Сейiтқазы МАТАЕВ: ЖУРНАЛИСТЕРГЕ ЕРЕКШЕ МӘРТЕБЕ КЕРЕК

Сейiтқазы МАТАЕВ: ЖУРНАЛИСТЕРГЕ ЕРЕКШЕ МӘРТЕБЕ КЕРЕК

Сейiтқазы МАТАЕВ: ЖУРНАЛИСТЕРГЕ  ЕРЕКШЕ МӘРТЕБЕ КЕРЕК
ашық дереккөзі
229

Жылына бiр рет аталып өтетiн журналистердiң кәсiби мейрамы – ерекше мейрам. Әлемде төртiншi билiк атанып отырған журналистиканың елiмiзде қордаланып қалған түйткiлдерi аз емес. Бүгiнгi журналистиканың проблемалары мен ерекшелiгi жайында Журналистер одағының төрағасы Сейiтқазы Матаевты әңгiмеге тартқан едiк.

ҚАЗАҚ БАСЫЛЫМЫ – ЕЛДIКТIҢ МҮДДЕСIН ҚОРҒАЙДЫ

Сейiтқазы Бейсенғазыұлы, келе жатқан мейрамыңызбен құттықтай отырып, осы мейрам жайында бiр сауал қойғым кеп отыр. Қазақстан тәуелсiздiгiн алғаннан кейiн журналистiк қауымдастық бiр мәмiлеге келiп, 28 маусым – «Түркiстан уәлаяты» газетiнiң туған күнiн кәсiби мейрам ретiнде белгiлеген едi. Алайда уақыт өте келе бұл күн де өзгерiп, маусым айының соңғы жексенбiсi деп бекiтiлдi. Бұл дұрыс па?

– Өздерiңiзге белгiлi, Кеңестер Одағы кезiнде 5 мамыр бүкiлодақтық баспасөз күнi болып белгiленген болатын. Кейiн тәуелсiздiк алғаннан кейiн өзiмiздiң төл кәсiби мейрамымызды 28 маусым деп белгiледiк. Оның өзiндiк себебi де бар. Алғашқы қазақ баспасөзiнiң – «Түркiстан уәлаятының» жарыққа шыққан күнi. Менiңше, осы бiр күндi қалдырған жөн едi. Қазiр әртүрлi мерзiмде атап өтiп жүрмiз. Былтыр – 24 маусымға, биыл – 26 маусымға дөп келiп отыр. Бiрақ Журналистер одағы бұл күндi тек 28 маусымда өткiзiп келедi. Марапаттау рәсiмiн де осы күнге қалдырдық.

– Журналистер одағының негiзгi миссиясы не?

– Ең басты миссиямыз – журналистердi қорғау. Бiреудi ұрып кетедi, бiреудi түрмеге қамайды, шенеунiктер әртүрлi желеумен айыппұл салуға тырысады. Негiзгi айналысатын мәселемiз осы – журналистердi арашалау. Бұрынырақта Журналистер одағының атынан пәтер алып, журналистердiң әлеуметтiк мәселелерiн шешуге атсалысушы едiк. Қазiр оған шамамыз жетпейдi. Сонымен қатар, аймақтардағы, Алматы мен Астанадағы қарт журналистерге көмектесуге тырысамыз. Олардың дәрi-дәрмегiн алып беруге, мейрам кезiнде марапаттауға, мерейтойларын өткiзуге көмек қолын созамыз.

Сондай-ақ БАҚ туралы заң, Әкiмшiлiк және Қылмыстық кодекстердегi журналистерге қатысты баптарға араласып, оларды iзгiлiктендiруге атсалысамыз. Биыл «Телевидение туралы» заң жобасын дайындаушы жұмыс тобына ендiк.

Үлкен жобаларды жүзеге асырайық десек, оған мүмкiндiгiмiз аз. Бiрақ бiр ойымыз бар. Ол – Алматыда Журналистер үйiн салу.

– Жақында Литва Астанасы Вильнюсте өткен ЕҚЫҰ-ның «ЕҚЫҰ аймағы елдерiндегi журналистердiң қауiпсiздiгi!» атты жиынында журналистиканың аса қауiптi мамандық екендiгi айтылыпты. Соңғы он жылда 546 журналист қызмет бабында о дүниеге аттанған екен. Жалпы, Қазақстандағы журналистика қаншалықты қауiпсiз?

– Мен де ЕҚЫҰ-ның Вильнюстағы осы отырысында болдым. ЕҚЫҰ-ға әлемнiң 56 мемлекетi мүше ғой. Көбiнесе ЕҚЫҰ аймағындағы соғыс өртi тұтанып жатқан аймақтарда, сосын Ресейде журналистер қызмет бабымен қаза боп жатыр. Жалпы, Қазақстанда да бұл мамандық өте қауiптi.

Қазақстанда да соңғы жылдары 41 журналист қаза бопты. Бiрақ оның бәрi қызмет барысында емес, әртүрлi жағдайда қаза болған. Екi журналист түрмеде отыр. Олар – «Время» газетiнiң тiлшiсi болған Тоқнияз Күшiков пен «Алматы Инфо» газетiнiң бас редакторы болған Рамазан Есiргепов. Журналистердiң түрмеде отыруы – жағдайымыздың жақсы еместiгiн айғақтайды. Жоғарыдағы жиында ЕҚЫҰ-ның бас хатшысы Перрен де Бришамбо, баспасөз саласындағы өкiлi Дуня Миятович екеуi осы мәселенi көтердi. ЕҚЫҰ Хартиясына қол қойған әрбiр мемлекет журналистердiң құқын қорғауға, оларға жұмыс iстеуге жағдай жасауға мiндеттеме алады. Журналистердi жұрт «төртiншi билiк өкiлдерi» дейдi. Олай емес. Журналистер – үш билiк пен қоғам арасындағы көпiр iспеттi. Бiздi «қоғамдық бақылаушы» деп санауға болады.

– Жалпы, Қазақстанның БАҚ саласындағы заңдары қаншалықты iзгiлендi деп ойлайсыз?

– Бiздiң Конституциямызда сөз бостандығына кепiлдiк берiлген, заңдарымызда бәрi жақсы жазылған. Бiрақ iс жүзiнде көбiне олай емес. Шенеунiктер мен қалталылар тарапынан жиi жауапқа тартылып жатады. Қазiр бiз сот одағымен жұмыс iстей бастадық. Олар бiздi қолдап отыр. Бiрақ жеме-жемге келгенде олар бiздi аямайды. Аямағанда, аймақтық газет болсын, республикалық газет болсын, қолданыстағы заңдарымызды нақты бiле бермейдi де, қателесiп жатады. Бiрақ соған қарамастан бiз оларды қорғаймыз. Билiкке бiздiң осы тұрғыдан ұсынарымыз – журналистерге салынатын айыппұлдың деңгейiн төмендету. Мәселен оны 1 миллион теңгеден асырмау керек. Бiздi сотқа бергендер айыппұл салардан бұрын 3-5 пайыз мемлекеттiк баж салығын төлесiн. Қазiр мемлекетке ешқандай салық салмай-ақ, 50-60 миллион айып салып, тайраңдайтындар бар. Бiз ЕҚЫҰ-ға төраға болардың алдында осындай мiндеттер алғанымыз рас. Бiрақ күнделiктi жұмыста ол көрiнбейдi. Бiз үнемi мониторинг жасаймыз, зерттеулер жүргiземiз, нәтижесi бiз ойлағандай емес.

– Сiз Қазақстандағы ақпарат құралдарының бiр холдингтiң қол астына шоғырлануына қалай қарайсыз? Республикалық iрi басылымдарды былай қойғанда, аудандық, облыстық газеттердiң өзi iрi-iрi холдингтерге шоғырлана бастады.

– Жалпы, ақпарат құралдарын бiр холдингке шоғырландыруға мен о баста қарсы болған едiм. Кезiнде «Арна медиа» деген холдинг құрылды ғой. Бiрақ ол бiр жылға жетпей тарап кеттi. «Казправда», «Егемен Қазақстан» газетiнiң, «Хабар» арнасының басшылары бұған қарсы болды. Қазiр аймақтарда «Атырау ақпарат», «Жайық-пресс», «Шығыс холдинг» деген холдингтер бар. Олардың құрамына облыс әкiмшiлiгiндегi iшкi саясат басқармалары қосылды. Олар жеке дербес саясат жүргiзу мүмкiндiгiнен айрылып отыр. Тағы бiр мәселе, өткенде Астанада бас редакторлардың бiр жиынында ақпарат құралдарының 100 пайыз акциясы мемлекеттiң қолында екендiгi айтылды. Мемлекет өз баспасөзiне сенсе, оларға акция пакетiнiң 49 пайызын берiп, 51 пайызын өзiне қалдырса да болады ғой. Қостанайда, Петропавлда газеттердi өз редакциясына жеке меншiкке бердi. Оларға қаржы мемлекеттiк тапсырыс арқылы берiледi. Қазiр облыстық газеттер былай тұрсын, аудандық газеттердiң өзi холдингтерге енгiзiлдi.

– Сiздер 2001 жылы бұрынғы журналистер одағының негiзiнде қайта құрылдыңыздар. Содан бергi он жылда қандай оң өзгерiстер байқадыңыз. Әсiресе, қазақ басылымдары тұрғысынан.

– Өткен ғасырдың 90-шы жылдарының аяғында қазақ газеттерi мемлекеттiң қамқорлығынсыз өмiр сүру мүмкiн дегендi елестете алмайтын. Бiрақ соңғы он жыл оның мүмкiн екендiгiн көрсеттi. Қазақ басылымдары жақсы дамып келе жатыр. Оңтүстiк Қазақстанда 200-дей қазақ газеттерi шығады. Бәрi де Қазақстанның патриоттары, елдiктiң мүддесiн ойлайды. Қазiр қазақ басылымдарының таралымы өстi. Бiрақ қазақ басылымдарында сын өте аз. Ол қожайынына байланысты шығар, бәлкiм таныстарын жамандыққа қимайтын шығар, әлде сотқа сүйрейтiн шенеунiктерден ығатын шығар. Бұл –уақытша құбылыс болар деп ойлаймын.

Менiң жиi айтатыным, бiздi, елiмiздi қорғайтын – қазақ басылымдары. Олар бiздiң тарихымызды да, әлеуметтiк жағдайымызды да жақсы меңгерген. Қазақтың би, батырлары туралы танымдық материалдар да керек шығар. Ал ауылда тұратын қазақтардың әлеуметтiк жағдайы жөнiнде жазатын да қазақ басылымдары. Бiздiң жерiмiздi, тiлiмiздi, дiнiмiздi қорғап, рухымызды асқақтататын да қазақ басылымдары. Орыс басылымдары Алматы мен Астана айналасынан шыға қоймайды. Егер аймақтағы мәселелер жөнiнде жазатын болса, тек төтенше жағдайлар болған аймақтардағы мәселелердi көтередi. Бұлай деуiмiз орыс басылымдарына ұнамайтын да шығар. Бiрақ ақиқаты осы.

Бұрын бiзде қазақ тiлiнде шығатын басылымдар өте аз, таралымы да аз едi. Бүгiнде олар көбейдi, беделi де өстi.

– Мемлекеттiк тапсырысқа қалай қарайсыз?

– Кезiнде «Егемен Қазақстан» секiлдi iрi-iрi басылымдар ғана мемлекеттiк тапсырыс алатын. Қазiр соңғы екi жылда жарнама 50-70 пайызға дейiн азайды. Бiз осыдан бiраз бұрын мемлекеттiк тапсырысты көбейту жайында ұсыныс жасаған едiк. Билiк бiздiң бұл ұсынысымызға құлақ асты. Бiрiншi жағынан, мемлекеттiк тапсырыстың болғаны жақсы. Қаржылық жағдай шешiледi. Екiншi жағынан, мемлекеттiк тапсырысты алғаннан кейiн, билiктi, мемлекеттiк тапсырыс маңайында жүрген шенеунiктердi сынау мүмкiн болмай қалады. Менiңше, бұл да уақытша жағдай шығар. Дағдарыс аяқталып, мемлекеттiк тапсырыс та аяқталатын кез болар. Қазiргi жағдайда мемлекеттiк тапсырыс болмаса, көптеген газеттер күнiн көре алмай жабылып қалған болар едi. Мемлекеттiк тапсырыстың тiзiмi болуы керек. Мәселен мәдениет тақырыбын жазуды бiр газетке, спортты жазуды бiр газетке тапсырса. Сонда мемлекеттiк тапсырыс алатын басылымдардың саны азайып, сапасы артатын шығар деп ойлаймын. Бiрақ қазiргi жағдайда мемлекеттiк тапсырыс қажет. Онсыз ақпарат құралдарының күн көруi неғайбыл болып кетедi.

ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҚАЗАҚ БАСЫЛЫМДАРЫНЫҢ ҚҰРЫЛТАЙЫН ӨТКIЗУ КЕРЕК

>– Биыл Еуразия медиафорумы неге өтпей қалды?

– Жылда сәуiр айында Алматы қаласында Еуразия медиафорумы өткiзiлiп келгенi белгiлi. Биыл Х Еуразия медиафорумы өткен жоқ. Менiң естуiмше, қаржылық жағдайға байланысты, биылғы медиафорум күзге ығыстырылған екен. Жақында мен Еуразия медиафорумының басшыларымен сөйлескенiмде, не қыркүйек, не қазан айларының бiрiне жоспарлап отырғанын айтты.

– Ал Қазақ журналистерiнiң өз медиа форумын өткiзуiне қалай қарайсыз? Есiңiзде болса, бiр топ бастамашылар екi жылдан берi Халықаралық қазақ журналистерiнiң форумын өткiзу жайлы бастама көтердi. Бiрақ екi жылдан берi сол бастама аяқасты болып келедi. Бұл да дағдарысқа қатысты болып тұр ма?

– Кезiнде осы идеяны қуана қолдағандардың бiрi болдым. Ақша тауып, бiрге өткiзейiк дедiм. Бұл жайынан Ақорда хабардар болғаннан кейiн, жоқ бұны өзiмiз өткiземiз дедi. Олар былтыр өткiзбек болып едi, неге екенiн қайдам, өткiзiлмедi, биыл өткiзбек болып едi, Президент сайлауымен сай келдi де, тағы да кейiнге шегерiлдi. Халықаралық қазақ медиа форумын өткiзсек, шетелде де қазақ басылымдары жеткiлiктi. Бiрақ бұл мәселе ұйымдастыру жұмыстарына келгенде тоқтап қалды. Бұндай жиындарға мемлекеттен ақша алсаң, онда Үкiметтiң сойылын соғу керек. Менiңше, өзiмiз жиналып, қазақ баспасөзiнiң құрылтайын өткiзсек, ортаға салынар мәселе де, талқы да өте көп болар едi. Бiздiң ұйым мемлекеттен бiр тиын алмайды.

Еуразия медиафорумына қазақ баспасөзiнiң мәселесi тек бiр секцияда ғана талқыланады, кейде талқыланбайды да. Онда тiптi баспасөз проблемаларынан гөрi, саясаттану мәселелерiне көбiрек көңiл бөледi. Батыс пен Шығыс арасындағы қақтығыстар мен қарым-қатынастарды, проблемаларды сөз етедi. Ол да дұрыс шығар. Мәселен Палестинаның журналистерi проблеманы Америкаға барып қозғай алмайды. Осында келiп өз ойларымен бөлiседi.

ҚАЗАҚСТАННЫҢ ӨЗ АҚПАРАТ АГЕНТТIГI БОЛСА ДЕДIК

ҚазТАГ жайында айта кетсеңiз…

– ҚазТАГ 2,5 жылдан берi жұмыс iстеп келедi. Қазақстанда «Интерфакс-Қазақстан», «РиаНовости» секiлдi Ресейдiң iрi ақпарат агенттiктерi үстемдiк құрып келедi. Ал жекеменшiк қазақ ақпарат агенттiгi жоқтың қасы. Әрине, Қазақ ақпарат агенттiгi жұмыс iстеуiн тоқтатқан емес. Ол – мемлекеттiкi. Соңғы кездерi оның қызметкерлерi жалақыларын ала алмай жүргендiгi жайында жиi дабыл қағып жүр. Ал «Қазтудейдiң» жағдайы онша мәз емес. Бұл бiздiң намысымызға тидi. Сөйтiп бiз қазақстандық ақпарат агенттiгiн ашуды жоспарладық. Қазiр шетелдерде тiлшiлер қосыны жұмыс iстейдi. Бiз ақпараттарды сатумен айналысамыз. Қоғамда болып жатқан барлық ақпаратты қамтуға тырысамыз. Iшкi цензурадан аулақпыз. Құдайға шүкiр, жағдайымыз жаман емес.

– Қоғамдық телеарна ашу мәселесi күн тәртiбiнде тұр деп ойламайсыз ба?<br>– Кейбiреулер қоғамдық телеарна ашуға халық дайын емес деп айтады. Бiрақ бұл дұрыс емес. Халық баяғыдан дайын. Бұған бiр саяси шешiм қажет. Нағыз қоғамдық телеарнаның үлгiсiн ВВС мен СNN танытып келедi. Бiзде ондай арна болуы үшiн халықтан абоненттiк төлемдер алынатын болады. Ол көлемдi болуы да мүмкiн. Бiз абоненттiк төлемдi шектеудi және спутниктiк табақшаларды мемлекет қаржысына таратуды ұсынып отырмыз. Менiңше, қоғамдық телеарнаның ашылуына халық емес, билiк дайын емес секiлдi. Өйткенi қоғамдық телеарна олар қаламайтын ақпараттарды да таратуға мүдделi болады. Менi қуантқан бiр жаңалық – биыл күзден бастап Қазақстан телеарнасы тек қазақ тiлiнде ақпарат таратпақ. Бұл да үлкен жетiстiк дер едiм. Қазiр спутник арқылы балаларға арналған «Балапан» телеарнасы жұмыс iстейдi. Менiң үш немерем қазақша бiлiм алып жатыр. Сабақтан кейiн «Nickelodeon» телекомпаниясының өнiмдерiн көредi, бас алмай қарай бергеннен кейiн, бiз ол арналарды өшiрiп тастадық. Қазiр «Балапанды» қарайды. Дегенмен оның сапасын әлi де көтеру керек.

– Мейрам алдында әрiптестерiңiзге не айтар едiңiз?

– Жалпы, журналистерге ерекше мәртебе берiлген жөн. Оларға билiк тарапынан жақсы жағдай жасалса деймiн.

– Депутат Жарасбай Сүлейменов журналистердiң мәртебесiн мемлекеттiк қызметкерлермен теңестiрiп, баспана мәселесiн шешудi Үкiмет мойнына алуы тиiс дейдi. Бұнымен келiсесiз бе?

– Журналистердiң мәртебесiн мемлекеттiк қызметкерлермен теңестiрген жөн емес, оларға басқаша мәртебе берген жөн. Мәселен судьялардың, депутаттардың өз мәртебелерi бар ғой. Журналистерге де сондай мәртебе беру керек. Әлеуметтiк жағдайын шешiп, баспанамен қамтамасыз ету қажет.

– Рахмет!

Әңгiмелескен Есенгүл КӘПҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары