде iске асуы болып табылады, өкiнiшке қарай бiз бұл мұрадан кеңес кезiнде қол үзiп қалғанбыз. Тәуелсiздiкпен бiрге оралған дiнiмiзбен қайта қауышқан жастар арасында әр түрлi басқа мәзһаб ұстанымына iлесiп кетушiлiк аз емес. Шет елдерден дiни бiлiм алып келгендер "өздерi оқыған жердiң мәзһабтарын орынды-орынсыз елге алып келiп, халықтың санасына тықпалауға көштi",– дейдi Қ.Жолдыбайұлы. Бұл қандай мәселелер? Қазақтың киелi деп саналған домбырасы неге харам болуы керек? Неге музыка тыңдау харам? Құранды ата-бабаға бағыштауға неге болмайды? Мәулiдтi атап өту бидғат па? Батадан кейiн бет сипау неге дұрыс емес? Келiннiң сәлем салуы неге ширк? Шалбардың балағын тобықтан төмен түсiрiп киген кiсi тозақтық па? Жылқы етi харам дегенге атам қазақ қалай қараған? Мұндай қазаққа жат сұмдықтардан ата дiнiмiздi арашалап алу аса қажет. Дiнтанушы Қ. Жолдыбайұлы осы сауалдарға нақты жауап берумен шектелмей қазақ елi о бастан ұстанып келе жатқан Ханафи мәзһабының басты ұстанымдарын түсiндiрiп өтедi. Мәзһаб ұстанудың қажет екенi осылай айғақтала түседi. Кiтаптың жазылуына себеп болған басты мәселенi автор былай деп анықтап алған: "Ғасырлар бойы халқымыздың, тiптi әлемнiң жартысынан көбi ұстанып келе жатқан дiни мектебi – ханафи мәзһабын толық зерттеп, зерделемей жатып, сыңарезулiкпен оның дәлелдерiн әлсiзге санап, өздерi оқыған жердiң мәзһабтарын орынды-орынсыз халықтың санасына тықпалауға көштi. Соның салдарынан дiнге құлшыныс артып, мешiттердi лық толтырған жамағат ынтымағына сызат түстi. Мешiттiң төңiрегiнде дау-дамай орын алды. Әйгiлi мұсылман ғалымдары әлдеқашан жауап берген мәселелер қопсытылды. Дiндегi ұсақ мәселелер күн тәртiбiне қайта келтiрiлiп, жамағат арасында шешiмi қиын мәселеге айналдырылды". Шынында да "нағыз қазақ – қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра" деген бiз үшiн неге домбыра харам болуы керек? Батадан кейiн бет сипаудың қандай ширкi бар екен? Ата-бабамыздан келе жатқан дәстүрдi бүгiн үзiп тастау қалай болар екен? Дiн мен дiл туралы мұсылман ғалымдары не деген екен? Өзiмiздiң ханифа мәзһабымыз бұл мәселеге қалай қараған? Кiтап осындай ғылыми негiзi бар мәселелердi бүгiнгi күн тұрғысынан батыл көтерген. Дiнтанушы ғалым мәселенiң екiншi жағын былай анықтап бередi: "Сондай-ақ, қазiргi үлкен проблемалардың бiрi жоғарыда айтылған ұлттық бояуға, әдет-ғұрыпқа қайшы келетiн көзқарастарға реакция ретiнде арнайы ислами бiлiмi жоқ кейбiр ұлтжанды азаматтардың ешбiр дiни ереже-қағидаға сүйенбестен, нұрлы ақылмен емес, жалаң сезiммен аттандап қарсы шығулары болды. Олар " ғұрыптың да озығы мен тозығы бар" деген шындыққа қарамастан дiнге анық қайшы келетiн кей әдеттер мен ырымдарды да арашалауға кiрiстi. Шет елден оқып келгендердiң барлығын жаппай халық жауына айналдырып, оларға түрлi айдар