ТӘРБИЕ ҚУЫРШАҚ ТЕАТРЫНАН БАСТАЛАДЫ
ТӘРБИЕ ҚУЫРШАҚ ТЕАТРЫНАН БАСТАЛАДЫ
Ирландық жазушы-сатирик, қоғам қайраткерi Джонатан Свифт: "Қуыршақ театры адамның барлық қырларын, болмысын көрсету үшiн пайда болған" деген екен. Қуыршақ театры жайлы бастамас бұрын, оның пайда болуы жайлы айтып өткен жөн болар. Бұл жайында екi түрлi дерек көзi бар. Бiрiншiсi: Ертеректе Қытайда соғыс болады. Халық күйзелiске ұшырап, жеңiстен үмiттерiн үзе бастаған сәтте императорға бiр данагөй қарт келiп: "мұндай қиындықтан құтылу үшiн сұлу қыз кейпiндегi қуыршақ жасатыңыз және қуыршақтарды қорғанның алдына шығарыңыз" – дейдi. Содан жау әскерi мұны көрiп артқа шегiнедi. Аң-таң болған император данагөйден мұндай ойға қалай келгенiн сұраса: "жауымыздың императорының әйелi өте қызғаншақ екенiн бiлiп алдым", – деген екен.
Сонда ару қыздарды көрген соң, жолдасына кейiн шегiнуге бұйрық бередi. Осылайша қуыршақтар қаланы құтқарады. Ал екiншi нұсқасы: Ертеде бiр хан болыпты. Бiр күндерi оның әйелi қаза болып, әбден қайғырады. Сонда ханның бұл күйiн сезген ақылшы қарт келiп: "Мен саған көмектесем. Сен ендi әр күнi өз ханымыңды көрiп тұрасың. Бiрақ ешуақытта шымылдықтың артына көз салма", – дейдi. Сөйтiп хан күнде ханымын көрiп, сөйлесiп жүредi. Күндердiң бiр күнi шыдамы таусылып шымылдықтың артына қараса, әлгi әйел кейпiнде жүрген қағаздан жасалған қуыршақ екенiне көзi жетедi. Хан ашуға мiнiп, ақылшыны дарға асуға бұйрық бередi. Дарға асар алдында хан ақылгөйден әйелiнiң бейнесiн мұнша айнытпай салу қолыңнан қалай келдi десе, әлгi қарт құлдары мен күңдерiнен сұрап бiлiп, қуыршақ жасағанын айтады. Жауабына риза болған хан оны босатып, кейiн бүкiл хандықта қуыршақтан театр салуға бұйрық бередi. Мiне, осылайша қуыршақ театры пайда болған деседi аңыздарда.
Театрдың өзiндiк мәдениетi бар. Бұл мәдениет адамның жан дүниесiн гүлдендiрiп, рухани байытады. Театр өнерiн сатылы баспалдағымен жүрiп өтпей меңгердiм деу қате пiкiр. Себебi алдымен қуыршақ театры, кейiн жасөспiрiмдер және опера-балет театры арқылы жан-жақты дамиды.
Қазiрде қуыршақ театры – балаларды тәрбиелеудiң ең тиiмдi құралы. Бұл театр өнерi өскелең ұрпақтың бойына мәдениет, бiлiм және ұлттық тәрбиенi дарытады. Ертегi – жырларды ұлттық сипатта насихаттаудың жолы бұл. Елiмiздегi қуыршақ театрларының ең көнелерiнiң бiрi – Алматыдағы мемлекеттiк қуыршақ театрының iргетасы 1935 жылы құрылған. Театр сахнасында барлық жүйедегi қуыршақтар – қарапайым жiппен жүргiзiлетiн қуыршақтан бастап, күрделi марионеткаларға дейiн көрсетiлдi. Театр шымылдығы алғаш "Өтеген батыр", "Алдар көсе" сынды қойылымдармен ашылды. Театр талантты әртiстердiң бiрнеше буынын – қуыршақ шеберлерi, режиссерлер, суретшiлердi тәрбиелеп шығарды. Мәселен режиссерлер мен өнертанушылар П.Пашков, Ю.Рудковский, Л.Ленгорская, В.Горенберг, талантты әртiстер Ш.Қадыров, Н.Трегубенко, Т.Майская, Қазақстанның еңбек сiңiрген әртiстерi Б.Парманов, С.Шүкiров, С.Қабиғожина сияқты талант иелерiн атауға болады.
Сонымен қоса, осы күнге дейiн талай ертегiлердiң қойылымын көрерменiмен қауыштырды. Бүгiнде мемлекеттiк қуыршақ театрының репертуарында қазақ – орыс тiлдерiндегi ертегiлер көрсетiледi. Атап айтсақ, "Ақ құс туралы аңыз", "Алтыншаш", "Тал көлеңкесi", "Балабек", "Қызыл телпек", "Киелi алма", "Үш торай", "Волшебная лампа Алладина", "Морозко", "Дед мороз" сынды қызықты қойылымдар көрермен ықыласына бөленiп келедi. Бұл ертегiлердiң жас буынға берер оң тәрбиесi мол. Себебi олар – кеңпейiлдiлiк, әдiлдiк, батырлық, достық тақырыптарын және эстетикалық мәселелердi қозғайды. Ертегiнi оқу бiр бөлек те, оны көзбен көрiп, көкейге түю бiр бөлек. Бұл қасиеттердi жастайынан бүлдiршiндердiң бойына сiңiрсек, болашақтың тiзгiнiн сенiммен табыстауға әбден болады. Қуыршақ театрында қойылып жүрген туындылардың бiразы халық даналығынан болса, ендi бiрi жазушылардың шығармашылығына негiзделiп құрылады. Оспанхан Әубәкiров, Оразбек Бодықов, Сәкен Жүнiсов сынды жазушылар балаларға арналған қойылымдардың сценариiн жазған. Бiрақ бүгiндерi мұндай авторлар өте сирек, сонымен қатар қазiргi балаларға қажеттi мiнез – құлық, персонаждар да жеткiлiксiз. Мемлекеттiк қуыршақ театрының директоры, Қазақстанның еңбек сiңiрген қайраткерi Мәдениет Юсупов "Ұлан" газетiне берген бiр сұхбатында: "Ең үлкен мәселе – баланы тәрбиелеу. Баланы театрға әкелерде алдын ала дайындап, қайда бара жатқанын, не мақсатпен бара жатқанын түсiндiрiп, әдемi киiндiрiп, театр тәртiбiмен таныстыру керек. Бала қойылым өзегiндегi оқиға арқылы берiлетiн сезiмдерге ортақтасып, кейiпкерлермен бiрге қуанады, жылайды. Театр салт-дәстүр, ұлттық құндылықтарымызбен таныстырады. Бiздiң басты мақсатымыз – қазақтың балаларын тәрбиелеу, ұлттық құндылықтарымызды балалардың санасына құю. Бiздiң театрға екi жастағы баладан бастап, алпыс-жетпiстегi қариялар келiп, қойылым тамашалайды. Сонымен қатар, мектептермен байланысып, оқушылардың ұсыныс – сұраныстарын ескерiп жатамыз", – деген болатын. Қуыршақ театры балалардың сезiм түйсiктерiн дамытады. Ертегiнi көрiп, тамашалап отырған бүлдiршiн 4-7 жасында осындай театрға келмесе, театрдың кейiпкерiмен күлiп, мәз болып қуанып, аяп, түрлi сезiмдердi басынан өткермесе, кейiн бала опера, драма театрларына қызықпайтын болады. Мiне, осындай мәдениетке баулитын өнерге балалардың атсалысуы қандай деңгейде? Өкiнiшке қарай, жас көрермендердiң театр залын толтырмауы қынжылтады. Сонымен қоса, қуыршақ театрына қызығатын қазақ балаларының аздығы қаяу түсiредi. Бөбектердiң мұндай ортаға икемделуi тiкелей ата-анаға байланысты. Бiрақ ата-аналар тiршiлiктiң қамымен жүрiп, балаға аз көңiл бөлiп жатады. Сондықтан бiз оларды да жазғыра алмаймыз.
"Дұрыс қанаттанған түзу ұшар" – дейдi қазақ. Бүгiнiмiз жастарды рухани тәрбиелеуге арналса, болашағымыз жарқын болмақ.
Мөлдiр МОЛДАХМЕТ, студент