БӘРААТ ТҮНIНIҢ БЕРЕКЕСI

БӘРААТ ТҮНIНIҢ БЕРЕКЕСI

БӘРААТ ТҮНIНIҢ БЕРЕКЕСI
ашық дереккөзі
189

Шағбан – мұсылманның иманы кемелдене түсетiн мүбәрак ай. Алла Тағаланың ризық берiп, молшылыққа кенелтiп, берекелендiретiн айы.

Шағбан – Жаратушы Жаббар Иемiзге шын ықылас, таза ниет, нұрлы ақылмен ғибадат қылатын ай.

Шағбан – шүкiр айтып, тәубеге келiп, жақсылық есiктерiн iздеген адамдарға қайырымдылық, меймандостық көрсететiн теңдессiз ай.

Шағбан – Құран оқып, iлiм көксеп, ойланатындарға перiштелер қанатын кеңге жаятын ай.

Шағбан – Алла Тағаланы үздiксiз ұлықтап, Пайғамбарымыз Мұхаммедке (с.а.с.) сансыз салауаттар айтылатын сауапты ай.

Шағбан – iзгi амал, көркем мiнез, адал кәсiппен алдағы келе жатқан қасиеттi рамазандағы парыз оразаға дайындық айы. Сөзiмiздi Айша (р.а.) анамыздың риуаяты растайды: "Пайғамбарымыз Мұхаммедтiң (с.а.с.) жақсы көретiн әрi көп ораза ұстайтын айы – шағбан. Содан соң парыз болған рамазан оразасын жалғастыратын едi".

Бiзге де осы сүннеттi, яғни шағбан айында толық болсын, жиi-жиi болсын, қалаған күндерiмiзде болсын ораза ұстау – сауап. Усама ибн Зайд (р.а.) риуаятына назар салсақ: "Уа, Алла елшiсi (с.а.с.)! Айлардың iшiнде шағбанның кезiнде көбiрек ораза ұстағаныңызды көремiн. Себебiн айтыңызшы?" – дегенде, Пайғамбарымыз (с.а.с.): "Осы айды адамдардың бiразы босқа өткiзiп алады. Қасиеттi ережеп пен рамазан айының ортасындағы шағбан айында амалдар Алла Тағаланың құзырына көтерiледi. Мен де амалымның осы айда оразамен көтерiлгенiн қалаймын", – дептi.

Бiрде Алла Расулы (с.а.с) сахаба Ғимраннан (р.а.): "Шағбан айында ораза ұстадың ба?" деп сұрап, Ғимран (р.а.) "Жоқ", – дегенде, – "Онда екi күн ораза ұста!" – деп ескерткен. Қысқасы, Шағбан айында ұстаған бiр күндiк ораза – екi күн ораза ұстағанмен тең.

БӘРААТ КЕШI

Шағбан айының он төртiнен он бесiне қараған кешi – Бәраат түнi. Қасиеттi бұл кеш – Аллаh Тағаланың рақымы мен ризалығына бөленетiн, дұға-тiлектердiң қабыл болатын, күнәлардың кешiрiлетiн түн. Оны құлшылықпен, көркем амалдармен өткiзген мұсылман екi дүниенiң бақытына кенеледi.

Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.с.): "Шағбан айының ортаңғы түнi болғанда (намазға) тұрыңдар! Күндiзiнде ораза ұстаңдар! Алла Тағала күн бата аспанның бiрiншi қабатына түсiп былай дейдi:

– Күнәсiнен жарылқау тiлеушi бар ма?

– Мен оның күнәсiн кешiремiн.

– Ризық сұраушы бар ма?

– Мен оның ризығын молайтамын.

– Ауруына шипа тiлеушi бар ма?

– Дертiне шипа беремiн.

– Сұраушы бар ма?

– Сұрағанын беремiн.

Осылайша Алла Тағала таң атқанша тiлеген дұғаларды қабыл етедi, – деп келедi Али ибн Әбу Талиб риуаяттаған хадисте.

Әбу hурайраның (р.а.) айтуынша: "Шағбан айының ортасындағы түнi жетi қат аспан есiктерi ашылады. Әрбiр есiкте перiштелер тұрады. Олар мұсылманға жақсылық тiлейдi. Сол түнi – күнәлар кешiрiледi. Тек қана Аллаға серiк қосушылардың және үлкен күнәларды тәубеге келмей iстей беретiндердiң күнәсi кешiрiлмейдi.

Пайғамбарымыздың (с.а.с.) Бәраат түнiн ғибадатпен өткiзгенiн мүмiндердiң анасы Айша (р.а.) былай жеткiзген: "Пайғамбар (с.а.с.) кезегi менiкiнде болған түнi оянып кетсем, намаз оқуда екен. Намаздың қиямында көп тұрмады. Сәжденi ұзақ жасады. Түн ортасынан ауса да, сәждеде көп жатты. Таң атуға жақындағанда, "Оған ажал келген шығар" – деп ойладым. Орнымнан тұрып қолымды аяғына тигiзгенiмде қимылдады.

Сәждеде Алла Тағаланы ұлықтап жалбарына сөйлегенiн естiдiм: "Ей, рақымдылардың Рақымдысы! Жүрегiм саған иман келтiрдi, жүзiм саған сәжде қылды. Менiң күнәларымды кешiр!

Сенiң азабыңнан – кешiрiмiңе, ашуыңнан – ризалығыңа сиынып өзiңнен пана тiлеймiн!"

Намазды аяқтаған соң:

– Айша, бүгiн қандай түн екенiн бiлесiң бе? – деп сұрады.

– Алла және оның Елшiсi жақсы бiледi, – дедiм.

Сонда ол: "Бұл – шағбанның он бесiншi түнi. Алла Тағала құлдарына рақымын төгiп, кешiрiм тiлеушiлерге кеңшiлiк жасайды", – дедi.

Бәраат кешiнiң адам баласына берер пайдасы зор. Оның Ислам тарихында алар орны да ерекше. Алла Тағала бұл түнi басқа пайғамбарларды да рахметiне бөлеген.

Бәраат кешiнде – Алла Тағала Нұх (а.с.) пайғамбарға топан судан құтылу үшiн иман келтiрiлген мұсылмандарды, хайуанаттарды жұп-жұбымен кемеге мiнуiн бұйырған.

Бұл түнi – Алла Тағала Мұса (а.с.) пайғамбармен сөйлескен.

Бұл түнi – Алла Тағала Зәкәрия (а.с.) пайғамбарды болашақта дүниеге келетiн Яхия есiмдi баламен сүйiншiлеген.

Бұл түн – Мұхаммедтiң (с.а.с.) үмметтерi үшiн құбыла Ақса мешiтiнен Қағбаға өзгертiлген түн.

Бұл түнi Құран Кәрiмдегi "әл-Қамар" сүресiнiң бiрiншi аятында баяндалған аспандағы айдың екiге жарылып бөлiнген оқиғасы болды. Пайғамбарымыз Мұхаммедке (с.а.с.) берiлген бұл мұғжиза Бәраат кешiнде жүзеге асқан-ды.

Бәраат түнiнiң беделi мен артықшылығын кейiнгi заман адамдары табиғиндер амалынан алған. Хадистер мен сахабалар сөздерiнен ұғатынымыз, олар бұл түнi құлшылыққа берiлiп, намаз оқыған.

"Ай жарылды. Қиямет жақындады", – деген ескерту айтылғалы он төрт ғасыр өтсе де, адамзат қаперсiз отыр. Дүние жүзiндегi, елiмiздегi оқтын-оқтын болып жатқан апаттар – ақырзаманның алыста еместiгiнiң ескертуi екенiн естен шығармайық.

Күлпара ЖҰМАҒАЛИ, исламтанушы

Серіктес жаңалықтары