Қазiргiнiң hарон РАШИДI... Қайда?
Қазiргiнiң hарон РАШИДI... Қайда?
«Мың бiр түн» ертегiлерiнен hарон Рашид есiмiн жақсы бiлемiз. Падиша қарапайым пенденiң киiмiн киiп, қарапайым адамдар арасын елеусiз аралайтын болыпты. Сол арқылы халқының нақты әл-ауқатын, тұрмысын, саяси ұстанымын бiлiп отырған. Жалпы, заманауи политологияда да көп мәселе халықтың көңiл ауанына байланысты деген теория бар. Саясат деген – нәзiк құбылыс. Ал сол саясатты жасаушы һәм дейтiн қарапайым халық одан да нәзiк. Ақылды үкiметтер ешқашан iргесiн туған халқынан бөлмеген. Керiсiнше алдымен халықтың мүддесiн алға қойған. Ол да тарихи ақиқат.
Осы қағиданың Қазақстан тарихында да көрiнiс бере бастауы қуантады. «Сананы тұрмыс билейдi» дегеннiң биiгiнен қарастырсақ, қазiргi өзектi деп жүрген проблеманың бiрi һәм шешушiсi – әлеуметтiк сала. Қазақ билiгi оны ерте түсiндi. Сонау 2000 жылдардың басында-ақ атаулы әлеуметтiк көмек деген шараның қолға алынғанын бiлемiз. Әлбетте, мәселенiң қолға алынуы мен жүзеге асуы екi нәрсе. Сол кездегi iскер министрiмiз Гүлжан Қарағұсованың халықтың әл-ауқатын бiлу мақсатымен облыстарды аралағаны да есiмiзде. Алайда сол жолғы әлеуметтiк қолдау шаралары толықтай ақталмағаны да белгiлi. Алдымен кiмнiң кедей, кiмнiң бай екенiн анықтау мәселесi қиындаған. Бiр сиыр мен бес тауық ұстаудан гөрi мал-мүлiксiз қалып, әлеуметтiк көмекке сүйену пайдалы болатын.
Қазiргi қаржылық дағдарыс кезiнде Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрi Гүлшара Әбдiхалықова тарапынан да жаңа бiр әрекеттiң шетi көрiнiп қалды. Министр 2020 жылға дейiнгi халықты жұмыспен қамтудың жаңа қазақстандық бағдарламасын ұсынды. Осы бағдарлама аясында 1,5 миллион қазақстандықты жұмыспен қамту жоспарлануда. Биылғы 1 шiлдеден бастап шара Қарағанды, Павлодар және Шығыс Қазақстан облыстарынан басталмақ.
Үкiметтiң осынау шарасын түсiнуге де болады. Қазiргi Қазақстанды әлеуметтiк тұрғыдағы екi қиырдан тұрады десе де болады. Қалада тұратындардың әлеуметтiк-материалдық жағдайы анағұрлым жақсы. Ал алыс ауылдағы қазақстандықтар туралы оны айта алмаймыз. Сондай-ақ «Шаңырақ», «Бақай», таяуда ғана дүркiреп өткен «Думандағы» оқиғалар әлеуметтiк саланы ретке келтiрудiң қажеттiгiн алға тартып отыр.
Осындай бағдарламаны жүзеге асырудың қажеттiлiгi бұрын да талай мәрте қозғалған. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өз сөздерiнде елдегi қордаланған проблемалар мәселесiн жиi тiлге тиек еттi. Алайда соңғы кезде үкiмет тарапынан халықты жұмыспен қамтуға байланысты әрекет алғаш рет ауқымды көлемде қолға алынғалы отыр.
Бағдарламада ауылды жерлердегi жағдайды түзеуге ерекше көңiл бөлiнген. Өйткенi Қазақстан ауылдарында қазiр 8 миллионнан астам адам тұрады. Тәуелсiздiк алғаннан бергi ондағы ауыл шаруашылығының құлдырағаны да белгiлi. Ауыл тұрғындары жұмыс iздеп Алматыға, басқа да iрi қалаларға сабылуда. Әрi көбi қара базарда жұмыс iстеуге мәжбүр. Ауыл жастарының арасында түрлi қылмыстық әрекеттерге барып жататындары да баршылық.
Демек қазақ жастарын жұмыспен қамтудың қолға алынар кезi келгенi анық. Әрi бұл ұлттық деңгейдегi проблема болып саналады. Себебi бұрынғы АХБК сияқты iргелi кәсiпорындары болған Алматының өзiнде де жұмыссыздық салдарынан тентiреп кеткен қазақ жастары аз емес.
Мамандар пiкiрiне қарағанда, 2020 жылға дейiнгi халықты еңбекпен қамтудың бағдарламасы дер кезiнде қолға алынып отыр. Егер ақиқат жағдай тура бағдарламада белгiленгендей жүзеге асырылса, 2020 жылға қарай Қазақстан халқын еңбекпен қамту мәселесi түбегейлi шешiлмек. Бағдарлама табысты жағдайда жүзеге асырылса, ол тәуелсiздiк алған жылдардан бергi әлеуметтiк-экономикалық саясат тұрғысындағы ең ауқымды жетiстiкке айналатыны да белгiлi.
Көршiлес республикаларда бұл мәселе бiзден де гөрi қордаланған. Халықты жұмыспен қамту мәселесi тiптi Ресейдiң өзiнде де қазақстандық деңгейде қолға алынған емес.
1 шiлдеден бастап бағдарламаны жүзеге асыру әрекетiнiң қолға алынатынын айттық. Болжамдарға қарағанда, бұған дейiн қазақстандық жетiстiктердi амалсыздан мойындап, кейбiр саяси-әлеуметтiк шараларды «қазақстандық нұсқа» есебiнде айдарлап келген кейбiр орыс сарапшыларының бұл жолы да қазақстандық үлгiнi амалсыз алға тартарына еш күмән жоқ. Тек игi шара оңтайлы жүзеге ассын делiк.
Бағдарламаның артында қазақстандық ауыл-селоны қиындықтан алып шығудың асқаралы мақсаты жатыр. Әрi болашақта қала жастарын ауылға тартудың бiр мүмкiндiгi де сол болмақ.
Түпкiлiктi мақсаты бүкiл әлемдiк сауда ұйымына өту болып отырған Қазақстан жағдайында бүгiнгi кежегесi кейiн кеткен ауыл шаруашылығы мен оның өнiмдерiнiң сапасыздығы бiраз табыстарға жетуге кедергi келтiредi. Атап айтқанда, қазақстандық мал өнiмдерi өркениеттi Еуропаның етiне, сүт өнiмдерiне бәсекелес бола алмай отыр. Оның үстiне көптеген ресурстарды пайдалана алмай жатқанымыз да белгiлi.
Кедендiк одаққа өтуiмiзге байланысты қазақстандық ауыл шаруашылығына жаңа рыноктың мүмкiндiгi ашылмақ. Ресейдегi 150 млн. «ауызға» Белоруссиядағы тұтынушыны қоссақ, қазақстандық ауыл шаруашылығы өркендеген жағдайда бiраз халықты жұмыспен қамтудың мүмкiндiгi туатыны да белгiлi.
Ежелден мал өсiрумен айналысып келген қазақ ауылының мал өнiмдерiн өндiруге келгенде ешкiмнен кем түспейтiнiне қандай күмән болуға тиiс?! Сөз ретiне қарай бiр нәрсенi айта кету керек, таяуда Германиядан келген немiстiң қазаққа қымыз ашытуды үйретуге… талаптанғаны да бар. Оу, сонда қымыз мәселесiнде кiм бiлiктi? Қазақ па, немiс пе? Оның ақиқат жауабы әлбетте бiздiң пайдамызда. Десек те ауыл шаруашылығын тұралатып алмай тиiстi деңгейде көтерiп отырған Германия, Голландия, Франция сияқты елдер мал өнiмдерiн дайындауда әлемдiк деңгейге шығып үлгердi. Қазақстанның алдында да дәл осындай асқаралы мiндет тұр. «Бәрiн де кадр шешедi» дегеннiң биiгiнен алып қарастырсақ, Қазақстан үкiметiнiң халықты еңбекпен қамту жөнiндегi жаңа бағдарламасының ең алдымен ауыл тұрғындарын ынталандыруға бағытталғаны да айдан анық. Демек, үкiмет аса күрделi де iрi, маңызды шаруаны қолға алғалы отыр. Яки…
Соған қарағанда ауылдың бағы ендi жанатын сияқты.
Әсiлi, бұрын келешегi күмәндi деп есептелiп келген елдi мекендердi де жаңа да жақсы жаңалықтар күтiп тұрғанға ұқсайды. Президент Н.Назарбаев Алматыға келген сапарында Талғар мен Қаскелең ауданының бiраз елдi мекенiн қалаға қосу туралы нұсқау бердi. Ал Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрi Гүлшара Әбдiхалықованың тiлiмен айтсақ: «Экономикалық потенциалы төмен елдi мекендердiң халқы көшiрiледi. Әрi ол – урбанизацияның табиғи процесi. Бiз осы мәселеге жауапкершiлiкпен қарап, адамдарды экономикалық өсiмi бар аймақтарға көшiруге тиiстiмiз».
2020 жылға дейiн халықты еңбекпен қамту бағдарламасының тағы да бiр оңтайлы тұсы бар. Оның ауқымында кәсiпкерлiкпен айналысам деушiлерге 3 млн. теңге көлемiне дейiн несие берiлмек. Осынау қаржылық көмекпен қоса бағдарламаға қатысушылар көңiл қалауына орай кәсiпкерлiкке үйрететiн ақысыз курстарда да дәрiс алмақ. Сондай-ақ оларға бизнес жоспарын жасауға байланысты ақысыз кеңестер де берiледi.
Сөйтiп үкiмет халықты әлеуметтiк тұрғыда қолдау, еңбекпен қамту мәселесiнде оңтайлы қадамдар жасағалы отыр. Әрi оны дер кезiнде қолға алынған шара деуге де негiз бар. Себебi Қазақстанның бiраз халқы еңбекпен қамтылмай отырғаны айдан анық
Адамдарды жұмыспен қамтамасыз ету тек халық пен елдiң ғана емес, сондай-ақ мемлекеттiң де мүддесi. Әрi бұл орайдағы жауапкершiлiк үкiметке де, халыққа да бiрдей деңгейде жүктеледi
.