СҮМӨЛӨК – ҚЫРҒЫЗДЫҢ НАУРЫЗКӨЖЕСI

XI ғасырда өмiр сүрген түркi халықтарына ортақ ғалым әйгiлi Махмұт Қашқари баршамызға ортақ. Жергiлiктi елдiң Наурызды тойлайтыны туралы хатқа түскен алғашқы деректердiң бiрiн осы автордың еңбегiнен кездестiруге болады. Ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүр жетпiс жылдық кеңес билiгi тұсында да мүлде жойылып кеткен жоқ. 1991 жылы қол жеткiзген егемендiктiң шарапаты Наурыздың қайта түлеуiне жол ашты. Бұл мереке Қырғызстанда арнайы жарлықпен 21 наурызға белгiленiп, ресми түрде жыл сайын үлкен салтанатпен аталып келедi.

Айта кету керек, Қырғызстанда айлардың аталуы кеңес дәуiрi кезiндегiдей орысша күйiнде қалды. Яғни наурыз – март делiнедi. Қырғыздың нақты ай атаулары мағыналарының жалпы елге түсiнiксiздiгi және олардың бiрнеше нұсқада болуы оны өзгерте қоюға тосқауыл жасаса керек. Қырғыздың ай атаулары мал шаруашылығымен, жан-жануарлардың тiршiлiгiмен үндеседi. Бiр нұсқада март "күкүк" деп аталады. Күкүктiң қазақшасы – көкек. Көктем келiп, күн жылынып, көкек сайрап қалған мезгiл. Екiншi аты – жалған куран. Куран дегенi – елiктiң еркегi. Күкүк айында туылған тау елiктерiнiң лақтары көбiнесе суыққа шыдай алмай өлiп қалатындықтан, бұл айды "жалған куран" деген. Ал ендi, сәуiр айын қырғыздар "шын куран" деп атайды.

Қырғыз бен қазақтың наурызды қарсы алуында ұқсастықтар да, айырмашылықтар да бар. Соның негiзгiсi – мерекелiк тамақ-асы. Қырғыздар наурызға арналып әзiрленетiн тағамдарды "көжө", "чоң көжө", "сүмөлөк" деп атайды. Көже мен шоң (үлкен) көженi жетi түрлi дәндi дақылдан дайындауы қазақ халқынiкiне ұқсас болса, сүмөлөк әзiрлеу он күнге созылатын күрделi iс.

Сүмөлөктiң тарихы жөнiнде қырғыз халқында мынадай аңыз бар. Ертеде көктем шыға бiр ауылдың жұрты ашаршылыққа ұшырайды. Жеке-жеке қазан көтерiп, ас пiсiруге елдiң шамасы келмей қалады. Сонда ауылдың ақ жаулықты аналары қолдарында бар азық-түлiктерiн жинап, бiреуi бiр уыс бидайын, ендi бiреулерi жүгерiсiн, өрiк-мейiзiн, тағы бiрi өсiмдiк майын алып келiп, бiр қазанға салып тамақ әзiрлеуге кiрiседi. Ең соңында үйелмелi-сүйелмелi тоғыз баласын ерткен жесiр әйел келедi. Қосатын ештеңесi жоқ ол қазанға таза жуып тоғыз асық салады. Дәу қазан орта белiнен асып қомақтана түседi. Астындағы оттың табынан бұрқылдап қайнай бастаған қазандағы тамақты араластырған сайын бәйбiшелер Тәңiрден тоқшылықты, жылдың түсiмдi, берекелi болуын тiлеп жалбарынумен болады. Тәңiр аналардың тiлегiн берiп, ел сол жылы молшылыққа кенеледi. Содан бастап сүмөлөк деп аталған осы қасиеттi тағамды ерте көктемде елдiң бiрiгiп, бiр қазанда пiсiруi салтқа айналған.

Сүмөлөк төмендегiдей жолмен жасалады. Бидайды (не арпаны, жүгерiнi) жуып, тазалап, 18-24 сағат бойы суға шылап қояды. Сосын оны судан алып, күн тимеген жылы жерге – тақтайға, ағаш үстелге 2 см. қалыңдықта жайып, өндiредi. Таза және тез өнуi үшiн астына екi қабат мата салып, үстiне дәке жауып қояды. Құрғап қалмауы үшiн күнiне екi мәрте су сеуiп тұру керек. 6-8 күнде бидай 5 сантиметрге дейiн өнiп, сүмөлөк қайнатуға даяр болады. Ендi дәндi ет майдалағыштан өткiзiп, екi рет сүзiп алады. Үш-төрт үлкен ыдысқа теңдей етiп салып, әрбiрiне 15 литрден су құйып, араластырады. Содан кейiн барып бидай тай қазанға салынады. Үстiне 15 келi таза еленген ұнның 5 келi сары маймен, не 5 литр өсiмдiк майымен жақсы араластырылған қосындысы құйылады. Сүмөлөк қазанның түбiнде күйiп қалмауы үшiн көлемi өрiктiң дәнегiндей тазаланған 41 тас қоса салынады. Нәрлiлiгiн арттыру және дәмiн шығару үшiн аздап қант, науат және мейiз, жаңғақ қосады. Қазанды баяу отқа қойып, 12-14 сағат бойы тынымсыз араластырып қайнатады, пiскен соң қақпағын ашпай 10-12 сағат демдеп (булап) қояды. Ең бiрiншi жасы үлкен әжелер араластырып, жақсы тiлектерiн айтады. Содан кейiн кiм араластырса да, тiлегiн айтса, қабыл болады деп есептелiнедi. Демек сүмөлөктi әзiрлеу үшiн дәндi дайындауына 7-9 күн, пiсiруiне 1 тәулiк уақыт керек. Аз ба, көп пе, қанша көлемде сүмөлөк қайнатса да, осынша уақыт талап етiледi. Қолынан келгендер Наурызға деп сүмөлөк дайындайды, мүмкiншiлiгi жоқтар көжө пiсiредi, тiптi болмағанда, түрлi тамақ-ас әзiрлеп ырымын жасайды.

Осыдан бес-алты жыл бұрын бiр жеке iскер Бiшкектiң орталық алаңына үлкен қазанмен сүмөлөк алып келiп, келген-кеткендердi бұл таңсық көжеге қарық қылғаны бар. Ал 1992 жылы Жаныбек Жанұзақ деген қырғыз журналисi Наурыз күнi қаланың орталығындағы "Жеңiс" аллеясында қой сойып, ет пiсiрiп елге таратқан едi.

Қырғызстаннан көшiп кеткен қырғыздардың да Наурызда сүмөлөк пiсiрудi әдетке айналдырғандары кездеседi. Мысалы 1983 жылы Ресейге оқу iздеп барып, қазiр Мәскеуде тұрып жатқан 48 жастағы Бурулча Таңатарқызы (психология ғылымының кандидаты) бiраз жылдардан берi Наурыз мейрамында Қырғызстанға тыныштық, ынтымақшылық тiлеп сүмөлөк қайнатумен айналысып келедi.

Наурыз мерекесiнде сүмөлөк қайнату Иранда, Тәжiкстанда, Өзбекстанда, оның iшiнде Қарақалпақстанда жақсы сақталып қалған. Өзбектер сүмөлөк (сумаляк), халим (халиса) және турама палау сияқты дәмдердi әдейi Наурызға арнап жасайды. Ибрайым Юсупов деген қарақалпақтың белгiлi ақынының "Сүмелек қайнатқан жеңгейге" деген өлеңiнде сүмелектiң мәнi жақсы ашылып көрсетiлген. Қырғыздар наурыз көженi "сүмөлөк" десе, қарақалпақ тiлiнде ол "сүмелек" деп аталады.

Сүмелек қайнатқан жеңгейге

Аман бол, сүмелек қайнатқан жеңге!

Наурыз-журттың шадлық

салтанаты бул,

Бүгин-ғәрезсизлик* шарапаты бул.

Мийрим-шәпәәттиң инсан қәлбине

Иләхий нур қуйған кәраматы бул.

Халық шағлап* мустақил* Өзбекстанда,

Дүнья тыныш, еллер абадан болсын.

Шадлық сазы жаңлап хәр атқан таңда,

Хәр шаңарақта толы дастүрқан болсын.

Быйыл Жәйхун дәрья мөжирип тасып,

Егинге кенелгей Уатан* жерлери.

Қуөанғай табысы тәрези басып,

Қарақалпақ хәм Хорезм еллери.

Шағлаң*, бирадарлар, ортаңыз толсын,

Жетиспек ғаниймет бул шадлы күнге.

Наөрыз байрамыңыз мүбәрәк болсын,

Аман бол, сүмелек қайнатқан жеңге.

Ендi бауырлас қырғыздардың "Сүмөлөк" атты халық әнiнiң үш шумағын оқырмандарымызға тартулайық:

Ар дастаркон түрлөнөт,

Аштын куту* – сүмөлөк.

Жашыл майса жараткан,

Жаздын куту* – сүмөлөк.

Кайнап борқ-борқ сүмөлөк,

Казан тынбай көөлөнөт*.

Кырк эки таш шыңғырайт,

Кыйырга нур үбөлөп*.

Ырыска сооп* үймөлөп

Ыйык оокат* – сүмөлөк

Ар бир үйдө дастаркон

Ажайып* көп түрлөнөт.

Қырғызға майдай жаққан "сүмелек" сөзi қазақтың құлағына түрпiдей тиуi мүмкiн. "Сүмелекке" қатысты тағы бiр сөз, Испанияда бүгiнгi күнде жетпiс шақты қырғыз тұрып жатыр. Алтынай Байбекова деген испан жiгiтiне тұрмысқа шыққан қыз өлкенiң бас қаласы Мадридте бұдан алты жыл бұрын "Сүмөлөк" атты қырғыз-испан ассоциациясын құрған. Ұйым Қырғызстан мен Испанияның ортасында қарым-қатынас орнату, қырғыз елiн испандықтарға таныстыру, Қырғызстанның балаларына жәрдем ұйымдастыру мәселелерiмен шұғылданады. Өздерiнiң жеке интернет-сайты, "Сүмөлөк" деп аталған испан тiлiнде шығатын журналы бар.

Назарбек БАЙЖIГIТОВ, "Түркiстанның" Қырғызстандағы меншiктi тiлшiсi

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button