тақты. Өздерi секiлдi ойламайтындардың бәрiн, тiптi ханафи мәзһабын ұстайтындарды да адасқандардың қатарына қосып, бұқаралық ақпарат құралдарында ғайбат пен өсектiң түр-түрiн өрбiттi. Ғылымилықтан алшақ сыңарезу мұндай пiкiрлер қоғамдағы мәселенi шешкен жоқ. Керiсiнше ушықтырды. Ел арасында жаңа түсiнiспеушiлiктер туғызды". Кiтаптың жазылу себебi, онда қойылған нақты сауалдар мен оған ғылыми тұрғыда дәлелдi жауап беру негiзi осылай туған екен. Баспасөзде осы мәселелер төңiрегiнде жауап берiп жүрген дiнтанушы ғалымның басты ұстанымы мынадай: "Мұсылман баласы қандай да бiр түйткiлдi мәселенi аттандап, құр айқаймен шешпеуге тиiс. Парасаттылыққа, түсiнiстiкке, сондай-ақ ғылымға сүйенген ағартушылық бұл кез-келген дерттiң емi. Бiржақты ойлау, астамшылдық жасап артық кету бұл шынайы ғылымның жолы емес. Өзiн ақтап, ұстанымын жақтау үшiн өзi секiлдi ойламайтындардың бәрiн түрлi жолмен қаралап, тiлiн былапыт сөздермен былғау, жеке басының мәселелерiн араластыру мұсылманшылыққа жат. Ондай жолдың пайдасынан зияны басым. Ендеше, ең әуелi тақырыпты жан-жақты зерттеп, зерделеу арқылы халыққа мәселенiң мәнiсiн ашып көрсетуiмiз ләзiм. Сонда әлгiндей бауырларымыз ойланар. Ең болмаса, олардың да өзiндiк шариғи дәлелдерi бар екен деп астамшылдықтан қайтар". Ғалым жоғарыда аталған мәселелерге келгенде ғылыми ақпаратты алға тарта отырып, нақты жауаптар ұсынды. Ол үшiн әрине, арнайы дiни сауаттылық ерекше қажет. "Сұрақтарға берген жауаптарымыз исламның белдi ғалымдары мен классикалық қайнар көздерiнен таңдалды. Мақсатымыз халқымыздың бiрлiгi мен ынтымағына ұйытқы болып, сол жолда аз-кем өз үлесiмiздi қосу. Қай жолдың дұрыстығын бiле алмай, абдырап қалған халыққа жол көрсетiп, бағыт сiлтеу. Сұрақтарға ханафи мәзһабы мен мәтуруди ақидасы, әһлi сүннет бағыты бойынша жауап берiлдi. Алайда бiз бұл жауаптарымызбен басқа сүнниттiк мәзһабтарды түгелдей жоққа шығарудан да аулақпыз", – дейдi ол. Аталған кiтапта құнды ғылыми ақпараттар болуы да заңдылық. Мысалы: "Мәзһаб – жол, бағыт, көзқарас деген мағынаны бiлдiредi. Шариғатта – арнайы тәсiлдер, ережелер арқылы Құран мен сүннеттен шығарылған үкiмдер мен көзқарастар жиынтығы "мәзһаб" делiнедi… Мұхаммед Ғазали: "Мәзһабтар – Исламның теңдессiз мәдениетi һәм тiректерi" десе, Ибн Тәймия: "Ислам мәзһабтары – жұмаққа жетелер жолдар" деп, мәзһабтардың исламды түсiндiрушi мектептер екенiн бiлдiрген". Әбу Ханифа мәзһабының ерекшелiгi қандай? Оған былай делiнген: "Ендеше, ана тiлдерi арабша әрi Мұхаммед (с.а.у.) пайғамбарды көздерi көрген сахабалардың және сахабаларды көзi көрген табиғиндердiң өздерi дiни мәселелерде араларындағы бiлiмдiлерге жүгiнген болса, кейiнгi ғасырлардағы адамдардың Әбу Ханифа секiлдi Құран iлiмiмен қоса хадис iлiмiн, мантық-қисын, фиқһ негiздерiн, сахаба пәтуалары мен басқа да ғұламалардың көзқарастарын, т.б. ислами iлiмдердi жетiк бiлiп, әрбiр аятты зерделеп, мыңдаған хадистi мұқият зерттеген мүжтәһид ғалымдардың шығарған үкiмдерiмен жүруге қаншалықты зәру әрi мұқтаж екенi айтпаса да түсiнiктi". Әбу Ханифа мәзһабының сипаты былай берiлген: "Ханафи мәзһабы исламнан бөлек, Пайғамбар (с.а.у.) сүннетiнен өзгеше жол емес, керiсiнше Құран аяттары мен хадистерде бiлдiрiлген ақиқаттарды анықтап, үкiмдердi халыққа түсiндiрушi мектептердiң бiрi болмақ". Мәзһабтардың саны туралы да нақты ғылыми ақпарат берiлген: "Имам Әбу Ханифа, Имам Малик, Имам Шафиғи, Имам Ахмад ибн Ханбал". Мәзһабтардың болуы да заңдылық, себебi: "Ислам дiнi – белгiлi бiр уақытқа ғана емес, қияметке дейiн жалғасатын жүйе һәм нақтылы бiр қауымға ғана емес, жер бетiндегi барша адамзатқа жiберiлген ақырғы дiн. Ал мұндай дiннiң еш өзгермейтiн негiзгi (кулли) ата заңдарының жанында кейбiр тармақ мәселелерi адамзаттың ой-өрiсiнiң жетiлуi, заманының жылжуы, шарттар мен жағдаяттардың әрқилы болуына байланысты өзгеру мүмкiншiлiгiне ие болып келедi. Сондықтан, Пайғамбарымыз (с.а.у.): "Үмбетiмнiң (кейбiр мәселелерде) әртүрлi көзқараста болуы – рақымдылық", – деген". Дiнтанушы Қ.Жолдыбайұлының хадистер, тарауих намазы, тәуәссул, мәулiд туралы берген мағлұматтарының ғылыми негiзi аса құнды болып табылады. Қандай пiкiрталас болсын ғалым оған ғылыми ұстаныммен қарайды. Автордың негiзгi мақсаты басқаны жоққа шығару емес. Керiсiнше, мұсылман бауырлардың басын қосу, ұсақ-түйек үшiн бөлiнбеуге үндеу. Ол туралы былай делiнген: "Ал ендi мұсылмандардың болмайтын тармақ мәселелерiнде қызылкеңiрдек болып, бiр-бiрiн ренжiтiп, бүлiк шығаруларына не демекпiз. Барлық мұсылмандардың Жаратушылары – бiр, Құрандары, Пайғамбарлары – бiр, сүннеттерi – бiр, намаздары – бiр, ораза-зекеттерi – бiр, Қағба-құбылалары – бiр, тiптi дұшпандары да – бiр, осындай ортақ мәселелерi бола тұра "намазда қолыңды Ханафи мәзһабы бойынша емес, бiздiкi сияқты байла, құныт дұғасын олай емес, бұлай оқы" деу сияқты түймедей мәселелердi түйедей етiп, "менiң таңдаған көзқарасыммен жүрмедiң", – деп жүрегiн ыза мен кекке бұқтыруы қандай ағаттық десеңiзшi?!". Қ. Жолдыбайұлы кезiнде "Айқын" газетiне (2009.17.ХI) берген сұхбатының толық нұсқасын осы кiтапта бергенi де оң болды. Газетте қысқартылған Құран мен хадиске қатысты ғылыми ақпараттың құндылығы айтпаса да түсiнiктi. "Сүннеттi мойындамау – дiн бұзудың амалы" деп аталған бұл сұхбатта өте маңызды мәселелер көтерiлген. Өздерiн құраншылдар деп атап жүрген топтың дiннен шығып кетуi ғылыми тұрғыда осы ретте түсiндiрiлген. Пайғамбарымыздың сүннетiн, хадистерiн мойындамаймыз деп өздерiн "Құраншылар" деп атаған топ ненi көздейдi? Ол туралы нақты жауап берiлген: "Ең әуелi ол топтың өздерiн "Құраншылар" деп атауы дұрыс емес. Себебi "Құраншылар" деген сөз "бiз Құранды дұрыс түсiнiп, әр iсiмiзде оны басшылыққа аламыз" дегенге саяды. Ал ендi Құранды Алланың адамзатқа жiберген ақырғы елшiсiнiң хадистерiнсiз дұрыс түсiну мүмкiн бе? Әрине, жоқ. Олай дейтiнiмiз, Алла елшiсi Мұхаммед (с.а.у.) қасиеттi Құран кiтапты адамзатқа жеткiзушi жай дәнекер ғана емес, оны егжей-тегжейлi түсiндiрушi, жалпысын жалқылайтын, кесек айтылған үкiмдер мен жалпы айтылған ереже-қағидаларды тарқатып, талдайтын ұлы ұстаз ретiнде жiберiлген. Құранда құлшылық мәселесi болсын, дүниелiк қарым-қатынастарды реттейтiн басқа құқықтық мәселелер болсын, барлығы көбiне жалпы ереже күйiнде айтылған. Ал сол негiзгi ережелердi тарқатып түсiндiрген, кесек үкiмдердiң тармақтарын талдап берген ақырғы елшi Мұхаммед (с.а.у.) пайғамбардың сахих хадистерi болмақ. Мысалға Құранда "намаз оқып, зекет берiңдер" деген тоқсанға жуық аят бар. Бiрақ бұл аяттардың ешбiрiнде намаздың нақты уақыттары, рәкат сандары және намаз iшiнде оқылатын сүрелер мен дұғалары көрсетiлмеген. Ал ендi хадистi жоққа шығарсақ, ғасырлар бойы оқылып келе жатқан намаз қалай оқылады?". Ғалым кей топтың негiзгi терiс мақсатын да айқындап берген: "Ендеше, хадиссiз Құранды, Исламды дұрыс түсiну мүлдем мүмкiн болмағандықтан, бұл топтың өздерiн бұлай атауларының астарында Құранды өздерiнiң терiс әрекеттерiне бүркеме ету жатыр. Сондықтан оларды "Құраншылар" дегеннен гөрi "Сүннеттi мойындамайтындар, хадистердi жоққа шығаратындар" дегенiмiз жөн. Бұл жайлы Қазандық ғалым Мұса Жаруллаһ (1874-1949) өзiнiң "Китабус-сунна" атты кiтабының кiрiспесiнде: "Бұлардың өздерiн "Құраншылар" деп атауының жалғыз себебi – Құранды бiзге жеткiзген Пайғамбарымыздың (с.а.у.) сүннетiн жоққа шығаруы болмақ. Бұлардың кейбiреуi Құранды қорғаған боп Алла елшiсiнiң (с.а.у.) сүннеттерiн жоққа шығарғанын байқадым. Бұлардың өздерiне мұндай лақап ат тағулары Құранды келеке етуден басқа ештеңе емес", – деп мұндай топ өкiлдерiнiң өздерiн "Құраншылар" деп атауға лайық емес екенiн бiлдiрген". Мұндай топ қайдан шықты? Хадистi жоққа шығару баяғыда орын алғаны туралы да ғылыми дерек осы ретте келтiрiлген: "Ислам әлемiнде хадистi жоққа шығару бүлiгi осы жерде тоқтап, ХIХ ғасырдың орта шенiнде батыс шығыстанушыларының, басқаша айтсақ, ориенталистердiң қоздыруымен қайта бас көтердi. Әуелi ориенталистердiң кiмдер екенiне тоқтала кетейiк. Ориентализм – шығыстану iлiмi. Ал "ориенталистер" деп шығыстың, әсiресе мұсылмандардың тiлiн, әдебиетiн, мәдениетiн және сенiмдерi мен дiнiн зерттейтiн батыстың ғалымдарын айтады",– дейдi дiнтанушы ғалым. Қ.