АРЫСТАН ЖҮРЕК АҒАНЫҢ АСҚАҚ БЕЙНЕСI

АРЫСТАН ЖҮРЕК АҒАНЫҢ АСҚАҚ БЕЙНЕСI

АРЫСТАН ЖҮРЕК АҒАНЫҢ АСҚАҚ БЕЙНЕСI
ашық дереккөзі
216

Бiрiншi халықаралық Жолдасбеков симпозиумы

Академик Өмiрбек Жолдасбековтiң 80 жылдық мерейтойына байланысты 1-2 наурыз күнi Алматыдағы Қазақ Ұлттық университетiнде бiрiншi халықаралық симпозиум болды. Қазақтың айбарлы азаматы әлемде теңдесi жоқ жоғары класты механизмдер теориясын ашты. Шаңырағын өзi көтерген Инженерлiк ғылым академиясы аз уақыттың iшiнде-ақ ғылым мен өндiрiс арасын етене жақындатып, шетелдiк ғалымдардың қызығушылығын тудырып, ыстық iлтипатына бөлендi. Алғаш рет машинатанудан қазақ тiлiнде оқулықтар жазып, ұлттық техникалық ойлау жүйесiне сүрлеу салды.

Сондай-ақ ол осы саланың терминологиялық сөздiгiн жасап, жарыққа шығарғаны ғалымдардың есiнде. Ол – Қазақстан Республикасы Мемлекеттiк сыйлығының иегерi және В.Г.Шухов пен әл-Хорезми (Иран) атындағы халықаралық Алтын медальдардың лауреаты, Қазақстанның Еңбек сiңiрген ғылым қайраткерi. Кезiнде Қазақстан Жоғары Кеңесiне алты рет халық қалаулысы атанып және Тәуелсiз мемлекетiмiздiң Парламентiндегi Мәжiлiс депутаты болып сайланып, Тәуелсiз Қазақстанның алғашқы Заңнамаларын жасауда өз үлесiн қосқан жан. Халықаралық Инженерлiк академиясының бiрiншi вице-президентi, Ислам елдерi Инженерлiк академиялар федерациясының вице-президентi болып сайланған.

Өмiрбек Жолдасбеков 1970-1986 жылдары қазiргi әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетiнiң ректоры болды. Алатау баурайынан университет қалашығын салды. Бiлiм ордасының оқу жайлары, студенттер мен аспиранттардың сәндi жатақханалары, тамақтандыру комбинаты, стадион, кинотеатр, спорт кешенi, Студенттер сарайы қалашығына ерекше көрiк бердi. Бәрi бiр жерге шоғырландырылған мұндай жоғары оқу орны Орта Азияда бұрын-соңды болмаған. Бұрынғы Кеңестер Одағында Мәскеу мен Киев университеттерiнен кейiн үшiншi орында тұрды. Мұнда студенттер мен оқытушылардың ғылыммен айналысуына толық жағдайлар жасалынған. Тағы бiр айта кететiн жай, Жолдасбеков университетке жергiлiктi ұлт жастарын тоқсан пайызға дейiн қабылдатып, таза ұлттық жасады. Бұл – сол тоталитарлық заманда асқан ерлiкпен бара-бар iс едi.

Симпозиум 1 наурыз күнi сағат онда Өмiрбек Жолдасбековтың ескерткiшiн ашумен басталды. Ескерткiш орнату жөнiндегi мәселе бұдан бұрын "Түркiстан" газетiнде бiрнеше рет көтерiлген болатын. Ал ескерткiштi тұрғызу туралы шешiм ҚР Мәдениет министрлiгi жанындағы ескерткiш және монумент орнату Мемлекеттiк комиссиясында 2010 жылдың 3 қарашасында қабылданған. Оның техникалық құжаттарын "Қазгор" жобалық академиясы даярлады. Ал нақты iс Жолдасбековтың осы 80 жылдық мерейтойында жүзеге асып отыр. Ескерткiш Өмiрбек Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайының сол жағына қойылды. Тас бейнеге жапсарлас тұрған тақтайша бетте академиктiң ұрпаққа арнаған ұлағатты сөзi бар. "ХХI ғасыр – технологиялардың ғасыры. Осы дәуiрге сәйкес озық ғылыми жетiстiктер ғана қоғамды, мемлекетiмiздi жарқын болашаққа жетелейдi. Мол табыстарға жеткiзедi".

Бетi өзi салған университет қалашығына қарап тұрған тас мүсiннiң биiктiгi – 2 метр, енi – 1,3 метр, тұғыр iргетасы 5 метрден асады. Оны талантты мүсiншi Кәдiрхан Кәкiмов отандық граниттен құйған екен. Ал оның қаржысын Өмiрбек Арысланұлының шәкiрттерi, әрiптестерi көтерген. Салтанатты жиынды университет ректоры Ғалымқайыр Мұтанов ашып, ҚР Бiлiм және ғылым министрi Бақытжан Жұмағұлов сөз сөйлеп, ескерткiштi ашты.

Бiрiншi халықаралық Жолдасбеков симпозиумы өзiнiң атындағы сарайда өттi. Оған Ресей, Италия, Германия, Украина, Белоруссия, Әзiрбайжан, Өзбекстан, Қырғызстан республикаларынан белгiлi ғалымдар келiп, Жолдасбековтың ғылымға сiңiрген ұшан-теңiз еңбектерiн жоғары бағалады. Ағайын-тумалары оның сексен жылдығына орай ас берiп, еске алды.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары