Кедендiк одақ: КӘСIПКЕРЛЕРДЕ СҰРАҚ КӨП
Кедендiк одақ: КӘСIПКЕРЛЕРДЕ СҰРАҚ КӨП
Қазақстанның Кедендiк одаққа енгенiне бiр жылдың жүзi. Бiр жыл аз да, көп те уақыт емес. Алайда осы мерзiм iшiнде отандық кәсiпкерлер жаңадан қабылданған Кеден кодексi мен үш мемлекеттiң саясатына лайықталған кедендiк шараларды жiтi меңгерiп кете алмаған сияқты.
Кәсiпкерлердiң сан алуан сұрақтары жауапсыз қалған емес. Кедендiк бақылауды ұйымдастыру басқармасы үнемi басқосулар мен отырыстар өткiзiп, Кедендiк одақ аясындағы тың өзгерiстер жайында жан-жақты ақпарат берiп-ақ келедi. Отандық шағын және орта кәсiпкерлiктi қолдауға сәйкес, Қаржы министрлiгi Кедендiк бақылау комитетi мен Алматы қаласы бойынша Кедендiк бақылау департаментiнiң қолдауымен Сауда-өнеркәсiп палатасы мен Алматы қалалық сауда-өнеркәсiп палатасы "Кедендiк рәсiмдеу және кедендiк бақылау. Кедендiк логистика" атты тақырыпта дөңгелек үстел ұйымдастырды. Бұл шараға қатысқан iрiлi-ұсақты компания өкiлдерi мен кәсiпкерлер өздерiн мазалаған сұрақтарға толыққанды жауап алу мүмкiндiгiне ие болды.
Құқықтық кедергiлердi жою мен кәсiптi жүргiзудi жеңiлдету мақсатында елiмiздегi және Кедендiк одақтағы кедендiк заңдардың нормаларын пайдаланудың өзектiлiгiн сақтау жайы әңгiме арқауына айналды. Осы дөңгелек үстелдi ұйымдастыру кезiнде отандық кәсiпкерлерден 63 сұрақ келiп түсiптi. Кеден мамандарына жолданған сауалдың денi – Кедендiк одақтың кедендiк шекаралары арқылы келген тауарды декларациялаудың тәртiбi, жүктi рәсiмдеу, қосымша құн салығының (ҚҚС) мөлшерiне байланысты екен. Әсiресе, Кедендiк үштiк одақ саясаты елiмiздегi фармацевтика бизнесiндегi және халық жиi тұтынатын тауарларды өндiрушi компанияларда жұмыс iстейтiн логистика мамандарын әбiгерге салған көрiнедi. Олар жаңа Кеден кодексiндегi баптар мен заңнамалық актiлердiң аражiгiн ажырата алмай жүргендiгiн ашып айтуда. Кейбiр кәсiпкер Белоруссиядан тасымалданатын тауардың кедендiк рәсiмдеу орталықтарында ұзақ уақыт жатып қалуына қапаланса, ендi бiрi соның салдарынан тұрақты клиенттерiнен айрылып қалудан қорқады. Логистикалық компания өкiлдерi кедендiк құжатты рәсiмдеудi оңтайландыруды жетiлдiре түсуге ұсыныс жасады. Әр сауалға аса ыждағаттылықпен мән берген кедендiк мамандар бұл олқылықтың орны уақыт өте келе толатынын айтып, түсiндiрдi.
Мамандар Қазақстан, Ресей, Беларусь мемлекеттерi арасындағы үштiк одақтың қазiргi кезде кемшiлiктерге бой алдырып отырғанын мойындаса да, келешекте өз жемiсiн беретiндiгiне сенiмдi. Кәсiпкерлер тарапынан түскен 63 сұраққа алғаш болып пiкiрiн бiлдiрген Кедендiк бақылауды ұйымдастыру басқармасы, Кедендiк тазарту және тауарларды декларациялау бөлiмiнiң бас маманы Андрей Давыдов: "Кедендiк одаққа кiргелi кәсiпкерлермен бiрге талқыланатын мәселелердiң бары айқындалды. Бұл – қалыпты жағдай. Кез келген жаңа бастаманың өз қиыншылығы мен кедергiсi болатыны белгiлi. Бiрақ та қолға алып жатқан шараның бәрi кәсiпкерлер үшiн тауар рәсiмдеудi жеңiлдетуге жол ашады. Қазiр электронды декларация жүргiзу де тәжiрибеде бар. Одан бөлек биылғы жылдың қаңтарынан бастап үштiк одаққа байланысты бiрыңғай құжат енгiзiлген", – дегендi жеткiздi.
Ал Алматы қаласы сауда-өнеркәсiп палатасының төрағасы Мұхтархан Бияров: "Кедендiк одақ жұмыс iстегелi берi кедендiк жұмыстарда өзгерiстер орын алып, жаңа кодекс пен заңнамалық құжат дайындалды. Әрине, бұл кәсiпкерлердi түсiнбеушiлiкке әкелгенi рас. Дөңгелек үстелдiң маңыздылығы – кеден қызметкерлерi мен кәсiпкерлердiң бетпе-бет жүздесуiнде жатыр. Олар нақты әрi тиянақты жауап алған сияқты. Кедендiк және ТМД елдерiнiң одағына орай енгiзiлген бiрқатар өзгерiстер мен толықтыруларды заңдық тұрғыдан таныстырдық", – дейдi.
Сұрақ-жауап барысында шетелден келетiн көлiктерге және елiмiздегi пайдалануда жүрген шетелдiк көлiктердi Ресейге немесе Белоруссияға өткiзу жөнiнде де айтылды. Биылғы жылдың шiлдесiнен бастап сырттан әкелiнген көлiктерге салынатын баж салығының өсетiндiгi де кәсiпкерлердi мазалауда. Кейбiр деректер бойынша, Қазақстанның кедендiк баж салығы орташа есеппен 5 пайызды құрайды. Ал ресми деректерде бұл көрсеткiш 10,6 пайызға дейiн көтерiлген. Әлеуметтiк маңызды тауар түрi – жаңа көлiктерге салынатын баж салығы 30 пайызға дейiн, ескi көлiктерге – 35 пайызға дейiн көтерiлдi. Әлбетте, бұл халықтың қалтасына оңай тимесi анық.
"Осыдан бiр ай бұрын Кедендiк одақ аясындағы салық саясаты туралы отырыста да келелi мәселелер талқыланған болатын. Алдағы күндерi прокуратура, санитарлық-бақылау мекемелерiмен, басқа да үкiметтiк және үкiметтiк емес ұйымдармен кездесу өткiзудi жоспарлап отырмыз", – деп түйiндедi Алматы қаласы сауда-өнеркәсiп палатасының төрағасы Мұхтархан Бияров мырза.
Айта кету керек, ағымдағы жылдың 1 шiлдесiнен бастап Қазақстан-Ресей шекарасында шекаралық қызметтен басқа барлық кедендiк бақылаулар жойылады. Экономикалық интеграция жөнiндегi министр Жанар Айтжанова бiрыңғай экономикалық кеңiстiк құрудың екiншi кезеңiн қорытындылап, алғашқы нәтижелерге тоқталған болатын. Өткен жылы Ресеймен өзара сауда айналым 27,2 пайызға, ал Беларусьпен 55,8 пайызға өскен. Кедендiк Одаққа мүше мемлекеттермен елiмiздiң сыртқы сауда айналымы 28,1 пайызға ұлғайып, 16,5 млрд. долларға жетiптi. Бұл – Қазақстанның жалпы тауар айналымының 18,5 пайызы. Сондай-ақ министр Кеден одағына мүше елдермен импорт және экспорт құрылымында айтарлықтай өзгерiс байқалмайтынын және Ресей тауарлары Қазақстан импортының 39 пайызын құрайтындығын айтты. Бүгiнгi таңда үкiмет мүшелерi 1 шiлдеге дейiн дайындық жұмыстарын жүргiзiп, Парламент тиiстi заң жобаларды ратификациялауда. 42 заң жобасы қабылданып, Мәжiлiстiң қарауында тағы 12, ал Сенатта 4 заң жобасы жатыр.
Жәнiбек ӘШIМ