БАЛАЛАРЫМ – БАҚЫТЫМ НЕМЕСЕ ҚЫЗ ТӘРБИЕСI ТУРАЛЫ БIРЕР СӨЗ
БАЛАЛАРЫМ – БАҚЫТЫМ НЕМЕСЕ ҚЫЗ ТӘРБИЕСI ТУРАЛЫ БIРЕР СӨЗ
Мен – жасым жетпiстен асқан, сегiз баланың әкесi, жиырма үш немеренiң атасы болған адаммын. Осы жасыма дейiн талай қызық пен шыжықты көрдiм, қуанған да, қиналған да кезiм көп. Еңбектiң бейнетi өз алдына, отбасын дұрыс ұстау, саналы ұрпақ тәрбиелеу iсiнде бас қатырып, балтыр сыздатқан да кезiм жетерлiк. Бiрақ оның бәрi де артта қалды. Бүгiнде балаларым мен немерелерiме қарап отырып: "Е, Құдай, бергенiңе шүкiршiлiк! Бiрде-бiр балам мен немеремнiң жаман атын естiртпегенiң үшiн де мен Саған ризамын!" – деймiн.
Иә, сегiз баламның алтауы жоғары бiлiм алып, облысымыз бен республикамыздың әр жерiнде жемiстi еңбек етiп жатса, немерелерiмнiң бiразы жоғары оқу орындарында, ендi бiразы мектепте оқып жатыр. Және бәрi де жақсы оқып, әке-шешесi мен бiздi (ата-анасын) қуанышқа кенелтуде.
Бiрақ менiң айтайын дегенiм бұл емес. Газет-журналдарды оқып, теледидарды көрiп отырғанда, кейбiр мектептерде балалар басына орамал тартып, хиджаб деген бiрдеңе киiп баратынын бiлгенде, әртүрлi ойға қаламын. Шырақтарым-ау, мектептiң аты – мектеп емес пе. Әр бала әрқалай киiнсе, бiреуi қолына алтын сағат, бiреуi құлағына бриллиант сырға тағып жүрсе, оның несi мектеп. Бұның өзi ортақ тәрбиеге де кедергi келтiрмей ме? Мен Кеңестер Одағы кезiнде бастауыш мектепте 21 жыл мұғалiм болғанмын. Сол кезде барлық оқушымыз бiрдей "мектеп формасы" дегендi киюшi едi. Қазiр де солай болса және соны әр оқушы, әр ата-анадан талап етiлсе – әркiм өз бiлгенiнше жүрмес едi ғой.
Мен жоғарыда айтқан балаларым мен немерелерiмнiң бiрде бiрi орамал тартып көрген жоқ. Бiрақ осы күнге дейiн бiреуден: "Әй, Сәке, сенiң ана қызың анадай, мына қызың мынадай" деген сөз естiгем жоқ. Ендеше мәселенiң бәрi отбасындағы тәрбиеден емес пе! «Қызға қырық үйден тыюды» ұмытпасақ, оларды кiшкентайынан жақсылыққа қарай тәрбиелесек, күрделi iстiң бәрi өзiнен-өзi шешiлмей ме?! Әйтпесе бар мәселе орамалға тiрелiп қалып па!
Тәрбие демекшi, егер ойлап қарасақ, тәрбиенiң көкесi – еңбек болмақ. Еңбектен ажыраған баладан бәлендей жақсылық күту қиын деп бiлем өз басым. Олай болса, күнiне мың рет "жақсы бол!" деп баланың миын ашытудан гөрi оны құрығанда бiр сағат пайдалы еңбекпен айналыстырса, сол әлдеқайда нәтижелi тәрбие болар деп бiлемiн.
Осы жағын ойланайық, ағайын!
Сақтаған Жанпейiсов, зейнеткер
Қарағанды облысы, Қарқаралы қаласы