МӘДЕНИЕТКЕ МӘДЕНИ САЯСАТ ҚАЖЕТ
МӘДЕНИЕТКЕ МӘДЕНИ САЯСАТ ҚАЖЕТ
Өзiндiк тарихы бар Мәдени саясат және өнертану институты жабылуға бет алды. Институттың дүниесi буылып-түйiлiп, оның жабылатындығы айқындалды. Институт орналасқан Алматы қаласындағы (Достық, 15) ғимараты бұрын гимназия болатын. Ол гимназияда кезiнде болашақ революционер Ораз Жандосов оқыды. Кейiннен кiтапхана, Халық шығармашылық үйi болды. Сол тұста бұл киелi шаңырақта қазақтың мәдениетiн көркейту мәселелерi көтерiлдi. Ахмет Байтұрсынұлы, Әлихан Бөкейханов, Сәкен Сейфуллин, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Мұхтар Әуезов еңбектерi осы жерде талқыланып, ұлт зиялылары осы жерде бас қосты. Аталмыш институт 1934 жылы Ұлт мәдениетiн зерттеу институты ретiнде ашылған болатын. Ол ұзақ жылдар бойы атына заты сәйкес қазақ мәдениетiнiң алтын ордасына айналды. Онда сол жылдары Құдайберген Жұбанов, Санжар Аспандияровтар қызмет атқарды. Алайда кеңестiк жүйе бұл институтты 1936 жылы КСРО академиясының Қазақ филиалына қосып жiберiп, қазақ ұлтжандылығына соққы бердi.
Егемен ел болған тұста қазақ руханиятының жанашыры, сол кездегi вице-министр Ерлан Арын тарихи әдiлеттiктi қалпына келтiрiп, институтты қайтадан ашты. Бұл 1998 жыл болатын. Дулат Исабеков директор болып тұрған кезде институттың жұлдызды сәтi туып, ол кетiсiмен қайта құлдырады. Институттың басына бұлт үйiрiлдi. Бұрынғы бастық қаржы полициясының қармағына iлiнiп, тергеуде жүр. Осы тұста Алматы Қаржы полициясының табандылығының арқасында бiраз нәрсе айқындалды. Мәселен соңғы жарты жылда институт қызметкерлерiне айлық төленбеген, бiраз қызметкер ақысыз демалысқа шығарылған. Алты ғылыми бағдарлама түгелдей жабылған. Оның iшiнде қазақтың дәстүрлi музыкалық фольклорын жинауға және өңдеуге қатысты, сондай-ақ қазақ домбырасының акустикалық ерекшелiктерiн зерттеуге бағытталған бағдарламалар болатын. Өкiнiшке қарай, қазақтың қара домбырасы үнiнiң орнына Мәдениет комитетi "Векторы культурной интеграции" тақырыбын қолдап отыр. Онсыз да орыс мәдениетiнiң көлеңкесiнен шыға алмай келе жатқан қазақ мәдениетi ендi жаhанданудың құрбаны болғалы тұр.
Қорыта айтқанда, қазақ халқының әупiрiммен сақталып келген қара домбырасы мен қоңыр күйi бүгiнгi таңда Мәдениет министрлiгiнiң Мәдениет комитетiнiң пайымдауынша, ешкiмге керек емес. Соның салдарынан қазақ мәдениетiнiң бағыт-бағдарын айқындап, өзге мәдениеттерге жұтылып кетпеу жолын көрсететiн, бүтiн бiр елдiң мәдени саясатын зерделейтiн Мәдени саясат және өнертану институты жабылмақ.
Бiз бұл мәселенiң бұлайша сипат алуын құптамаймыз. Сондықтан көтерiлген жәйтқа зиялы қауым өкiлдерiнiң де назар аударып, тиiстi мәселенiң оң шешiмiн табуына ықпал етуiн қалаймыз. Сондай-ақ жоғары билiк те бұл мәселеге назар аударады деп ойлаймыз.
М.ШАХАНОВ, "Тәуелсiздiктi қорғау" қоғамдық қозғалысының төрағасы;
Д.ИСАБЕКОВ, жазушы, ҚР Мемлекеттiк сыйлықтың лауреаты;
Ә. МЕҢДЕКЕ, сыншы, Халықаралық "Алаш" сыйлығының лауреаты;
Ш. ПАТТЕЕВ, "Түркiстан " газетiнiң бас редакторы