ДYНИЕ ЕСIГIН КЕҢ АШҚАН...

ДYНИЕ ЕСIГIН КЕҢ АШҚАН...

ДYНИЕ ЕСIГIН КЕҢ АШҚАН...
ашық дереккөзі
283

Биыл жас сәбилерге ерекше сый жасалса

Биыл – Тәуелсiздiк таңының атқанына 20 жыл! Кез келген ұлт үшiн ең қымбаттысы да, ең баға жетпес байлығы да – азаттық туының көкте желбiреуi! Бұл күндi тарих бетiнде алтын әрiппен қалдыру мақсатында ауқымды шараларды бастап кеткенiмiз белгiлi. Алайда бағымызға бiткен тәуелсiздiктi бағалай бiлудi әрбiр қазақтың жүрегiне нақты iстер арқылы сiңiре берсек, нағыз отаншыл рухтың бастамасы емес пе?!

Бiр қуаныштысы, қашан да ұлттық мәселеге келгенде үнсiз қалмайтын Мәжiлiс депутаты Жарасбай Сүлейменов депутаттық сауал жолдап, ел Тәуелсiздiгiнiң 20 жылдығында дүние есiгiн ашқан сәбилерге ерекше сый жасалса деген бастама көтердi. "Елбасымыз Нұрсұлтан Әбiшұлы Назарбаев: "Тәуелсiздiк – бұл бiздiң ең басты құндылығымыз… сондықтан да оны атап өтудi жоғары дәрежеде ұйымдастыруымыз қажет", – деген сөздердi қадап-қадап айтқан болатын. Биылғы жыл – Қазақ елi үшiн ерекше жыл! Бұл – қатардағы көп мерекенiң бiрi емес, бiрегейi, үстiмiздегi 2011 жылдың басты оқиғаларының бiрi! Мемлекет тарихындағы осындай бiрегей белес елдiктiң, егемендiктiң, кемелдену мен келешекке құлаш сермеудiң тамаша кезеңiне айналуы тиiс. Демек ұлтты ұйытатын әрi жастарға ой салып, отансүйгiштiк сезiмiн көтеретiн iс-шаралар ұлық мерекенiң ажарына айналуға тиiс. Мәселен биыл дүниеге келген сәбилерге қазiргi куәлiктерден өзгеше жасалған, мерекелiк нақышталған туу туралы куәлiктер, ескерткiш белгiлер тапсырылып, әр сәбиге берiлетiн бiр реттiк мемлекеттiк жәрдемақыға қосымша арнайы 50 мың теңге сыйақы тағайындалса, елiмiздiң болашағы саналатын жастардың, бүкiл Алаш баласының ертеңгi күнге деген сенiмдерiн, елiмiзге деген құрметi мен сүйiспеншiлiгiн арттыра түсер едiк", – дейдi депутат.

Мәжiлiс депутаты Жарасбай Сүлейменов Үкiмет басшысы Кәрiм Мәсiмовке жолдаған депутаттық сауалында жалпыға бiрдей бiлiм беретiн мектептердiң жоғары сынып оқушылары, студенттер арасында "Менiң Отаным – Тәуелсiз Қазақстан!" деген тақырыпта шығармалар байқауы ұйымдастырылып, оның қорытындысы мереке қарсаңында шығарылып, жеңiмпаздар лайықты марапатталса деген тiлегiн де бiлдiрдi. Сондай-ақ ол "Тарихта есесi кеткен халықтың тәуелсiздiк жылдары еңсесi тiктелдi десек те, әлi шешiмiн таппаған, кезегiн күтiп тұрған мәселелер аз емес. Бұл сөзiмнiң ономастика мәселесiне де тiкелей қатысы бар. Өкiнiшке қарай, тәуелсiздiк алғанымызға 20 жыл өтсе де, жерiмiздiң, елiмiздiң тарихына үйлеспейтiн, халқымыздың абыройы мен беделiне көлеңке түсiретiн, отарлық кезеңнен қалған атаулардан әлi арылып болған жоқпыз. Кешегi солақай саясат ел-жұртты салт-санасынан айырып, рухани тамырынан ажырату үшiн алдымен жер-су аттарын өзгерттi, халық санасында сан жылдар сiңiстi болған атаулардың сырына үңiлмей, ту-талақай еттi, тарихқа, халыққа қиянат жасады. Ендi мiне, ономастикалық жұмыстарды ұлттық мүддемiзге сәйкестендiрудiң, оны Қазақстан тәуелсiздiгiнiң бүгiнгi рухани биiгiнен қайта қарап, тарихи әдiлеттiлiктi орнатудың да сәтi келген сияқты. Осыған орай үстiмiздегi жылы әр ауданда кем дегенде 20 елдi мекенге ежелгi атауы қайтарылса, аудан орталықтарындағы, қалалардағы кем дегенде 20 көшенiң атауы қазақшаланса, елiмiз төл нақыштарымен әжептәуiр ажарланып қалар едi. Ономастика саясаты, ең алдымен, мемлекет тәуелсiздiгiне, ел мен жердi ұлықтау идеясына қызмет етуi тиiс. Сонда ғана әр дәуiрде туған тiлiмiзде хатталған ата-баба мұрасы жаңғырып, жерiмiздiң сәнi кiредi, халқымыздың рухы күшейедi" дегендi ерекше рухпен жеткiздi.

Әрине, депутаттың жүрек түкпiрiнен шыққан жанашыр ұсынысы талайдан берi көптiң көкейiндегi шешiмiн таппай жүрген мәселе екенi шындық. Әсiресе жер-су атауларынан тәуелсiз қазақ ұлтының иiсi аңқып тұратын уақыт жеттi емес пе?! Ал Тәуелсiздiктiң 20 жылдығында дүниеге шыр етiп келген нәрестелердiң анасына 50 мың теңгеден сыйақы берсек, депутат Жарасбай Сүлейменов айтпақшы "Одан Үкiметтiң қалтасы жұқарып, бюджеттiң қазаны ортайып қалмас". Мәселен 2010 жылы республика бойынша 368 мың 631 сәби дүние есiгiн ашқан екен. Бұл – 2009 жылғы көрсеткiшпен салыстырғанда 8 мыңға артық. Ал дәрiгерлердiң мәлiметтерiне қарағанда, елiмiзде күнiне орташа есеппен 1 мыңнан астам бала өмiрге келедi. Демографияны болжап отырған мамандар: "Егер осы қарқынды ұстап тұрсақ, халықтың саны арта түсетiнi белгiлi", – дегендi қуана айтуда. Ол үшiн өмiрге сәби әкелуге қабiлеттi осыншама ананың көңiлiн демдеп қойғанда тұрған ештеңе жоқ сияқты. Биыл дүниеге келген нәрестелерге берiлетiн бiр реттiк мемлекеттiк жәрдемақыдан өзге 50 мың теңге шамасында арнайы сый тағайындалса, әрi қазақтың ертеңгi ұландарына жарық өмiр сыйлаған аналардың барлығы мерекелiк мақтау қағазымен марапатталса, елiмiздiң демографиялық әлеуетi бiр серпiлiп қалар ма едi, кiм бiлсiн?! Өйткенi Тәуелсiздiктiң 20 жылдығында дүниеге келген нәрестелер азат елдiң патриоты екенiн өмiр бойы мақтан тұтуы тиiс!

Бүгiнде кең байтақ елiмiздiң түкпiр-түкпiрiнде мерейтой шаралары басталып та кетiптi. Мәселен Алматы облысының әкiмдiгi ел тәуелсiздiгiнiң 20 жылдық мерекесiне орай, облыс аумағындағы әр ауылдық округте 20 мың ағаш отырғызу туралы игi бастама көтерiп отыр. Ал "Заңғар" шығармашылық бiрлестiгi тойға дайындық шараларының аясында 20 мың домбырашының бiр мезгiлде күй тартуын ұйымдастырып, қазақтың қанын қыздырып, ұлттың рухын асқақтатпақшы екен. Мiне, осындай құнды бастамалар ел көлемiнде қолдау тапса, ұлы оқиғаның лебi iлгерi басқан әр қадамымыздан сезiлiп жатса, нұр үстiне нұр емес пе?!

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары