ҚЫТАЙДЫҢ ҚАЛЫҢ ДӘПТЕРI
ҚЫТАЙДЫҢ ҚАЛЫҢ ДӘПТЕРI
Жалғасы. Басы өткен санда
КӨЗ БЕН ҚҰЛАҚ АРАСЫНДА
Қытай Ұлттық радиосына арнайы ат басын тiредiк. Биiк ғимараттың алтыншы қабатындағы жиын залында кездесу өттi. Қытай Ұлттық радиосы бастығының орынбасары Сяо жолдас өздерiнде 14 арна бар екенiн айтты. Олар ұзын, орташа және қысқа: үш түрлi толқында тарайды. Бүкiл Қытай аумағының тұрғындарын қамтиды. Оның сыртында Тайвань тыңдайды. Бiрнеше арна ұлттық азшылық үшiн ашылған. Оның iшiнде ұйғыр, моңғол, тибет, қазақ редакцияларын ауызға алды. Негiзiнен жаңалықтар бередi. Музыкалық, экономикалық бағдарламалар бар. Сосын қарттарға арналған хабарлар болады. Бұл елде қарттар көп екенiн ешбiр мекеме, оның iшiнде ақпарат құралдары ешқашан ұмытпайды. Әр пәтерде арнайы сыммен жұмыс iстейтiн радиоқабылдағыштар Қазақстанда баяғыда ұмыт болған. Оның не екенiн 2011 жылдың есебiмен кәмелетке толып жатқан ұрпақ бiлмейдi. Ал Қытай елiнде әлi сақталыпты! Соның арқасы шығар, Ұлттық радионы күн сайын ел тұрғындарының 34 пайызы тыңдайды.
Ұлттық радионың Бейжiңдегi редакциясында 2000 адам қызмет етедi. Бұлардың жалақысына және бағдарламаларды дайындауға кететiн қаражатты радио өзi табады. Жалпы бюджеттiң 60 пайызын жарнаманың түсiмi құрайды. "Мемлекет бөлген қаржыны негiзiнен қайырымдылық бағдарламаларын әзiрлеуге жұмсаймыз", – дедi Сяо жолдас.
Қытай үлкен мемлекет болғандықтан әр жерде әртүрлi оқиғалар орын алып жатады. Соны дер кезiнде хабарлап, репортаждар беру үшiн 40 тiлшiлер қосыны жұмыс iстейдi. Ұлттық радио әр провинцияның үкiметiмен тығыз ынтымақта. Төтенше оқиға орын алған жерден дереу репортаж берiледi. Оған арнайы маманданған репортерлер жеткiлiктi. Апат орын алған жерден берiлетiн репортажды тыңдаушылар ел тұрғындарының 58 пайызын құрайды. Оны газет арқылы оқушылар болса 25 пайыз деңгейiнде.
Ұлттық радионың құрылымы да өзгеше. FM толқынында 14 арнасы бар. Сауда мен денсаулықты сөз ететiн өз телеарнасы бар. Үш веб-сайтында радио хабарларын он-лайн түрiнде тыңдауға және оқуға болады. Мұның сыртында қызметкерлерiне арналып, саладағы құбылыстар мен бағыттарды бағамдап отыратын газетi бар. Және радионың техникасы мен технологиясын меңгеремiн дегендер үшiн арнайы журнал шығарады. Қытай ұлттық радиосында отырып iшiмiз удай ашысын. Баяғыда ондай газет бiзде, Қазақстанда болған. Ұлттық телеарнаның 50 жылдығына орай жинақ дайындаған кезiмiзде Ұлттық кiтапханада сақталған тiгiндiлерiн ақтара отырып, талай сырға қаныққанбыз…
Құлағымызды қайтадан Сяо жолдасқа тостық. Ақпарат алу жолдары айтылды. Радиодан берiлетiн жаңалықтар екi тәсiлмен жиналады. Бiрiншiсi – Ұлттық радионың өз мүмкiндiгi арқылы. Ондай мүмкiндiк мол. Провинцияларда 40 тiлшiлер қосыны мен 19 әскери тiлшiлер қосыны бар. Сөз арасында айта кетсек, Қытай армияға зор көңiл бөледi. Телеарналарда бiрнеше әскери хабарлар мен фильмдер бiр-бiрiмен жарыса көрсетiлiп жатқанын байқағанбыз. Екiншiсi – ынтымақтастық арқылы. 35 радио бiр-бiрiмен ақпарат алмасатын желi орнатқан. Бiздегiдей әркiм жеке үй тiгiп оқшауланып отырған жоқ.
Оның сыртында жаңалықтар Ұлттық радионың провинциялардағы филиалдарынан алынады. Оны азсынсаңыз, әр қаланың радиосы өздерiнiң дауысы мен хабары Ұлттық радиодан естiлгенiн мәртебе санайды.
Ендi Ұлттық радионың барлық провинциялардағы филиалдарының кейбiрi акционерлiк қоғам, кейбiрi жабық акционерлiк қоғам болып тiркелген. Барлық күнкөрiс өздерiнен. Репортаждар жасайды. Монтаждайды. Тiптi көбi анимациялық бағдарламалар жасап жүр.
Алып елдегi үлкен ақпарат құралы басшыларының бiрi – Сяо жолдас жиырма бiрiншi ғасырдағы радионың басты үш сипатын ерекше бөлiп айтты.
1. Радио елдегi бiрнеше реформалар барысында өзiнiң жеделдiгiн көрсеттi. Бұрын жұртшылық радионы тек тыңдайтын болса, ендi көретiн болды.
2. Жарнамалар беру. Бұрын жарнама тек телевидениеге ағылып, радио ескерусiз жатса, ендi ол жақтағы қаржының бiраз бөлiгi радио компанияларына құйылуда.
3. Қайырымдылық жасау. Жарнама мен анимациялық өнiмдердiң түсiмi радио ұжымдарының түрлi жомарттық жасауына мүмкiндiк берiптi. Өз қолы өз аузына жетiп қоймай, өзгелерге себiн тигiзетiн кезге жетiптi.
Қытай Ұлттық радиосының бiр қызметi елдегi тыңдаушылар аудиториясын зерттеумен шұғылданады. Кiмге не ұнайтынын, оны қай уақытта тыңдағысы келетiнiн ұдайы зерттеп отырады.
– Онсыз болмайды. Бәсекелестерiмiз өте күштi. Ұялы телефон мен интернеттiң заманында радионы бiр орынға байлап тастау жөн емес,– деген Сяо жолдас.
Радионың тiптi жаңа белдесушiлер ұялы телефон мен интернеттi айтпағанда, дәстүрлi бәсекелесi телевидениеге шаң қаптырған кездер болды. Айталық, 2008 жылғы Сычуан жер сiлкiнiсi кезiнде. Бұл кездегi радио репортаждар бес түрлi талапқа түгел жауап бердi:
Бiрiншiден: тез;
Екiншiден: дәл;
Үшiншiден: жан-жақты;
Төртiншiден: пайдалы;
Бесiншiден: әсерлi.
Сычуанда жер алапат тiтiреп, жойқын апат бола салысымен аймақтағы тiлшiлер қосынының өкiлi спутниктiк телефонмен тiкелей байланысқа шықты. Ол айналадағы ғимараттардың тегiс қирап қалғанын, төңiрек көк түтiн екенiн жеткiздi. Зiлзала өткенiне бiр сағат уақыт болғанда радио тiлшiсi тiкелей эфирде Сычуан сейсмика стансасы бастығынан сұхбат алды. Онда зiлзаланың күшi, дәл қай тұста тiтiреу кiндiгi болғаны және қайталану қаупi жайында жан-жақты әңгiмелендi. Тура екi сағат өткенде Бейжiңдегi тiлшiлер байланысқа шығып, мемлекеттiң премьер-министрiмен бiрге апат аймағына аттанып бара жатқандарынан хабардар еттi. Тура төрт сағаттан соң зiлзала болған провинцияның бiрнеше қаласы мен уезiнен толыққанды репортаждар түсе бастады.
Ұзын-саны 23 тiлшi осында жұмыс iстедi. Олар он топқа бөлiндi. Бiрнеше топ Ұлт-азаттық армиясының жауынгерлерiмен бiрге қонып, солармен бiрге тiкұшақпен ұшты. Бiр топ Көлiк министрiнiң қасынан қалмады. Ел аяғы жетпес жердегi апаттан зардап шеккендердi құтқару және апат салдарын жою жұмыстарынан хабардар еттi. Әлгi 23 тiлшi 22 күн бойы 24 сағат ұдайы радиодан репортаждар берiп тұрды. Не болғанын хабарлады. Үкiметтiң аузынан шыққан дәл ақпаратты жеткiздi. Одан басқа жергiлiктi тұрғындардан пiкiрi жиналды. Сөйтiп бүкiл елдегi адамдар Сычуанда не болғанын бiлдi. Ал зiлзаладан зардап шеккендер не iстелiп жатқанынан құлағдар болды. Құтқарушылар болса тағы қай жерде адамдар үйiндi астында қалғанын радиодан естiп, дереу сонда аттанды.
Қытай Ұлттық радиосы зiлзала аймағынан репортаж бен жаңалықтан басқа туған-туысты iздейтiн бағдарлама ашты. Бүкiл байланыс үзiлген немесе жоғалған жерде адамдар бiр-бiрiмен радио арқылы табысып жатты. Зардап шеккендердi психологиялық жағынан тыныштандыратын хабарлар эфирден өттi. Оған айтулы мамандар көптеп қатысты. Апаттан соң қалпына келтiруге қатысты көптеген кеңестер берiлiп жатты. Осы кезде бүкiл ел радионың орны айрықша екенiн мойындады. Апат аймағына дереу жөнелтiлген ең қажеттi тағам мен тауар арасында радио қабылдағыштар көп болды. Қытай Ұлт-азаттық армиясы 170 мың радио қабылдағыш таратқаны туралы мәлiмет бар.
Жалпы Қытайда мәлiмет атаулы шындық. Жалған мәлiмет бұл елде жүрмейдi. "Сычуанда жер сiлкiнген күннiң ертесiнде бiздi тыңдаушылар қатары 110,1 пайызға өсiп, 840 миллион адамға жеттi" деген Сяо жолдастың сөзi және рас.
Табиғи немесе техногендiк апаттар кезiнде жалпыға ортақ игiлiктер құрыған, яғни электр сымдары үзiлген, құбырлар мен кабельдер iстен шыққан, тiптi ұялы телефонның қабылдағыш антенналары қираған тұста не қолайлы? Радио! Леп белгiсi. Алдымен өте арзан құрал. Отырып көруге уақыт жоғалтпай, жұмыс iстеп жүрiп тыңдау оңай. Ақыр-аяғында радионың айтқанына тұрғындар да, үкiмет те сенедi.
Сычуандағы зiлзаладан кейiн Ұлттық радио бойынша апатты жағдайлар жайында ақпарат берудiң тәртiбi қалыптасты. Апат төрт дәрежеге бөлiндi. Төртеуiн қазiр төрт түрлi бояумен белгiлейдi. Көк бояулы ақпарат – қалыптан ауытқыған жағдай. Онда бұл ақпаратты апат аймағындағы радио стансасы таратады. Сары бояу – елеулi апат. Ол ақпаратты апат орын алған провинциямен қатар көршiлес провинциялар мен iргелес қалалардың радиосы таратады. Қызыл-қоңыр бояу – қатерлi апат. Оны провинцияның радиосы ұдайы бередi, көршiлес провинциялар мен қалалардың радиосы дүркiн-дүркiн ескертiп отырады. Ақыр аяғында қып-қызыл бояумен белгiленген апат – өте сұмдық жағдай. Қытайдың Ұлттық радиосынан бастап елдегi барлық провинциялар мен қалалардың радиосы қайталап тұруға мiндеттi.
2009 жылдан берi бүкiл елдiң радиосы осы тәртiп бойынша жұмыс iстейдi. Мұндай кезде әркiм естiгенiн айтып, бiлгенiн iстей бермейдi. Төтенше жағдайда хабар тарату үдерiсi де осы Сычуан апатынан кейiн қалыптасты. Ретi мынадай:
1. Ақпаратты жинау.
2. Ақпаратты талдау.
3. Ақпаратты сақтау.
4. Ақпаратты жеткiзу.
5. Ақпаратты бақылау.
Барлық радионың басшыларына осы жоспар жеткiзiлген. Бұл жоспар ең бастысы Қытай үкiметiнде мақұлданған.
Басшылықпен кездесуден соң Қытай Ұлттық радиосының қазақ және ұйғыр редакцияларына арнайы бас сұғып, қызметкерлерiмен таныстық.
1 ҚАБАТ ПЕН 25 ҚАБАТ АРАСЫНДА
Одан кейiн бiздi қабылдап, жұмыс үдерiсiмен таныстырған ақпарат мекемелерi – Синьхуа агенттiгi, Қытай Халықаралық радиосы және Қытай Орталық телевидениесi. Соңғысы бiздiң көрермендерге CCTV белгiсiмен таныс. Осылардың бәрiнiң редакциялары өте биiк әрi сәндi ғимараттарға орналасқан. Оған дейiн Бейжiң көшелерiмен әрлi-берлi жүргенде, өзi де зәулiм қонақ үйдiң терезесiнен қалаға көз салғанда асқақ әрi әдемi салынған екi ғимарат көзге шалынатын. Соның бiрiне – Синьхуа, екiншiсiне – CCTV қоныстанғанын көргенде таң қалдық.
Синьхуа ақпарат агенттiгi 1931 жылы құрылған. Әлемнiң 130 елiнде тiлшi ұстайды. Соның iшiнде Қазақстандағы тiлшiсiн талай баспасөз мәслихатында көргенбiз. Қытайдың өз iшiнде күндiз-түнi 33 бөлiмшесi жұмыс iстейдi. Шынында, тәулiк бойы ақпараттың жетi ағыны толассыз ағылып жатыр. Олар ел iшi, әлем, қаржы, әлеумет, спорт және басқа жаңалықтарды жеткiзедi. Мұның сыртында 4 фотолента бар. Хансу тiлiнен басқа шетелдiң 9 тiлiнде ақпарат жiберiледi. Әлем әсiресе, Чилидегi шахта астында жұмысшылар қалғанда, олар құтқарылғанда осы Синьхуаның хабарларына зер салып отырған. Ұзын-саны 20 мың қызметкерi бар! Леп белгiсiн қойған себебiмiз бұл – бiздегi ең үлкен зауыт пен комбинаттардың жұмысшысына жете-қабыл мөлшер. Өстiп мұнда ақпарат тәулiк бойы тынымсыз өндiрiледi.
Бiзбен сұхбаттасқан Ву Жанси – Синьхуа агенттiгi бас редакторының орынбасары. Кiрiспе сөзiнде қазiр әлем өзгергенiн айтты. Технология да өзгерген. Соған орай бұқаралық ақпарат құралдары өзгерiп жатыр.
Синьхуа агенттiгiнiң жұмысы жетi бөлiкке жiктеледi екен. Соны санамалап бердi:
1. Мәтiнмен жiберiлетiн ақпарат;
2. Баспа өнiмдерi;
3. Желiдегi тұтынушылар;
4. Қаржылық ақпараттарды алмасу;
5. Жаңа ақпарат түрлерi;
6. Әрiптестермен мәлiметтер алмасу;
7. Интернеттегi желi.
Мәтiнмен жiберiлетiн ақпаратты 130 елдегi тiлшiлерi әзiрлейдi. Алдағы жоспарда ондай тiлшiлер қосынын 200-ге жеткiзу ұйғарылған. Демек Қытай агенттiгiнiң iрi елдерде бiр емес, бiрнеше қосыны құрылмақшы. Әлгi 20 мың қызметкердiң 15 мыңы – Қытай Халық Республикасының азаматтары, басқа 5 мыңы – басқа елдерден жалданғандар.
Өзiнiң "баспа өнiмдерiне" келсек, бұлары бақандай 25 газет көрiнедi! Және бiр леп белгiсiн осы тұсқа қойыппыз.
"Қаржылық ақпаратты алмасу" дегендi былай түсiндiрдi. Синьхуаның тiлшiлерi әлемнiң барлық iрi биржалары ашылған сәттен жабылған кезге дейiн кiрпiк қақпай индекстердi бақылайды. Болып жатқан өзгерiстердi керек клиенттерге сол сәтте жеткiзедi. Осының өзiнен миллиондаған юань пайда тауып отыр.
Ал "жаңа ақпарат түрлерiне", яғни құрылымдағы бесiншi бағанаға электронды кiтаптар және ұялы телефонға түсiретiн бейнелi хабарлар жатады. Ол үшiн үлкен студия жасақталған. Жиналыс соңынан барып көргенбiз. Ақпарат агенттiгi емес, iргелi телекомпания мақтана ете алатындай студия екен.
Құрылым туралы сөздi сабақтасақ, алтыншы бағана онсыз да түсiнiктi. Синьхуа әлемдегi iргелi ақпарат құралдарымен тығыз байланыста. "Қажет болса бұқаралық ақпарат құралдарының форумдарын өткiзуге мүмкiндiгiмiз бар" деген Ву Жанси жолдас.
Жетiншi бағана – Интернет болса, оның дәуренi жүрiп тұр. Әлемнiң әр шалғайынан миллиондаған адам күнделiктi Синьхуаның веб-сайтында отырады. Интерактивтi байланысқа шығады. Он-лайн арқылы қытайша және ағылшынша арналарын көредi. Бүкiл дүниедегi қаптаған қытайлықтар атамекенiнен ешқашан кiндiгiн үзбесе, оған Синьхуа өз үлесiн қосып отыр.
Осы тұста сөзге бiздi ертiп әкелген Ли Гехуаның өзi сөзге араласты. Қалың қара дәптердiң басқы парағына оның кiм екенiн жазып кеткенбiз: Қытай Халық Республикасы Радио хабарлары, телевидение және кино түсiру жөнiндегi Мемлекеттiк бас басқармасы Оқыту және даярлау орталығының бастығы.
– Синьхуа – әлемдегi бiрiншi сыныпты ақпарат құралдары қатарына жатады, – дедi ол мақтанышпен. – Әрi Жүңге мемлекетiнде дәстүрлiк ақпарат құралдары мен жаңа ақпарат құралдары арасын жалғастырушы болып табылады. Ендi үшiншi әлем, яғни дамушы елдердiң бұқаралақ ақпарат құралдарын бiрiктiру үшiн жұмыс iстеуге әзiр.
Ли Гехуа жолдастың пiкiрiнше, мұндай кiрiгу өте маңызды. Өйткенi қазiргi ақпарат әлемiнде Батыстың, әсiресе АҚШ-тың өктемдiгi байқалады. Ал үлкен бе, кiшi ме оған қарамастан әрбiр елдiң дауысы естiлуi керек. "Егер дамушы елдердiң бұқаралық ақпарат құралдары альянс құрса, онда сенiң де дауысың естiледi" деп санайды Ли Гехуа жолдас. Әрi ондай жағдайда әлемде ешқайда қиыс тартпайтын, ешкiмге бүйрегi бұрылмайтын тура ақпарат пайда болады.
Сұхбат соңында Ву Жансиден "шетелдерде Синьхуаның ақпаратына жазылушылар саны қанша?" деп сұрадық. Сегiз тiлде таратылатын негiзгi лентаны Қытай қорғанының тыс жағынан 80 мың абонент алатын көрiнедi. Оның 20 мыңы қытайлықтар болса, 60 мыңы қытайлық емес, басқа мемлекеттердiң азаматтары мен түрлi ұйымдары.
25-iншi қабаттағы кездесуден төменге 1 қабатқа түсiп, сыртқа шыққанымызда есiк алдында сапқа тұрып жаттығу жасап жатқан қызметкерлердi тағы көрдiк. Иә, ұмытып кетiппiз, мана бiз кiргенде осында синьхуалықтардың басқа бiр тобы жаттығу жасап жатқан.
Келесi ат басын тiреген iргелi мекемемiз – Қытай Халықаралық радиосы 2011 жылы өзiнiң 70 жылдығын тойлайды. Екiншi дүниежүзiлiк соғыс кезiнде құрылған. Ондағы мақсаты – Жапонияға қарсы насихат жүргiзу болған. Қазiр қысқа, орта және ұзын: үш толқында бiрдей шығып тұр. Оның сыртында мобильдi жүйелерге арналған хабарлары бар. Тәулiктiк хабар ұзақтығы – 600 сағат. Әлбетте, соншалық көп болып көрiнген уақытты хабар таратылатын 62 тiлге бөлсеңiз, әрқайсысы 10 сағатқа да жетпей қалады. Радио қоржынында 162 елден келген 2 миллион 700 мың хат-хабар бар. 60 елдiң ақпарат құралдарымен ынтымақта. Ынтымақтың өзi түрлiше көрiнiс тапқан. Бiрiмен ақпарат алмасса, ендi бiрiмен кадр алмасады. Үшiншi бiрiмен айтулы тұлғалардан бiрге сұхбат алады.
Қытай Халықаралық радиосы директорының орынбасары Чан Цзыцянь "бiздiң радио бәрiбiр соншалықты күштi емес" деп санды тiзбектеудi осымен шектеген. Одан әрi көшелi пiкiрлерге көштi.
– Қазiргi басты бағытымыз – соғыс емес, экономика мен жаһандану. Мәдениетi сан түрлi елдер араласа бастады, – дедi директордың орынбасары. – Осы тұста Қытай қандай ел дегендi сан қырынан түсiндiрiп жүрмiз. Мазмұн жағынан жаңа ойларымыз жеткiлiктi. Қытайдың жаңалықтарымен қатар халықаралық жаңалықтарды көп беремiз. Өйткенi радио тыңдаушыларымыз да, веб-сайтқа кiретiндер де әлемнiң әр қиырынан. Оларға бiр ғана Қытай емес, бүкiл әлем туралы ақпарат алу қызғылықты.
Чан Цзыцянь жолдастың пiкiрiнше, бұған дейiнгi радионың теориясы мен концепциясы жаһандану мүддесiмен қабыса қоймайтын. Ескi теория ел iшiндегi дәстүрлi тыңдаушылар үшiн қолайлы болса, шетелдiк тыңдаушылар үшiн тың жол iзделедi.
Әлем тыңдармандары бұрын болмаған оқиғаны ғана жаңалық деп қабылдайды. Ал қытайлықтар әлгi оқиғаны және талай уақыт талқылап жатқанды мақұл көредi. "Осындай активтi және пассивтi жаңалықтардың ара салмағын сақтап отырамыз" деген Чан Цзыцянь. Және бiр қызғылықты жәйтке назар аудартқан. "Көптеген шетелдiк адамдардан сұхбат алғанда мынаны байқадық: олар ұзақ жылдар бойы бiздi тыңдап, белгiлi бiр көзқарастары қалыптасады, ал Қытайға келгенде алған әсерлерi одан мүлде басқаша болады".
Сосын тағы елеулi әрi ел шенеунiктерiне ортақ пiкiрлердi қаузады. Айталық: Қытайдың қарқынды дамығаны басқа елдерге қатерлi емес. Қытайда айтарлықтай табиғи немесе техногендi апат болса, оны тығып қоймай, басқа елдерге хабарлайды. Жан басына шаққандағы жалпы өнiм әлi төмендiгiнен Қытай дамушы елдер қатарында. Сол себептi Қытайдың халықаралық радиосы дамушы елдер радиосымен байланысқа мүдделi. Орта Азия бойынша Қазақстанда тiлшiлер пунктi бар екен. Бұл аймақта жұмыс iстеуге бейiм мамандары әлi аз көрiнедi. Сондықтан ынтымақ жеделдемей жатыр.
– Қытай Халықаралық радиосының хабарлары достықты дамытуды, өзара түсiнiстiктi арттыруды көздейдi, – дедi сөз соңында Чан жолдас. – Бiз, журналистер ботаникалық бақ қызметкерлерi сияқтымыз. Бақта әртүрлi гүл болатыны сияқты әртүрлi мәдениет, әрқилы өркениет бар. Оның ешбiрi ескерусiз солып қалмауы бiздiң жұмысымызға байланысты.
Осындай әсерлi теңеумен Чан Цзыцянь сөзiн аяқтаған соң екiншi қабатты тұтас алып жатқан радио мұражайын араладық. Шойын бағанаға бекiтiлген шелекке ұқсас ескi радиодан бастап бәрi сақталған. Алғашқы дыбыс таратқыш құралдан "Чикаго" деген таңбаны оқыдық. Ендi Қытай ақпараттық техниканы өзiнде жасайды. Әр жылдардағы мәшеңке, микрофон, үн алғыш, монтаждағыш құралдар. Радио тiлшiлерiнiң аяғы жеткен: әсiресе отты нүктелерден, жанжалды жерлерден, апатты тұстардан репортаж берiп түскен фотолары үлкен стендтi құрайды. Әр елдiң аттары жазылған әйнек сөрелер қаз-қатар қойылыпты. Оның iшiнде сол елдi сипаттайтын тартулар, жәдiгерлер, карталар, журналдар. Қазақтың ақ ботасы мен киiз үйiнiң алақандай ғана үлгiлерi "Россия" деген әйнек сөренiң iшiнде арақ шишаларымен араласып тұр.