Жолдыбайұлы австриялық ғалым Леопольд Вейсс (Мұхаммед Әсадтiң) ориенталистерге берген жауабын келтiредi: "Алла елшiсiнiң сүннетiн жүзеге асыру – Исламды және оның өркендеуiн қорғау деген сөз. Ал сүннеттi жоққа шығару болса, Исламның ыдырап, жоғалуы болмақ. Сүннет исламды көтерiп тұрған оның болат қаңқасы едi. Сен кез-келген ғимаратты ұстап тұрған оның қаңқасын құлатсаң, сол ғимараттың быт-шыт болып құлауына таң қалмайсың ғой". Кiтап авторы ойын былай деп тәмамдаған: "Иә, шындығында да ориенталистердiң мақсаты хадис арқылы Исламды құлату едi. Осы ойын жасырмаған Рейнхард Плетер Доузи (1820-1883) атты ориенталист былай дейдi: "…Хадистер iстен шығарылған уақытта бес уақыт намаз екi уақытқа қысқарады, (арнайы шарттар арқылы төрт әйел алуға рұқсат) жалғыз әйелге шектелiп, әйелдердiң орамалы парыздығын жоғалтады". Бүгiнгi таңда ортамызда байбалам салып жүрген бұл топ өзi қашан, қайдан шыққаны да туралы осылай толық мағлұмат берiлген. "Хадистi жоққа шығару ХIХ ғасырдың соңында Үндiстанда бас көтере бастады. Үндiстан ол кезде ағылшындардың отары болатын. Үндiстанды мекендейтiн ислам дiнiн ұстанбайтын барлық тайпалар мен ұлт өкiлдерi ағылшындарға бас идi. Ал мұсылмандар ағылшындарға бас имек былай тұрсын, бiрнеше рет оларға қарсы қарулы көтерiлiс ұйымдастырды. Бұл көтерiлiстердiң ең әйгiлiсi 1857 жылы болды. Мұсылмандарды күшпен бағындыруға шамалары келмеген ағылшындар ендi олардың күшiн ыдыратып, ынтымақтарын iрiту үшiн араларына түрлi бүлiк кiргiзудi жоспарлады. Әуелде кейбiр атақ-мансапқа, ақша мен дүниеге жақын адамдарды тәрбиелеп, оларды халық арасында танымал еттi. Сөзi тыңдалып, айналасына адам жиналатын жағдайға келгеннен кейiн кезектi жоспарларын жүзеге асырып отырды. Содан барып Үндiстанда өзiн: "пайғамбармын" деп "Ахмадия" ағымын құрған Мырза Ғұлам Ахмед, Пайғамбарды сүйгенiн айтып, оған Аллаға тән сипаттарды таңған Ахмед Рида Хан сындылар мен өзiн жаңа ғасырдың мүжәддидi санайтын хадистердi жоққа шығарушы – Сайд Ахмад Хан тәрiздi ғалымсымақтар пайда болды". Қ.Жолдыбайұлы бұл пiкiрталастың ғылыми тарихын келтiрiп, сөздiң соңын қазақ үшiн басты болып табылатын Қожа Ахмет Иассауи, Абай мен Ақмолла пiкiрлерiмен тәмамдайды. "Басқа мұсылман халықтар секiлдi қазақ даласында да Пайғамбар сөздерi мен сүннетiне деген құрмет пен қастерлеу ерекше орынға ие. Қожа Ахмет Иассауи бабамыз: "Үмбет болсаң, Мұстафаға ерер болғыл, Айтқандарын жан-тәнiңмен сен де алғыл… Сүннеттерiн бекем тұтып, үмбет болғыл, Күндiз-түнi мадақ айтып, ұлпат бол, – деп мұсылмандарды Мұхаммед (с.а.у.) пайғамбардың соңына еруге, айтқан хадистерiне сенiп, сүннеттерiн бекем тұтуға шақырған. Қазақ халқының хадиске деген құрметiн Абайдың: "Аят, хадис емес қой, Күпiр болдың демес қой, Қанша қарсы келсеңiз",-деген өлең жолдарынан да байқауға болады. Абай бұл жыр жолдарында аят пен хадиске қарсы келудiң күпiрлiк екенiн, ал одан өзге ойларды еркiн айтуға болатындығын жеткiзген. Абайдың басқа бiр өлеңiнде: "Әуелi аят, хадис – сөздiң басы, Қосарлы бәйiт сымал келдi