САЯСИ КҮРЕСТЕН ТЫС САЙЛАУ
САЯСИ КҮРЕСТЕН ТЫС САЙЛАУ
30 шiлдеден Сенат депутаттығына тiркелген үмiткерлер үгiт-насихат жұмыстарын бастады. 19 шiлдеде үмiткерлiкке ұсыну аяқталды. Соңғы ақпараттарға сүйенсек, Сенат депутаттығына үмiткерлiкке 96 адам ұсынылған, оның 52-сi тiркелген. Олардың 15-iн мәслихаттар ұсынса, 77 азамат өзiн-өзi ұсынған. Тоғызы бұған дейiн Сенат депутаттығы қызметiн атқарған.
Ұсынылғандардың 45-i –"Нұр Отан" партиясының, 1-еуi – "Ақ жол", 1-еуi – "Ауыл", 1-еуiҚазақстанның Патриоттар партиясының, 1-еуi "Руханият" партиясының мүшелерi, 26-сы партия қатарында жоқ, 17-сi қандай партияға мүше екендiгiн көрсетпеген. Ақтөбе облысы бойынша үмiткерлердi тiркеу 5 тамызға дейiн жалғасады.
Сенат 47 депутаттан тұрады. Олардың 32-сi мәслихат депутаттарының құпия дауыс беруi арқылы сайланады, 15-iн Президент тағайындайды. Биыл 16 мандаттық орынға сайлау өтедi. Биылғы Сенат сайлауына бюджеттен 422 миллион теңге бөлiнiп отыр. Орталық Сайлау комиссиясының төрағасы Қуандық Тұрғанқұловтың айтуы бойынша, әрбiр үмiткерге үгiт-насихат жұмыстарын жүргiзу үшiн 477 мың теңге бөлiнбек.
– Бұл 2008 жылғы сайлаумен салыстырғанда, 90 пайызға артық. Ал үмiткердiң сайлау қоры 11 миллион 199 мың 300 теңгеден аспауы тиiс. Сайлау жарнасы – 239 мың 985 теңге, – дейдi Қуандық Тұрғанқұлов.
Сенат депутаттығына үмiткерлердi облыстық (республикалық маңызы бар және астаналық қала), қалалық, аудандық мәслихаттардың сессияларында ұсынады. Саяси партиялар мен басқа да қоғамдық бiрлестiктер үмiткерлерiн мәслихаттағы өз өкiлдерi арқылы ұсына алады. Сенат депутаттығына өзiн-өзi ұсынуға да болады.
– Сенат сайлауы әдеттегiдей, ешқандай у-шусыз өтедi, – дейдi Тәуекелдiлiктi бағалау тобының директоры, саясаттанушы Досым Сәтбаев Алматыда өткiзген шағын-брифингте. – Егер Қазақстанда ың-шыңсыз өтетiн бiр сайлау болса, ол – Сенат сайлауы. Бұл баяғыдан қалыптасып қалған дәстүр. Бәлкiм бұның себебi – Сенат сайлауының жалпыхалықтық сипатқа ие еместiгi шығар. Оларды мәслихаттар сайлайды. Қазақстан секiлдi унитарлы мемлекет үшiн Жоғары палатаның – Сенаттың болуы қызық құбылыс. Өйткенi әдетте унитарлы мемлекеттерде 1 палаталы Парламент болады. Сенат сайлауы Қазақстанда – өте тыныш саяси шаралардың бiрi, – дейдi ол.
«Сенат сайлауы елiмiзде неге ың-шыңсыз өтедi?»
Бiз осы сауалды бiрнеше саясаттанушыға қойып көрген едiк.
Дос КӨШIМ, саясаттанушы:
– Сенаттың қазiргi рөлi мемлекет басшысының қалқаны сияқты ғана. Көптеген мәселелер Сенат арқылы жасалады. Сенат арқылы белгiлi заңды қабылдауға және оны тоқтатуға Президентте құқық бар. Сондықтан бұл қазiргi жүйедегi қажеттi тетiк деп ойлаймын. Екiншi мәселе: Сенатты халық сайлау керек пе, жоқ жанама сайлау арқылы мәслихаттар сайлауы керек пе? Бұл тұрғыдан келгенде, егер Мәслихаттар шын мәнiсiнде әдiлеттi, демократиялы түрде сайланған болса, онда Сенатты да әдiлеттi түрде сайлай алар едi. Бiрақ бiздiң сайлау жүйемiз қалай жүзеге асатынын көрiп отырмыз. Оны айтып жату артық болар. Әдiлетсiз сайлаулар арқылы сайланған мәслихаттардың Сенатты сайлауы екi есе әдiлетсiз болады. Сондықтан Сенат сайлауына қоғам қызықпайды және еш тартыссыз өтедi. Әрi Сенат депутаттарының өз бетiнше бастама көтерiп, өзгеше рөлге ие болғанын да көрген емеспiз.
Расул ЖҰМАЛЫ, саясаттанушы:
– Қазақстан унитарлы мемлекет болғандықтан, бiздiң мемлекеттiк құрылымымызға Сенаттың айтарлықтай қажетi жоқ. Себебi екi палаталы Парламент Ресей сияқты федеративтiк мемлекеттерде болады. Бiрiншiден, бұл – халықтың өзi таңдап сайлайтын өкiлдер. Екiншiден, Жоғары палатаға федеративтiк мемлекеттiң құрамындағы республикалар мен автономиялар өз өкiлдерiн жiбередi. Олар солар арқылы өз талаптарын бiлдiре алады және бақылауды күшейтедi. Қазақстанда оның қажеттiлiгi жоқ.
Екiншiден Сенат сайлауының неге тартыссыз және қызықсыз өтетiндiгiне келсек, бұл сайлау процесiмен байланысты. Егер Мәжiлiс сайлауы бүкiлхалықтық деңгейде өткiзiлетiн болса, Сенат сайлауына халық қатыспайды. Сайлаушылардың рөлiн жергiлiктi мәслихаттар атқарады. Қазiргi жағдайда жергiлiктi мәслихаттарға жергiлiктi әкiмнiң және әкiмшiлiктiң ықпалы өте зор. Оны ешкiм жоққа шығара алмайды. Бұл Сенат сайлауының әкiмшiлiктiң ресурстарға бағыныңқы екендiгiн танытады. Қазiр Сенат сайлауына балама партиялар, оппозициялық партиялар белсендi қатысып отырған жоқ. Қазiр тiркелген үмiткерлердiң арасында өзге саяси партиялардың өкiлдерi бiрен-саран ғана. Басым көпшiлiгi «Нұр Отан» партиясының мүшесi немесе ешқандай партия өкiлi емес. Демек бұның себебi өзiнен-өзi түсiнiктi шығар. Мәслихаттар әкiмдердiң ықпалынан шыға алмай отырғандығын осыдан бағамдауға болады. Яғни Сенат сайлауының қызықсыз және тартыссыз өтуi – айтарлықтай саяси күрестi, доданы мойындамаудан болып отырған болар.
– Сенаттың рөлi қандай?
– Сенат Мәжiлiс қабылдаған заң актiлерiн қосымша қарастырып, зерттеп, кей жерлерде өз ойларын ортаға салатын екiншi Парламент iспеттi. Көбiне Мәжiлiстiң қабылдаған заңдарын мақұлдайды. Тек бiрен-
саран кикiлжiңдер болмаса, көп жағдайда Мәжiлiспен ойлары бiр жерден шығады. Мәселен өткенде Ауғанстанға әскер жiберу туралы мәселеде Мәжiлiс пен Сенаттың пiкiрi екiге жарылды. Мәжiлiс ол заңды мақұлдаса, Сенат оған қарсы болды. Бiрақ, Сенат Мәжiлiстiң қабылдаған заңдарына сараптама жасап, Конституция бойынша тағайындауларды мақұлдап қана қоймауы керек, сонымен қоса, олар аймақтардың, өңiрлердiң өкiлдерi болғандықтан, сол өңiрлердiң дамуына назар аударуы керек. Бұндай тәжiрибе көбiнде федеративтiк мемлекеттерде жақсы жүзеге асады. Ал бiзде облыстық әкiмшiлiктер тiкелей Орталыққа бағынады. Сол себептi де Сенат Мәжiлiс қабылдаған заңдарды сараптап отыратын екiншi бiр Парламенттiң рөлiн ғана атқарып отыр.
Есенгүл Кәпқызы