Онлайн сауданың өсуі экологияға салмақ түсіріп отыр – депутат

/
Онлайн сауданың өсуі экологияға салмақ түсіріп отыр – депутат
сурет: parlam.kz

"AMANAT" партиясы фракциясының мүшесі Мархабат Жайымбетов Премьер-Министр Олжас Бектенов атына электрондық сауданың экологияға әсеріне қатысты депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды turkystan.kz.

Депутаттың айтуынша, елімізде онлайн сауда қарқынды дамып келеді және тұтынушылар үшін қолайлылық артқанымен, бұл үрдіс экологиялық жүктеменің өсуіне алып келуде. Сауда және интеграция министрлігінің деректеріне сәйкес, 2025 жылы электрондық сауда бойынша 18 мыңнан астам өтініш тіркелген.

Негізгі мәселелердің бірі – бір реттік қаптаманың шамадан тыс қолданылуы. Тауарларды жеткізу барысында пластик, пленка мен картон көп көлемде пайдаланылады, ал олардың басым бөлігі бірден қоқысқа тасталады. Соның салдарынан тұрмыстық қатты қалдықтар көлемі артып, полигондарға түсетін жүктеме көбейіп отыр.

Екінші мәселе – жеткізу логистикасының экологияға әсері. Халықаралық зерттеулерге сәйкес, жүк тасымалы көмірқышқыл газы шығарындыларының шамамен 24 пайызына дейін жетеді. Бұл көрсеткіштің басым бөлігі автокөліктерге тиесілі.

Сонымен қатар Қазақстанда жыл сайын 4,5–5 миллион тонна коммуналдық қалдық түзіледі. Ал қайта өңдеу деңгейі 2025 жылы шамамен 28 пайызды ғана құраған. Депутат бұл жағдайды сұрыптау инфрақұрылымының жеткіліксіздігімен және бизнестің экологиялық шешімдерге экономикалық ынталандыруының әлсіздігімен байланыстырды.

Осы ретте ол Таза Қазақстан бастамасының маңызын атап өтіп, экологиялық жауапкершілік мемлекетпен қатар бизнес пен қоғамға да ортақ екенін жеткізді.

Депутат халықаралық тәжірибеде маркетплейстердің қайта пайдаланылатын қаптаманы енгізіп, жеткізуде электр көліктерін қолдану арқылы көміртегі ізін азайтып отырғанын атап өтті. Ал Қазақстанда мұндай тәжірибе әлі де жеткілікті деңгейде дамымаған.

Осыған байланысты Үкіметке бірқатар ұсыныс жолданды:

– электрондық саудада бір реттік қаптаманы қысқарту бойынша нақты талаптар енгізу;
– онлайн платформалар мен жеткізу компаниялары үшін қаптама қалдықтарын жинау және қайта өңдеу жауапкершілігін күшейту;
– ірі қалаларда көп рет қолданылатын қаптама жүйесін енгізу бойынша пилоттық жобаларды іске қосу;
– қалдықтарды сұрыптау және қайта өңдеу инфрақұрылымын дамытуға инвестиция тартуды ынталандыру.

Депутаттың пікірінше, электрондық сауданың әрі қарай дамуы экологиялық талаптармен қатар жүруге тиіс.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары