Цифрландырудағы олқылықтар тегін дәрі беру процесін тежеп тұр – Берік Бейсенғалиев

/
Цифрландырудағы олқылықтар тегін дәрі беру процесін тежеп тұр – Берік Бейсенғалиев
сурет: parlam.kz

"AMANAT" партиясы фракциясының мүшесі Берік Бейсенғалиев Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова атына медицина саласын цифрландырудағы мәселелерге қатысты депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды turkystan.kz.

Депутаттың айтуынша, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев цифрлық мемлекет құру міндетін айқындап, бұл бағыттағы жұмысты жеке бақылауында ұстап отыр. Алайда денсаулық сақтау жүйесінде енгізілген цифрлық шешімдер толық үйлеспей, нақты қиындықтар туындатуда.

Атап айтқанда, медициналық ұйымдардағы тегін дәрі-дәрмек беру пункттерінің қызметкерлері бір уақытта бірнеше ақпараттық жүйеде жұмыс істеуге мәжбүр. Рецепт тіркеу, дәрі қалдықтарын есепке алу, дәрі-дәрмек босату және есеп жүргізу әртүрлі платформалар арқылы жүзеге асады. Соның салдарынан бір дерек бірнеше рет енгізіліп, дәрігерлер мен фармацевтердің уақыты техникалық рәсімдерге жұмсалуда.

Бұл жағдай медициналық қызметтің сапасына да әсер етіп отыр. Еңбек өнімділігі төмендеп, адами қателік қаупі артады. Сонымен қатар дәрі-дәрмек беру процесі баяулап, азаматтардың тегін медициналық препараттарға қолжетімділігі қиындай түсуде.

Мәселе әсіресе созылмалы ауруы бар науқастар, мүгедектігі бар азаматтар, қарттар мен балалар үшін өзекті. Себебі дәріні уақытында алу олардың денсаулығына тікелей әсер етеді.

Осыған байланысты депутат цифрлық жүйелерді жетілдіру үшін бірқатар ұсыныс білдірді. Атап айтқанда:

– денсаулық сақтау саласындағы барлық ақпараттық платформаларды толық интеграциялау;
– рецепттер, дәрі қалдықтары және есептілік бойынша деректер алмасуды автоматтандыру;
– барлық операцияларды бір жүйеде жүргізуге мүмкіндік беретін бірыңғай интерфейс әзірлеу;
– егер мұндай жоба жоспарланса, оны іске асыру мерзімдері мен жауапты органдар туралы ақпарат беру.

Депутаттың пікірінше, цифрлық жүйелердің тиімді үйлесімі медициналық қызмет сапасын арттырып, халықты дәрілік препараттармен қамтамасыз ету процесін жеңілдетуге мүмкіндік береді.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары