«БАРЛЫҚ СЫРҚАТ КӨҢIЛ-КҮЙГЕ БАЙЛАНЫСТЫ»

«БАРЛЫҚ СЫРҚАТ КӨҢIЛ-КҮЙГЕ БАЙЛАНЫСТЫ»

«БАРЛЫҚ СЫРҚАТ КӨҢIЛ-КҮЙГЕ БАЙЛАНЫСТЫ»
ашық дереккөзі
246

«БАРЛЫҚ СЫРҚАТ КӨҢIЛ-КҮЙГЕ БАЙЛАНЫСТЫ», – дейдi қаламыздағы №7 клиникалық емхананың дәрiгерлерi

Биыл халқымыз үшiн тағы бiр белес – Тәуелсiздiктiң 20 жылдығы атап өтiлмек! Жиырма жыл бiр қарағанда аса көп те уақыт емес сияқты. Дегенмен мейiрiмдi де қарапайым қазақ халқының терең тарихына үңiлер болсақ, әрине тәуелсiздiкке санаулы ғана жылдардың бағасы қаншалықты ауыр, қаншалықты маңызды екенiн жүрегiңiзбен түсiнер едiңiз.

Иә, сарыала күзге тәубешiл қазақ халқының қазаны тағы да майланып, көңiлдерi жайланар тұста Алматыдай үлкен шаһарымызда тағы бiр құзырлы мекеменiң мерейтойы аталып өтпек. Ол – қала жұртшылығының денсаулығын бақылап, емдеп, алаңдап отыратын Қалқаман ықшамауданында орналасқан қалалық №7 клиникалық аурухананың да 20 жылдығы! Тәуелсiздiк орнаған алғашқы жылы шаңырақ көтерген осынау емдеу орнының бүгiнгi озық тәжiрибелерiн бiлiп, зерделеу үшiн емхананың неврология бөлiмiнiң меңгерушiсi, медицина ғылымдарының кандидаты, жоғары санаттағы дәрiгер-невропотолог Гүлжаһан ЖӘКЕНОВАНЫ әңгiмеге тартқан едiк.

– Гүлжаһан Жәкенқызы, менiң топшылауымша Сiз де жиырма жылға жуық осы емханамен бiрге жұртты емдеп келе жатырсыз ғой?

– Иә, Қарағанды қаласынан медицина институтын бiтiрiп, сондағы түзету орталығының меңгерушiсi болып қызмет атқардым да, 1993 жылы осында ауысып келдiм. Содан берi осы бөлiмшеде қызмет атқарып келе жатырмын. Талайларға қолдан келген көмегiмiздi жасап, көңiлдерiнен шығуға тырысып жүрмiз.

– Талайлар демекшi, негiзiнен бұл емхана көп салалы емхана ғой. Мұнда заманауи медицинаның әр саласынан ем алып жатады. Оның iшiнде Сiздiң бөлiмше жайлы сөз қозғасақ.

– Бiзге көбiне аурулар ес-түссiз, «Жедел жәрдемнiң» көмегiмен түсiп жатады. Инсульттан кейiнгi сатыдағы сырқаттар, әсiресе жұлынға тiкелей байланысты жүйке ауруларымен «алысқан» сырқаттар. Бiр өкiнiштiсi, салқын тиiп ауырғандар одан кейiнгi жұқпалы вируспен жүйкенiң де зақымданатынын бiле бермейдi. Содан туындайтын менингит, эстополит, жұқпалы вируспен зақымдану, остеохондроз, бел, бас, омыртқа сияқты жұлын ауруларымен бүгiнде екiнiң бiрi ауырады.

Осындай сырқат түрлерiн заманауи медициналық құралдар арқылы анықтап, дұрыс диагноз қоюға аса көңiл бөлемiз. Өйткенi нейрехирургия бөлiмi тiкелей мидың iшкi-сыртқы құрылысын зерттейтiн болса, сол бас қуыстарындағы қан тамырларының дұрыс жүрiп-тұруы жүйке немесе жұлынға байланысты екенiн көзi қарақты қауым бiледi. Сондықтан бастағы вирусты бiрнеше аппараттардың көмегiне сүйене отырып, дәл табуға ұмтыламыз, сол арқылы ем-дом жүргiземiз.

Жылына бiр жарым мыңнан астам ауру емханаға түсiп, ем қабылдап жатады. Бұрын бiзде тек қаламыздағы Әуезов, Алатау аудандарының тұрғындары ғана емделетiн болса, бүгiнде бiрыңғай ұлттық денсаулық жүйесi енгiзiлгелi науқастар қай емханаға болса да өз қалауынша жатып, емделуге жағдай жасалды. Бұл жүйе жалпы халық үшiн өте тиiмдi болғанына көзiмiз күннен күнге жетiп отыр. Өйткенi республикамыздың кез келген облыс орталықтары мен алыс-шалғай ауылдарынан дұрыс медициналық анықтамалары жоқ, бiрақ сырқат әбден дендеген аурулар бiзге келе алады. Келiп те жатыр.

– Дәрi-дәрмек мәселесi елiмiзде аса күрделi. Қазiр дәрiлердiң түрлерi де сан алуан. Қай елдiң дәрiлерiн қолданасыздар?

– Елбасы өткен жылғы Қазақстан халқына Жолдауында елiмiздегi медицина саласына, оның iшiнде фармацевтика саласына ерекше көңiл бөлу керектiгiн баса айтқан болатын. Қоғамды салауаттандыру үшiн ең алдымен халық денсаулығын қадағалау қажет екенiн ескерте отырып, өзiмiз өндiретiн отандық дәрi-дәрмектi 50 пайызға көтерудi тапсырған-ды. Сырқат түрлерiне, оның зақымдану сатыларына, оның үстiне жылына бiр рет мiндеттi түрде емделетiн тұрақты науқастардың жағдайына байланысты дәрi-дәрмек түрлерi де өзгерiп отырады. Сондықтан да бұрын алыс-жақын шетелдерден алынатын екпе дәрiлердiң бiразы өз елiмiзде өндiрiле бастады. Бұл ретте Шымкенттiң фармацевтикалық өнiмдерiне сұраныс жоғары екенiн айта кету керек. Арасында ресейлiк өнiмдерге де жүгiнемiз.

– Ұзақ жылғы тәжiрибеңiзде естен шығара алмайтын науқастар болды ма?

– Өмiр мен өлiм арасында жатқан талайлардың бiрiншi Алладан, сосын көздерi жәудiреп ақ халаттылардан жәрдем сұрап жатқан сәттерi жанымызды ауыртып, жүрегiмiздi қолымызға ұстап жүрген кездер жиi болады. Ауру кiсiге жылы сөзiмiзбен, жылы қабағымызбен де көмектесуге тырысамыз. Ауыр жағдайдағы науқастар ай сайын емес, тiптi күн сайын кездеседi. Негiзiнен бiздiң науқастар үзбей ем алу арқылы, жылына тiптi кейбiрi екi маусымда ем алғанда ғана, нәтижесi дұрыс болады. Сондықтан жылда келетiн болған соң, тiптi көзтаныс, жүзтаныс болып кетемiз.

– Көптеген ауру түрлерi жасарып кеткенi қоғамды алаңдатып отыр. Бұл сiздердi де алаңдататын болар…

– Бұрын түрлi созылмалы ауруларға қазақтар қырықтан кейiн ғана шалдығып келсе, бүгiнде ауру жас талғамайтын жағдайға жеттi. Әсiресе бесiктен белi шықпай жатып, жап-жас балаларымыздың түрлi жүйке ауруларына ұшырауы бүгiнгi медицинаның әлi де болса шешiлмей келе жатқан үрейлi жұмбақтарының бiрi. Тiрлiктiң қым-қиғаш соқпағынан шаршаған орта жас емес, он сегiздегi жастарымыздың арасында инсульттiң көбеюi жағдайдың өте күрделi екенiн көрсетедi.

– Себебi не?

– Қазiр қоғамдағы түрлi қиындықтарға байланысты, экологияға байланысты деп жатамыз. Жұтып отырған ауаңыз, тұтынып отырған азық-түлiктен бастап, киген киiмiңiзге дейiн себеп-салдар iздеуге болады. Жастардың инсульт алуына әртүрлi гормональдық дәрi-дәрмектердi шектен тыс қолдану да түрткi болады.. Жастардың кәмелеттiк жасқа жетер-жетпес шақта жыныстық қатынасқа түсуi, содан барып адамның физиологиялық өзгерiстерге ұшырауы, арықтап немесе толып кетуi, денедегi осындай өзгерiстердi түрлi дәрiлер арқылы қалпына келтiрудi мақсат еткен сауатсыздықтың салдары да ауруларға әкелiп соқтырып жатады. Осындай ауыр жағдайларда олармен күрес жүргiземiз.

– Гүлжаһан Жәкенқызы, науқасқа арашашы болатын дәрiгердiң бiлiктiлiгi аса маңызды. Емдеу нәтижелi болу үшiн ең әуелi не керек?

– Бiздiң бөлiмде 5 дәрiгер, 9 медбике, 9 санитарка қызмет жасайды. Роза Нұржанова, Сәуле Саржанова, Анель Тұрсынқызы, Жанель Қажымұратқызы секiлдi бiлiктi де бiлiмдi дәрiгерлер шипагер болудан шаршаған емес. Неврология бөлiмiнде өзiмiздiң кафедрамыз бар, оны профессор Еркен Нұрғожаев басқарса, Бекмұрат Райымқұлов деген профессорымыз емделушiлерге бақылау жасап, әрдайым кеңесiп отырамыз.

Дәрiгер қаншалықты ем-дом жүргiзгенмен, ең бастысы науқастың өз көңiл-күйi, өмiрге деген құштарлығы, алдағы күнге сенiмi мықты болмаса, жiгерлi болмаса нәтижелi болмайды.

Көтерiңкi көңiл-күй, тынымсыз еңбек, үнемi қозғалыста болу сияқты тұрақты салауатты өмiр салтын дұрыс жолға қоя бiлсек, жанымыз да, денiмiз де сау болары анық.

– Емхананың Тәуелсiздiктiң құрдасы екенiн естiп-бiлiп жатырмыз. Мерейтойға дайындық қалай?

– Басты тiлек, басты мақсат – халқымыздың денсаулығы. Қоғамымыз салауатты, халқымыз сауатты болса, дәрiгерлерге өздерiнiң жiгерлiлiгiмен қолдау көрсетiп, аурумен бiрге күрессе деген ниет басым. Әр бөлiмше өз тарихынан қабырға стендiн шығарып, емхананың мұражайын толықтырмақпыз. Басқа да шаралар өз кезегiнде жүргiзiлiп жатады ғой. Әрiптестерiмдi мерейтойларымен құттықтай отырып, халық денсаулығын қадағалай отырып, өздерiнiң де мықты болуларына тiлектеспiн.

– Әңгiмеңiзге рахмет! Алдағы төл мерекелерiңiз құтты болсын!

Таңсұлу АЛДАБЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары