НАДАНДЫҚТЫҢ БЕЛГIСI – АҚ-ҚАРАНЫ ТАНЫМАС

НАДАНДЫҚТЫҢ БЕЛГIСI – АҚ-ҚАРАНЫ ТАНЫМАС

НАДАНДЫҚТЫҢ БЕЛГIСI – АҚ-ҚАРАНЫ ТАНЫМАС
ашық дереккөзі
614

Қазақ халқының егемендiктiң қыраны қалықтап, азаттықтың ақ таңы нұр шашып тұрған шағында тағылымы мол төл тарихына көз жүгiртiп, жоғын түгендеп, барын байыта түсетiн баянды бағытқа бет түзейтiн уақыты жеттi. Бодандықтың бұғауынан босап, Қазақ ұлты атанғандығымызға сан жылдың жүзi болды. Дегенмен халқымыз барша ұлттық құндылықтарымызды бағалап, сақтап, аталар аманатын ақтап, "Мен қазақ екендiгiме мақтанамын" деп тегiс айта алар ма екен? Әй, қайдам?! Бұл сауалға келгенде "әттеген-ай" деп тосылып қаласың.

Қазiргi жаһандану заманының табалдырығын аттап, өркендеуге аяқ басқан елiмiздiң жағдайы, құдайға шүкiр, жаман емес. Бiздiң жанымызды жегiдей жейтiн мәселе – анамыздың ақ сүтiмен бойымызға дарыған тiлдiң жайы. Абай, Мұхтар мұра етiп қалдырған, Бiржан мен Ақан тамылжытып ән салған, ел басына қасiреттiң қара бұлты төнгенде, қараңғылық түнегiнде адасқан, надандықтың ұйқысы басқан "Қалың елi қазағын" маса болып ызыңдап оятпақшы болған Ахметтiң "Оян, Қазақ!" деп ұранды үн тастап, халқының бойына бiр құдiреттi күш дарытып, санасына белгiсiз сiлкiнiс түсiрген Мiржақып толғаған туған тiлiмiздiң тағдыры.

Жарық көрмей жатсаң да ұзақ, кен-тiлiм,

Таза, терең, өткiр, күштi кең тiлiм.

Тарап кеткен балаларыңды бауырыңа

Ақ қолыңмен тарта аларсың сен, тiлiм!

– деген сыршыл жырдың сәйгүлiгi Мағжан Жұмабаев түпсiз тұңғиық теңiздей терең, айна бұлақтай мөлдiр, мiрдiң оғындай өткiр тiл – ұрпақтар басын бiрiктiрер, байлық сыйлап, бақ әкелер құдiреттi күш екендiгiн айтып кеткен. Расында да, тiлсiз бiз кiмбiз? Тiл – бiздiң ұлт ретiнде сақталуымыздың, ұлттық болмысымызды паш ететiн, тарих сахнасынан жойылып кетпеуiмiздiң бiрден-бiр кепiлi. Елi үшiн ет бауыры елжiрейтiн азаматтар өзге тiлде шүлдiрлеп жүрген қазақтың қаракөздерiн өз ана тiлiн құрметтеуге шақырамыз деп, қазақ тiлiнiң мазақ тiлге айналмауы үшiн жарғақ құлағы жастыққа тимей шыр-пыр етiп жүр. Ол аздай, тiлiмiз деп тiлiнiп жүргенде, жат ағымдар дiнiмiзге де ауыз сала бастады. Осылай тiлiмiз бен дiнiмiздiң тiзгiнiн өзгелерге ұстатып қойсақ, сонда бiздiң ұлттық белгiмiзден не қалмақ?! Осы күннiң өзiнде көптеген қандастарымыз миссионерлердiң арбауына түсiп ақыл-естен, ата дiнiнен айырылып меңiреу күй кешуде. Олар айрандай ұйыған отбасының ата-анасын баласынан, баласын ата-анасынан айырып, талай жандардың өмiрiн бiр-ақ сәтте қараңғы түнекке айналдырып келедi. Бiз мұнымен қалай да күресуiмiз керек. Ол үшiн не iстеу керек? Бiрiншiден, "ұяда не көрсең, ұшқанда соны iлесiң" дегендей, тәлiм-тәрбие берген ата-анасының берген ақыл-кеңесiне байланысты. Егер кез келген адамның жан дүниесi рухани азықпен байыған болса, онда ол адам өмiрдiң барлық соқпақтарынан да, асау толқындарынан да сүрiнбей өтiп, адамдықтың, адалдықтың ақ туын құлатпай, тек биiктерден көрiнбек. Екiншiден, "Надандықтың белгiсi – ақ-қараны танымас" деп Ыбырай атамыз айтқандай, оқушылар мектеп қабырғасынан ненiң жақсы, ненiң жаман екенiн толық айыру керек. Әсiресе, дiннiң қыры-сырын тұла бойына сiңiрiп, ата дiнiнен адаспайтындай болуы тиiс. Үшiншiден,

"Үш-ақ нәрсе адамның қасиетi: Ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек" – деп адамзат ақылманы Абай айтқандай, адамның өн бойы тасыған күш арқылы бiлiм сәулесiмен нұрланып, жүрегi әр уақытта жақсылық деп соғуы керек. Өнер, бiлiм – адамзат баласының бұл бес күндiк фәниде әлемдi танып, ең бiрiншiден, өзiн танып, өмiрлiк жолын таңдауына арқау болатын қымбат қазына. "Иманның ихтиһатын тоқтамай үйрене беру керек" деген дара да дана ақынымыз Абайдың өлмес өсиетiне құлақ асатын уақыт шындап жетiп отыр. Бiздiң ата дiнiмiз – Ислам дiнi. Бұл ең құдiреттi, ең таза дiнiмiздiң қадiрiн бағалай бiлгенiмiз жөн.

"Ертегiсiз өскен бала – рухани мүгедек адам. Бiздiң қазiргi балаларымызға әжелерi не шешелерi ертегi айта бермейдi. Содан қорқам. Менiң қазiргi келiндерiм немерелерiне бесiк жырын айта бiлмейдi. Бесiкте жатқанда құлағына анасының әлди әнi сiңбеген баланың көкiрегi керең боп қалмаса деп қорқамын…" – деген екен халқымыздың қаһарман ұлы Бауыржан Момышұлы. Бiз балауса балдырған бала шағымыздан анамыздың мейiрiм мен махаббатқа толы бесiк жырына, әжемiздiң ұлттық аңыз-ертегi, батырлар, ғашықтық жырларына сусындап өссек, тiлiмiздi, дiнiмiздi сатуға арымыз да, ұлттық санамыз да ерiк бермек емес ешқашан. Өйткенi тiл мен дiн өссе, бiз де өсемiз, тiл мен дiн өшсе, бiз де өшемiз.

Жанерке ЕЛШИН, ҚазҰУ-дiң студентi

Серіктес жаңалықтары