ГРЕКИЯ ДЕФОЛТҚА ҰШЫРАЙ МА?

ГРЕКИЯ ДЕФОЛТҚА ҰШЫРАЙ МА?

ГРЕКИЯ ДЕФОЛТҚА ҰШЫРАЙ МА?
ашық дереккөзі
293

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Дүйсенбi күнi грек депутаттары бүкiл ел және Еуроаймақ үшiн аса маңызды құжатты талқылауға кiрiстi. Ал 48 сағаттық наразылық шарасын ұйымдастырған Грецияның кәсiподақтары Папандреудiң "шектен тыс үнемдеу" пакетiне қарсы. Афина жерiндегi абыр-сабырдан халықаралық нарықтағы мұнай бағасы баррелiне 2 долларға қымбаттап үлгердi.

Мамыр айында Еуроодақ пен Халықаралық қаржы қорынан 110 миллиард еуро несие пакетiне қол жеткiзген Грекия дефолтқа ұшыраудан аман қалған едi. Несиенiң өтеуi ретiнде гректер мемлекеттiк шығындарды азайтып, салықты көтеруге уәде берген. Дүйсенбi күнi Грекия парламентi Гергиос Папандреудiң үкiметi ұсынған «шектен тыс үнемдеу», яғни жалақы, зейнетақы, жәрдемақы т.б. мемлекеттiк шығындарды 28 млрд. еуроға қысқарту туралы талап қойылған пакетiн талқыға салуға кiрiстi. Ал аталған құжатты қабылдауға қарсылық танытқан кәсiподақ ұйымдары 48 сағаттық наразылық шарасын бастады. Мұндай жаппай қарсылық 1974 жылдан берi болмаған едi. Ол кезде Грецияның билiгi әскери хунтаның қолында болатын. Депутаттар Папандреу командасының ғана емес, бүкiл елдiң тағдырын шешуi тиiс. Өйткенi Халықаралық қаржы қорындағы Грекияның мемлекеттiк қарызына қатысты мәселелермен айналысатын өкiлi Боб Траа Еуропалық Одаққа мүше елдер Грекияға қатысты ортақ бiр шешiмге келгенге дейiн, оған көрсетiлетiн көмектi тоқтата тұратынын мәлiмдедi. Алайда аталған қаражат Траа Еуроодаққа мүше мемлекеттердiң басшыларымен кездесуден кейiн ғана Афинаны бетке алмақ.

Афина көшелерiнде иiн тiрескен наразы топ пен полиция қызметкерлерiнiң арасында бiрнеше рет қақтығыстар болды. Ашулы адамдарды күштеп тарқатуға тырысқан тәртiп сақшылары көзден жас ағызатын газ баллондарын қолданып, теке-тiрескендердi таяқтың астына алуда. Қоғамдық көлiк тоқтап, мемлекеттiк қызметкерлер жұмысқа шығудан үзiлдi-кесiлдi бас тартты. «Шектен тыс үнемдеудiң» тағдырын шешетiн депутаттар пiкiрi әп дегеннен-ақ екiге жарылған. Басқарушы Жалпыгректiк социалистiк қозғалыстың (БЖСҚ) құрамындағы кейбiр депутаттар қатаң шараны қабылдауға аса құлшынып отырған жоқ. Ал елдегi басты оппозициялық партия – «Жаңа демократия» шығындарды қысқартуға кетәрi емес, есесiне салықты төмендету қажет деген ұстанымда. Партия жетекшiсi Антонис Самарас мұндай қадам экономиканы жақсартады дейдi. Коммунистер болса, керiсiнше радикалдық бағытты ұстанып, «шектен тыс үнемдеу» шарасы жұмысшылар құқығын аяққа таптайды, тер төгiп жүрген барлық пенде үшiн бұл нағыз тозақпен тең деп табандап отыр. Егер аталған құжат депутаттар тарапынан қабылданбаса, онда Грекия Еуроодақ пен Халықаралық ұйымдар беретiн несиеден қағылады. Мұндайда елдiң шiлде айында-ақ дефолтқа ұшырауы әбден мүмкiн.

Грекиядағы қордаланып қалған борыштардың кесiрiнен пайда болған дағдарыс 2009 жылы басталған едi. Гректердiң мемлекеттiк қарызы қазiр 350 млрд. еуродан асып жығылады. Еуропалық Одақ, Халықаралық қаржы қоры, Еуропалық орталық банк пен Грекия Үкiметi тағы да қаржы бөлiнсе, ел экономикасын дефолттан аман алып қаламыз деген үмiтте. Бүгiнде мүдделi тараптар тығырықтан шығар жолдың барлық мүмкiндiктерiн қарастырып әлек. Мысалы маусым айының басында Еуропалық орталық банктiң басшысы Жан-Клод Трише гректердiң борыштық мiндеттерiн иеленушiлерге мемлекеттiк құнды қағаздарды бұрынғы алған бағасына сатып алуға ұсыныс жасады. Бiрақ қазiр мемлекеттiк құнды қағаздар бағамының анағұрлым қымбаттығын ескерсек, жекеменшiк инвесторлардың Трише ұсынған «құрбандыққа» бара қоюы екiталай. Кәрi құрлық бойынша мемлекеттiк мүлiкке ие ең бай ел саналатын Грекияда мемлекеттiк мүлiктi жекешелендiру жоспары қабылданды. Үкiмет жекешелендiрудiң көмегi арқылы 2015 жылға дейiн 50 млрд. еуро аламыз деген үмiтте. Қазiргi кезде Еуропалық Одақ Грекия үшiн берiлуi тиiс екiншi төтенше несие мәселесiн талқыға салуда. Борыш гректерге 2014 жылдың соңына дейiн мiндеттерiн өтеуге көмек болмақ. Франция президентi Николя Саркози бұған дейiн берiлген несиелердi қайтару мерзiмi жеткенде француз банктерiнiң гректерге 30 жылдық мерзiмге жаңа қарыз беруге дайын екендiгiн мәлiмдедi. Оның айтуынша, мұндай көмектi көрсетуге өзге еуропалық елдер де дайын отыр. Себебi кәрi құрлық гректер елiнiң дефолтқа ұшырағанын қаламайды. Бейтарап сарапшылардың мәлiмдеуiнше, Қазақстанның да шетелдерге қарызы шаш-етектен. 100 млрд. доллардың үстiнде. Мұндай жағдайда Қазақстанның да дефолтқа ұшырау мүмкiндiгi мол көрiнедi. Қалай десек те, Грекияның басындағы ауыр жағдай бәрiмiзге сабақ болуға тиiс.

Серіктес жаңалықтары