373
Сәрсенғали ҚҰСПАНОВ: ЖАМБЫЛДЫҢ ӘРБIР СӨЗI — БIР ЗЕҢБIРЕК
Сәрсенғали ҚҰСПАНОВ: ЖАМБЫЛДЫҢ ӘРБIР СӨЗI — БIР ЗЕҢБIРЕК
Алматы қаласында "ТҮРКСОЙ" халықаралық ұйымының бастамасымен жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың 165 жылдығына орай "Жамбыл және түркi халықтарының эпикалық мұрасы" атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өткен болатын. Бұл шараға сонау Санкт-Петербург және Ленинград облыстық "Ата-мекен" қазақ қоғамының төрағасы Сәрсенғали Құспанов мырза да келген-дi. Оның халықаралық деңгейдегi конференцияға арнайы шақыртылуында үлкен мән бар. Сәрсенғали Аққұлұлы – қиын-қыстау кезеңде Ресейдiң екiншi қаласында Жамбыл Жабаев атындағы көшенiң сақталып қалуы мен абыз ақынға арналған ескерткiштiң бой көтеруiне еңбек сiңiрген азамат. Бiз жырақта жүрсе де, ұлтының қамын ойлап жүрген жанашыр азаматпен аз-кем тiлдескен едiк.
– Сәрсенғали мырза, Жамбыл Жабаев атындағы көшенi сақтап қалу оңайға соқпапты. Осы туралы тарқатып айтып бересiз бе? – Иә, оның өз қиындығы болды. 1991-1992 жылдары барлық жерде қаланың атын өзгерту, көшенiң атын ауыстыру жаппай белең ала бастады. Бұл реформа Санкт-Петербургтегi Жамбыл көшесiн де сырт айналып өткен жоқ. Көшелердi өзгерту туралы мәселеге жергiлiктi билiк қатты кiрiсiп кеттi. Негiзi Жамбыл атындағы көше 1950 жылдан кейiн пайда болған. Ендi бiзге соны қалай да сақтап қалу керек болды. Алайда бiз далаға шығып шеру жасамасақ та, көшенi сақтап қалуға бар күшiмiздi жұмсадық. Жергiлiктi билiк өкiлдерi алдында көптеген ардагер ақын-жазушылармен, мемлекет, қоғам қайраткерлерiмен жолдас болған, ленинградтық жауынгер ақын, Социалистiк Еңбек ерi Михаил Дудиннiң: "Жамбылдың әрбiр сөзi – еңбек озаттарына бiр зеңбiрек, ал блокадалық қалаға бiр эшелон азық-түлiк" деп айтқан сөзiн келтiрiп, көшенi алып қалдық. Содан кейiн ғалымдар, жастар, ақсақалдар кеңесiн жинап, "Әйтiп-бүйтiп көшенi өз атында қалдырдық. Ендi осы көшеге Жамбылдың ескерткiшiн қою керек" деген ұсыныс жасадым. Олар да қолдай кетiп: "Осы iстi сiзге тапсырайық", – дедi. – Бiр iстi аяқтап, екiншi бiр ауыр жүктi арқалауға қорықпадыңыз ба? – Еңбегiң жанып жатса, одан шабыт ала түспейсiң бе?! 2001 жылдың аяғында заң шығаратын жиынның депутаты Аркадий Григорьевич Крамаревқа бардым. Онымен бұрыннан таныстығым бар едi. Менi жақсы қарсы алып: "Жамбылды бәрi жақсы бiледi. Ертең бұл мәселенi күн тәртiбiне қоямын. Басқасын бiлмеймiн, бюст орнатуға ақша бөлгiземiн", – дедi. "Аркадий Григорьевич, ықылас-ниетiңiзге рахмет. Бiздiң бюст емес, ескерткiш қойсақ деген ойымыз бар. Ақшаның керегi жоқ. Жер алуға рұқсат алып берсеңiз болды", – дедiм еш қысылмастан. Содан бiз Санкт-Петербург қаласының губернаторы Владимир Яковлевке, Орталық аудан әкiмшiлiгiнiң бастығы Владимир Антоновқа және қаланың бас суретшiсi Иван Ураловқа хат жаздық. Орталық аудан әкiмшiлiгiнiң бастығы Владимир Антонов мырза хатыма: "Мы гордимся тем, что одна из центральных улиц носит имя великого акына казахского народа", – деп жауап бердi. Айналайын-ай, сол кезде қуаныштан жылап жiбере жаздадым. Бәрi де бiрауыздан қолдады. Ақша жағынан көмек беруге дайын екендiгiн де жеткiздi. Бiз алғысымызды айтып, "Қазақстан тарапы көмек беретiн шығар" дедiк те, 2002 жылы Елбасы Н.Назарбаевқа, сол кездегi Премьер-министр Иманғали Тасмағамбетовке және сол уақытта Жер ресурстарын басқару жөнiндегi агенттiгiнiң төрағасы қызметiн атқарған Бақыт Оспановқа хат жаздық. Ленинградтағы жоғары оқу орнын бiтiрген қазақ жолдастарыма, осындағы үлкен мекемелерге бардым. Олар бiр мекеме бөлген қаржыға ескерткiш қоюдың мүмкiн еместiгiн айтты. Бәрi де дем берiп, көтерiп әкеттi. Әлi есiмде, сонда менде "Егер бетiмдi қайтаратын болса, бас киiмiмдi қолыма алып, бүкiл Қазақстанды аралап шығам" деген ой да болды. Бiр өкiнiштiсi, сол кезде ҚР Парламент мәжiлiсiнiң бiр депутаты "Шет жақта ескерткiштi несiне қоямыз? Оған кiм барады? Кiм көредi?" дептi. Сонда депутат болып отырған Фариза Оңғарсынова: "Сен бармасаң, бармай-ақ қой. Санкт-Петербургке дүниежүзiнен адамдар келедi. Солар көредi, тамашалайды, танитын болады", – деген екен. – Сонымен Қазақстан мемлекетi қанша ақша бөлдi? – Бiзде ұлтын, тiлiн, асыл мұраларын сүйетiн ұлтжанды азаматтар көп екен. Елбасы Н.Назарбаев Жамбыл Жабаевтың ескерткiшiне шамамен 500 мың АҚШ долларын бөлу туралы шешiм шығарды. Ескерткiш қоладан тұрғызылды. Ұзындығы 5 метрдей. Оған жыр алыбы Жамбылдың бүкiл тұлғасы сыйып тұр. Ескерткiш авторларының құрамында питерлiк атақты суретшi-архитектор Феликс Романовский, мүсiншi Валентин Свешников және қазақстандық мүсiншi Бауыржан Әбiшев болды. – Жамбыл Жабаевқа арналған ескерткiштiң ашылу салтанаты үлкен тойға ұласқан шығар… – 2003 жылы 30 мамырда ашылды. Әрине, бәрiмiз жүрегiмiз жарылардай қуандық. Оған дейiн табан тоздырып, шаршағанымызды ұмытып кеттiк. Ескерткiшке: "Дар от народа Казахстана, к 300-летию Санкт-Петербурга" деп жазылды. Жамбыл Жабаевтың "Ленинградтық өрендерiм" өлеңiнiң шумақтары алтын әрiппен өрiлдi. Су ағып жатқанда әрiптер толқынмен ойнақшып тұрады. Негiзi ескерткiш бағдарлама бойынша 31 мамырда ашылуы керек едi. Санкт-Петербургтiң 300 жылдық мерейтойына 43 мемлекеттiң басшылары келген-тұғын. Қазақстан Республикасының Президентi Н.Назарбаевтың жұмыс жоспарына сәйкес, тұсаукесерiн бiр күн бұрын өткiзiп жiбердiк. Ескерткiштiң ашылу салтанатына Елбасы Н.Назарбаев пен Санкт-Петербург қаласының губернаторы Владимир Яковлев, тағы басқа лауазымды тұлғалар, жергiлiктi қазақ диаспора өкiлдерi, қазақ жастары қатысты. Елбасы Н.Назарбаев: "Осы қарапайым ескерткiш – бiздiң бауырлас халықтармен достығымыздың символы болсын", – дедi. Мiне, таза, жайлы скверден орын тепкен жыр алыбы Жамбылдың ескерткiшi кез келген адамға ерекше рух берiп келедi. Жетi қанатты қазақ үй, сыңғырлаған субұрқақ ескерткiшке сән берiп тұр. – Ескерткiштiң жаны жергiлiктi қазақ диаспорасының жиi бас қосатын ортақ мекенiне айналды ма? – Бiздiң бас қосатын жерiмiз де сол ескерткiштiң алаңқайы. Отау құрып, үйленгендер де Жамбыл бабасына тәу етедi, гүл шоқтарын қояды. Қыста қарын тазалап, күреп тұрамыз. Жазда айналасындағы қоқыстарды жинаймыз. Жергiлiктi қазақтар, татарлар, орыстар "Бұл бiздiң атамыз" деп мақтанышпен айтады. – Жамбылды ақын емес, жәй ғана қой бағатын шопанға теңегiсi келген әсiреұлтшыл орыс жазушысы Дмитрий Быковқа не айтасыз? – Оған не деуге болады? Ақымақ бiткеннiң бәрiнiң аузына қарауға болмайды. "Известияға" шыққан сол мақалаға орай, профессор, академик Төлеген Қожамқұлов жауап хат жаздым дедi. Бiрақ ол хатты оқып көрмедiм. Егер әлгi жазушыны көрсем, Жамбылдың шопан емес, абыз ақын, жырау екенiн бетiне айтар едiм. Ондай ақымақтардың пiкiрiне мән бермеу керек. Егер оны дабырайтсақ, өзiмiз күдiктенгендей боламыз. Өмiрде ақымақтар көп қой. Ондайлар қазақта да, басқа ұлттар арасында да өрiп жүр. – Санкт-Петербург және Ленинград облыстық "Ата-мекен" қазақ қоғамы қашан құрылды? – Өзiм 1961 жылдан сол жерде тұрамын. Сонда университеттi бiтiрген алғаш бiтiрушi ретiнде алып қалды. 1964 жылы Қазақстаннан жолдамамен барған қазақ студенттердiң үлгерiмiн көтерiп, бiр-бiрiмен байланысын арттыру үшiн "Совет студентов и аспирантов Казахстана" деген ұйымдық кеңес құрылды. Студенттердiң үлгерiмiн 75-80 пайызға дейiн жеткiздiк. "Арай" атты ансамблiмiз Қазақстанның бiрнеше жерiне барып, Кеңес өкiметiнiң 50 жылдығында телеарнада өнер көрсеттi. 1989 жылы Кеңес үкiметi барлық жерде ұйым құруға рұқсат берген кезде бiз "Ата-мекен" деп атадық. Осы қоғам iргетасын қалағалы берi қасындамын. 2009 жылы 45 жылдығымызды атап өттiк. – "Ата-мекен" қазақ одағы қандай қаржымен күн көредi? – Бiзге ешқайдан қаржы келмейдi. Бәрiн өзiмiздiң адал еңбекпен келген ақшамен жасаймыз. Әйтеуiр жоқтан бар жасап, тiрнектеп жинаймыз. Тiптi шағын ұлттық кiтапханамыз да бар. Ондағы кiтап қорын шама-шарқымызша толықтырып тұрамыз. – Санкт-Петербургтегi қандастарымыз ана тiлiн ұмытпаған болар?!. – Оларға қазақ тiлiн оқытамыз. Балаларға ұлттық дәстүрдi сiңiру үшiн домбыра тартуды үйретемiз. Бiлгiсi келiп ниеттенгендер өздерi келедi. Сол жақта бiлiм алып жатқан қазақ офицерлердiң әйелдерi де жоғары бiлiмдi. Қазақ тiлiнен сабақ бередi. Бiр жылдары 6 жастағы баладан 63 жастағы қарияға дейiн оқыды. Қазақ тiлiнде сауат ашуға талпынған қарияның әке-шешесi 1938 жылы қуғын-сүргiн кезiнде ату жазасына кесiлген екен. Ол орысша тәрбиеленгендiктен ата-анасынан қалған асыл мұралар – өлеңдердi, шығармаларды оқи алмапты. Содан бiзге келiп қазақша үйрендi. – Санкт-Петербургте қанша қазақ тұрады? – Қазiр бала-шағамызбен барлығы 10 мыңдай қазақ бармыз. – Олардың бәрiмен қарым-қатынас жасап тұрасыздар ма? – Бәрiмен байланыс жасау мүмкiн емес. Бiрақ Ұлыстың ұлы күнi – Наурыз мерекесiнде 2 мыңдай адам жиналды. Ұлттық салт-дәстүрiмiзге сай киiнiп, өнерiмiздi көрсетiп, көжемiздi пiсiрдiк. Әсiресе жастар жағы концерт қойып, мәз-мейрам болысты. – Туған Отанына оралғысы келетiндер бар ма? – Бұл сұрақ жырақта жүрген әрбiр қазаққа ауыр тиедi. Бiздiң бiр профессорымызға қазақстандық азамат: "Неге елге қайтпайсыз?", – дептi. Сол кезде ол: "Сен маған жұмыс, үй бересiң бе? Менiң үйiм де, жұмысым да бар. Сонымен отбасымды бағып отырмын", – деп жауап берiптi. Осы жауаптың өзiнен бәрiн түсiнуге болатын шығар. P.S. 2008 жылы Киев қалалық кеңесiнiң шешiмi бойынша, Кузьминская көшесi Жамбыл Жабаев көшесiне ауыстырылды. Ал 2009 жылдың мамыр айында қазақтың жыр алыбына арналып мемориалды тақта ашылған болатын. Сондай-ақ меценаттардың қаржылай көмегi арқылы Украинадағы Қазақстан елшiлiгi ғимараты алдындағы "Нивки" саябағынан қазақ ақынына ескерткiш орнату туралы шешiм де заң күшiне енген. Киев қаласының әкiмшiлiгi "Украин поэзиясы мен әдебиетiн сүйiп оқыған, соның iшiнде Қазақстанның iрi қалаларындағы көшелерге аты берiлген Тарас Шевченко шығармашылығын бағалай бiлген қазақтың суырыпсалма ақынына ескерткiш қою екi мемлекеттiң достығын берiк ете түседi" дептi. Алла қаласа, Киевтiң төрiнен Жамбыл Жабаевқа арналған ескерткiштiң ойып тұрып орын алатын күн де алыс емес сияқты.
Әңгiмелескен Динара Мыңжасарқызы