«ӨКПЕ АУРУЫНАН ОСЫЛАЙ ҚҰТЫЛДЫМ»
«ӨКПЕ АУРУЫНАН ОСЫЛАЙ ҚҰТЫЛДЫМ»
Көкiрек немесе құрт ауруы – бүгiнде көптiң үлкен дертiне айналып отыр. Оны кейде «Әлеуметтiк дерт» деп те атайды. Әрi оның тұқым қуалайтыны да бар. Алайда осы ауруға шалдығып, бiрақ бақытына орай, одан ешбiр дәрiсiз немесе темiр инесiз құтылғандар да арамызда жоқ емес. Төмендегi әңгiме солардың бiрi туралы.
Бойы екi метрге жуық, зор тұлғалы азаматты бiр көргенде-ақ, сымбатына сүйсiне қарайсың. Ал оның сонау алпысыншы жылдары ауырып, өлiм халiне душар болғанын тiптi көзге елестету қиын.
– Мен әкеден ерте айырылдым. Сондықтан шығар, тұрмыста мұқтаждық көргенiм рас. Әкесi бар құрдас-замандастарым қойдың құйрығын кертiп жеп отырғанда, бiз кейде қара нанға зәру болатынбыз. 1968 жылы жазда қатты ауырып, ауруханаға түстiм. Анам марқұмда қайдан дәрмен болсын?! Әлсiн-әлсiн бiлдiртпей жылап алады. Күндердiң бiр күнiнде әкемнiң туған қарындасы, Алматыдағы Хадиша әпкеммен хабарласқан. Оның бар екенiн естiсем де, не өзiн, болмаса жездейдi көргенiм жоқ. Не Алматыға барған емеспiн. Алайда зейнеткер әпкем бақуатты, тұрмысының ауқатты екенiн естiгенмiн. Ұзын сөздiң қысқасы, телефонмен тiлдескенде: «Iнiңнiң жағдайы нашар. Сүйегiне iлiнiп, әрең жүр. Жазатайым бiрдеңе бола қалса, алдын-ала бiлiп отырсын деп, хабарлап жатқаным», – дейдi анам. «Әй, сен менiң бауырымды өлтiресiң! Қазiр, кеудесiнде жаны барда, маған жiбер! Өзiң Урбах стансасына дейiн бiрге барып, пойызға отырғыз! Маған сәлемдеме жiберемiн деп азаптанба! Өзiмде бәрi бар. Тек iнiм аман-сау Алматыға жетсiн!» дейдi әпкем. Сонымен әңгiме тәмам…
Арада бiр-екi күн өткесiн, жолға аттандым. Өмiрi вокзалынан кiсi арылмайтын Урбахққа жеттiк. Қолымда – көнетоз шағын шабадан, iшiнде азын-аулақ тамағым. Жанымда – анам жүр. Онша ауыр емес шабаданды 20-25 қадам алып жүремiн де, ерiксiз отырамын. Әлсiздiктен басым айналды. Анама көтертуге жiгiттiк намысым жiбермейдi. Құдайға шүкiр, жолға алған ақшам қомақты. Бүкiл ағайын-тума ұйымдасып, жинап берген. Мәскеу-Алматы пойызы келiп, анам менi купеге орналастырып, көңiлi тынышталып, вагоннан түстi. – Ал, аман барып кел, балам!-дедi. Қайран ана!..
Қинала-қинала, Алматыға әрең жеттiм. Әлсiздiк, тамаққа тәбет жоқ. Тек жата бергiм келедi. Перроннан әпке-жездем күтiп алды. Әпкем әкеме қатты ұқсайды. Етi тiрi, пысық адам екенi көрiнiп тұр. Жездем ұзын бойлы, ақ сары, сәндi киiнген, маңғаз азамат болып шықты. Маған iлтипаты ерекше. – Қош келдiң, балдызжан! – деп жатыр. Үйге таксимен зулап жеттiк. Алматының шетiндегi ескiлеу болса да, бес бөлмелi кең үйге келдiк. Алыстан таулардың аппақ шыңдары «менмұндалайды…»
…Таң атты. Таңғы шай үстiнде әпкем:
– Бiз, жездең екеумiз Алматының атақты Көкбазарына барып келемiз. Сен үйде бол! – дедi. Айтылды, бiттi. Қозғалатын халiм жоқ. Екi сағаттай уақыттан соң, олар оралды. Жездемнiң қолында үлкен көк шелек. Ауыр екенi сыртынан-ақ көрiнiп тұр. Бетiне жапқан қақпағын алды. Ернеуiне келiп тұрған қып-қызыл май. Өмiрiмде ондайды көргенiм жоқ.
– Бұл не? – деп сұрадым әпкемнен.
– Иттiң майы, – дедi iле-шала жұлып алғандай.
– Не үшiн? – дедiм таңданысым басылмай.
– Сен iшесiң, – дедi әпкем бетiме барлай қарап.
– Неге?
– «Неге?», «неге?» дейдi ғой, мына бәлекет. Тек осы майды iшiп, аурудан айығуың керек. Еш инесiз және дәрiсiз. Менi мұқият тыңда. Күнiне үш рет қалайы күрешкемен осы майды iшерсiң. Алғашқыда жиiркенiштi, бiрақ қорықпа. Бойыңды үйрету үшiн алдымен бiр рөмкi арақ iшкiземiз. Сонан кейiн – май. Өлгiң келмесе, өмiр сүргiң келсе, осы майды iш. Бiр шелек таусылса, екiншiсiн әкелемiн. Таныс кәрiстерiм аман болсын! Ал айтқанды тыңдамасаң немесе алдасаң, күнi ертең пойызға апарып, отырғызып жiберемiн. Ерiк өзiңде. Құдай қаласа, жағдайың жақсарып, тәбетiң ашылса, үстел үстiнде тұрғанды жалмап, жұта бер! – деп, әпкем сөзiн бiр қайырды…v«Атымның сыры өзiме мәлiм» деген, әпкемнiң болмысын ендi түсiнiп, сол күнi кеште күрешкенi алып, қызыл майға малып, үстелдiң үйiндегi алжапқышқа қойдым. Менi келгеннен берi бақылап жүрген жездем арақтың шөлмегiн алып, жаныма жетiп келдi. Екi елу грамдық шағын ыдысқа ащы суды шөпiлдете құйды да, бiреуiн өзi тартып, жiбердi. – Ал, көзiңдi жұм– да, iшiп жiбер! Арақ-шарапқа ауызданбаған шағым, өңешке құйып жiбердiм. Қақалып-шашалып, көзiмдi ашсам, жездем қалайы күрешкенi ұсынып тұр: – Мынаны iле-шала тартып жiберсең, ештеңе етпейдi. – Расында да тұла бойымды билеп алған секiлдi. Кiлкiген қызыл майды жұтып жiбердiм де, көзiмдi жұмдым. Кәдiмгiдей май сияқты, тек өзiндiк дәмi мен иiсi бар…
Сөйтiп жездемнiң қоймай қолқалауымен бес-алты күнде майға үйрене бастадым. Байқаймын, арада талай күндер өткен соң, бойда қуат пайда болды. Өйткенi әпкем үстелдi қайыстырып, толтырып қойған жемiс-жидек, көкөнiс, қала бердi қазы-қарта, шұжықты аздап жей бастадым. Шабдалы деген жемiстiң барын Алматыдан көрдiм. Бара-бара тамаққа тәбетiм ашылып, сұрап жеудi шығардым. Оған әпке-жездем қуанбаса, ренжiмейдi. Үй жанындағы дүкеннен, онан қалса, базардан тасып әкеледi.
Арада жылжып күндер өтiп жатты. Бойға – күш, қолға – қуат бiткеннен кейiн, жездеммен бiрге тау етегiне қарай шығып, жұпар иiстi ауада жаяу жүрiп, кейiн бiртiндеп жүгiрудi шығардым. Өмiрге құштарлығым артып, бетiме қан жүгiрдi. Өзiмнiң толысып, денеме ет бiте бастағаны да сезiлдi. Ендi майды еркiммен, ешқандай «кiрiспесiз», күнiне үш рет iшемiн. Бәрiн бақылап, қадағалап отыратын – әпкем мен жездем. Сөйтiп, төрт айдың iшiнде бiраз майды тауыстым. Бұрын тiптi үйдiң iшiнде әрең қозғалатын менiң ендi қимылым ширақ, жеңiл екенiн байқаған әпкем бiр күнi: – Бала, жазылдың! Үйге қайтатын уақыт жеттi. Ертең жездең Алматы–Мәскеу пойызына билет алып, сенi отырғызып жiбередi. Келiстiк қой, – дедi. Ертеңiне кешке үлкен әрi салмақты екi шабаданды ұстап, пойызбен елге аттандым… Бұл – 1960 жылдардың аяғында болған.
…Келсем, менi медиктер мен …милиция iздеп жатыр. Милиция – мiндеттi емделуден қашып жүрген адам ретiнде. Өзiм барып, бәрiн тыныштандырдым. Сонан соң, ренгенге түскенмiн, өкпем ешқандай кiнәраты жоқ, «теп-тегiс» болып шықты. Бұрынғы суреттегi шарқ-шұрқ тесiк мүшеме мүлдем ұқсамайды. Оған сенерiн де, сенбесiн де бiлмей, дәрiгер облыс орталығына жiбердi. Сол баяғы көрiнiс. Ақыры бiр-екi айдан соң, менi арнаулы есептен шығарып тастады. Мiне, арада көп жыл өттi, өкпем сау, тынысым жеңiл, көңiлiм алаңсыз – деп, әңгiмесiн аяқтады әрiптес ағамыз.
Осындай бiр оқиға. Әрине, қазаққа жат сұйықтық – сырттандардың майына жарнама жасаудан аулақпыз. Май жұрттың бәрiне бiрдей жағарына және құрт ауруынан толық сауықтырарына да кепiлдiк бергiмiз келмейдi. Тiптi, дәрiгерлер мен ғылымдардың да оңай ұйғарым жасауы қиын. Алайда оның белгiлi бiр дәрежеде емдiк қасиеттерiнiң барлығына күмәнiм жоқ. Жоғарыдағы азаматтың дерттен құлан-таза жазылып кетуiне себеп үшеу: май, құнарлы да қуатты тамақ және сол кездегi Алматының жұпар ауасы. Төртiншiсi – ағамыздың жауқазын 21 жаста болуы едi…
Серiк ЫҚСАНҒАЛИ