арасы. Қисынымен қызықты болмаса сөз, Неге айтсын Пайғамбар мен оның Алласы", – деп Құран аяты мен Пайғамбар хадисiнiң сөздердiң iшiндегi ең қастерлiсi екенiн әрi олардың қисынмен қиысатынын жеткiзген. Ал Ақмолда ақын: "Жарар едi өзiмiздi қарасақ бiз, Ғылымның керегiне жарасақ бiз. Ғылымды ғибадатқа ат қылып мiнiп, Көбiрек тәпсiр, хадис қарасақ бiз", – деп хадистердi оқуға, ғылым үйренуге шақырған. Сөз соңы ғасырлар бойы қалыптасып, халқымыздың жүрегiне бекiген сүннетке деген шынайы сенiм мен құрметтiң мұндай тамыры жоқ таяз тұжырымдармен шайқалмасы анық". Осыдан 6 жыл бұрын Абай атындағы мемлекеттiк университетiнiң философия факультетiнде бiр кандидаттық диссертацияның қорғауы өттi. Түстен кейiн басталған қорғау түнгi сағат сегiзге дейiн созылды. Пiкiрталас қызу болды. Сырттан келген бiразымыз адасқан бауырларымызға ата дiнiмiз ахмадисшiл болмаған деп уәж айттық. Бiр жас қазақ бауырымыз "Қазақстан – Орта Азиядағы ең үлкен ахмадиттер орталығы" дегендi алға ұстанып, "өзiмiздiкi ғана дұрыс" деп қорғап шықты. Сырттан келген азаматтардың iшiнде Қ.Жолдыбайұлының сауатты, дәлелдi сөздерi отырған қауымға ерекше әсер еттi. Себебi бұл кәсiби бiлiмi бар дiнтанушы ғалымның сөздерi едi. Диссертациялық Кеңес мүшелерi арасында дiнтанушы, оның iшiнде ислам тарихын бiлетiндер жоқ болып шықты. Бiрақ дауыс беру нәтижесiнде 2 адамның қарсы болуы да тегiн емес едi. Сол кезде Қ. Жолдыбайұлының айтқан ғылыми айғақтары осы кiтапта толығырақ тұжырымдалған екен. Сондықтан бұл кiтаптың кабинеттен шықпаған ғалымның қолынан емес, ел арасында ата дiнiмiздi қорғауға арналған өткiр пiкiрталастарда қалыптасқаны осылай анықтала түседi. Олай болса, мұндай дiни сауатты ғалымдардың ғылыми ортаға қажет екендерi де қазiргi заман талабы. Өкiнiшке қарай, Мұхиддин Исаұлы екеуiнiң де дiнтанушы мамандығы бойынша ғылыми атақтары бүгiнгi ЖАК-пен ресми мойындалмаған. Бiрақ Алланың разылығы үшiн iстеп жүрген сауапты да сауатты iстерi ел арасында абыройға ие. Ата-бабамыз дiндi елдiң басын бiрiктiру үшiн де қастерлеген. Аға ұрпақ атеистiк бағытта кете бермек. Бұған да таңғалмайтын болдық. Әр ұрпақтың көтерген өз жүгi бар, бiрақ жұма, айт намаздарында мешiт ауласына сыймай жүрген жас бауырларымызды дұрыс жолға жетелейтiн, оң мен солды түсiндiретiн бұл кiтаптың жөнi ерекше. Қазiргi қазақтың көзi ашық. Жан-жақтан келiп жатқан ақпарат iшiнен оңын таңдап алу қажет. Ата-баба дiнi мен дiлiнен айырылып қалмас үшiн дiни сауаттылық керек. Ислам дiнi бiзге аманат екенiн түсiну үшiн де кәсiби мамандарға зәрумiз. Шынайы ғылым өзiнiң өмiрге қажеттiлiгiн осылай дәлелдеп отыруы қажет-ақ. Ғылым өзi үшiн емес – ел мүддесiн, ата-баба жолын, дiнi мен дiлiн айғақтап алу үшiн қажет.
Айгүл IСIМАҚОВА, филология ғылымдарының докторы, профессор
04.08.2011.

Серіктес жаңалықтары