Сосын орыс тiлiнде хабар жасайтын редакциясының жұмысымен таныстық. Жаңалықтар тек аударма түрiнде. Ал хабарлар арнайы әзiрленедi.
Бейжiңдегi биiк те аумақты ғимараттың бiрiнде Қытай Орталық телевидениесi CCTV жайғасқан. Бұл елдiң басқа мекемелерiнде қалай екенiн қайдам, бiз бас сұққан ақпарат құралдары қақпасының алдындағы қалқа астында бiр солдат, iшке кiрер есiктiң екi босағасында тағы екi солдат тұрады. Армия мен iшкi әскер ме, кiм бiлсiн? Бiрақ бәрi билiктiң бақылауында екенi осыдан-ақ аңғарылып, әркiмдi мемлекеттiң мысы басып жатады. Сол солдаттардан өтiп, атшаптырым холлға аяқ басқанда алдыңғы қабырғадан қаптаған теледидар шығады. Ерiнбей санасаңыз, тура 39 теледидардың әрбiрi CCTV-ның әр арнасын көрсетiп тұр. Оның 22-сi әуе толқынымен, 17-сi кабельмен тарайды.
Басшылық атынан қабылдаған Ван Чойфан көп сөйлемедi. Өздерiнiң күрт даму үстiнде екендерiн айтты. Жаңалық – бар жұмыстың ядросы. CCTV-9 тек жаңалықтар көрсетедi. Ағылшын тiлiндегi жаңалықтар арнасында ғана 300 қызметкер бар. 2009 жылы орысша арна ашылды. Сол орысша хабар көрсететiн арнасының жетекшiсi Динь Юннiң айтуынша, мұндай шешiм Бейжiң Олимпиадасынан кейiн қабылданыпты. Оған дейiн ағылшын, француз, испан, араб тiлдерiндегi арналар болыпты. Сөйтiп БҰҰ-ның барлық ресми тiлдерiнде жұмыс iстейдi. Орысша арнада әр сағат сайын жаңалықтар көрсетiледi. Басқа уақытта түрлi бағдарламалар берiледi.
Жаңалықтардың түзiлу ретi мынадай: бiрiншi кезекте Қытайдың iшкi жаңалықтары. Одан кейiн Азия елдерiнде болып жатқан оқиғалар. Үшiншi кезекте Қытайға қатысы бар елдер мен халықаралық ұйымдардың жаңалықтары. Басқасына бас ауыртпайды.
Эфирдегi жаңалықтарды орыс тiлiнде жүргiзетiн мамандарды қайдан тапқандарын сұрадық. Әлбетте бiр жарым миллиард адам арасынан iздегенiңдi табуға болады. Динь Юн "арнадағы айташылар арасында орыс, белорус ұлтының өкiлдерi бар" дедi. Олар келiсiм шарт бойынша жұмыс iстейдi. Осындай келiсiм шарт бойынша Қазақстанның да өкiлi Қытай Орталық телевизиясында қызмет атқарып жүрген көрiнедi.
Орысша хабарлар арнасы Ресейге ғана емес, барлық ТМД елдерiне түсiнiктi деп санайды. Шетелдердегi тiлшiлер қосындары мен бөлiмшелерге көңiл бөлiнедi. Мәскеуде бөлiмше бар. Ендi Грузия, Украина және Қазақстанда тiлшiлер қосынын ашуға дайындық басталған. Жалпы шетелдерде 50 тiлшiлер қосыны жұмыс iстеп жатыр.
– Осындай реформамызды қолдаған хаттар көп түсуде. Бәсiре жаңалық және бәсiре сұхбат жағынан жер бетiндегi басқа iрi телеарналармен тайталасып отырмыз, – дедi Ван жолдас.
Сосын жарнамаға қатысты жақсы пiкiрiн айтты. CCTV жарнамалық үзiлiстi тек ақша табуға пайдаланбайды. Қайта елдiң жақсы дәстүрiн, көрiктi жерлерiн, сақталған салтын, танымал тұлғасын, қатпар-қатпар тарихын көрсетуге көңiл бөледi. Бұл үшiн арнайы қаржыға роликтер жасалған. "Үлкендi сыйла", "қоршаған ортаны ластама", "спортпен шұғылдан" дегендей роликтерiн күнделiктi өзiмiз де көрiп жүргенбiз. Айталық бiр роликте жiгiт қызбен кездесуге асығып келе жатады. Қыз да сабырсызданып бақ iшiнде күтiп отыр. Әлгi жiгiт жол-жөнекей iшкен сусынның бөтелкесiн аяқ астына лақтыра салады. Оны көргенде әлгi сүйiктi қыздың жүрегi суып, кездеспей кетiп қалады… Осындай түрлi роликтер телеарналарға сол сәттiк табыс әкелмесе де, болашақ үшiн пайдалы! Кезектi леп белгiсi қойылыпты.
Сөз арасында тағы бiр көргенiмiздi айта кетелiк. CCTV-ның төртiншi арнасында музыкаға көп көңiл бөлiнедi. Сонда әлдебiр залда концерт берген хансу әншiсi қазақтың "Дудар-ай" әнiн қытайша мәтiнмен айтып, залдағы көрермендердi риза қылды. Одан әрi концерт залыңыз не, қонақ үй бөлмесiнде теледидар қарап отырған бiздi таңырқатып "Саржайлау" әнiн қазақ тiлiнде орындады. Сосын үшiншi ән және қазақтан.
CCTV-ны аралатқанда көрдiк, бiздiң концерт залы деп ойлағанымыз студия болып шықты. Аумағы – 1500 шаршы метр. Биiктiгi – 30 метр. Көрермендерге арналған орын – 800. Оның өзi концерттiк бағдарламада жеке жайлы орындықтар болып тұрса, спорттық бағдарламаларда арқалықтары астына жиналып, жайпақ орындықтарға айналады. Жаңа жылдық бағдарлама осында түсiрiледi. Қытайдың өз Жаңа жылы бар. Ол Георгиан күнтiзбесiнен бөлек.
Бiз барғанда елдегi елеулi шоудың бiрi – "Жұлдыздарға жол" атты бағдарламаның декорациясы қойылып жатыр. Ең ғажабы: студияның аумақты төбесiн жылжытуға болады. Сол арқылы "Жұлдыздарға жолдың" шарықтау шетiнде көрермендер нағыз түнгi аспанды көредi! Амалсыздан бiр леп белгiсiн қойдық. Өзi Қытайға, оның кереметтерiне бойымыз үйрене, көзiмiз қаныға бастаса керек, қалың қара дәптер бетiне леп белгiсiн қоюды сиретiппiз.
Бұл – әзiрге астанадағы ең үлкен студия. Болашақта бұдан да жаңасы iске қосылады. Ал мынау телевизиялық кафеге айналып, CCTV-ға ендi басқа жақтан табыс әкеледi. Әзiрге үлкен деп саналатын студияның жайымен дөңгелене беретiн сыртқы қабырғасындағы дәлiзбен өте ұзақ айналып, орысша хабар тарататын редакцияның жеке студиясын да көрiп кеттiк.
ОРТАЛЫҚ ПЕН ПРОВИНЦИЯ АРАСЫНДА
Қытайдың осы заманғы ақпарат құралдарымен таныстыру барысында солтүстiктегi Ляонин провинциясына апарды. Орталығы Шэньян қаласын Бейжiңнен аттанарда "онша үлкен емес, орташа, ескiлеу" деп сипаттаған. Көк шыныдан салынған Шэньян әуежайының iшiнде бiр қабырғаны тұтас алып "BMW" автокөлiгiнiң кемiнде төрт-бес есе үлкейтiлген бамперi тұр. Қазiр Қытайда қаптап жүрген "BMW" үйiрi – түгелдей осындағы зауыттың өнiмi. Сөз арасында қыстыра кетейiк, бұл күндерi хансу елiнде қаусаған, күнi бiткенi тұрмақ, сәл ескiрiп қалған автокөлiк көрмейсiз. Бәрi жаңа, жұтынып, анығында жұлқынып тұр. Сондай жұлқынған жаңа автокөлiктiң бiрiне отырып Шэньян әуежайынан қалаға қарай аттандық.
Жол жаңа жасалған. Ақылы. Жағалай шырша, терек, үйеңкi және басқа ағаштардың көшеттерi егiлген. Кей жерде ағаш отырғызатын шұқырларын дайындап қойған. Тағы бiр жерге қара топырақ төгiп жатыр. Құрылыстың қарқыны сұмдық. Бiр салынып жатқан орамнан кейiн екiншiсi алдан шығады. Оң жақтан да, сол жақтан да солай. Отыз-қырық қабатты үйлерден тұратын бұл орамдардың сәулетi бiр-бiрiн қайталмайды. Түрғын үйлерден басқа әр тұста банктердiң офистерi мен қонақ үйлер жарқырап тұр. Сан алуан сәулетпен. "Ескiлеу" деген қала толық жаңадан салына бастаған. Бұрын мұнда металлургия комбинаты болған екен, ендi Шэньянды солтүстiктегi жаңа индустриялық орталыққа айналдыру жоспары iске асып жатыр. Баяғы бес қабатты үйлер тегiс қиратылған. Бiр тұста ғана екi көшенiң арасын сақтап қойыпты. Қалғанының орнына зәулiм үйлер салынған, салынып жатыр. Крандардың орманы аспанды тiреп тұр. Қытай өлшемiмен "үлкен емес" қалада сегiз миллион тұрғын бар.
Бiр тұста Шэньян телемұнарасы көзге түстi. Биiктiгi 350 метрден асады. Оның қасындағы 25 қабатты ғимаратқа провинциялық радио және телевизия стансасы LRTV қоныстанған. Бiздi осында әкелдi.
Ляонин провинциясында осы LRTV стансасынан басқа 14 қаланың әрбiрiнде өзiнiң телерадио стансасы бар. 40 уезiнде тағы солай. Сонда барлығы 55 станса аймақтық хабар таратады. Егер Ляонинде 40 миллион тұрғын барын ескергенде көп те емес шығар. Сол тұрғындардың жүзден бiрi, яғни 40 мың адам телевизия мен радио саласында еңбек етедi. Барлық стансалардың жұмысын Ляонин провинциялық телерадио басқармасы бақылайды, үйлестiредi. Ол өз кезегiнде Бейжiңдегi Қытай Халық Республикасы Радио хабарлары, телевидение және кино түсiру жөнiндегi Мемлекеттiк бас басқармасының жергiлiктi жердегi органы болып табылады. Бiздi Ляонин басқармасының бастығы Ли Хофу қабылдады. Бейжiңдегi мемлекеттiк мекемелерде көбiнесе орынбасарлар алдынан қайтып жүргенбiз.
– Бiздiң мiндеттерiмiздiң бастысы – насихат,– деген өзiн шенеунiк емес, шығармашылық қызметкер ретiнде сезiнетiн Ли Хофу. – Халыққа билiктiң, ал жоғарыға халықтың сөзiн жеткiзiп отыру. Мұндай бағдарламалар көп. Атқарушы билiктiң кемшiлiгi сөз етiледi. Бұл арқылы журналистер үкiметке қысым жасамайды, қайта күрделi мәселелердiң шешiлуiне көмектеседi. Мақсат – қоғамды дүрлiктiру емес, керiсiнше оны дамыту.
Провинциялық стансаның сегiз телеарнасы бар. Негiзгi жаңалықтар арнасынан басқа балалар, ауыл шаруашылық, сауда-саттық, көңiл көтеру арналары бар. Радио толқындары да сегiз. Оның iшiнде көлiк радиосы мен экологиялық радио бiздi елең еткiзген. Радиолардан 2010 жылы 200 миллион юань табыс түстi. Ал телеарналардың жылдық табысы 1 миллиард 600 миллион юань деңгейiне жеттi. Негiзiнен жарнамадан.
Жыл сайын бұл табыс 20 пайызға өсiп отырады. Және жаппай жарнама қуып кетпей, тиiстi ережелердi сақтайды. Бұл өзi тұтас жүйе көрiнедi. Айталық, жарнаманың уақыты бiр сағаттың iшiнде 12 минуттан аспауы керек. Жарнамаланатын тауар мен қызметтiң "жарамдылық" куәлiгi болуы керек. Оны сауда-өнеркәсiп органы бередi. Жарнаманың мәтiнi куәлiктегi мәтiннен алшақтамауы керек. Егер керемет сөздер болса, оған рұқсат жоқ. Сосын бүкiл елде темекiнiң жарнамасына рұқсат жоқ. Ал араққа Қытайда – "ақ жол". Жарнаманы жасауға маманданған жекеменшiк компаниялар көп. Бiрақ жасалған жарнаманы әлгi сауда-өнеркәсiп органының рұқсатынан соң ғана телерадио стансасына әкеледi. Қытай экономикасы дүрiлдеп дамып жатыр, жарнама жеткiлiктi.
– Сондықтан мемлекет телерадио стансаларына экономикалық жағынан көмек көрсетпейдi. Олар өздерiн өздерi асырайды,– деген Ли Хофу жолдас.
Провинциялық басқарма сол стансаларды бақылаумен бiрге хабар тарату орталықтарына басшылық етедi. Мына провинциялық хабарларды тарататын мұнараның өзiнде мыңнан астам адам жұмыс iстейдi. Оның сыртында сандық хабарлар тарататын компаниялар бар. Цифрлау жедел жүрiп жатыр. Жалпы үш желiнi: радионы, телевизияны және байланысты бiрiктiруге қатысты Ляониндегi бастама бүкiл елге үлгi көрiнедi. 2008 жылғы Бейжiң Олимпиадасын бұлар сандық үлгiмен таратқан. Провинциялық және қалалық стансалар тек цифрлық технологиямен жұмыс iстейдi. Және 40 уездiң екеуiнде осылай. Ұзын-саны 8 миллион отбасында цифрлы теледидар, ал 20 телерадио тарату орталығында цифрлау қондырғысы бар. Журналистер таспа, кассета атаулыны қойған. Әр компьютерде цифрлау бағдарлармасы бар, сол арқылы өздерi монтаждайды. Олардың жұмысын өз көзiмiзбен көрдiк. Сол сияқты эфир аппаратын да көрсеттi. Провинцияның 8 арнасынан басқа 16 ақылы арна осы эфир аппараты арқылы өтiп жатыр. Бiз 1500 мың шаршы метрлiк студия тек Орталық телевидениенiң мақтанышы шығар десек, мына Ляонинде тура сол көлемдегi студия бар екен. Орталық пен провинция арасындағы айырмашылық Қытайда бiртiндеп жойылып келе жатқан сияқты. Әсiресе, ақпараттық технология саласында.
Қайнар ОЛЖАЙ